Адамзаттың асыл тәжі мұхаммед (с а. у.) пайғамбардың өмірі


СААД ИБН ӘБИ УАҚҚАС ТА – МҰСЫЛМАН



бет50/107
Дата21.12.2023
өлшемі1,26 Mb.
#142185
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   ...   107
СААД ИБН ӘБИ УАҚҚАС ТА – МҰСЫЛМАН
Саад ибн Әби Уаққас сол тұста он жеті жасар бозбала еді. Бір күні түсінде тас түнек қараңғыда адасып жүріп, кенеттен жап-жарық айдың туғанын көреді. Айдың сәулесін бетке алып, жолға түседі. Алдында Хазіреті Зәйд ибн Хариса, Хазіреті Әли және Хазіреті Әбу Бәкір кетіп барады екен. Оларды қуып жетіп:
“Сіздер мұнда қашан келдіңіздер?” – деп сұрайды. Олар бірауыздан:
“Біз де сенен сәл бұрын келдік” – деп жауап береді.
Арадан үш күн өткен соң Хазіреті Әбу Бәкірмен ойда жоқта кездесіп, Исламият жайлы естиді. Өзіне беймәлім дүниенің қызығына берілген Әбу Уаққастың ұлы Саад Хазіреті Әбу Бәкірге еріп пайғамбарымызға барады.
Мұхаммед те (с.а.у.) ақиқатты ақтарып, оны баурай түсті. Хазіреті Саад сол мезетте мұсылмандықты қабылдағанын жария етеді.
Хазіреті Саадтың ата-тегі әкесі жағынан да, нағашы жағынан да Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) туыстас болып келеді. Екеуінің де анасы зухра руынан болғандықтан бір-біріне бөле. Осы себепті Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) ылғи да:
“Нағашың болса, Саадтай болсын” – деп жиі айтады екен.
Алайда Хазіреті Саадтың мұсылмандықты қабылдауы анасы Хамнаға ұнамады. Ұлы аталарының дінінен безіп, аналарының ризалығынсыз басқа сенімді қабылдауы қалай?! Ұлына әрдайым сөзін тыңдатып келген Хамна қалайда Саадты пұтқа табындырып, өз дегенін жасатпақ болады. Осы ниетпен бір күні баласына:
“Сенің Аллаhың “ата-анаға, туған-туысқанға жақсылық жаса, оларды ренжітпе” деп бұйырады дейсің. Өзің басқаша істейсің. Мұхаммедтің (с.а.у.) дінін тастап, пұттарымызға қайта оралып, бас имесең, мен аштық жариялаймын. Сонан соң сен өз анасының өліміне себепкер болған залым атанасың”- деді.
Хазіреті Саад бұл күнге дейін анасының айтқанын екі етіп көрмеген. Бірақ анасының бұл жолғы тілегі тіпті орынсыз еді. Өйткені, ол Аллаhқа иман келтіріп, елшісіне жан жүрегімен беріліп, не істесе де иман шеңберінде жасауға бекінген-ді.
Анасына :
“Анашым, күні бүгінге дейін тілазарлық жасамаппын. Мен ендігі жерде ақиқат әмірге мойынсұндым. Егер сенің жүз жаның болса, әрбіреуін Исламнан бездіру үшін құрбан етсең де, мен дінімнен қайтпаған болар ем. Себебі, мен үшін иман- ең қымбат қазына, ол кез келгенге бұйырмайтын сыбаға. Ал сен болсаң, қайдағы бір меңіреу пұттар үшін хақиқатты белінен басқың келеді. Бұл ойың жүз рет аштық жарияласаң да жүзеге аса қоймас. Айтқанымнан қайтпаймын десең, өзің біл”, – деді.
Ұлының дініне беріктігіне көзі әбден жеткен Хамна ана жеңілгенін мойындады. Бұл Хамнаның жеңілісі емес, иманның күпірден басым түсуінің көрінісі еді.
Осы оқиғадан соң Аллаһ Тағала Анкабут сүресінің сегізінші аятын түсіріп, әдеп, ата-анаға құрмет мәселесінде мұсылмандық өлшемді белгіледі:
Біз адам баласына әке-шешесіне құрмет етуді бұйырдық. Егер олар (ата-анаң) білмейтін нәрсеңді маған серік қосуға сені зорлайтын болса, оларға (ата-анаңа) мойынсұнба. Ең ақырында маған ораласыңдар. Сол кезде барлық істеріңді өздеріңе білдіріп, бағасын Мен беремін.”
Хамна мұнымен де тынбай, ішін өртеген ыза оны тағы да жамандыққа итермеледі.
Бір күні Хазіреті Саад намаз қылып жатқанда көрші-көлемін шақырып, үйдің есік-терезесін мықтап бекіттірді де:
“Я дініңнен безерсің, я да өлерсің” –деп көңілін күпір басқан ана бар даусымен байбалам салды.
Қараңғылық, надандық, Аллаhқа ортақ қосудың салдары пенде атаулыны аяусыз жауыз, мейірімнен ада мақұлық етті!
Алайда қатыгез ана Хамна қанша тырысса да алға басқаны кері кетумен болды. Хазіреті Саадпен әлек боп жүргенде екінші ұлы Амир де мұсылман дінін қабылдап “масқара” етті…
Безбүйректіктің шегіне жеткен Хамна енді Амирмен алысты:
“Иманнан баз кешіп, дініңнен безбейтін болсаң, мына тұрған құрма ағашының көлеңкесін де паналамаймын, аштан өлемін!” – деп өзінше “сес” көрсетті.
Аллаhқа деген иман шәрбатынан сусындап үлгерген Амир де ағасының ісін қайталады. Анасының әрекетін көрген Саад ашуға мініп:
“Ішіп жемеймін деп ешкімді қорқыта алмайсың ғой. Тіпті айтарым қалмады. Осы қылықтарыңмен өзіңе тозақтан орын дайындап жүргеніңді білесің бе?” – деді
Иманның сарсылмас қуаты Хамнаны тағы да тоқыратты.
Мұсылмандарға мүшріктер ойларына келгенін жасап, күлкіге айналдырып азаптан аянып қалмайтын болғалы қашан…
Бірде Хазіреті Саад бірнеше мұсылман бауырымен бірге Меккенің маңындағы Әбу Дубб мекенінде намаз қылып жатқан. Қастарына Әбу Суфиан бастаған бір топ мүшрік келеді. Олар жай тұрмай, ғибадаттарының түкке алғысыз екенін айтып әжуаламақ болады. Осы жерде қызыл-қырғын төбелес басталып кетеді…
Хазіреті Саад қолына ілінген түйенің қураған сүйегімен мүшріктердің бірін ұрып, басын жарады. Мұндай қарсылық күтпеген, қан-жоса болған мүшріктер мұсылмандардың тегеурініне төтеп бере алмай беттері ауған жаққа қаша жөнеледі. Муминдер оларды тырқырата қуады.
Осылайша Хазіреті Саад Аллаh жолында алғаш қан төккен сахаба ретінде тарихта мәңгі қалды.
Сонымен бірге, ол жәннат сыйы ұсынылған он сахабаның ішінде жомарттығымен де ерекшеленген.
Пайғамбарымыз тұсында Аллаh жолындағы күрестен кейін қалмаған. Ухуд соғысында дүниенің мақтаны – Хазіреті Мұхаммедті (с.а.у.) қорғау үшін кеудесін оққа тосқан. Мүшріктермен шайқаста ерлік көрсетіп, Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) ешбір пендеге нәсіп болмаған “Әкем, анам саған құрбан болсын, ей, Саад, жаудыр оғыңды!” деген керемет сөздері де соған арналған.
Хазіреті Әли “Фәдәкә әби уә умми“, яғни “Сен үшін ата-анам жан пида” дегенді Расулаллаһ Хазіреті Саадқа арнап айтқан дейді.
Сол шайқаста Хазіреті Саад оқ атқан сайын пайғамбарымыз:
“Иләһи, бұл сенің жолыңа” деп, онан соң:
“Ей, құдіреті күшті Жаббар ием! Саад саған қол жайып дұға жасағанда оның тілектерін қабыл ет, сұрағанын бер. Атқан оғын да мүлт кетірме”- деп дұға еткен.
Аллаh Расулының дұғасы айны-қатесіз қабыл болатындықтан, Хазіреті Саад қаһармандығы, батылдығы және мергендігімен қатар тілеген тілегінің қабыл болуымен де жолдастарынан бір саты жоғары тұрған. Ислам дұшпандары оның қылышы мен оғынан қорықса, айналасындағылар дұға-батасынан сескенетін, оны ренжітпеуге тырысатын.
Жалындаған жас шағында иманға келген Хазіреті Саад өмірінің соңына дейін Исламға қызмет етті. Хазіреті Омардың халифалығы тұсында Иранға бағыт алған әскерлердің қолбасшысы тағайындалып, жеңіске қол жеткізіп, Кисра еліне Исламның байрағын тікті…
Осы себепті ол “Иранды алушы” атанған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет