135
сюжеттiк желiсiнде әңгiмелеу сипаты басым көлемдi туынды. Эпикалық
сюжетпен қатар таза лирикалық сюжетке құрылатын поэмалар да кездеседi.
Бұл орайда оның романмен белгiлi бiр дәрежеде ұқсастығы бар.
Айырмашылық – көбiнесе романның проза тiлiнде, поэманың поэзия тiлiнде
жазылуында. Ал поэзия тiлi мен проза тiлiнiң шығарма сипатына әсер ететiнi
жайында “Өлең және өлең сөз” жайындағы әңгiмемiзде азды-көптi әңгiмелеп
өткенбiз. Поэманың өлең сөзбен жазылатынына қарап оны лирикаға тели
салуға болмайды. Шығармаға лирикалық сипат тән болса ғана, ол шығарма
лирикалық поэма болып есептеледi.
Поэмада көтерiлген проблемалар, тақырып пен идея, сюжет пен
композиция, қаһармандар жүйесi, т.с.с. барлығы да эпикалық кең тынысқа
негiзделедi. Сондай-ақ, қара сөзбен жазылған поэмалар бар екенiн де
ескерген жөн. Мысалы, Ғ.Мүсiреповтiң “Кездеспей кеткен бiр бейне”
поэмасы.
Әрине, эпосқа тән әдеби түрлер жоғарыда сөз болған эпопея, роман,
повесть, әңгiмелермен ғана шектелмейдi, сонымен қоса олардың қатарына
очерк, мысал, аңыз, ертегi, мифтер де енедi. Лирикалық түрлерге ода, сатира,
элегия, баллада, идиллия, мадригал, сонет, т.с.с., драмалық түрлерге
трагедия, комедия, драма жатады. Бұл түрлер жайында белгiлi
зерттеушiлердiң әдебиет теориясына арналған еңбектерiнде жан-жақты
мағлұмат берiлгендiктен, сол еңбектердi оқуға кеңес беремiз.
Бүгiнгi таңда бүкiл әдеби шығармалар үш тек бойынша топтастырылып,
олардың әрқайсысы iштей дараланатын ерекше түрлерге тағы жiктеледi.
Қазiргi кезеңдегi әдеби тектердiң “эпос – лирика – драма” үлгiсiндегi үш
жақты жүйесi логикалық жақтан да, тарихилық жағынан да өмiр мен өнер
дамуының ортақ заңдылықтарына сәйкес келедi.
Қазiргi кезеңде әдеби тектердiң дамуы мен өзара байланыстылығы
поэзияда, прозада, драматургияда қарқынды үрдiс алуда. Мәселен, драмада
лиризмнiң немесе эпикалық сипаттардың ұшырасуы жиi кездесетiн
құбылысқа айналды. Сол сияқты, әңгiме, повестерде эмоционалдық-
субьективтiк нышандардың күшеюi лирикалық проза мәселесiн туғызды. Бұл
құбылыстар әдеби тектер теориясының қағидаларына қайшы емес, керiсiнше,
әдеби тектер жүйесiнiң iштей қозғалысын, олардың әрқайсысы проза, поэзия,
драмада бiрдей дамитындығын аңғартады. Нақты бiр қаламгер
шығармашылығындағы, яки әдеби дәуiрлердегi көркемдiк iзденiстерге тән
эпикалық, лирикалық, драмалық белгiлердiң қарым-қатынасын айқындау
арқылы бiз сөз өнерiнiң iшкi мәнiне тереңдей түсемiз, оның шынайы өмiрмен
ара қатынасының сипатын кеңiрек танимыз.
Сұрақ. Сөз арасында
поэзия, проза деген танымал сөздер де айтылып
кеттi. Қазiргi кезде бұл сөздердiң қандай шығармаларды бiлдiретiнi бәрiмiзге
белгiлi. Алайда лирика мен поэзияның, эпос пен прозаның ұғым ретiнде бiр-
бiрiнен айырмашылығы бар ма?
Достарыңызбен бөлісу: