Адал азамат



Pdf көрінісі
бет18/30
Дата01.01.2017
өлшемі4,55 Mb.
#905
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   30

 

Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші 
  
174  
    
 
КІТАПТАРЫ МҰРАЖАЙДА САҚТАУЛЫ 
 
Римов Алмас 
Темір аудандық  
мұражайының директоры  
 
Беркін ағайдай Темір ауданы тарихына осынша көңіл бөліп, 5 кітап жазған адам болған 
жоқ.  Кітаптары  тың  қызықты  деректерге  толы.  Өлкетанушыларға,  жалпы  темірліктерге  өте 
пайдалы,  патриоттық  тәрбиеге  аса  керек  шығармалар.  Мектептерде  мұғалімдер  ғалымның 
еңбектерінен  факультативтік,  арнайы  сабақтар  өткізсе,  оқушылар  ғылыми  байқауларда 
ғалымның кітаптарынан ғылыми баяндамалар, тақырыптық жұмыстар жазса нұр үстіне нұр 
болар еді. 
Еліміз  тәуелсіздік  алардан  бұрын  80  -  жылдардың  аяқ  кезінен  демократияландыру 
қанат жайған  уақытта жоғалғанымызды іздеу, жойылып бара жатқан ата-баба дәстүрін, ана 
тіліміз,  ділімізбен,  дінімізді  және  мәдениетімізді  жаңғырту  жолында  ғалымдарымыз  көп 
еңбек  етті.  Еліміздің  тарихының  дамуына  үлес  қосқан  ағамыз,  тарих  ғылымдарының 
кандидаты,  доцент  Беркін  Жолмырзаұлының  еліміздің  тарихына  қосқан  үлесі  орасан  зор. 
Тарихи  деректерге  сүйеніп  жазылған  еңбектері  осы  Темір  өңірінің болашақ  ұрпағына  мұра 
болары  белгілі.  Беркін  Жолмырзаұлының  «Дума  депутаты  А.Қалменов»,  «Темір  тарихы», 
«Темір жәрмеңкесі», «Нұрлы жүзді Нұрпейіс» және тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ 
Озғанбаймен бірлесіп жазған «Қайраткер А.Қалменов» туралы  жазылған кітаптары мұражай 
қорында  сақтаулы.  Осы  еңбектерін  жазуда  тарихшы-  өлкетанушы  Беркін  Жолмырзаұлы 
біздің  ауданға  бірнеше  рет  келіп,  деректер  жинады,  ақсақалдармен  ежелгі  тұрғындармен 
кездесті.  Осы  кітаптарда  жалпы  біздің  облысымыздың  тарихы  туралы  сыр  шерткен,  Ресей 
империясының  құрамында  болған  кездегі  аудан  халқының  тұрмысы,  әл-ауқаты  ел  ішінде 
болған  оқиғалар  туралы  айтылады.  19  ғасырда  өмір  сүрген  біздің  аймақтан  шыққан  ақын 
Н.Байғаниннің  тегі  мен  өмірі,  шығармашылығы  туралы  тарихи  деректі  келешек  ұрпаққа 
баяндайды.  Дума  депутаты  болған  А.Қалменов  туралы  тың  деректер  мен  материалдарды 
қамтып  жазған.  Маған  әсер  еткені  Темір  жәрмеңкесі  туралы  кітабы  еді.  Ол  кітапта  аудан 
аумағының  патшалық  Ресей  тұсындағы  әкімшілік-аумақтық  бөліністер,  Ембі  және  Темір 
уездерінің  құрылуы,  Ресей  империясының  отарлау  саясаты,  Темір  жәрмеңкесінің  құрылуы, 
ол  уақыттағы  сауда  айналымы  туралы  баяндалған.  Қазақ  руларының  орналасуы,  бірлесіп 
тіршілік  қамын  жасап  көшуі  туралы  айтылады.Отарлық  саясаттың  кесірінен  жоғалған 
тарихымызды түгендеу одан әрі жалғасын табатыны және насихатталатыны сөзсіз. Біз музей 
қызметкерлері  өз  жұмысымызда  ғалым  Б.Құрманбековтің  еңбектеріндегі  деректерді 
пайдаланып жүрміз. 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші 
  
175  
    
 
БЕРКІН ҚҰРМАНБЕКОВТІҢ  
«ТЕМІР ТАРИХЫ» ҒЫЛЫМИ ТАНЫМДЫҚ КІТАБЫНА 
 
ПІКІР 
Бақаев Аманкелді 
Мұғалім,тарихшы 
«Темір ауданының құрметті азаматы» 
Темір аудандық ардагерлер  
Кеңесінің Төрағасы 
 
Тәуба. Тәуелсіздік халқымызға еркіндік әкелуімен бірге тарихымызды түгендеп, архив 
қоймаларында  «шаң  басқан»  тарихи  деректерді  «аршып,  тазартып»  көпшілік  кеңесіне 
ұсынуға  кең  жол  ашты.  Кешегі  кеңестік  дәуірде  тарихымыз,  атақты  тұлғаларымыз,  алаш 
басшылары немесе рулардың қоныстанған орындары туралы кітап шығармақ түгіл көлемді 
мақаланы жазып, оны мерзімді баспасөзге жариялатудың өзі ақырет еді. Енді, міне мүмкіндік 
бар,  жол  ашық.  Маңдай  теріңді  төк  те,  еңбектен  халқыңның  өткен  өмірін  зертте,  зерделе, 
бүгінгі  буынға  аталарымыздың  кім  болғанын,  қандай  тауқыметті  арқалағаның,  табан  ақы, 
маңдай  термен  біздерді  бүгінгі  шуақты  күндерге  жеткізгенін  баянда,  санасына  сәуле  құй, 
ұқтыр деген мамыражай заманға келдік. Тағы да тәуба. 
Еліміздің  тарих  ғылымына  сүбелі  үлес  қосқан,  аз  ғұмырында  үлкен  мұра  қалдырған 
Беркін  Құрманбековтің  «Темір  тарихы»  деген  кітабын  оқығаннан  кейін,  осындай  ой 
түйіндедік.  Кітапты  оқи  бастағаннан-ақ,  келтірген  деректер  мұрағат  құжаттарымен 
нақтыланып, ғылыми сипаты ашыла түскенін байқадық. Ресей императорының қырғыздарды 
(қазақтарды)  басқару  ережесіне  сай  1881  жылы  Орал  облысында  Жем,  Қалмаққырған 
уездерінің  орнына  Темір  және  Ілбішін  уездерінің  құрылуынан  бастап,  кешегі  тың  игеру 
нәтижелеріне  дейінгі  аралықты  қамтыған.  Автор  осы  кітапты  жазу  барысында  138  мұрағат 
құжаттарын,  баспасөзге  жазылған  жайттар,  патшалық  Ресей  тұсындағы  мағлұматтармен 
әдебиеттерді  пайдаланған.  Үлкен  қажырлы  еңбек,  таусылмас  төзім  жұмсағаны  осы 
цифрлардан  көрініп  тұр.  «Темір  уезінің  құрылуы»  бөлігінде  халықтың  демографиялық 
жағдайына кең талдау жасаған, яғни 1897 жылғы санақ бойынша Темір уезінде 95 мың адам 
қоныстанған.  Уезде  қазақтардан  басқа  6  ұлт  өкілдері  болған.  Осылардың  қаншасы  қандай 
кәсіппен айналысқаны туралы мәліметтерде келтірілген. Автор өз зерттеулерінде халықтың 
ұлттық құрамын оның 1915 жылға дейінгі өсу динамикасын орынды келтіріп, статистикалық 
жүйе  жасақтаған.Ата  қонысынан  қазақтардың  қалай  айырылғанын  оқыған  тұста,  жүрек 
сыздап,  сол  кездің  саясатына  іштей  реніште  боласын.  «Темір  жәрмеңкесінің  дамуы»  деген 
бөлімде  19  ғасырдың  аяғы  мен  20  ғасырдың  бас  кезінде  ұйымдастырылған  Темір 
жәрмеңкесінде  сатылған  товарлар  туралы  мәліметтермен  толықтырылған.  Мысалы  1902 
жылы  көктемгі  Темір  жәрмеңкесінде  585 146  рубльге  мал  мен  мал  өнімдері  сатылған.Сол 
кездегі мал бағасы жылқы 35 рубль, ірі қара 27 рубль, қой мен ешкі 5 рубльге, түйе 50 рубль 
болғанын  ескерсек  бір  ғана  маусымда  қаншама  мал  сатылғанын  мөлшерлеуге  болады. 
Зерттеуші  Беркін  Жолмырзаұлы  жәрмеңке  тек  қана  сауда-саттық  орталығы  емес,  өнер 
ордасы екендігіне үлкен бір бөлімді арнаған.Сол кездегі қазақ даласындағы жәрмеңкелердің 
қай-қайсысы  болмасын  үлкен  өнер  додасы,  не  бір  тума  таланттардың  тоғысқан  жері. 
Халықтың  рухын  көтеретің,  пейілін  сейілтетін  майталман  жыршы,  жыраулар,  ақпабұлақ 
ақындар,  күміс  көмей  әншілер  жиналып,  думандатып  жәрмеңкенің  шырайын  келтіргені 
кітапта жақсы көрсетілген.Шағын мақалада кітапқа толық  түсінік беріп шығу мүмкін емес. 
Оқырман өзі оқып,ой түйіндегені дұрыс. 
 Қорытып  айтсам,  ғалым-тарихшы  Б.Ж.  Құрманбековтің  «Темір  тарихы»  кітабы 
көпшілік  оқырмандарға  ұнады.  Деректері  мол,  баянды  мазмұнды,  тілі  көркем,  түсінікті. 
Темір  ауданы  тарихын  зерттеуге,  насихаттауға  қосылған  сүбелі  ғылыми  шығарма.  Мектеп 
мұғалімдеріне  өлкетарихымен  шұғылданатын  аудан  азаматтарына  үлкен  көмек.Жастарға 
туған жер тарихын танытуға арналған бағалы еңбек. 

Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші 
  
176  
    
 
ЖАНЫМЫЗДА ЖАРҚЫЛДАП ЖҮРДІ ЖАЙСАҢ ЖАН... 
(Ұстаз-ғалым Беркін Құрманбеков жайлы эссе ) 
 
Баймұханов Болат 
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе  
мемлекеттік университетінің доценті, 
филология ғылымдарының кандидаты, 
Қазақстан Республикасының білім беру үздігі 
 
                                              Өмір дегенің бір күндік Сәуле екен ғой!... 
                                                                                                  Мұқағали  
 
Уақыт,  шіркін,  бәйгі  атындай  жүйрік.  Сондықтан  да  шығар  кейде  жұмыс-жұмыс  -  
бітпейтін бір іс деп жүріп күннің түнге, жаздың күзге қалайша тез ауысқанын да  аңғармай 
қаласың.  Олай  дейтінім  2012  жылдың  ерте  көктемінде  қаннен  қаперсіз  күнделікті  сабағын 
беріп,  семинарын  өткізіп  қасымызда  жүрген  қадірлі  досымыз  Беркін  Құрманбековтің 
мезгілсіз дүниеден озғанына да жылға жуық уақыт өтіпті. 
Бар қажыр-қайратын, биік зердесін, кәсіби білімін оқыту ісі мен өлке тарихын зерттеуге 
арнаған  ұстаз-ғалымның  ақжарқын  мінезі,  адалдығы  мен  адамдығы,  әрқашан  зиялылық 
белгісін танытатын кісілік келбеті бір ұжымда қанаттас қызмет атқарған әріптестерінің күн 
сайын  көз  алдында  елес  берсе,  ғылым  жолындағы  тынымсыз  ізденістері  мен  ұрпаққа  үлгі 
игілікті  істері  «Өлді  деуге  бола  ма,  ойлаңдаршы,  өлмейтұғын  артында  іс  қалдырған»  деп 
марқұмды абайша толғанып еске алатын барша қауымның жадында.  
Аяулысын ардақтай білетін сол алқалы қауымның бір өкілі – менің де есімде Беркінді 
қимастық пен оған деген ризашылықтан тұратын біраз естелік сақталыпты: 1960 жылдардың 
аяғы.  Бойдағы  бұла  күші  мен  ауыл  мектебінен  алған  сапалы  біліміне  сеніп,  алыстан  арман 
қуған  байғаниндік  бес  жас  түлек  Алматыдан  бір-ақ  шықтық.  Алланың  құдіреті, 
дайындығымыздың тиянақтылығымен бесеуміз де емтиханнан сүрінбей өтіп, төл шәкірттері 
әрқашан  «Альма-матер»  деп  ілтипатпен  атайтын  ҚазГУ-ге  оқуға  түстік.  Әрқайсымыз  да 
таңдаған мамандығымыз бойынша әлемге әйгілі академик-ғалымдардан бес жыл бойы дәріс 
алып, университетті үздік бағалармен аяқтадық. 
Оқуды  жақсы  бітіріп,  көңілді  бірлеген  біздің  алдымызда  «мен  мұндалап»  екі  жол 
тұрды.    Бірі  –  мамандығымызға  сай  өзімізге  ұнайтын  бір  жұмыс  тауып  Алматыда  қалу, 
екіншісі – « елордадан алған білімімізді ел қажетіне жаратамыз »  деп алыстағы ауылымызға 
бару. Бәріміз де қабырғамызбен кеңесе келіп екінші жолды таңдадық. Ару қала Алматыдан 
арайлы Ақтөбеге қайтып  оралған сол «байғаниндік бесеудің» бірі бүгінгі әңгіменің кейіпкері 
Беркін Құрманбеков болатын.  «Әрбір адам  -  стиль» деп Андре Стиль (француз жазушысы) 
айтпақшы, дипломмен елге қайтқан бес ұланның әрқайсысының да алға қойған өз мақсаты, 
мұқалмас  ерік-жігері,  өзгеге  ұқсамайтын  мінез-құлқы  бар-ды.  Бойларында  қайрат  пен 
намысқа  табан  тірейтін  сол  бір  сапалық  қасиеттер  болмаса,  олардың  Одаққа  танымал  озат 
оқу  орыны  –  С.М.Киров  (қазіргі  Әл-Фараби)  атындағы  Қазақ  мемлекеттік  университетін 
жақсы бітіріп шығуы да екіталай еді. 
Ал, енді, сол жігіттердің ішінен ала-бөтен көрінетін бір де болса бірегей тұлға  Беркін 
туралы  айтсақ,  оны  басқалардан    айрықша  ғып  танытатын    бір  сындарлы  қасиет  қашанда 
сырт көзге салған жерден байқалатын. Ол – көп адамда кездеспейтін, тек қана ілуде біреудің 
бойынан жарқ етіп көрініп, жүректерге жол табатын  шешендік пен шежірешілдік еді. Қайсы 
біреулер  шешендік  қасиетті  кісінің  кәсіби  мамандығымен  байланыстырады.  Меніңше,  бұл 
жаңсақ  түсінік.  Өйткені,  өзіміз  күнде  көріп  жүрген  тарихшы-әдебиетшілердің  ішінде 
«аузынан сөзі, үстінен бөзі» түсіп тұратындары аз ба? Ал, сөйлей қалса,  абдырап-абыржып,  
көркем  сөздің  көркін  қашыратындары  қаншама?  Сөз  өнері  бар  өнердің  бастауы.  Беркін 
Жолмырзаұлы сол өнерді шебер меңгерген жандардың бірі. Себебі, ол сөйлеуге ыңғайланып 
тамағын  кеней  бастағанда  -  ақ  қасында  тұрған  адамдар  «Бізге  тағы  қызық  не  айтар  екен?» 

Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші 
  
177  
    
 
деп  әлде  бір  үмітпен  Бекеңнің  аузына  қарайтын.  Ал,  Беркін  болса,  басқа  әңгімені  былай 
қойғанда,    ойламаған  жерден,  аяқ  астынан  басталатын  күнделікті  тірліктің  майда-жүйде 
әңгімесінің  өзін  әзілқойлық  табиғатына  сай  тауып  айтатын  күлдіргі  сөздерімен  өрістете 
отырып,  әркімге  де  пайдасы  бар  салихалы  сұхбатқа  айналдыратын.  Тыңдаушысын  тәнті 
ететін,сол    әңгімелерінің  басым  көпшілігін  «аузымен  құс  тістеген»  ділмар  досымыз  ел  мен 
жер,  елдік  пен  ерлік,  әділдік  пен  адалдық  сияқты  арналы  тақырыптарға  кейде  әдейі,  кейде 
байқатпай бұратын. 
Ондай  кезде  ол  «Мен  Орынбор  архивінде  болғанда»,  «Мен  Астрахан  мұражайын 
аралағанда», «Біз Түркістанға, Иассауи бабаға тәу ете барғанда», «Мен Шалқар ауданындағы 
«Шолақжидеге»  соққанда»,  «Мен  Ырғыздағы  «Бөкенбай  шоқысына»  шыққанда»,  «Мен 
Тәшкендегі  Ақсақ  Темір  кесенесіне  кіргенде  ...»  деп  бастайтын  да  одан  әрі  қарай  осы 
жерлерге  байланысты  өзі  білетін  талай  әпсана,  аңыздың  тиегін  ағытатын.  Кейде  әдемі 
әңгімеге  сілтідей  тұнып,  сүттей  ұйыған    құрбы-құрдастарына  сөз  арасында    «Ту  Мұрат-ай, 
өзің Әйтекебиден болсаң да, «Кілемжайған» атауының екі версиясы барын білмейді екенсің, 
ендеше, мен айтайын тыңда», «Әй, Ореке, сіздің Табыннан Бөкенбай, Тіленші, Жоламаннан 
да  басқа  аузын  айға  білеген  арыстандай  талай  батыр  шыққан,  мәселен,  солардың  бірі  – 
Кенесарының  оң  қолы,  ту  ұстаған  баһадүр    Бұқарбай  болған-ды.  Ол  жағынан  хабарың  бар 
ма?»,  «Бөке,  Әлімнің  Назарымын  дегенде  дес  бермейсің,  бірақ  сен  өзіңнің  түп  атаң  Едіге, 
кәдімгі  Алтын  Орданы  билеген  Едіге  батыр  тұқымдарын  шежіре  бойынша  тарқата  аласың 
ба?»,  «Нұрбекжан,  сен  осы  1937  жылдың  нәубетіне  ұшырап  «Сталиндік  үштіктің» 
шешімімен  атылған  жалғыз  әйел  -  Шахзада  Шонанова  апамыз  деп  жүрсің.  Ал,  енді,  сен 
сондай жазаға кесілген басқа да қазақ әйелдері жайлы кеше «Егеменде» жазылғанды оқыдың 
ба?» деген сияқты қағытпа сұрақтар қойып саналарына сілкініс туғызатын. 
Бір  байқағаным  –  кездескен  адамының  көкжиегін  кеңейтіп  ойына  ой,  пікіріне  пікір 
қосатын  Беркіннің  білімдарлығы,  шешендігі  мен  шежірешілдігі  қай  кезде  болмасын  кім-
кімнің де көңілін өсіріп, кемелдікке жетелейтін. Сондықтан да шығар, онымен сұхбаттасқан 
жұрт  « Осы Беркінге адамды әп - сәтте баурап алатын айтқыштық өнер  қайдан келді екен, 
кімнен дарыды екен?» деп ойлайтын да, сол сұрақты ойға өздері жедеғабыл жауап іздейтін. 
Біреулер Беркіннің сөзге ұсталығын кішкентайынан кітаппен дос болып, кейін университетте 
оқыған  кезде  Әбу  Тәкенов,  В.Я.Басин,  С.Л.Ковальский    сияқты  аузы  дуалы  тарихшы 
академиктерден  сабақ  алғандығымен  байланыстырса,  екінші  біреулер  аталы  сөзді  әрқашан 
қадірлеп,  құрметтейтін  Құрманбековтар  әулетінің  өнегелі  тәрбиесімен,  қиын  кезде  ел 
басқарған  майдангер  әкесі  Жолмырзаның  көпшілікке  айтқан  көшелі  сөзі  мен  60-70-ші 
жылдары  Қазақстан  комсомолының  жігерлі  жетекшісі  болған  ағасы  Еркіннің  жастарға 
айтқан  жалынды  сөзін,  жақсы  сөзін  санасына  сақтаған  «құймақұлақтығымен» 
сабақтастыратын. Ал, енді, үшінші біреулер Беркіннің бұл  бекзат қасиеттерін арғы тегінен 
іздеп, түп атасы қазан жүрек Қайдауылдың жауға шапқан батыр ғана емес, Қырғыз руының  
қабырғалы биі мәртебесінде талай рет шаршы топта сұңғыла сөз айтқан шешендігімен, туған 
анасы  жағынан  түп  нағашысы  әйгілі  Әйтеке  бидің  қазақтан  шыққан  дана  да,  дара  да 
болғандығымен  дәлелдейтін.  Не  десе  де,  қалай  айтса  да  Беркіннің  бірегей  тұлғасына  баға 
берушілер әрқашан ақиқаттан алыс кетпейін. 
Әрқашан  өзінің  «Білгенді  айту  бір  парыз»  дейтін  ұстанымына  сай  бар  білгенін 
замандастарына  ақжарыла,  ақтарыла  айтып,  оларды  адамның    рухани  жетілуіне  аса  қажет 
ақпарат  әлемінен  сусындата  жүру  Беркіннің  бір  қыры  болса,  қоғамдық  пікірдің  өзі 
келіспейтін тұстарын, тарихи мәселелерге қатысты қайсы бір ой тұжырымдары мен ғылыми 
болжамдарын  үлкен  деңгейдегі  конференция  мінбелерінен  бүкпесіз  айтып,  баспасөзде 
уақтылы жариялап отыру екінші қыры еді.  
Ал,  үшінші  қыры  тікелей  ұстаздығына  байланысты  болатын.  Мәселен,  ол,  пәндік 
сабақтарда  шәкірттерінен  тақырып  бойынша  хабарлама-баяндаманы  жаңаша  ойлаудың 
нәтижесі  ретінде  жасауды,  жарыссөзде  айтпақ  ой-пікірлерін    әрқашан  ғылыми  негізге 
сүйеніп  дәлелдеуді    және  пікір  алысуға  арқау  болған  мәселелердің  күмәнді  һәм  ақиқат 
тұстарын  сабақтан тыс  уақытта  әртүрлі ақпарат көзінен іздеп, тауып, анықтап келуді  талап 

Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші 
  
178  
    
 
ететін  Беркіннің  Қ.Жұбанов  атындағы  Ақтөбе  университеті  бойынша  «Үздік  оқытушы» 
атануы да сондай тәлімгерлік қызметінің жемісі. 
Бекеңнің  төртінші  қыры  –  ғылыми-шығармашылық  жұмысын  жоғары  деңгейде 
ұйымдастырушылығы еді. Ғалымның бұл қыры ол жазған монографиялар, пәндік оқулықтар 
мен  өлкетанушылық  еңбектерінде  айқын  көрініс  тапқан.  Беркін  Жолмырзаұлы  белгілі  бір 
зерттеу нысанын анықтауда сол зерттеу нысаны бойынша ғылымда  тұжырымдалған не бар 
соған  сүйенетін,  ал,  тарихи  тақырыпқа  қатысты  қорытынды  жасауда  архивтік  құжаттар, 
деректер мен бірге басқа да қолжетімді ақпараттарды әр уақыт ғылыми сараптамадан өткізіп 
барып, нәтижелерін қажетіне сәйкес пайдаланатын.  
Беркін  Жолмырзаұлының  бесінші  қыры  –  іске  қажет  деп  тапқан  кезде  өзінен  де  гөрі 
тарихты  көбірек,  өзінен  де  гөрі  тереңірек  біледі-ау  деген  білікті  ұстаздар  мен  аға 
ғалымдардың  ақыл  кеңесіне  әрқашан  құлақ  аса  отырып,  керек  десе  өзі  бастаған  жұмысты 
қиынсынбай қайтадан қолға алатын, өйткені Бекең  «Кеңесіп пішкен тонның қашанда келте 
болмайтынына » бала кезінен бастап өмірінің ақырына дейін сан рет көз жеткізген ірілер мен 
інілер санатынан-ды. 
Сонын  бір  айғағы  –  патшалық  үкімет  тұсындағы  Ресей  Думасына  қазақтан  сайланған 
тұңғыш  депутаттар  –  Алпысбай  Қалменов,  Бақытжан  Қаратаев  туралы  өзіміз  еске  алып 
отырған Беркін Құрманбеков пен көрнекті қоғам қайраткері, танымал тарихшы ғалым, алты 
алашқа  аты  мәшһүр  академик  Өмірзақ  Озғанбай  «тандемінен»  туған  тамыры  терең,  ойы 
көркем деректі – публицистикалық туындылар – зиялы қауым зерделеп, зейін қойып, қалың 
оқырман қызығып, құмартып оқитын құнарлы да құнды  шығармалар.  
Беркін  дүбірлі  оқиғалар  тұсында  қалыптасқан  жағдайлар,  тарихи  ақтаңдақтар  мен 
саяси-әлеуметтік өмірде бой көрсеткен келеңсіздіктер жөнінде  әр түрлі ақпарат көздерінен 
табылған  фактілерді  қайсы  бір  ғалымдар  сияқты  ешуақытта  өз  мақсатына  сай  я  өзгертіп,  я  
өңін айналдырып пайдаланбайтын. Қандай мәселеге байланысты болса да қолда бар деректі 
түпкі мазмұнына орай шығармашылдық істе кәдеге жарататын.  
Мысалы,  Темір  қаласының  Қазан  төңкерісіне  дейінгі  тарихын  баяндаған        «Темір 
тарихы»  кітабында  ол  1905  жылы  Ресей  мемлекеттік  Думасына  Батыс  өңірінен  сайланған 
депутат  Бақытжан  Қаратаевтың  «Орыс  шаруаларын  патша  үкіметінің  Қазақстанға  заңсыз 
орналастыруы  салдарынан  жергілікті  халықтың  жерге  байланысты  құқығы  өрескел 
бұзылғандығы жөнінде»  айтқан Сөзін тарихи факт ретінде келтіреді және оқырманның бұл 
мәселені  тереңірек  түсінуі  үшін  қосымша  дерек  көзі  ретінде  пролетариат  көсемі  атанған 
В.И.Лениннің  кезінде  «Искра»  газетінде  жарық  көрген  «Қоныс  аудару  мәселесі»  атты 
мақаласы мен  Дума депутаты Т.Н.Седельниковтың «Борьба за власть в Киргизской степи» 
атты  саяси  тақырыпқа  жазған  деректі  шығармасын  бірге  ұсынады.  Сөйтіп,  көпшілікке 
жеткізбек  ойын  теориялық,  практикалық  маңызы  бар  нақты  материалдармен  негіздей 
отырып, жерге қоныстандыру жөніндегі патша үкіметі сол кезде ұстанған саясат озбырлық, 
әлімжеттік, үстемдік арқылы жүзеге асырылғанын бұлтартпас фактілермен дәлелдейді. Ресей 
империясының халықаралық мәселелерді әділетсіздік жолмен шешуі «қырғыз – қайсақ» деп 
аталатын қауқарсыз халықтың экономикалық –  әлеуметтік ахуалын онан сайын нашарлатып, 
жергілікті  халыққа  қисапсыз  қиындықтар  мен  күйзелістерге  әкелгендігін  ашық    айтады. 
«Темір  тарихында»    Беркін  алаштың  көрнекі  қайраткері  Б.Қаратаевтың  сол  кездегі  тарихи 
жағдайларға  жасаған  Сипаттамасына  сүйене  отырып,  Ресей  империясының  жер  мен 
егіншілік  мәселелерінде  үлкен  сорақылақтарға  кезінде  жол  беріп  отырғандығын  батыл 
сынайды,  Дума  мінбесінен  патша  үкіметін  тәртіпке  шақырған  Б.Қаратаевтың  азаматтық 
батырлығын өз еңбегінде көрсету арқылы Бақытжан ағамыздың елін сүйгені нағыз патриот, 
әрқашан халық мүддесіне қызмет еткен тарихи тұлға болғандығын мақтанышпен атайды. 
Беркін  Құрманбеков  –  дәуірдің  небір  қилы  кезеңдерінде  ел  өмірінен  айрықша  орын 
алып,  халық  жадында  сақталған  сан  алуан  оқиғаны  кәсіби  тарихшы  ретінде  ғылыми 
тұрғыдан зерттеп , Отан тарихына өзіндік үлес қосқан ғалым. Біз Ақтөбе аймағын Беркінге 
дейін  де,  Беркіннің  тұсында  да  зерттеп  тануға  қал-қадірінше  күш-қайратын  жұмсап  ел 
назарына  іліккен  Қ.Еламанов,  Т.Төреханов,  В.Афанасьев,  Т.Құлиясов  сияқты  азаматтар 

Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші 
  
179  
    
 
болғанын  және  қазір  де  бар  екенін  айта  отырып,  Беркін  Жолмырзаұлының  жоғарыда  аты 
аталған  азаматтардың  өлкетанушылық  шығармаларында  мүлде  қамтылмаған,  немесе 
объективті  -  субъективті  әртүрлі  себептерден  аз-кем  қамтылған  тарихи  мәселелерді  бүгінгі 
заманға  сай  жаңаша  ойлау  үрдісінде  қайтадан  зерттегенін  және  зерттеу  барысында  біраз 
нәтижеге қол жеткізгенін әрқашан үлкен ризашылықпен атаймыз.  
Өйткені  ізденімпаз  ғалым-педагог  өзінің  өлкетанушылық  шығармаларымен  Ақтөбе 
облысының  құрамындағы  Ойыл,  Байғанин,  Темір,  Мұғалжар,  Шалқар,  Ырғыз  сияқты 
аудандарда әр кезеңде бірімен-бірі жалғасып, бір – біріне ұласып, сабақтасып өткен тарихи 
оқиғалардың кең көлемді панорамасын жасады. Сол сияқты аты исі қазаққа белгілі, атақты 
тарихшы  ғалымдар    Бек  Сүлейменов,  Серғазы  Толыбеков,  Әбу  Тәкенов  сияқты  академик, 
профессор  ағаларының  Ақтөбе  аймағы  жайлы  жазып  қалдырған  өлкетанушылық  
мұраларында  кезінде  кеңестік  идеология  анықтаған  мазмұнды  тәуелсіз  Қазақстан 
жағдайындағы қазіргі уақыт биігінен саралады, тек қана саралап қоймады, өз қолынан туған 
«Қысқаша  тарихтарында»  сол  ғалымдар  зерттеген  қайсы  бір  мәселелерге  өзі  тапқан  жаңа 
дерек, айғақ, құжаттар негізінде жаңалықты мазмұн да берді. 
Беркіннің  зерттеу  нысаны  тарихи  оқиғалар  (1916  жылы  дүрбелең,  конфискация, 
репрессия,  Отан  соғысы),  жәрмеңкелер  (Көкжар,  Қарақамыс),  аймақ  қалалары  (Ырғыз, 
Темір),  қазақ  батырлары  Алтай  Ебескіұлы,  Ідіріс  Үргенішбаевтар  мен  көрнекті  алаш 
азаматтары А.Қалменов, Б.Қаратаевтардың, сол сияқты  өнер адамдары Н.Байғанин мен Үсен 
төренің өмірі мен қызметі жайлы  тақырыптар. Беркін Жолмырзаұлы бұл тақырыптарды жан 
–  жақты  және  терең  ашу  мақсатында  дерекке  жүгіну,  зерттеу  нысанын  тұжырымдалған 
қисынмен  негіздеу,  хронологиялық  жүйе  жасау,  жәдігерлерге  кезеңдік  сипат  беру  секілді 
тарих  ғылымына  тікелей  қатысты  жұмыс  түрлерін  тиімді  пайдаланады  және  әрбір  мәселе 
жөнінде өзінің көзқарастарын білдіреді.  
Мысалы,  жәрмеңкелер  жайлы  жазуы  арқылы  ол  сол  кезде  маңызы  болған 
экономикалық – мәдени мазмұны бар жәрмеңкелік, көрмелік шараларды қазіргі кезде қалай 
ұйымдастыруға  болады?  деген  ой  тастайды.  Темір  сияқты  қалалар  мәселелерін  көтергенде 
халық  жадында  тарихы  сақталған  қалалардың  қазіргі  тағдырына  жаны  ауыра  отырып,  өз 
заманында саяси - мәдени Орталық болған тарихи мекендерге байланысты туындаған түйінді 
мәселелерді бүгінгі ұрпақтың болашақта нәтижелі шешетініне үлкен үміт артады. Астрахан, 
Орынбор, Орск, Троицк қалаларының сол кезеңдердегі базарбасылары қазақтан шыққандығы 
жөнінде  деректер  келтіріп,  сауда  –  экономика  төңірегінде  жүрген  қазіргі  «жаңа  қазақтар» 
сондай  дәрежеге  жете  алды  ма?  деген  сұрақты  алға  тартады.  Нұрпейіс  Байғаниннің  бізге 
беймәлім  ақындық  қырлары  мен  «Ақжелең»  күйінің  62  нұсқасын  шебер  орындай  білген 
виртуоз  домбырашы,    Темір  (Қарақамыс)  жәрмеңкесінің  төрағасы,  Арынғазы  ханның  төл 
немересі  Үсентөренің  өнерін  сүйсіне  баяндай    отырып,    жастарға  сондай  өнерпаздық 
дәрежеге  жету  үшін күй өнерін халық арасындағы  дәулескер күйшілердің үлгісінде үйреніп  
меңгеруге  кеңес  береді  .  Әйгілі  тархан  Есет    батыр  Көкіұлымен  үзеңгілес  боп  қалмақпен 
соғысқан    баһадүр  Алтай  Ебескіұлы  мен  Кеңес  Одағының  батыры  Ідіріс  Үргенішбаевтің 
батырлығын  жеке  –  жеке  кітаптарында  баяндап,  ерлік  атаулының  түбі  бір  екенін  тарихи 
деректермен  түсіндіреді.  Алаш  арыстары  Алпысбай  Қалменов  пен  Бақытжан 
Қаратаевтардың жарқын өмірін бүгінгі ұрпақ пір тұтар үлгі ретінде ұсынып, оларды Отанын, 
туған елін осы патриот қайраткерлер сияқты сүюге шақырады. 
Беркін біз жоғарыда әңгімелеген ғалымдық – ұстаздық қырларымен қатар өзгелер көп 
біле бермейтін ақындық қабілеттен де құралақан емес – ті. Мысалы, оның  өзінен сәл бұрын 
мәңгілік  мекеніне  озған  жарына  арнап  айтқан  «Ақ  Сәулешім,  сен  арқылы  түсіндім,  мәңгі 
көктем  еместігін  Өмірдің»  деген  бірер  сөзінің  өзі  аты  шулы  көп  ақынның  аузына  түсе 
бермейтін, тек қана дүниеге ғашық көзбен қарап, өмірді өзінше түйсінетін ақынжанды адам  
айтатын асыл сөз.  
Мен  бұл  естелігімде  кемел  жасында  көзден  таса  боп,  қайтпас  сапарға  кеткен  қадірлі 
досым Беркіннің өзім жақсы білетін тұлғалық ерекшіліктерін әңгіме еттім.   Алайда, аяулы 
азаматтың басынан өткерген қызық та қиын күндері, қуанышы мен жұбанышы, күйініші мен 

Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші 
  
180  
    
 
сүйініші өз алдына айтылатын өзге бір әңгімелерге  тақырып болары сөзсіз. 
Сонау студент кезінде Беркіннің «90 қыздан таңдап сүйген «Қамажайы» – Ертістің ерке 
қызы  Сәуле  кейін  -  дүниеәуи  тірлікте  қашан  да  қасынан  табылған  асыл  жары,  аққу  әні, 
отауының сәні боп өмірден өтсе, екеуінің отбасылық Одағынан өркен жайып, қанат қаққан 
балалары  -  Айгүл,  Ләйлә,  Марина,  Мәншүк,  Гүлдария  егеменді  еліміздің  ертеңін  жасап 
жатқан  елеулі  еңбек  иелері  -  Беркін  Құрманбеков  әулетінің  болашаққа  ұласар  бүгінгі 
жалғасы. Міне,осылайша замана көші ілгері жылжуда. 
Иә, кеше ғана жанымызда жарқылдап жүрді жайсаң жан. Бірақ біз кезінде оның қадірін 
білдік пе... әлде білмедік пе?... 
 
 
 
 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   30




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет