Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы. Жұмыстың ғылыми практикалық мәні оның өзектілігімен, ғылыми жаңалығымен тікелей байланысты болып табылады. Оның басты себебі, бүгінгі күнге дейін «Әдебиет танытқыш» комплексті түрде зерттеу нысанына айналмағандығында. Бұл диссертациялық жұмыс әдебиет теориясы бойынша келешекте жазылар ғылыми жұмыстарға септігін тигізеді деген ойдамыз.
Жұмыстың зерттеу нәтижелерін арнаулы және жоғарғы оқу орындарында оқытылатын – әдебиет теориясы, қазақ әдебиетінің тарихы, қазақ әдеби сынының тарихы, мәдениеттану, жалпы тіл білімі пәндеріне негізгі әрі қосымша материалдар ретінде қолдануға болады. Сонымен қатар, диссертация мазмұнының - әдебиет теориясына байланысты теориялық еңбектер мен талдауларға, әдістемелік оқу құралдарына арналған еңбектерге де тікелей қатысы бар. Еңбектің практикалық мәні ретінде – оның ғылыми мазмұнын әдебиет теориясы мен қазақ әдебиеті тарихынан арнаулы семинарлар мен арнаулы курстар өтуге де пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылған негізгі тұжырымдар. Зерттеу нәтижесінде төмендегідей қорытынды тұжырымдарды қорғауға ұсынуға болады:
– Диссертацияда ХХ ғасыр басындағы «Әдебиет танытқышпен» кезеңдес әлемдік әдебиеттану ғылымының теориялық еңбектері молынан қамтылып талданады. Осы арқылы сол кезеңдегі әдеби-теориялық көзқарастың негізгі жүйесі айқындалды.
– Әдістемелік тұрғыдан алғанда А. Байтұрсынұлы ұстанымына жақын орыс әдебиеттануындағы белгілі теоретик ғалымдар Б.В. Томашевский, В.М. Жирмунский, Ю.Н. Тынянов, Г.О. Винокур т.б. еңбектерімен салыстырылды. Сол арқылы А. Байтұрсынұлы мен аталмыш ғалымдардың теориялық поэтика мен лингвистикалық поэтиканың ара-жігіне қатысты қағидалары анықталды.
– Жұмыс барысында «Әдебиет танытқыштағы» сөз өнерінің теориясына қатысты басты-басты тұжырымдардың жүйесі жасалды. Және ол жүйенің «әдеби шығарманың құрылымы», «шығарманың стилистикалық белгілері», «поэтикалық семантика», «поэтикалық фонетика», «көркемдік бірлік», «әдебиеттегі романизация» т.б. әлем әдебиеттануындағы қалыптасқан ғылыми-теориялық тұжырымдармен сәйкестіктері анықталды.
– Сөз өнерінің компоненттерін анықтауда «Әдебиет танытқыштағы» реттілік бойынша зерттеу басшылыққа алынды. Жұмысқа тартылған сол кезеңдегі әлем әдебиеттануындағы теориялық еңбектердің мазмұны да «Әдебиет танытқыштағы» жүйе арқылы зерделенді.
– «Әдебиет танытқыштың» сөз өнерінің теориялық аспектісін анықтап берген тұжырымдарының бүгінгі күннің теориялық талап тұрғысынан да шығып отырғандығы нақты мысалдар арқылы дәлелденді.
– Ахмет Байтұрсынұлының теориялық тұжырымдарына ХХ ғасыр басындағы Роман Якобсон, Борис Эйхенбаум, Виктор Шкловскийлер негізін салған формалистік мектеп ұстанымдарымен үндестігі сарапталады.
– «Әдебиет танытқыштағы» «сөз өнерінің ғылымына» (теориялық поэтика ғылымы) қатысты әдістемелік ұстанымдары анықталып, теориялық тұжырымдар мен терминдер жүйесінің семантикасы – бүгінгі әдеби-теориялық тұрғыдан сараланды.
– «Әдебиет танытқыш» еңбегінде ХХ ғасыр басындағы әдеби-теориялық пайымдардың ұқсастықтарын анықтау. Яғни, аталмыш тұжырымдармен қазіргі әдебиет теориясының арақатынасы белгіленеді. Салыстыру барысында сөз өнері мен тілдік категориялардың байланысы айқындалды.