Мұстафа Рауан Серғазықызының 6D060800-Экология мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған «Бензин буы және темекі түтінімен уланған кездегі орталық жүйке жүйесінің кейбір морфофункционалдық ауытқулар мен олардың коррекциясы» тақырыбындағы диссертациялық жұмысына
Биология ғылымдарының докторы, доцент
Февзи Учкан
Коджаэли университеті, Түркия
Астана 2018 ж.
Мұстафа Рауан Серғазықызының 6D060800-Экология мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған «Бензин буы және темекі түтінімен уланған кездегі орталық жүйке жүйесінің кейбір морфофункционалдық ауытқулар мен олардың коррекциясы» тақырыбындағы диссертациялық жұмысына АҢДАТПА
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қоршаған ортада кездесетін көптеген зиянды заттардың ішінде, темекі түтіні мен бензин буында кездесетін химиялық қосылыстардың тізбегі бірнеше мыңнан артылады. Осы қосылыстардың ішінде полициклды ароматты көмірсутектерді ерекше атап өтуге болады, олар әсер ету механизмдері бойынша канцерогенді қауіпі бар қосылыстар қатарына жатады (Reinskje T., 2011). Полициклды ароматты көмірсутектер табиғатта таралуы көптеген зауыттар мен фабрикалардың, әсіресе коксты өндіру зауыттарының жұмысымен тікелей байланысты. Олар жанғыш табиғи шикізаттардың жартылай жану өнімі, темекі түтінінде 12%-ға дейін, бензин буында 40%-ға дейін кездесіп, ағзаға тигізетін әсері бойынша алғашқы қатарда (ATSDR, 1995) орналасады.
Атмосфераға таралатын полициклды ароматты көмірсутектердің Қазақстан аумағындағы шығарындысы бойынша бензапирен 213%-ға өскендігі белгілі (http://stat.gov.kz).
Бұл тақырып аясында зерттелген жұмыстарда полициклды ароматты көмірсутектердің жекелеген түрлерінің ағзаға әсері қарастырылған болса (Isioma T., 2016), осы диссертациялық жұмыста темекі түтінінен және бензин буынан бөлінетін полициклды ароматты көмірсутектердің лабораториялық жануарлардың орталық жүйке жүйесіне әсері зерттелді. Зерттеу барысында бензин буы және темекі түтінімен созылмалы және жедел улану жағдайында «Экдифит» анаболикалық, адаптогенді және әлдендіретін препараты корректор ретінде қолданылды. Ол корректор есебінде өндірістік жағымсыз жерлерде жұмыс істейтін адамдардың денсаулығын нығайтуға (Адекенов С.М., 2016), астено-вегетативті синдромды коррекциялау мақсатында, ағзаның жалпы әлдендіретін, бұлшықет және жүйке шаршағыштығы мен есте сақтау қабылетін нығайтуға қолданылатын препарат (Рукабер Н.С., 2015) болғандықтан таңдалды.