Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші
101
ҒАЛЫМ – ҰСТАЗ
Төлемісов Серікбай
Шалқар аудандық
мәслихат хатшысы
Адамның өмір жолы да сол жолда кездескен жандармен байланысты өріледі. Өмір
атты керуен – көштің жүріп өткен жолының торабында кездескен адамдардың
әрқайсысының өзіндік орны бар. Олар сіздің өміріңізге әсер етпей қоймайды. Өмірінің
бояуына бояу қосып, оны әрлейді. Адам өзі өскен ортаның перзенті. Өміріңде болатын
түрлі өзгерістер кездескен жандарға да байланысты болып жатады. Жақсы адамдармен
кездесу жаныңда жадыратып, мерейіңді өсіреді. Өмірлік ғибрат аласың. Менің өмір
жолымда кездескен сондай жандардың бірі- Беркін Жолмырзаұлы еді.
Беркін Жолмырзаұлы Қобда ауданында білім беру бөлімінің меңгерушісі қызметін
атқарады.Біздер қызметте қатар жүріп, үзеңгілес болдық.
Мен осы бір шағын естелікті жазу барысында өткен күндерді ой таразысынан
өткерсем, біздердің, сол кездердегі қызметімізде ерекше жылы сезіммен еске алатын
жақсы істеріміз аз болмаған екен. Сағым жылдар қойнауында қалған жастық шақтың
естеліктері санамда қайта жаңарды. Біздің қызметімізге тікелей басшылық жасайтын
облыстық білім беру басқармасының (бастығы Есіркепов Аманкелді Қабашұлы) жұмыс
жоспарына сай жылдың әр тоқсаны сайын алқа жиыны және іс тәжірибе алмасу
шаралары өтетін. Оған облыстық білім беру басқармасының бастығы, алқа мүшелері
және мұғалімдердің білімін жетілдіру және қайта даярлау институтының басшылары мен
мамандары, аудандық білім бөлімінің басшылары қатынасатын. Осы жиын барысында
түрлі білім беру мекемелерін аралап олардың материалдық базасы, жұмыс
тәжірибелерімен танысушы едік. «Атың барда жер таны, асың барда ел таны» дегендей,
біздер, Хромтау, Қарғалы, Ақтөбе, Алға, Ырғыз аудандарының және Ақтөбе қаласының
бірнеше білім беру мекемелерінде болып, оларда атқарылған үлгілі істерге риза
болғанбыз. Осынау сағымға айналған сағынышты кезеңдерде сапарлас әрі дәмдес болып
бірге жүрген азаматтардың бірі - осы Беркін Жолмырзаұлы еді. Осындай іс-сапарға шығу
1995 жылдың маусым айында Шалқар ауданында жалғасын тапты. Сапар барысы алқа
жиынына қатысушыларды сол кездегі Шалқар ауданының әкімі Кеңес Асанұлы
Абдулиннің қабылдауымен басталып, аудандық тарихи өлкетану музейінде жалғасты.
Одан әрі ауданның білім беру бөлімі, аудандық әдістемелік кабинетте болды. Шалқар
көлі жағасындағы «Гүлдер» және Арал теңізі жағасында «Шағала» демалыс лагерлерінде,
сол сияқты «ГКС-12», «Бозой», «Б.Сүлейменов» ОМ және «Южный» негізгі мектептерінде
болып, оқушылардың жазғы еңбек демалысы мен қоғамға пайдалы еңбекті
ұйымдастыру жағдайларымен танысты. Осы іс-сапардың басты мақсаты - Шалқардан
220 шақырым жердегі «Южный» негізгі мектебіндегі аталғандай сол кезеңдегі мектеп
оқушыларымен қоғамға пайдалы еңбекті ұйымдастыру жайы болатын. Іс-сапардың
екінші күні «Южный» негізгі мектебінде (директор Нұрмұханбет Нұртаев қазір зейнеткер)
өтті. Мектеп жанындағы оқу-тәжірибе учаскесінде өсіріліп жатқан көкөністі, үй
жануарларын (қоян, тауық) өсіруші мөлтек ферманың, мектеп жанында егілген талдармен
бірге жергілікті жабайы талдар мен бұтақты өсімдіктер отырғызылған шағын дендро
паркте болып, оларды баптаушы мектеп оқушыларымен кездестік. Мектеп жанындағы
кеңсе құралдары мен кітаптар сататын дүкенінде сауда жасадық. Мектеп жанындағы
интернат жаймен танысу барысында шағын фото-студияда суретке түстік.
Осы сапар барысында қазақ елінің тарихи тұлғалары, ұлт-азаттық қозғалыстың
көрнекті өкілі Есет Көтібарұлының, композиторлық талантымен өнерде өшпес із
қалдырған күйші Қазанғап Тілепбергенұлының кесенелерінде болып, бабалардың
рухтарына тағзым еттік. Қорытынды жиын Шалқарда болды, көптеген құнды ұсыныстар
мен пікірлер тыңдалып, үлкен ой түйінделді. Жағымды жаңалық – «Южный» негізгі
Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші
102
мектебінің директоры Нұрмұханбет Нұртаев «ҚР білім беру ісінің үздігі» төс белгісіне
ұсынылды. Халқымыздың қанына біткен қасиетін жалғастырып, сол күні отбасымызбен
үлкен дастархан жайып, қонақ күттік. Аталмыш іс-сапардың қатысушылары үйімізде
болып, өздерінің шынайы ықылас сезімін білдірген еді. Аудан көлеміндегі іс-сапарды
аудан әкімінің сол кездегі орынбасары Құдаш Бекбергенов бастап жүрген болатын.
Беркін Жолмырзаұлы ауданымызды аралағанда тарихшы екендігі ерекше сезіліп
тұрды. Ауданның, жердің, судың тарихы, аттары, оқиғалар желісі, кесенелер, атақты
адамдар туралы жергілікті жетекшілердің айтқан әңгіме-мәліметтеріне ерекше көңіл
қойып, қызыға тыңдады.
Мектептерді аралағанда, пікір алысқанда өзінің ойларын анық айтып, дәл бағалап,
ұтымды ұсыныстар айтып отырды.
Көпшілік алдында өзін лайықты ұстап, әріптестер арасында озаты да бола білді.
Қатаң күн кешіп жүрген азаматтар туралы әркімнің өз бағдарымы, өз ой тұжырымы
болатыны анық. Ол туралы пікірің қалыптасқанша сан рет ой елегінен өткізесің. Оның іс –
әрекеті, қимылы мен қылығы, ел жұртына жасаған қам – қарекеттері көз алдыңа келеді.
Пайымдау сәтіне оның жора – жолдастарымен немесе сыйласып жүрген замандас үлкен –
кішілермен ой – оралымы, пікір алмасуы, әсерлі әңгіме, көңіл шертпелері арқылы
парасаттылығы мен ақыл ой өлшемі жатады. Мен, Беркін Жолмырзаұлын әркез жақсы
азамат, білгір ғалым – педагог, ұтымды ұйымдастырушы, заманымыздың зиялы
азаматтарының бірі ретінде таныдым. Адам бойында жаратылысынан туа біткен ерекше
қасиеттері болады. Біреу – батыр, біреу – шешен, біреу – көсем дегендей. Менің ой
тұжырымымда Беркін Жолмырзаұлы – туа бітті ғалым – ұстаз. Ғалым мен тәрбие беру ісі
үшін жаратылған жөн.
Біздер өзара көңіліміз жарасқан, сырлас адамдар болдық. Кейін Беркін Жолмырзаұлы
ғылым жолына ауысып, жоғарғы оқу орнында қызмет атқарған кездерде қарым –
қатынасымыз үзілген жоқ. Сәті түсіп кездесе қалсақ шұқырасып қалатынбыз. Ол өз тіршілігі
туралы айта келіп, менің де жағдайымды сұрап көңілімді көтеріп тастайтын.
Осы естелікті жаза отырып ойыма еріксіз есіме түсетін бірнәрсе бар: менің Алмас
есімді балам Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде оқи жүріп, Беркін
Жолмырзаұлынан дәріс алған екен, балғын студенттік шағын есіне ала отырып, үнемі Беркін
ағайы жайлы қызықты жайттарды айтып отыратын – тұғын.
Алыстаған сайын айқындала түсетін биік таулардың ақбас асқарлы шыңдарындай
аяулы тұлғалар, өздерінің үлгілі өмірімен халқының жүрегінен орын алып, артында өшпес із
қалдырып, ел жадында ұзақ сақталады. Халық аузындағы «Жақсының аты, ғалымның хаты
өлмейді» деген мақал осындай жандарға арналса керек.
Өзінің саналы ғұмырын ғылым мен білім тәрбие ісіне арнаған, шәкірттерге қиялына
қанат бітіріп, арман жолына жетелеген, жол көрсетіп, жөн сілтеген, аяулы ұстаз, өмірден
өтсе де, көңілде өшпес із қалдырған Беркін Жолмырзаұлы туралы қаншама естеліктер
жазылса да артық етпейді. Оның өнегелі өмірі, ғылым жолында төккен маңдай тері, ұйқысыз
атырған таңдары мен түндері үлкен еңбектерге арқау болуға жетерлік. Ол, әрине, келешектің
келелі ісі деп ойлаймын...
Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші
103
ЖАҚСЫ ТЕГІ, ЖАҚСЫ СӨЗІ, ЖАҚСЫ ІСІ, ЖАҚСЫ ҰРПАҒЫ БАР
Құрманбек Еркін Жолмырзаұлы
ҚР мәдениет қайраткері,
Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық
институтының құрметті профессоры
Қазақта «бірге тумақ болсада, бірге жүрмек жоқ» деген нақыл сөз бар. Беркін
Жолмырзинович екеуміз бір жерде Жарқамыста тудық, бір жерде Қарауылкелдіде өстік, бір
мектепте оқып, бір мектепті бітірдік. Бұл әрине балалық шақ қой. Өмірге жолдама алған соң
екеуміздің тұрағымыз бөлек, жұмыс орнымыз бөлек болды. Әйтседе, біздің жұмыс, қызмет
бағытымыз идеологиялық, гуманитарлық, бағыт – яғни жалпы бір бағыт болды. Сөйтіп ой –
санамыз алшақтаған жоқ. Себебі, жоғарғы оқу орнын бітірген дипломдық мамандығымыз
бойынша екеумізде педагогтармыз, білім таратушылармыз. Соған сәйкес біздің екеуміздің
де қалпымыз тарихи, әдеби, насихаттық – ағартушылық қалып болып табылады деп
тұжырымдауға болады. Тарихты, әдебиетті оқыдық, жазуға журналистикаға жақын болдық,
зерттеулер, экспедициялар, бізді қызықтырды. Бізді өлке тарихы, қазақтың атақты адамдары
өмірі, оларды ардақтау жұмыстары бағыты біріктірді. Партиялық жұмыста – обком,
райкомның идеология саласында қызмет еттік.
Беркінде менде Қарауылкелдідегі Комсомолдың 30 жылдығы атындағы мектепте өте
жақсы оқыдық. Мектептің көптеген мұғалімдері Беркінді жақсы оқуы, үлгілі тәртібі,
тапсырмаға тиянақтылығы, қоғамдық жұмыста белсенділігі үшін жақсы көрді, үлгілі оқушы
деп бағалады. Сондықтан мұғалімдердің Межеш Досқуатовтың, Хұсайын Халықовтың,
Тұрман Нұрлыхановтың т.б ұстаздардың сенімді, сүйікті шәкірті болды. Осы мұғалімдер
аудандағы алдыңғы қатарлы, білікті, тәжірибелі, сапалы білім беретін оқытушылар еді.
Адам мінезі бала кезден қалыптасады. Беркін бастауыш класта оқып жүргенде матасы
жақсы көк пиджак киді, әдемі болатын, оның жағасында түрлі – түсті жолақ сызықтары
болды. Таңертең мектепке баруын әжесі Марқа дайындайды, киіндіреді, тамақтандырады.
Қарауылкелдіден Беркіннің Шалқарға, Гурьевке, Ақтөбеге қыдырғандары бар. Солай
болса да, бел буып алыстағы астана, бас қалаға Алматыға КазГУ – ге барып оқимын деген
қадамы ауыл баласына өте батыл шешім еді. Совет үкіметінің бір жақсылығы – қазаққа білім
алуға үлкен жағдай жасағаны. Ол кезде қайда барып, қайда оқимын десең де еркің, тек талап,
білім болсын. Ал қалғаны үкіметтен – тегін оқу, тегін жатақана, стипендия береді.
Беркін Алматыға өз бетімен, жалғыз, үлкен кісінің жетектеуінсіз барды. Өзі экзаменді
ойдағыдай тапсырып КазГУ – ге түсті. Әуелгі ойы журналистика факультетіне түсуді
жоспарлаған. Оған тек 25 студент қабылдайды екен. Сонан тарихшы болып шықты. Газетке,
журналға мақала жазу, кітап жазу сол журналистік ойдың, қабілеттің нәтиже жемістері ғой.
Беркін университетте өте жақсы оқыды, жатақанада жатты, тәрбиелі, көргенді
жолдастары болды.
1971 жылы мені Қазақстан Комсомолы Орталық комитетіне жұмысқа шақырып,
Алматыға келдім. Жұмыс жағдайым жақсы болды, Зоя «Қазақстан» баспасы деген үлкен
ұжымда жұмыс жасады. Пәтер мәселесі тез шешілмеді. Зоя екеуміз жалдамалы пәтерден
пәтерге көшіп жүрдік. Беркін жолдастарымен үйге келіп жүрді. Ол кезде Алматы апорты
деген үлкен, қызыл, жұпар исі аңқыған алма болатын. Беркін «соның біреуіне тоямыз» -
дейтін.
Совет үкіметі кезінде студенттерге каникул негізінде ауылға баруға самолет, поездбен
жүруге үлкен жеңілдік болатын. Беркін Ақтөбеге мамаға келетін, көлігі самолет. Сонда
айтқаны, «самолет Ақтөбеге қонып, есік ашылып, трапқа шыққанда Ақтөбенің таза, аязды
ауасы кернеп, кеудені толтырып жібереді, терең кең дем аласың. Алматыда қыста тұма,
түтін, мұндай таза ауа болмайды».-дейтін. Туған жерге ыстық сезім осылай көрініс табатын.
Беркіннің азаматтық ой – өрісі мен тұлғасын оның Алматы - астанадан көрген –
білгені, ортасынан түйгені, білім, тәрбие, мәдениет, өркениет орталығы – университеттен
Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші
104
мол білім, үлгілі тәрбие алғаны қалыптастырды. Ол кейін Қобдада еңбек жолын бастап,
қайнаған жұмыс ортасында жүріп, халыққа қызмет еткенде, университетте ғылыммен
шұғылданып, оқытушы болып шәкірт тәрбиелегенде өз кезеңіндегі азаматқа сай лайықты
өмір сүрді, адал еңбек етті. Оның өмірбаяны мен қызметінің маңызды ерекшелігі бар. Беркін
социализм кезінде өмірден де, қызметтен де өз орнын дәл таба білді. Өз ортасынан лайықты
орын баға алды. Міндеттерін аса жауапкершілікпен орындады. Ел үшін, бұқара халық үшін
еңбек ете білді. Адамгершілікті, парасатты, адами бағытта бола алды, көпшілік көңілінен
шығу қолынан келді. Аудандық көлемдегі әжептәуір лауазым, қарапайым көпшілік санасына
ұшы – қиыры жоқ жұмыс істейтін – аудандық партия комитетінің үгіт – насихат бөлімінің
меңгерушісі болды. Ал кейін қоғам ауысқанда, заман өзгергенде, адам өзгергенде,
тәуелсіздік келгенде, жаңа өмірде де ол өзінің лайықты орнын дәл таба білді, міндеттерін
атқара алды. Оған осы егемендіктің елге келуі ұнады, жанына, ойына өте жақын болды.
Себебі, оның жүрегі Отан, халық деп соғатын, ойы баршаға болсын деп ойлайтын, мақсаты
елге пайдалы болу болатын.
Жазғырма мені туған жер,
Алысқа кетті балам деп.
Тырбанып жүрмін, әйтеуір,
Көгіңе жұлдыз болам деп – жазған өзінің жыр шумағы оның ой-мақсатын жеткізіп тұр
ғой.
Жаңа қоғамдағы Беркіннің қызмет ету кезеңі университетте ғылым, білім, тәрбие
бағытында болды. Ол қазақ тәуелсіздігін терең түсініп ерекше қарқынды ғылыми зерттеу,
тарихи сананы қалыптастыру, туған жердің тарихын насихаттау, ардақтыларын жастарға
білдіру, олардың болашағын анықтау, тәуелсіз Қазақстанға қызмет ету патриоттығы
бағытында еселі еңбек етті. Сөйтіп, ол екі қоғамда да өз орнын таба білді, халқына пайдалы
қызмет жасады. Бұл оның асқақ мұраты, орындалған мақсаты еді. Беркін азамат еді. Ол
қоғамдық құрылыс ауысқанда кейбіреулер сияқты абдырап қалған жоқ, тәуелсіздікке
пайдалы болу жолын тапты. Жаңа қоғамдағы орнын табуға оның мамандығы -
тарихшылығы, ғылымға, оқытушылыққа икемділігі, бейімділігі әсер етті, жолы болды деп
бағалауға болады. Қоғамның бір сатыдан екінші сатысына өту кезінде батырда, байда,
қайраткерде жетістікке жете алмауы мүмкін. Өзгеріс кезеңінде оған бейімделе алғандар ғана
жетістіктерге жетеді. Латынша «ари сто сизо крато» деген сөз бар. Ол «қатарда лайықты
тұрғандар – достойно стоящие в ширенге» деген. Беркін өз кезеңінде лайықты қатарда тұра
білген тұлға.
Беркін университетке жұмысқа орналасқандықтан ғылыммен айналасуға мәжбүр
болған жан емес, ғалымдық оның көкейіндегісі еді. Ол жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін
– ақ, Қобдада жұмыс жасап жүргенде соискатель болып, ғылыммен айналысып жүрген еді.
Оған ұстазы профессор, тарих ғылымдарының докторы Әбу Тәкенов басшылық жасады.
Әбекең республикалық өлкетану қоғамын құрып, оның төреғасы болды. Мен жұмыс
бабымен де, әрі Беркін жолымен де Әбекеңмен жақсы таныстым, пікірлес болдық. Әбекең
ғалым, азамат есебінде оқиғаға, адамға байланысты өзіндік пікірі болатын және оның тіке
айта алатын. Беркін Әбекеңнің басшылығымен ойылдық райондық революционер
Исламғали Құрмановтың өмірі мен қызметін зерттеп, мақалалар жазды, кітапша шығарды.
Беркіннің диссертация қорғағандағы ғылыми жетекшісі тарих ғылымдарының докторы,
профессор Жанұзақ Қасымбаев деген ғалым болды. Ол Әбілқайыр хан туралы кітап жазып,
батыл зерттеулер жасап, жаңа көзқарас айтқан ғалым, өзгеше жан еді. Ақтөбеге келгенінде
кездесіп, дәмдес болып жүрдік.
Беркіннің зерттеу ізденіс тәсілі – бөлек. Ойындағы тақырыпқа байланысты деректерді
іс сапарда, кездесулерде, тіпті қонақта, пікір алысуда, ел аралағанда не кездескенде байқап,
сұрап, түртіп қоя береді. Ойында жинақтай береді, пісіре біреді. Болды – ау дегенде бір
жинап, отыра қалып емес, ауылдағыдай жата қалып 5 – 10 күнде бір кітапты жазып тастайды.
Бірақ онда блокнотта не жазатыны жоспар болады. Сол бойынша деректерді жинақтай
береді. Қиналмайды, айтпайды, тіпті білінбейді. Маған бірде «әуелі бастасаң, сонан өзі
Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші
105
тармақталып, күшіктеп шыға береді, солай кітап етіп жаза бересің», - дегені бар. Кітап,
мақала жазғанда біреу айтқан, ақсақал сүйдеген, кәрі көз бүйдегендерге сүйенбейтін, тек
архивтік дерек, құжаттарға ғана сүйеніп жазатын. Ол дау, бөтен әңгіме туғызбайтын.
«Бір адам от жақса, мың адам жылынады» деген мақал бар. Беркіннің өлкетану
тарихынан жазған деректі ғылыми 20 кітаптарымен 200 мақалалары әлі де талайлардың
оқуына, студенттедің, мұғалімдердің, өлкетанушылардың пайдалануына жетеді. «Білімнен
қымбат нәрсе жоқ, көңілде жатса болмай тот»-деген халық ақыны Нұрпейістің айтқанындай
талай тарихшылар, көптеген жылдар бойы оның еңбектерін пайдаланады. Бұл Беркіннің
өмірлік мақсатының орындалғаны, ғылымға, халқына тигізген өлмес пайдасы.
Беркін жазып шығарған кітаптарын маған бергенде «Еркін ағаға Беркін ініден» деп
жазып, күні, айы, жылын көрсететін еді. Артық ештеме де жазбайтын.
Атақты күйші, Әбілқайырхан ұрпағы сұлтан Дәулеткерей түрікпен еліне қонақ болып
қайтады. Елге келген соң айналасындағы жақын жақсылар мен жайсаңдар не көрдің, не
әкелдің деп сұрайды. Сонда Дәулеткерей «қонақ болдым, сый – құрмет көрдім» - дейді.
Айналасындағылар «базарлыққа не әкелдің» - дейді. Сонда Дәулеткерей «түрікпендер
алдыма мал салды, алмадым өледі деп, алдыма дуние-мүлік қойды, алмадым тозады деп» -
деп жауап береді. Қасындағылар сонда не әкелдің дегендеріне, Дәулеткерей «өлмейтін
азбайтын, тозбайтын өнер үйрендім, алып келдім» - деп, өзі шығарған «Көроғлы» деген
атақты күйін отырғандарға орындап берген екен. Сол «Көроғлы» күйін қазір 21 ғасырда жеке
күйші де, ансамбльде, оркестрде құлаққұрышын қандырып, жиі орындайды. Күй әуенінде
түрікпен музыкасының сарыны бар. Сондай – ақ артына азбайтын, тозбайтын ғылыми мұра
қалдырған, тарихи еңбектер мол деректер қалдырған.
Беркін шын мәніндегі тарихшы, өлкетанушы ғалым еді.
Туған жер, Байғаниннің Жарқамысы,
Жоғары болды Беркін ар-намысы.
Абыройлы еңбек етіп, Қобдасында,
Ғылымда болды, оның мол табысы.
Беркін екеуміз Қарауылкелдіде, Қобдада, Хромтауда, университетте, педагогика
институтында, мектептерде «Әбілқайырхан – тарих пен тағдыр», «Әйтеке би - мемлекет
қайраткері, би, шешен», Байғанин, Қобда аудандары тарихы, Исатай - Махамбет,
Қобыланды, КОБ Ідіріс Үргенішбаев туралы көптеген ғылыми-тәжірибелік конференциялар,
кездесулер өткіздік.
Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелдіге барып «Жем-Сағыз бойы, Туған жер -
Тұнған тарих» деген ғылыми – тәжірибелік конференция өткіздік. Конференцияні аудан
әкімі азамат жігіт Бердіхан Кемешев ұйымдастырып, басқарып өзі жүргізді. Беркін
конференцияда өте жақсы, ерекше бір сезіммен, беріліп, құлшынып сөйледі.
Конференциядан соң екеуміз пікірлескенімізде «бұл менің туған ауданым, өскен ауылымда
ресми трибунадан ғалым болып бірінші рет сөйлегенім» - деген еді.
Беркін екеуміз оның Қобдасына барып, «Қобда - батырлар елі, аңыздар жері» деген
ғылыми – тәжірибелік конференция өткіздік. Университеттен ғалымдар, музейден ғылыми
қызметкерлер болды. Бәрі де мықты – мықты сөздер сөйледі. Ал Беркін өзі үйренген, өзіне
жақын Қобдасы ғой – ерекше шабыттанып, сөйлегісі келіп Нұрпейістің жырындай төкті.
Әңгіме мазмұны Қобыланды батыр, Қобда тарихы оны Беркіннен артық білетін кім бар?!
Толық айтты. Қобдададан Ақтөбеге келгеннен кейін барып сөйлегені ғой, сағынышпен ішкі
жақындығымен жұрт алдына шығып айтқаны бәрі- бәрі Беркін үшін бір рахат болды.
Ақырында Беркін Қобда ауданының тарихын жазды, кітап шықты.
Беркіннің Қобдада қызметте жүргенде, онан кейін университетте ғылыми –
педагогикалық жұмыста болғанында ұмытылмаған, кейінге ысырлмаған тақырып-бұл Исатай
батыр тақырыбы. Оның Исатай Таймановтың 200 жылдығын өткізуді, баяндаманы,
салтанатты жиынды дайындап Шейітсайдағы бейіт басына мемориал салу және белгі тасқа
жазылатын сөздерді таңдап алу сияқты сан алуан жұмыстарды атқарғаны белгілі.
Орыстанған Қобда сияқты ауданда Қазақ тарихының белгілі оқиғасы көтеріліс басшысы
Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші
106
Исатай туралы шараны Беркін ғана келістіретіні белгілі еді.
Оның бір негізі Беркін екеуміз сол кездегі Гурьевке- Атырауға бардық. Онда «Батыс
Қазақстан тарихын зерттеудің проблемалық мәселелері» деген тақырыпта Қазақ ССР Ғылым
академиясының тарих институты ғылыми конференция өткізді. Онда И. Тайманов,
М. Өтемісов бастаған көтеріліс және оның басшыларының жерленген жерлері туралы
ғалымдар арасында келелі әңгіме болды. Сонда ғалымдар Исатай батырдың жерленген жері
Қобда ауданының Қиыл өзенінің бойындағы Шейітсай деген жер деген тұжырымға келді.
Исатай батырға бейіт басына қойылған үлкен биік белгі тасқа Беркін ұсынған өткір
азаттықты аңсаған мазмұнды Махамбет өлеңінен мынандай үзінді жазылды.
Сәлем айтып кетейін,
Артымда қалған елдерге.
Арманымды айтып кетейін,
Найза ұстаған ерлерге.
Арыстан еді – ау Исатай,
Дегеніне жете алмай,
Арманда өтіп кетті деп.
Қиналарма екен біздерге,
Қиналсаңыз біздерге
Мың рахмет сіздерге.
Кейінде Беркіннің Қобдасына барып тұрдық. Ол халық батыры Исатай Таймановтың
бейітіне тағзым ету, басына кесене түрғызуды ойласу, ауыл тұрғындарымен кездесу
шаралары болды. Суретке түстік. Батыр ескерткішін көрдік, жастарға әңгімелеп бердік.
Исатай селолық округіндегі Жарсай ауылына барып батыр бейітіне Шейітсайға
бірнеше бардық. Жолаушы жұрт білсін деп жол бойына Исатай бейітінің бағытын көрсететін
белгі қойдық. Хромтау қаласында «Әбілқайырхан. Тарих пен тағдыр» деген тақырыппен
ғылыми – тәжірибелік конференция өткіздік. Кеншілердің мәдениет үйі тыңдаушыларға лық
толды. Аудан өнерпаздары хан өмірінен шағын көрініс көрсетті. Ойын, кейіпкерлер, киім,
қару, сахналық көрініс ерекше мән, әсер берді. Баяндамашы ғалымдар Н. Абдоллаев, Д.
Әбенов, С. Есқалиев Әбілқайырханның саяси, әскери қолбасшылық қызметі туралы тарихи
деректер бойынша жақсы әңгімелер айтты. Беркін сөзінің әрқашанғы бір ерекшелігі
конференциялар шешім нұсқауларын нақтылау, бір қажет нәрсені шешуге бағытталатыны
еді, осы конференцияда 300 адам алдында Беркін Хромтау қалысының бір жақсы көшесіне
Әбілқайырхан есімін беру жайлы ұсыныс айтты.
Беркіннің конференциядағы, кездесулердегі сөйлеген сөздеріне тоқталғым келеді. Қай
жерде болсын, аудан орталығында мәдениет үйінде 300 тыңдаушы алдында, музейде,
кітапханада, мектепте 50 – 100 адам алдында болсын жүрексінбей, батыл сөйлейтін. Неге
десеңіз ол сөйлейтін тақырып матариалын өте жақсы біледі, терең меңгерген. Сосын өте
түсінікті етіп айтады, мазмұнды, деректер мол болады. Айтқан ойды, деректерді
тұжырымдап, қортындылайды. Бұл тыңдаушыға ұнайды және жетеді. Сөйлеу тілі бай,
көркем. Тақырыпты алдындағы тыңдаушыға керек етіп, онымен байланыстыра сөйлейді,
сосын – ақ тыңдаушыны тартады. Бұл шешендік. Беркіннің біліктілік білім, Қобдадағы
партия, білім, насихат, тәрбие саласында жинаған мол тәжірибесінің нәтижесінде жеткен
жетістігі. Оның үстіне Беркін қазақтың тарихын, әдет – ғұрып, салт-дәстүрін өте терең білді,
сонымен байланыстыра айтқан сөзі, баяндамасы тыңдаушыларға қызық болатын. Ол
баяндамаларды айтатын, қағазға қарап, не жазып алып оқып тұрмайтын.
Халқымызда шешендік өнер дамыған. Қазақтар шаршы топта сөйлей білген, жөн сөзге
тоқтай білген. Сөз өнерін – шешендік деген. Қол өнерін – шеберлік деген. Ән – күй өнерін –
әншілік, күйшілік деген. Бұл дарын, талантқа байланысты. Беркінде сөз өнері бар болатын.
Беркін сөз өнерін – меңгерген шешен еді. Мен директор болып тұрғанда Беркін мүзейге жиі
келді. Музейде көп шара өткіземіз. Бәрі де тарихи, әдеби тақырыпта. Беркінді – музейдің
досын – сөйлеуге шақырамыз. Қатырып сөйлейді. Жастарды, мектеп мұғалімдерін аузына
қаратып, мазмұнды деректі, түсінікті айтады. Ғылыми мәселені қарапайым тілмен жеткізеді.
Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші
107
Бұл педагогтік, лекторлық шеберлік еді.
Беркін жастармен жұмыс жасады және жастармен жұмыс жасаудан рахат табатын,
жақсы көретін. «Ойыл жәрмеңкесі» кітабының тұсаукесері университетте өткізілді. Оны
өткізген студенттердің өздері еді. Жастарға тән жаңалық, түр мен мазмұнның қабысқан
жағдайында, көңілді, трафареттен аулақ, көріністермен, әзілмен, әнмен өткізіп, арасында
кітап туралы ақпарат, мәлімет бере отырып. Беркінді ортаға алып, шараға қатыстырып, сұрақ
беріп, билетіп, қол ұстасып, құшақтасып, фотоға түсіп, гүл беріп, жайдарылатып мәре – сәре
қылды. Беркінге сөз бергенде Беркін лаулап кетті, екі қолын көтере, әсем, әсерлі сөйлеп, риза
болды, жайнап кетті, ғылым тілінің қиындығы білінбеді. Беркін жастарға айтатын «қазір
сіздерді, ой, жастар ондай емес, мұндай емес, деп наразы болып жүр ғой, оған қарамаңыздар,
ертең – ақ сендер «мынауский» болып кетесіңдер» - деп, бас бармағын көрсететін. Ол
арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты жастарға сенді, (М. Жұмабаев) жастар жағында
болды. Оларды болашаққа баулыды, келешекке сендірді. Беркін Ыбырайдың жолымен
жүрген ұстаз еді.
Беркіннің мінез – құлқының ерекшелігі сол мақтанбайтын. Мен мына күшті шаруаны
бітірдім деп, не кітапты жазып шығардым деп, не мен ол туралы жаздым деп, не
шіренбейтін, не өзін – насихаттамайтын, жарнамаламайтын. Қарапайым жігіт еді. Бірақ қара
байыр емес еді. Керісінше ол ғылымды, өлке тарихын, облыстың, қазақтың ардақты ұлдарын
мол насихаттайтын. «Жалпақ жүртыңды исі қазақ алашыңды құрметтеу алдымен өзің туған
өлкенің тарихын танудан, адамын ардақтаудан басталады» - десек Беркін. Қобдада жүргенде
Әлия Молдагулованы, М. Кошелевті, Исатай Таймановты, Ақтөбеде – І. Үргенішбаевты,
Б. Қаратаевты, А. Қалменовті, А. Бірімжановты 1916 жылғы көтеріліс басшыларын –
Әбдіғапар Жанбосынов, Тайшым Орыс ұлын егемендік, жаңа көзқарас тұрғысынан
насихаттаған еді. 1916 жылғы көтеріліске жаңа көзқараспен қарап, зерттеу бойынша Ақтөбе
облыстық драма театрында халықаралық ғылыми конференция өткізді. Өлке тарихын
насихаттағаны, зерттегені, кітаптар жазғаны оған танымалдық әкелді. Ол жұртшылыққа
белгілі тұлға еді.
Елге еткен еңбек еш кетпес,
Абырой – атақ әкелер.
Адалдық, білім, ақниет,
Бақытқа қол жеткізер.
Халық бағалады деген осы екен.
Беркінмен өмір тіршілігі мен отбасылық сапармен аудандарға баратынбыз. Сондай да,
мінезінің бір ерекшелігі көрінетін. Бірде машинаның ішінде дін туралы әңгіме қозғалып, бір
жігіт білгішсініп, оңды – солды келіссін, келіспесін көп сөйлей берді. Беркін біраз жерге
жеткенге дейін тыңдап отырды да, әлгінің әңгімесінің ыңғайына бір мықты сұрақты беріп
қалды. Зулап отырған жігіт тосылып қалды да, кейін ауылдан Шалқарға жеткенше
жолшыбай үндемей қалды. Сөйтіп Беркін кейбіреулерді бір ауыз сөзбен «қатырып қоятын»
тапқыр еді. Мұндай қасиетті логика ғылымында ойдың ұшқырлығы, ақылдың алғырлығы
дейді. Беркіннің өмірлік ерекше ұстанымдары болатын. Мысалы, біреуден бірдеме сұрап
көмектес деп өтініп бережақ болып, тәуелді болмау керек дейтін. Оның ойы ұшқыр, сөзін дәл
айтатын, жадынды сақтағыш зерек еді. Ерік күші қуатты, мықты болатын. Біраз уақыт темекі
тартты. Бірде темекіні қойдым дейді. «Ия, қалай екен, оңай ма, қиынба екен» деп сұрасам,
ол ерекше қойған екен. Ол айтады «жігіттер темекіні қоярда шемішкі шағады, конфет
сорады, яғни өзін алдарқатады ғой, ал мен керісінше істедім. Темекіні тастарда бір пачка
сигарет, бір қорап шырпы сатып алып, қалтама салып қойдым. Бар. Бірақ тартпаймын.
Сөйтіп, темекіні тастадым да кеттім. Ойламадым, түс көрмедім, қиналмадым» деген еді.
Беркін ойға алғанын істей алатын табанды еркі күшті адам еді.
Мен университетке Беркіннің кафедрасына барып тұрдым. Тарих, әдебиет, мәдениет
саласымен айналасатын болған соң, университетке, пединститутке жиі барамын. Сонда
студенттер, жас оқытушылар маған ылғи ілтипатпен сәлем береді. Бастапқы кезде мен үлкен
сыйлы кісі болған соң сәлем беретін шығар деп ойлап, жастардың тәрбиесі жақсы екен деп
Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші
108
риза болып жүрдім. Беркінге айтсам сәл жымиып күледі – де қояды. Кейін ойлап білсем,
студенттер мені Беркін – оқытушымыз деп сәлемдеседі екен. Өтіп бара жатқанда, қозғалыс
кезінде ұқсас болған соң, тап басып айыра бермейді емес пе?
2013 жылы сәуір айында профессор Н. Абдоллаев пединститутта халықаралық
конференция өткізіп шақырған соң барып едім, тіркеудегі жас оқытушылар мені бірден
тіркеуге алып өздері Беркін Жолмурзинович деп атады. Бір түрлі болып кеттім де Еркінмін
дедім. Беркін ел есіне екен деп ойладым.
«Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» – деген бар ғой. Өткеннің бәрі
тарих. Ал ол ертеңгіні қалыптастырады. Біздің әжеміз, яғни әкеміз Жолмырзаның анасы
ерекше жан еді, тіпті аты да сирек есім – Марқа болатын. Есімінің мәнін мәнісін біз
білмейміз, ол айтқан жоқ, біз сұрамадық, баламыз. Киімді сәндеп таза киетін. Ажарлы,
айналасына әсерлі, ақылды, сөз сөйлегенде тосылмайтын, анық айтатын, әңгімені жақсы
айтатын. Әсіресе, шәй ішіп отырып асықпай әңгіме айту дәстүрі болса, оны әжемдер
сықитатын еді. Ащы кәмпит, инден шәй, әсем әңгіме, Майтүбектің үлкендерінің бас қосуы –
ерекше татулықпен көршілердің араласуының бір кепіл көрінісі еді. Әжем Майтүбектегі
көршілердің басшысы болды. Кешкі салқында сиыр сауылып, сепаратор тартылып болғанда
кешкі салқын түскенде май шай - қайтып кезде әңгіме басталып өткен шақ әңгімелерін
айтатыны бар еді. Құрманбек атамызды ауылнай болды дейді. Аяққұмда көшіп жүргенде
көктемгі майды қоржынға салып, шөмелеге тығып кетеміз, күзде қайтқанда нағыз сүр сары
май болатын еді деп, біздердің алақанымызға жалауға май салып беретін еді. Бірде Совет
апайдың үйінен – Әліп апайды Қарауылкелдіде ауыл совет председатілі болған соң Совет
апай дейміз – қонақтан келіп, әдемі көйлек киген, жақсы қонақ болдық, Шара деген биші,
артист, ой әңгімесі қандай жақсы деп келді. Биші Шара Жиенқұлова Қарауылкелдіге концерт
қоюға келген, сонда Совет апайдың үйінен түстенгенде әжем Майтүбектегі «элита» ғой
бірге дәмдес болғанын айтқан еді.
Папам Жолмырза ұзын бойлыға жатпаса да аласа емес, бойшаң, көрінекті адам еді.
Шашы қара, бұйра, тісі ірі тарақпен тарағанның өзінде ұйысып, бірден тарала қоймайтын.
Таңертең сақалын қырғанына қарайтынмын, қимылдары, ұстарымен қарсы қыруы есімде
қалыпты. Қыста арнайы тіккізген қынама бел әдемі жылы қоңыр тон киетін. Жазда қисық
жаға көйлек, ақ жібек қалталы китель, фуражка – «сталинка» деген мода- киетін. Ол кездің
барлық қызметкерлері солай киінетін. Жазда көк ат дейтінбіз, жорға ақ бозат мінді. Қыста
шанаға жегетін сол көк атпен ақтанау айғыр болды. Ат әбзелдер нағыз қайыс тартпалар, сары
темірден жасалған, ауыздық, тоғалар өрнекті әдемі болатын. Соған қарап қазір ойласам,
папам оларға сән мен мән берген екен деп қорытындылаймын. Жазда мінетін жұмсақ
рессорлы екі дөңгелекті тарантасы болды. Кейін «Москвич», «Победа» машиналарын алды.
Әдемі машиналар еді. Папам, мамам, бәріміз Ақтөбеге келетінбіз. Ислам, Алма апайдың
үйіне түсетінбіз. Папам Сталинградта соғысқа қатысқанын арнайы айтқан жоқ. Баламыз, өте
жас, тіпті ес білетіндей емес, ойын баласымыз ғой. Тек «Қызыл әскерде» түрғанда үйде
ауданнан келген қонаққа, «ой, соғыста зеңбірек айтқылап, мина ысқырып, жарылып
жатқанда жаныңды қоярға жер таппайсын, кайтеріңді білмейсің» деп айтып отырғанын
естідім. Ал соғысқа байланысты алған медальдарын мысалы «Ерлігі үшін» медалі т.б ол
кезде көрмедік, тек институт бітірген соң ғана көріп аңғардық қой. Анда – санда көңілді
кезде папам «Айнамкөз» деген әнге салатын, немесе «мен білмеймін Қаршеке – ау, Төлеген
сынды көбеңді» деп қоятын, даусы жоғарғы болатын. Сөйлегенде дауысы анық күшті
шығатын. Қазақша сөйлегенде шебер еді. Москвада, Алматыда оқыды, орысша жақсы
білетін тәуір сөйлейтін. Бір орыс шеберді әкеліп Колхоз басқармасы кеңсесін құрастырма
ағаштан «финский» үйден салдырды. Үй көрінісі әлі көз алдымда. Бір жылы Ибрагим екеуміз
барып көргенбіз. Папам 1955 жылы октябрьде қайтты ғой. Есімнен кетпейді. Орыс шебер
ағаштан табыт жасап, оны қызыл матамен қаптады да айнала қара лентамен жиырып,
көркемдеді. Сол кездегі коммунистерді совет салтымен жерлеу рәсімі ғой. Шығарып салуға
көп адам жиналғанын және Газ-51 борты автомашинаға салып, көп кісілер артынан еріп
жүріп бейітке барғанын білемін, есімде. Онан соң есімдегі жай жыл бойы «қайыр болсын»
Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші
109
деп адамдар келе берді. Сонда әжем, мамам бөлмеде күтіп отырып жоқтау айтады. Әжем
жоқтауды керім айтатыны есімде, мазмұны да әуені де нағыз салт-дәстүрге жатады.
Мамамыз Бошай мінезі жай, биязы бізге ұрыспайтын нәзік адам болды. Сауатты. Ол
кезде қалың дәптерге ән жазу, беттерін әшекейлеу моды. Менде дәптерге әндерді әдемілеп
жазып қоямын. Әуендерін білмеймін. Солардың ішінен «Зәуреш», «Қалқа», «Сулико», «Жас
келін» әндерін маманың айтқанынан уйреніп 50 жыл есімде қалды. Сол «Зәуреш» әнінің
толық бір вариантын Беркін де архивтен жазып алып, «А. Бірімжанов» кітабына енгізді ғой.
Папам қайтқан соң мамам 1 – 2 жыл гипертониямен ауырып, ыссы укол алып жүрді.
Уайымдағаннан дейді ғой.
«Қызыл әскер» колхозында тұрғанымызда Сергей мектеп каникулы кезінде ұста
Тәжіғали мен шебер Сәндібайдың қасында болғанды ұнататын. Көмектеседі. Көреді.
Үйренеді. Өзі де соған ыңғайлы. Кейін Қарауылкелдіде тұрғанда шеберлерден үйренгені
отбасымызға пайдалы болды. Шебер болғанынан папаның құлпытасын берік сапалы етіп өзі
құйды, Қазірге дейін тұр. Үйімізге есік, терезе, шкаф, буфет, этажерка бәрін өзі жасай
беретін. Жәй құрастырып, емес, өрнектеп, әшекейлеп жасайтын. Аңырақайдағы техникумды
бітіріп мамандық алған соң Қарауылкелді, Сағыз совхоздарында бас инженер болды,
техника тілін мықты білді. Машина оңдау болса, беріліп істеп, үстіндегі таза киімімен киіп
кете беретін. Мамам машина оңдарда киіміңді ауыстырып ки деп айтатын. Сергей жұмысқа,
техникаға берілген, жақсы көріп ұнататын кәсібі ғой.
Қарауылкелдіде конференция өткізгенде Беркін екеуміз Майтүбектегі бұрынғы тұрған,
папамыз салдырған үйді барып көріп, балалық шағымыз еске түсіп толқыдық. Адамның іші
жылып кетеді екен де, өткен жылдар бәрі көз алдыңа оттай басылып, асыр салып ойнаған,
бәріміз ер жетіп өскен, мектепке барып білім алған, балакез бір рахат кез екен ғой, сол еске
оралды ғой. Үйде «Қызыл әскер» колхозының бұрынғы колхозшыларының балалары тұрады
екен. Ол кісілерге Беркін кім екенімізді айтып, шәй ішіңдер деп ақша берді.
Қарауылкелдіге барғанымызда папаның, әженің, Сәнияның басына барып құран
оқыттық. Майтұбектегі көршілер Қожағали, Қаншайым, Молдағұл, Ажар, Шөпен, бәрі бір
жатыр ғой. Бұл өткенге тағзым ғой.
Міне, осы біздің әулетіміздегі жағымды аура Беркіннің ойы мен санасына, тәрбиесі мен
тәртібіне әрине әсер етті, мінез – құлқын, азаматтық белсенді позициясын қалыптастырды.
Беркін 60 жыл өмір сүрді. Ол көп те емес, қыршын жас аз да емес.
Шыбын жанның шықпасын,
ешкімде ойлап таппаған – дегендей, мәңгі өмір сүру жоқ, ол міндет те емес, мәңді өмір
сүру міндет. Беркін мәнді, сәнді өмір сүрді. Тіршілікте ізін басқан балалары қалды.
«Астындағы аты сүрінсе, оған ат иесі кінәлі» деген Беркін Сәуленің балалары жоғарғы
білімді, бүгінгі заманауи талапқа сай жүріп тұрады. Үш тілді қазақша, орысша, ағылшынша –
менгерген, бәрі қызметте. Балалары қазір папасының ғылыми мұрасын, жаңа технология
әдісімен электронды – компьютерлік ақпарат кеңістігіне таратуда. Ол мың, миллион тираж
болады – өмірбаяны, мақалалары, кітаптары, суреттері, Ұлттық электрондық кітапхана,
Википедия, Қоғамдық қор сайттарына енгізілуде. Кітаптары Қазакстанның кітап палатасы
мұрағат қорына сақтауға тапсырылды.
Өмірдің көбі кетіп азы қалды,
Көлімнің аққуы ұшып, қазы қалды.
Қасымда кеше жүрген Беркін кетіп,
Есімде кітабы мен сөзі қалды...
Атақты қолбасшы әмір Темір «Ақиқатында біздің жайымыз ісімізден танылады. Сендер
біздің құдіретімізге күдіктенсеңіздер – біздер салдырған зәулім ғимараттарымызға
қараңыздар» деген екен. Беркін болашаққа ғылыми мұра қалдырған ғалым. Беркіннің де аты
ғылыми еңбегімен танылды, танылады. Адамның артында жақсы сөзі, жақсы ісі, жақсы
ұрпағы қалу керек десек ғалым Беркін Жолмырзаұлы Құрманбековтың жақсы сөзі
жадымызда, жақсы ісі, ғылыми мұрасы, ғылымда, жақсы ұрпағы өмірде жалғасуда.
Ғалым өлмейді, артында хаты бар!
Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші
110
Достарыңызбен бөлісу: |