Ахмет Байт±рсын±лыныњ «Єдебиет танытќыш» ењбегі ХХ ѓасыр басындаѓы єдебиеттану ѓылымыныњ контексінде



бет1/15
Дата15.10.2023
өлшемі200,5 Kb.
#115398
түріДиссертация
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

ӘОЖ 82.0+821.512.122.09 Қолжазба құқығында


ЕРКІНБАЕВ ҰЛАН ОРАЛҰЛЫ
Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегі ХХ ғасыр басындағы әдебиеттану ғылымының контексінде

10.01.08 - Әдебиет теориясы. Мәтінтану


10.01.02 – Қазақ әдебиеті

Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның


АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы


Алматы 2007

Диссертация Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Әдебиет теориясы және әдебиеттану методологиясы бөлімінде орындалды


Ғылыми жетекшілер: Филология ғылымдарының докторы А.С.Ісімақова.


Филология ғылымдарының докторы, профессор И.В.Силантьев.
Ресми оппоненттер: Филология ғылымдарының докторы, профессор А.Ж. Жақсылықов.
Филология ғылымдарының кандидаты Г.Орда.

Жетекші ұйым: Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасы


Диссертация 2007 жылы «___» _________ сағат ____ ҚР БҒМ М.О.Әуезов


атындағы Әдебиет және өнер институты жанындағы филология ғылымдарының
докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 53.34.01 Диссертациялық кеңестің
мәжілісінде қорғалады (050010 Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).
Диссертациямен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің
Орталық ғылыми кітапханасында танысуға болады (050010 Алматы қаласы,
Шевченко көшесі, 29).
Автореферат 2007 жылы «___» ____________ таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғалым‑хатшысы,
филология ғылымдарының
кандидаты, доцент С.С.Қорабай
ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ

Диссертациялық жұмыста ірі энциклопедист ғалым, қазақ әдебиеттану ғылымындағы әдебиет теориясының негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының – сөз өнерінің теориялық сипаты жөніндегі тұжырымдары талқыланып отыр. Ол тұжырымдар ғалымның 1926 жылы Қызылорда қаласында жарық көрген «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінде баяндалғаны белгілі. Жұмыста ғалымның теориялық пайымдары негізінен ХХ ғасыр басындағы ресей және дүниежүзілік әдебиеттану ғылымының контексінде (Б.В.Томашевский, В.М.Жирмунский, А.И.Белецкий, Г.О.Винокур, Ю.Н.Тынянов, Р.Якобсон, В.Кайзер, Г.Г.Гадамер, В.Б.Шкловский, М.М.Бахтин, Цв. Тодоров, Р.Уэллек және О.Уоррен, Ю.М.Лотман, М.Гаспаров) талданады. Сонымен қатар, қазіргі әдебиеттану ғылымының теориялық және әдістемелік тәсілдері де бұл диссертациялық жұмыста қамтылды. «Әдебиет танытқыштағы» әрбір категорияның табиғатын ашу барысында бүгінгі әдебиет теоретиктерінің (В.Шмид, Е.Фарино, В.Е.Хализев, С.Н.Бройтман, Н.Д.Тамарченко, И.В.Силантьев, О.А.Клинг, Д. Каллер, В.И. Тюпа, С.Н.Зенкин т.б.) зерттеу тәсілдері де назардан тыс қалмады. Зерттеу барысында ғалымның сөз өнерін зерттеуге арналған әдістемелік ұстанымы басшылыққа алынды. Негізінен мұндай тәсілдің яғни, «Әдебиет танытқыштағы» жүйенің сақталу себебі ‑ пән талабынан шығып отыр. Кітап басындағы «Аңдату» тарауындағы өнердің жүйесінен бастап, драманың қасиеттеріне дейінгі аралықта – А. Байтұрсынұлы сөз өнерінің ішкі спецификасын жан-жақты аналитикалық талдаудың озық үлгісін көрсетеді. «Әдебиет танытқыштағы» бұл зерттеу жүйесі бүгінгі күн талап тұрғысынан да шығып отыр.


1989 жылы ғылыми айналысқа қайта оралған «Әдебиет танытқыш» ұлттық әдебиеттану ғылымында өзінің лайықты бағасын алып үлгерді. Еңбектің теориялық салмағын саралай келе академик З. Қабдолов «Әдебиет танытқыштың» ең бір құнды жері деп, жекелеген әдеби-теориялық категориялардың этимологиясын, олардың мән-мағыналық жүгін төл әдебиетіміздің өз ішінен тапқандығын дөп баса айтады. Мәселен, «..әдебиеттің Аристотель белгілеген негізгі үш тегін, яки жанрын (эпос, лирика, драма) грек тілінен түп-түгел қазақ тіліне ауыстырып алады да (А. Байтұрсынов «Дарынды сөз» тарауында: эпосты– әуезе, лириканы – толғау, драманы – айтыс деп атайды – Ұ.Е.), әр жанрдың түрлерін өзіміздің төл әдебиетімізден іздейді. Мысалы, лириканың алғашқы үлгілерін қазақтың сонау тұрмыс- салт жырларынан іздеп табады. Сонда, ең жеңілі жоқтау – эпитафияға, мақтау – одаға, даттау – сатираға балама болып шыға келеді. Дәл осы ретпен әдебиеттің үшінші тегін Аристотельше «драма» деп емес, Ақаңша «айтыс-тартыс» деп алады да, осы жанрдың түрлерін, айталық, трагедияны – мерт, яки әлекті тартыс, драманы – сергелдең, яки азапты тартыс, комедияны – арамтер, яки әурешілік деп атайды» [1, 25-26]. Академик З. Ахметов болса, «Әдебиет танытқышта» қазақ өлеңінің ырғақтық құрылыс-жүйесін айқындайтын өлең сөздің бунақ, тармақ, шумақ сынды категорияларының алғаш қалыптасқандығын атап айтады [1, 64].
«А. Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы» - қазақ әдебиеттану ғылымының үлкен көрсеткіші болуымен қатар, теориялық ой-жүйесіне мықтап түрен салған, қазақтың парасатты толғамын, ойшылдығын эстетикалық таным-білігінің молдығын танытқан кезеңдік туынды» [2, 275] екендігі еңбектің жалпы гуманитарлық ғылымдар жүйесіндегі бөлекше орнын білдірсе, «автордың төңкерістер дәуірінде өмір сүрсе де, әдебиет мәселелеріне саясатты, партия мақсаттарын, араластырмай негізінен ғылыми өлшем, талғам арқылы, жеке бөлшектерге, бұтақтарға, тармақтарға назар аударуы, қазіргі терминологиямен айтқанда, структуралық поэтика тұрғысынан талдау жасап, қорытындылар шығаруы; үнемі дәлдік пен деректің бірінші қатарға шығуы» [3, 51], «әр категорияның өзінің логикалық дамуы, қалыптасқан жүйесі бар түсінік ретінде айқындалуы <..>, яғни, әр тұжырымның ішкі заңдылықтары ашылып, парадигма ретінде дәлелденуі» [4, 26.] – «Әдебиет танытқыштың» ғылыми тереңдігі мен зерттеушілік стратегиясының ауқымдылығынан хабар білдірсе керек.
Еңбектің құндылығына жан-жақты тоқтала келе әдебиет сыншысы Т. Кәкішев: «Мұндай еңбек бізде бұған дейін де, бұдан кейін де қайталанған жоқ. Ол – әдебиет теориясы мен әдебиеттану ғылымының міндет-парызын қатар атқарып, біздің алдыңғы ағаларымыздың эстетикалық сауатын ашуға мұрындық болған жүйелі оқулық. Ондағы анықтамалар мен терминдердің өзі күні бүгінге шейін біздің ғылыми арсеналымыздан орын алатын құнды қағидалар мен атаулар. Көркемдік әлеміндегі сөз өнерінің сай-саласын ұғындыратын «Әдебиет танытқыш» – қазақ әдебиеттану ғылымының негізін қалаған өміршең қондырғы-фундамент» [5, 210-211] деп жазады.
Біз де зерттеу барысында жоғарыда келтірілген құнды пікірлерді ұдайы басшылыққа алып отырғанымызды айта кеткен жөн. Десек те, көп жағдайларда А.Байтұрсынұлына қандай әдеби-эстетикалық теориялардың тірек болғанын дөп басып айту қиынға соғады. Себебі, еңбекте сілтемелер берілмеген, солай бола тұра басы бүтін бір сұлу ән секілді терез синтезге құрылған. Алайда, мына пікірді де ескерген жөн сияқты. Академик Р.Нұрғалидің пайымдауынша, «Әдебиет танытқыштағы» өнерді сәулет, сымбат, кескін, әуез, сөз өнері деп бөлуі мен оларға берілген анықтамалар Байтұрсынұлының Лессингтің әйгілі «Лаокоон» трактатымен терең таныс болғаннан білдіреді. Әңгіме әдеби жанрлардың баяны жайлы болғанда, ішкі ғалам (субъективный мир) және тиіс ғалам (объективный мир) ұғымдарының қолданылуы ғалымның Аристотель, Гегел, беріректегі Белинский мен Веселовский пайымдарымен де таныстығынан хабар береді [6, 51]. Бұл әрине, кітаптың түпкі желісіне яки генезисіне қатысты мәселе. Зерттеу аясында қандай да бір ұғымның тарихына қатысты сөз болғанда бұл мәселелер орны орнымен диссертация мәтінінде көрініс тапты. Және де бізді «Әдебиет танытқыштың» бүгінгі теориялық тұжырымдарға қатыстылығы қызықтырды. Көп жағдайда «Әдебиет танытқыштағы» жекелеген теориялық категорияларға қатысты тұжырымдардың өміршеңдігі айқын екені сөзсіз.
Зерттеу барысында «Әдебиет танытқыштың» теориялық тұжырымдарын талдау - автордың ұсынған нұсқасы бойынша, яғни, А. Байтұрсынұлының сөз өнерін жүйелеу тәртібі мен көркем сөз теориясын пайымдау әдісіне сәйкес жүргізілді.
«Әдебиет танытқыштың» құрылымдық ерекшелігі – тараулардың, жекелеген тұжырымдардың реті бір-бірінен туындап отыратын қисындылығында. Мәтіндегі теориялық әдіске негізделген баяндау тәсілінің бірден-бір ерекшелігі – нәрсенің анықтамасын айтудан бұрын оның қасиетін айтатынында. Яғни, кез-келген категорияны түсіндіру барысында біз үйреншікті дедуктивті әдіспен емес, көбіне сол дедукцияның өзіне негіз болып келетін жолды ұстанып, нәрсенің анықтамасынан қасиетіне қарай емес, керісінше, нәрсенің қасиетінен анықтамасына қарай баяндалады. Және оны пәлсәпалық һәм филологиялық ұғым-түсініктердің ішінде – қарапайым түсінікті тілмен дәл әрі шумақтап (обобщение) беріледі. Еңбектегі роман, повесть, әңгімеге байланысты тұжырымдар мен «Тіл көрнекілігі» тарауындағы категориялардың анықтамалары осы айтқандарымызға дәлел бола алады. Сонымен қатар «Әдебиет танытқышта» әдебиеттану ғылымының қай кезеңінде болса да қажеттілігінен айнымайтын сөз өнерінің теориялық негіздері көптеп кездеседі.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет