Ақиқат пен аңыз Әзілхан Нұршайықов



Pdf көрінісі
бет26/42
Дата29.12.2016
өлшемі1,37 Mb.
#745
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   42
сөздерге кәнігі хатшыдай болып төселіп алған менің оң қолым жаза-жаза қатты салдырап 
қалған   еді.   Құрысын   жазайын   деп,   моторы   жаңа   ғана   сөндірілген   кішкене   самолеттің 
пропеллеріндей қалбаңдатып, қолымды бірер рет сермедім де, тез тоқтата қойдым. 
                      Тоқтата   қойғаным   генерал-полковник   Чистяковтың   жоғарыда   келтірілген: 
«Бұлардан   басқа   Момышұлының   маған   ұнайтын   тағы   бір   қасиеті   болатын,   ол   оның 
шыншылдығы еді. Мен оның қанша қиын болса да, тіпті одан өзіне зиян келсе де тек қана 
шындықты айтатынын  білуші  едім» деген  сөзі дәл  осы сәтте  сақ  етіп қайтадан ойыма 
оралды. Алғашында мен бұл сөзді журналдан оқып бергенімде «оны неғыл дейсің?» деп 
Баукең бетіме ажырая қараған болатын. Генералдың бұл сөзіне Момышұлы мақтанатын, 
қуанатын болар деп ойлап едім. Бірақ Баукең ондай нышан білдірмеді. Чистяковтың бұл 
сөздері   басылған   журналды   алтын   тапқандай   қуана   қолтықтап   ентелей   басып,   ентіге 
кірген маған ол жылы қабақ көрсетпеді. Журналдағы өзі туралы айтылған тамаша бағаны 
оқып 
бергенімде «оны неғыл дейсің?» деп зірк ете түскенде мен қатты қысылып, шынымды 
айтсам, ренжіп қалдым. Сол сәтте басыма осы кісі Чистяковты ұнатпай ма екен деген ой 
келді. Сасқанымнан мен: «Жай, Бауке.  Сол кісімен қалай кездескендеріңізді айтпайсыз 
ба?» дей салғанмын. Бұрынғы барлық сұрақтарыма берген жауаптары сияқты, Баукең бұл 
сұрағыма да жауап қайтаруға кірісқен. Бірақ ол жауап осындай үлкен әңгімеге ұласып, әрі 
драмалық,   әрі   жан   тебірентерлік   детальдары   бар   дүние   болып   шығар   деп   тіпті   де 
ойламаған   едім.   Генерал   Чистяковтың   өз   мемуарында   жазған   «Момышұлының   маған 
ұнайтын   тағы   бір   қасиеті   -   шыншылдығы   еді»дегенінің   мәнісі,   міне,   енді   келіп   шықты. 
Мұны да Баукең «Иә, біздің генерал ғажап кісі еді, мені жақсы көруші еді» деген сияқты 
құрғақ сөздермен емес, жоғарыдағыдай, жан тебірентерлік әңгіме етіп айтып берді. Онда 
да өзін-өзі дәріптеп, 
көтермелей сөйлеген жоқ, генералды алға ұстай отырып, өзінің іс-әрекеттерін генералдың 
әр   түрлі   бұйрықтарына   байланыстыра   баяндады.   Ұзын   ақ   мүштікке   жалғап,   папирос 
тұтатқалы жатқан Баукеңнің саласынан ет қашқан арық, ұзын саусақтарының діріл аралас 
қимылына   көз   сала   отырып   мен   оның   шыныдай   мөлдір   шыншылдығына   сүйсіндім. 
Сонымен   бірге   оның   әңгіме   айтқыштық   өнеріне   тағы   да   ғажаптандым.   Қандай   сұрақ 
қойсаң да Баукең 
оның   жауабын   өзінше   сюжетке   негіздеп,   қарапайым   да   болса   композицияға   желілеп 
айтады. Сюжет, композицияны ол алдын ала құрып алмайды, сенің сұрағың қойылғаннан 
кейін соған жауап бере отырып, қиюластырып, кұрастырып әкетеді. Бұл шапшаңдық оның 
әр   түрлі   жауынгерлік   жағдайда   тез   шешім   қабылдап   үйренгендігін,   сонау   ескі   әскери 
дағдыны танытқандай еді. Баукеңнің Чистяков жайындағы бұл әңгімесі мені одан сайын 
толғандыра түсті. «Сенің қандай ғажап ұстаздарың болған, Бауке! Сол ұстаздарың сені 
мәпелеп тәрбиелеген.  Сені  олар  талай-талай  апаттарға жұмсап,  шынықтырған.   Апатқа 
жұмсау арқылы олар өзіңді апаттан алып қалып отырған. Сенің тағы бір асыл қасиетің сол 
ұстаздарыңды ешқашан ұмытпайтындығың. Тірісінде ұстаз тұтқан ағаларын көзі жұмыла 
сала ұмытып кететін адамдар аз ба? Сен ондай кісі емессің, Бауке. Сені халық сол үшін 
де жақсы көреді». 
                      Баукеңнің   менің   не   ойлап   отырғанымда   шаруасы   болған   жоқ.   Темекісін 
тұтатып,  бұрқ   еткізіп  аузынан   түтін  шығарды  да:  «Ал,  дайынсың   ба? Енді  не  сұраушы 
едің?» дегендей бұрылып маған қарады. 
  
IV 
                      Автор. 8-ші гвардиялық дивизияның Чистяковтан кейінгі командирі кім болып 
еді, Бауке? 
                       Бауыржан.   Оны   1942   жылдың   жазында   полковник   Серебряков   деген   кісі 
басқарды.   Ал   күзде   полковник   Серебряков   3-ші   екпінді   армия   штабына   оперативтік 
бөлімінің   бастығы   болып   кетті   де,   дивизияға   Панфиловтан   кейінгі   алтыншы   командир 
болып Ч. деген кісі келді... 

                       Ал  Иван  Иванович   Серебряковқа   келетін   болсак,  ол   кісі   өте   ақылды,   өте 
бейнетқор адам еді. Басынан кешкен тәжірибесі де ұшан-теңіз мол болатын. Өйткені Иван 
Иванович бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, оны аға унтер-офицер боп аяқтаған кісі. 
Содан соң азамат соғысының университетінен өткен. Міне, осы кісі 316-дивизия ең алғаш 
құрылғанда  штаб   бастығы  болып   келген   еді.  Штаб   жұмысын   жанындай   жақсы   көретін, 
өзіне 
тапсырылған   істі   жан-тәнімен  беріле  атқаратын.   Біздің   дивизияның  даңққа   жетуіне   бұл 
кісінің сіңірген еңбегі аз болған жоқ. Өйткені штаб әскерді басқарудың  тұтқасы ғой. Ал 
Серебряковтың   қолындағы   ол   тұтқа   дивизия   Москваға   қарай   жойқын   ұрыспен 
жылжымалап шегінгенде де, Крюковаға келіп табан тіреп тоқтағанда да, Москва түбінен 
ілгері қарай шабуылға шыққанда да үнемі оңтайлы күйде болды. Қолындағы сегіз таспалы 
бұзау тіс 
қамшының   сабы   мықты   болса   ғана   оны   жауыңның   басына   найзағайдай   жарқылдата 
сілтейсің.   Сілтегенінді   сілейте   аттан   құлатасың.   Қамшыңның   сабы   сынық   болса,   онда 
ештеңе тындыра алмайсың. Ал Серебряков штаб жұмысын әрқашан алып батырдың сегіз 
таспалы бұзау тіс қамшысының ырғай сабындай ықшам күйде ұстады. 
                      Бұған   қарап   полковник   Серебряковты   қағаздан   бас   көтермейтін   бюрократ 
екен деп әсте ойлауға болмайды. Оның қағазкұмарлығы өз ісіне қалтқысыз берілгендіктің 
белгісі еді. Иван Иванөвич тек қана қағаздағы жазу мен картадағы белгілерді оқуға ғана 
сауатты 
емес,   сонымен   бірге   адамның   жүзіндегі   ой   мен   жүрегіндегі   сезімді   оқуға   да   зерек   кісі 
болатын. Полковник Серебряков солдат үшін қоң етін кесіп беруге әрқашанда әзір еді. 
Оның штаб жұмысын өте мұқият атқаруы да сондықтан болар деп ойлаймын. 
                    Жоғарыда   мен   Горюны   түбіндегі   қиян-кескі   ұрыстар   кезінде   полковник 
Серебряковтан өмірі ұмытылмайтын жылы хат алғанымды айтқан болармын. Біз Горюны 
селосын тактикалық есеппен алдымен жауға беріп, артынан оған кірген дұшпанды түнде 
тас-талқан ете құртып жіберіп, селоны қайтадан өзіміз алып жанталасып жүрген түндердің 
бірінде мен Серебряковтан... бұйрық емес, әкенің ұлына, ағаның інісіне жазатын кәдуескі 
сәлем   хатын   алдым.   Ол   хатта   полковник   маған   генерал   Панфиловтан   бастап   бәрінің 
біздің ісімізге риза болып жатқандығын айтыпты. Қай полктің қай жерде екенін көрсетіп, 
генералдың жоғарыға кеткенін хабарлапты. Содан кейін ісімізге рақмет айтып, алда да 
абыройлы болуымызға тілектестік білдіріп қолын қойыпты. 
                      Өзің   ойлашы,   Гитлер   Москваны   алуға   топырлатып   елу   бір   дивизиясын 
айдаған екен. Соның тура бес дивизиясы біздің бір ғана 316-шы дивизияға жабылған екен. 
Шекараны бұзғаннан бері күніне 20, 26, 30 километрден алып, ілгері анталап келе жатқан 
жауды тұсаулы аттай шоқақтатып, күніне бір-екі километрден артық алға аттатпай, бес 
дивизияның бірдей жағасын жыртып жатқан дивизияның штабында тыныштық бола ма, 
жоқ па? Оның адамдары бел шешіп бір сағат ұйықтай ала ма, жоқ па? Жоқ қой! 
Міне,   сондай   жағдайда:   дивизия   қос   қанатын   кезек   қозғап   тағы   да   бір-екі   шақырымға 
шегініп   бара   жатқанда,   түн   ортасында,   бірнеше   күн   бойы   кірпік   айқаспай,   көзге   ұйқы 
шақпақ қантқа жабылған қара шыбындай үймелеп, шаршаған дене сырқырап тыныштық 
тілеп   тұрған   сәтте   жартылай   қоршауда   қалған   батальонның   командиріне   ешкімнің 
бұйрығынсыз   өз   еркімен   хат   жазу,   сол   хатты   жазуға   өзін-өзі   күштеп   көндіріп,   анау 
адамның жанына қуат боларлық жылы сөздер тауып қағазға түсіру, ол хатты оқ астында 
иесіне жеткіздіріп беру кімнің қолынан келеді? Мұндай ауыр жағдайда ондай іс әкеңнің де, 
адал досыңның да қолынан келе бермейді, қарағым. 
                  Міне,   Серебряковтың   сол   хаты   қолыма   тигенде   мен   сынық   батальоным 
бүтінделгендей,   бүтін   ротам   батальонға   айналғандай   қуанып,   қайраттандым.   Соғыс 
сияқты ауыр жағдайда жасалған адамгершілік адамға қайрат береді екен. Серебряковтың 
сол ағалығын, адамгершілігін мен өле-өлгенше ұмытпаспын деп ойлаймын. 
                Автор. Полковник Серебряковтың ол хаты бар ма Сізде? 
                 Бауыржан.   Жоқ.   1942   жылы   1073-ші   Талғар   полкының   құрылғанына   бір   жыл 
толуын атап өттік. Полкымыздың штабы Холм түбіндегі Васильево деген деревняда еді. 
Деревняның іргесіндегі орман ішінде айналасын жасыл бұтақпен қоршап тастаған полк 

клубы болатын. Оны бәріміз «Көгілдір клуб» деп атайтынбыз. Осы клубқа полктың әрбір 
ротасынан өкілдер жиналды. Оған қатысуға дивизия командирі полковник Серебряковтың 
өзі   келді.   Салтанатты   жиналысты   мен   аштым.   Қызыл   Армияның   бір   жасқа   жаңа   ғана 
толған   жас   полкының   Москва   түбінен   басталған   даңқты   жорықтарына   қысқаша   шолу 
жасай келіп, былай дедім: 
                   -   Орыстарда   «крестный   отец»,   қазақтарда   «өкіл   әке»   деген   сөздер   бар. 
«Крестный» деп жаңа туған жас нәрестеге ат қою салтанатына қатысқан адамды айтады, 
«өкіл   әке»   деп   сол   жаңа   туған   нәрестенің   кіндігін   кесіп,   жерден   көтеріп   алған   кіндік 
шешенің   күйеуі   аталады.   Орысша,   казақша   екі   түрлі   айтылатын   бұл   екі   сөздің   мән-
мағынасы бірдей. Ал жас сәбидің мінез-құлқы, адамгершілігі, ерлік-батырлығы бала туған 
кезде қасында болған адамдарға тартады деген сөз және бар. Мен дұрыс айтып тұрмын 
ба, жігіттер? - дедім залға дауыстап. 
                  - Жөн!
-   Дұрыс!   -   деп   винтовкаларын   тізелерінің   арасына   қысып   ұстап   отырған   солдаттар 
орысша, қазақша жамырай үн қатып жатты. 
                   -   Ендеше,   -   дедім   мен   сөзімді  жалғап,   -   біздің   полкымыз   ең   алғаш   дүниеге 
келгенде соны жас нәрестедей етіп жерден көтеріп, жөргекке орап алған үш адам бар еді. 
Олар: генерал Панфилов, аға батальон комиссары Егоров және полковник Серебряков 
бола- 
тын. Сондықтан да біздің полкымызға генерал Панфиловтың ерлігі, комиссар Егоровтың 
сабырлылығы,   полковник   Серебряковтың   сезімталдығы   дарыған.   Біз   өзіміздің   осы   үш 
«крестныйымызды», үш «өкіл әкемізді» мәңгілік мақтаныш етеміз! 
                 Зал,   команда   берілгендей,   тегіс   орындарынан   атып   тұрды.   Жауынгерлер 
винтовкаларын оң қолдарына ұстап, тіп-тік боп тұра қалысты да: 
                 - Панфиловқа, ура! 
                 - Егоровқа, ура! 
                  - Серебряковқа, ура! - деп «Көгілдір клубтың» түндігін көкке желпілдете ұран 
салып жіберді. Ешкімнің басқаруынсыз, ешбір бұйрықсыз жүздеген адамдардың жүрегін 
жарып шыкқан бұл қуатты ұран жан толқытарлық ғажап күй танытты. Бір сәтке өне бойды 
әлдебір күш кернеп, сол күш денені абайсызда соққан электрдің тоғындай шымырлата, 
дірілдете жөнелген сияқтанды. Сонау Алматыдан бері келе жатқан полк ардагері ескі 
жауынгерлердің көздерінен бұрқ еткен жас көрінді. 
                 Жауынгерлер орындарына қайтадан жайғасқаннан кейін мен даусымды кұлағы 
босап кеткен домбыра ішегіндей, қайта қатайтып, сөзімді аяқтауға көштім. 
                      - Жолдастар, жауынгерлер мен командирлер! Мен жаңа біздің полкымызға 
полковник Серебряковтың сезімталдығы дарыған дедім. Олай деуге менің әбден хақым 
бар.   Өткен   жылы   ноябрьдің   он   сегізі   күні   генерал   Панфилов   осы   полктың   бірінші 
батальонының   командирі   маған   аса   жауапты   бұйрық   жіберді.   Сол   бұйрықты   орындау 
жолында   біз   Горюны   деревнясын   жауға   бермеу   үшін   үш   күн   шайқастық.   Батальон 
жартылай   қоршауда   қалды.   Сондай   қиын   жағдайда   мен   полковник   Иван   Иванович 
Серебряковтан мынадай хат алдым, - деп омырау қалтамнан хатты алып оқып шықтым. - 
Қиын жағдайда келген бұл хат маған орасан зор күш берді. Батальон жаудың қоршауын 
бұзып шығып, тағы да дивизияға, полке кеп қосылды. Міне, содан бері сегіз айдан аса 
уакыт өтті. Бұл хатты мен күні бүгінге дейін жоғалтпастан офицерлік куәлігімнің ішінде 
сақтап келемін. Енді міне, бүгін Талғар полкының бір жасқа толған күні Москва түбіндегі 
ұлы шайқастарда оқ тигізбей, отқа шарпылтпай аман алып шыққан бұл хатты бүкіл бір 
батальонға   қайрат   берген   Ұлы   Отан   соғысының   жауынгер   документгерінің   бірі   ретінде 
Иван Ивановичтың өзіне шын жүректен, аса зор ризашылықпен, құрметпен сыйлауыма 
рұқсат етіңіздер. Бұл хат бір кісінің, тек менің ғана меншігім болып қалмай, полковниктің 
басқа   да   документтерімен   қосылып,   ертең,   жауды   жеңгеннен   кейін,   бүкіл   халықтың 
меншігіне айналсын деген ниетпен сыйлаймын. 
                     Осылай деп хатты полковниктің қолына бердім. Полковник бір қызарып, бір 
бозарып, саусақтары сәл қалтырап хаттың бүктеуін аша бастады. Өз жазуын, өз қолын 
танығаннан кейін ол басын изеп, қуана күлімдеп, маған шын жүректен ризашылык білдірді. 

Оны   жоғалтпай   ұзак   сақтағаным   үшін   рақмет   айтты.   «Москваға   қауіп   төнген   қарбалас 
сәтте асығыс сүйкектетіп алғы шепке жолдаған бұл бір жапырақ ағалық хатым, достық 
сәлемім сіздерге қуат болуға жараса, онда мен бақыттымын», - деді. 
                 Иван   Иванович   Серебряков   жалғыз   бізге   ғана   емес,   үн-түнсіз   жүріп-ақ   өзінің 
іскерлігімен,   білімділігімен,   адамгершілік   мол   асыл   парасатымен   талай   адамға   медет 
болған кісі еді. Соғыстан кейінгі алғашқы он жылдың ішінде дүниеден қайтты. Барлық ісін 
айғай-шусыз атқарып, адамдарға адал қызмет еткен, өз Отанына шексіз берілген асыл 
ұлдардың бірі еді, жарықтық. 
  

                Автор. Одан кейін 1943 жылы Талғар полкының құрылғанына екі жыл толғанын 
да атап өтіпсіздер ғой, Бауке.  Онда Сізге қарулас  достарыңыз  173825 номерлі маузер 
сыйлаған көрінеді. 
                Бауыржан. Оны кім айтты саған? Номерін қайдан білесің? 
                Автор. Менің архивтен алған материалдарымның ішінде мынадай бір документ 
бар. Рұқсат етсеңіз оқып берейін. 
                Бауыржан. Оқығын. 
                 Автор. Бұл 19-шы гвардиялық аткыштар полкі 1943 жылы Сізге берген № 28 
куәлік. Онда былай делінген: 
«КУӘЛІК 
                 Берілді гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлына, себебі 19-шы гвардиялық 
атқыштар полкының құрылғанына екі жыл толған күні оған сыйлыққа: «Талғар полкының 
екі   жылдығы   күні   гвардия   полковнигі   Б.Момышұлына.   19-шы   гв.   атқыштар   полкының 
ардагер   офицерлерінен.   25.   7.43   ж...»   деген   жазуы   бар   173825   номерлі   маузер 
тапсырылды. 
19-шы гв. атқыштар полкының командирі 
                                                                                                         гв. майоры КУРГАНСКИЙ». 
                Дұрыс па, Бауке?  
                Бауыржан. Дұрыс. 
                Автор. 19-шы гвардиялық полк деп отырғанымыз бұрынғы 1073-атқыштар полкы 
ғой. 
                Бауыржан.   Иә,   И.Д.   Курганский   осы   полктың   алғаш   негізін   қаласқан   байырғы 
командирлерінің  бірі еді. Соғысқа дейінгі  мамандығы  агроном   болатын.  Бұл жау  жүрек 
азамат алғашында рота, батальон командирі, кейіннен менде полк штабының бастығы 
бол- 
ды. Өрттей лаулап тұрған өжет Курганскийдің талай ерлігіне, адамгершілігіне сүйсінген 
едім. Кейін мен кеткенде ол 19-шы гвардиялық полктың командирі болып тағайындалды. 
Өз   қолымен   маған   маузер   тапсырғандағы   оның   тебірене   сөйлеген   сөзі,   маған   деген 
достық сүйіспеншілігі, туыстық ықыласы мәңгі есімде қалды... Ер азамат содан бір жыл 
кейін, 19-шы гвардиялық полкты бастап Резекне қаласын дұшпандардан азат етіп, енді 
Мадона қала- 
сына   беттегенде   ерлікпен   қаза   табады.   Артынан   подполковник   Курганскийге   Совет 
Одағының   Батыры   атағы   берілді.   Бұл   ұлы   жорықта   талай   батыл   солдат,   батыр 
командирлерден   айрылдық   қой,   қарағым.   Сөз   арасында   айта   кетейін,   біздің   19-шы 
гвардиялық Талғар полкы ержүрек командирлерге кенде болған жоқ. Оның Курганскийден 
кейінгі   екінші   командирі   подполковник   Иван   Леонтьевич   Шапшаев   19-шы   гвардиялық 
Талғар   полкының   Риганы   азат   ету   және   дұшпанның   Курляндия   тобын   талқандау 
ұрыстарында   көрсеткен   ерекше   еңбегі   үшін   Совет   Одағынын   Батыры   деген   атаққа   ие 
болды. Айтпақшы, 8-ші гвардиялық Панфилов дивизиясында 19-шы гвардиялық Талғар 
полкынан басқа ешбір полктың командиріне Совет Одағының Батыры атағы берілген жоқ. 
Ал   Талғар   полкының   екі   командиріне   қатарынан   бұл   аса   жоғары   атақ   берілді.   Оның 
соңғысы Шапшаев соғысты аман-есен аяқтап шықты. Өзіме тете командирлердің ішінде 
маған Курганскийдің өлімі қатты батты. «Бауыржан, сен басқарған, сенің туған жеріңде 
жасақталған Талғар полкының атағына кір келтірмеуге мен саған ант етемін!» деген сөзі 

есіме түсіп, «Есіл ерім-ай!» деп талай рет егіліп алдым. Дивизиядан қара үзіп, туырлықты 
тесіп өткен найзадай сұғынып, ілгері ұмтылған 19-шы гвардия полкын жау қоршап алады. 
Арттан дивизия келіп жеткенше полкты тып-типыл етіп жойып жіберуге тырысады. Сол 
қауіпті   сезген   Курганский   бес   рет   полкты   өзі   бастап   атакаға   шығады.   Бірақ   жау   темір 
шеңбердей қысып, уысынан шығармайды.
-   Гвардиялық   полк   қоршауда   қалып   құрымайды.   Ол   өзінің   анасы   сегізінші   гвардиялық 
дивизияға   барып   қосылуға   тиіс.   Панфиловтың   батырлары,   Бауыржанның   бауырлары 
ешқандай қамауда қалмайды, қалайда жарып шығады. Еріңдер соңымнан, ерлерім! - деп 
Курганский Талғар полкын алтыншы рет атакаға бастайды. Барлық күшін бойына жинап, 
ышқына соққан полк қоршауды бұзып өтеді. Бірақ оның ержүрек командирі оққа ұшады. 
Сөйтіп Курганский өз өмірін қиып, полкты жойылудан сақтап қалады. 
                    Курганскийдің   өлер   алдындағы   жаңағы   сөздерін   мен   ол   өлгеннен   кейінгі 
полктың   екінші   командирі   Шапшаевтың   өз   аузынан   естідім.   Соғыстан   кейін   Калинин 
қаласында онымен сан рет жолығып, әңгімелестім. 
                  «Соңғы атакаға шығарда Курганскийдің Панфиловты аузына алуы занды. Бірақ 
мені   атамаған   шығар?»   деп   одан   қайталап   та   сұрадым.   Шапшаев   Совет   Одағының 
Батыры болса да екі иығын кезек түртіп, шоқынып тұрып мынадай әңгіме айтып берді. 
                  - Құдай ақына рас, - деді ол. - Онда мен батальон командирі едім. Баяғы өзіңнің 
бірінші батальоныңды басқаратынмын. Полкқа жол ашуды біздің батальонға жүктеді де, 
Курганский   жауынгерлерге   қысқаша   сөз   сөйледі.   Сонда   жаңағы   сөздерді   айтты.   Ол 
сөздерді бірнеше рет кейін мен де айттым. Курганскийден кейін 19-шы гвардиялық Талғар 
полкының командирі болып тағайындалдым. Онда біз генерал Казаковтың қарамағындағы 
10-шы армияда, сенің 9-шы гвардиялық дивизияң генерал Чистяковтың 6-шы гвардиялык 
армиясында болатын. Бұл екі армия талай рет иін тіресіп, көрші жүрді емес пе. Қырық 
бесінші   жылы   мартта   генерал   Казаковтың   10-шы   армиясы   шабуылға   шыққанда   8-ші 
гвардиялық дивизия жаудың ит тұмсығы өтпейтін қалың орман ішіндегі шебін талқандап, 
бірінші   боп   алға   ұмтылды.   Оның   ішінде   Талғар   полкы   тағы   да   алға   кетті.   Біз   тағы   да 
қоршауда   қалдық.   Панфилов   дивизиясы   мен   өзінің   уысынан   талай   рет   шығып   кеткен 
Талғар   полкына   өшіккен   жау   бұл   жолы   бір   полкқа   екі   дивизиясын   жапты.   Бізге   қарсы 
танктерін де айдап салды. Артиллериядан да талай рет оқ боратты. Бізді сөйтіп он күн 
мыжғылады. Біз берілмедік. Сонда мен Курганскийдің сөзін қайталап: 
                    -   Панфиловтың   батырлары,   Бауыржанның   бауырлары   ешқашанда   қамауда 
қалмайды.   Гвардиялық   полк   қоршауда   қалып   құрымайды,   -   деп   сан   рет   айттым.   Біз 
Панфиловты дивизияның рухы, сені Талғар полкының рухы деп есептейтінбіз. Сол он күнгі 
ұрыста   Панфилов   пен   Бауыржанға   сан   рет   сиындық.   Сендердің   аттарыңды   атағанда 
солдат ерлер сан рет жігерленіп, жауға қарсы ұмтылды. Солдаттар ғана емес, менің өзім 
де сендерден сан рет қайрат алдым. Сонау Алматыдан Панфилов бастап бірге келгеніміз, 
Москва   түбіндегі   қиян-кескі   ұрыстар,   сенің   батальонды   бастап   талай   қоршаудан   аман 
алып келгенің, декабрь шабуылында сенің полкты бастап, ақ қарды бұркыратып, ақбоз 
атпен шауып бара жатқаның, соңда сенің менің көзіме атқа мініп шауып бара жатқан адам 
емес, оқ өтпейтін, қылыш кеспейтін қара бурка қардың үстінде өзінен өзі қалықтап ұшып 
бара   жатқан   сиякты   боп   көрінгенің   -   бәрі-бәрі   есіме   түсті.   Талғар   полкының   пірі   -   екі 
танауы   шелектей   боп   делдиген   ақбоз   атты   көсілте   шауып   жүрген   қаһарлы   Бауыржан 
әрқашанда көз алдымда болды. Ол қоршауда мен қатты жараландым. Жараны сылтау 
етіп, бірдеңе ғып қоршаудан шығып кетуіме болатын еді. Бірақ Бауыржан менің орнымда 
болса,   полкын   тастап   кетпес   еді   деп   ойладым   да,   полкта   қалдым.   Егер   полк   құрыса, 
сүйегім Талғар полкы солдаттарының ортасында қалсын деп ойладым. Зембілде жатып 
полкты   басқарумен   болдым...   Дивизия   мен   полктың   пірі   Панфилов   пен   Бауыржан   деп 
есептегеніміз рас екен. Оныншы күн дегенде дивизия артиллериядан оқ боратып, бізді 
қоршаған   жаудықкиратты   да,   полкты   өз   қарамағына   алды.   Сол   жолы   маған   Совет 
Одағының Батыры атағы берілді. 
                      Мұны   маған   19-шы   гвардиялық   Талғар   полкының   соғыс   кезіндегі   соңғы 
командирі Совет Одағының Батыры подполковник Шапшаев айтты. Бұл соның әңгімесі. 
Мен саған содан естігенімді ғана айтып тұрмын. Понятно тебе? 

  
VI 
                    Автор. Түсінікті, Бауке. 
                     Бауыржан.   Мен   Иван   Леонтьевич   Шапшаевты   ерлігі   үшін,   әңгімесі   үшін 
құшақтап,   бетінен   сүйдім.   Шапшаев   сонау   Амурда   туғанымен,   біздің   Қазақстанда   өсіп, 
Түрксибті   өз   қолымен   салысқан   етене   ескі   достардың   бірі   еді.   Оның   осы   әңгімесін 
естігеннен   кейін   мен   түні   бойы   Курганскийді   есіме   алып,   қатты   толғанып,   тебіренумен 
болдым.   «Сақтықта   қорлық   жоқ»   деген   қазақтың   мәтелі   бар.   Бұл   рас   сөз.   Бірақ   ерлік 
сақтықтың   жетегінде   жүрмейді.   Өйткені   сақтық   -   есеп.   Ерлік   есеппен   істелмейді.   Ерлік 
ешқандай есепке көнбейді. Ерлікті сантиметрлеп өлшеп, грамдап салмақтап, секундтап 
санай алмайсың. Ерлік адам жанының лап еткен жалыны, жарқ еткен найзағайы. Ерлік 
биіктегі кемерінен асып, лақ етіп құздан құлаған тасқын; жер сілкінсе салдыр-күлдір болып 
таудан төмен қарай лықситын сан алуан тастардың ағыны. Тасқынның қашан төгілетінін, 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   42




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет