ІІ ХХ ҒАСЫР АСЫНДАҒЫ ӘДЕБИЕТ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУДІҢ ЖАҢАША СИПАТЫ
2.1 Әдебиет тарихын ғылыми негізде дәуірлеу кезеңдері
Қазақ əдебиетінің тарихының күрделі кезеңі мен тұтас дəуірінің болмыс-бітімін тануда əр ғасырдың алар орыны айрықша болып табылады. Б.Кенжебаев ХХ ғасыр басындағы қазақ əдебиетін зерттеуде орын алып отырған басты кемшіліктерді: «Бізде ХХ ғасыр басындағы қазақ əдебиетін менсінбеушiлік, жете бағаламаушылық болды; кейбір даурықпалар ХХ ғасыр басындағы қазақ əдебиеті идеялық, көркемдік дəрежесі төмен, ескішіл, ұлтшыл əдебиет, тіпті ХХ ғасыр басында бізде шын мағынасындағы əдебиет болған жоқ десті. Осыдан ХХ ғасыр басындағы қазақ əдебиетін зерттеп, бастыруға жете көңіл бөлінбеді», — деп көрсетті. Əсіресе өткен дəуір мұрасын бағалау мен зерттеудің əдіснамалық негіздерінің қателіктерін дұрыс көрсетіп, ақын-жазушылар дүниетанымындағы қайшылықтардың туындауына жете үңілу керектігін, əдебиеттің тұтас тарихын жазу, оған назардан тыс қалып келе жатқан қаламгерлердің барлығын да енгізу туралы келелі ойларын бүкпесіз жеткізді. Ғалым: «Дұрысында, тарихта болған, заманында өзінің шамасы келгенше қоғамдық, прогресшіл қызмет атқарып, əлеуметтік, мəдени, əдеби мəні бар азды-көпті шығармалар қалдырған ақын, жазушылардың бəрінің де аттары аталуға, қызметтері мен шығармалары көрсетілуге, зерттелуге тиісті; саяси жəне басқа үлкен қылмысы барлары болмаса, аттары аталмайтын, қызметтері мен шығармалары көрсетілмейтін ақын, жазушылар болмауға тиісті» [28,34], — деген таза ғылыми жəне азаматтық ұстанымда болды. Сол арқылы ХХ ғасыр басындағы қазақ əдебиетін кешенді зерттеу мəселесін күн тəртібіне өткір қойды. Зерттеуші пікірінің астарында Алаш қалам қайраткерлерінің де мұрасы ескерілуі тиіс деген емеурін жатқанын аңғарамыз. Өйткені ғалым өзінің «Өтелмеген парыз» [29,35] мақаласындағы елдікпен сабақтасып жатқан ойларынан, азаматтық ұстанымынан бір табан шегініс жасағаны жоқ. Əдебиетші Қ.Ергөбеков атап өткеніндей, «идеология жегіндісіне айналғысы келмеді. Саясаттан ғылым, ғылымнан саясат жасағысы келмеді» [30,34]. 1959 жылғы əдебиеттану ғылымына арналған конференцияда Алаш арыстарының əдеби мұрасы мен шығармашылығы назардан тыс қалғанын, аталғанның өзінде қараланғанын айтар болсақ, тек Б.Кенжебаев қана М.Жұмабаев есімін ілтипатпен атады. А.Нұрқатовтың Ақан сері туралы жасаған баяндамасымен ой бөліскенде: «Ақан серінің шығармаларының жиналуына сын көзімен қарауы керек еді. Тіпті Ақан сері шығармаларын бірінші жинап бастырған М.Жұмабаевты да ескеруі керек еді», — деп дерек көздерін дұрыс игерудің ғылыми мəнін əдебиетшілер зердесіне құйды.
Б.Кенжебаев ХХ ғасыр басындағы қазақ əдебиетіндегі мынадай бағыттарды атайды: Феодалдық-клерикалдық, буржуазиялық-либералдық бағыт (А.Мұхамедияров, Ə.Шоқанов, М.Қалтаев, Н.Наушабаев, М.Ж.Көпеев, Ш.Жəңгіров). 2. Демократиялық-ағартушылық бағыт (М.Сералин, С.Торайғыров, Ə.Тəңірбергенов, С.Көбеев, С.Дөнентаев, Б.Өтетілеуов, Ə.Ғалымов). Бұл ретте ғалымның қазақ əдебиеті тарихын зерттеуін диссертациялық еңбегінде арнайы қарастырған Д.Сартбаеваның «Профессор Б.Кенжебаев жүйелеуінде «қайтсем ақын-жазушыларды ақтап алам» деген мақсат бар. Сондықтан да ХХ ғасыр басында өмір сүрген ақын-жазушылардың бір шоғырын біресе «клерикалдық-феодалдық», біресе «буржуазиялық» деп, ақыр соңында «ағартушы ақын-жазушылар» деп эволюциялық тұрғыдан ұғымды жетілдіріп, өсіріп отырады. Бұл — ХХ ғасыр басындағы ақын-жазушыларды біртіндеп ақтап алып, əдебиет тарихына енгізу амалында жүрген ғалым əрекеті» деген пікірімен толығымен келісуге болады. Онсыз да саясат қысымы ХХ ғасыр басындағы қазақ əдебиетінің тарихын тұтастықта зерттеуге жол бермеген еді. Сондықтан да Б.Кенжебаев ХХ ғасыр басындағы əдебиет тарихына өзі енгізген өкілдерін қорғап қалуға бар күш- жігерін жұмсады. Ғалымның ұлт əдебиетінің мақсат-мүддесін көздеген көзқарасын Ə.Қоңыратбаев та қолдады. Ғылыми-зерттеушілік ізденістегі таяздықтардан арылуды: «Кейбір ғалымдарымыздың сөзінен олардың өмірді, тарихты аз білетіні байқалды. Бізде бір кезде өткеннің барлық мұрасын байларға сыбағалап беріп, халықтан түк жаратылмады дейтін əдет болды. Міне, осы догматикадан біз құтылуымыз керек» [31,40], — деп нұсқай отырып, көркем өнердің ғана емес, тарихтың жаратушысы да халық екенін мойындауымыз керек деп түйді. ХХ ғасыр басындағы қазақ əдебиеті тарихының мəселелеріне қатысты өз пікірін білдіргенде, Н.Наушабаев, М.Ж.Көпеев, Ғ.Қарашев, Əбубəкір Кердер, Балқы Базар, Ш.Бөкеев шығармашылығына жете көңіл бөлінбей отырғанын орынды ескертті. М.Ж.Көпеевтің саяси-əлеуметтік лирикасына талдау жасап, басты тақырыптар — ұлт, жер мəселесі болғанын ғылыми тұрғыда екшеді.
ХХ ғасыр басындағы қазақ əдебиетіндегі түрлі бағыттың өкілдерін тұтастықтан зерттеуге де саяси тосқауылдар қойылды. Мəселен, феодалдық діни идеяларды уағыздаушы деп анықталған Кердері Əбубəкір, Н.Наушабаев сынды ақындар шығармашылығына сын көзімен қарау, ағартушы- демократтық бағыттағы ақындарға қарсы қою тұрғысынан қарастыру міндеттелді. Шығармашылықтары орта мектеп бағдарламасынан алынды. Сонымен қатар Шəңгерей Бөкеев шығармашылығы «таза өнер» аталатын ағымның қазақ əдебиетіндегі көрінісі болып табылатыны дұрыс байыпталғанымен, орта мектепте ақын шығармашылығын кеңінен өткізілуіне тұсау салынды. М.Қалтаев, Ш.Құдайбердиев, Ғ.Қарашев, М.Ж.Көпеев шығармаларының иедеялық мазмұны мен бағытын айқындау қажет делінгенмен, сол тұста ақталған Шəкəрім мұрасы дау-дамайға айналып, тек партиялық қаулы-қарарлар күшін жойған соң ғана ұлттың рухани игілігіне айналды. Ғ.Қарашев шығармашылығы да «ұлтшылдық» əдебиеттің өкілі тұрғысынан дұрыс бағаланбай келгені мəлім. Ал ХХ ғасыр басындағы Алаш арыстарының мұрасы, шығармашылығы мүлдем атаусыз қалды.
Б.Кенжебаевтың «Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары» еңбегі əдебиет тарихын жүйелі зерттеуімен ерекшеленеді. Ғалым ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының саяси- əлеуметтік жағдайларына, рухани жəне көркемдік дамудың келелі мəселелерін жан-жақты қарастырып, қазақ тілінде жарық көрген басылымдар мен кітаптар туралы құнды деректер келтіреді. Біріншіден, сол кездегі əдебиеттануда қарастырыла бермеген ұлт санасын оятуға қозғау салған жəдитшілдік маңызы алғаш ғылыми тұрғыда байыпталды. Бұған қатысты: «Рухани өмірге өзгеріс енді. Қазақ даласындағы мектеп, медреселердің көпшілігі жаңа оқу — ұсули жəдитті үйренуге көшті, яғни мектеп, медреселерде діни сабақтармен қатар ана тілі, дүниетану ғылымы, есеп, география, тарих оқылды, кейбір медреселерде орыс тілі де үйретілді... Жалпы алғанда, мектеп, медресе қазақ арасынан сауатты, оқыған адамдардың шығуына, қазақтың жаңаша оқыған зиялыларының көбеюіне, халықтың оянуына біраз себеп болды» [3,13], деген пікірін мысалға алуға болады. Екіншіден, ХХ ғасыр басындағы қазақ тілінде жарық көрген кітаптар туралы құнды мұрағат деректері берілді. Ғалым: «Қазақ тілінде кітап бастыру ХХ ғасырдың басында тағы да күшейе түсті. 1900 жыл мен 1917 жыл арасында осындай 200 кітап басылып шықты. Демек, ХІХ ғасырда 70–80 жыл бойы 70 шамалы кітап басылса, ХХ ғасырдың алғашқы 17 жыл ішінде 200 кітап басылды» [32,38], — деп жазады. Бұл ретте зерттеуші қазақ тілінде жарық көрген кітап аттары мен авторларын нақты көрсетіп, М.Сералин, К.Əбубəкір, Н.Наушабаев, А.Мұхамедияров, М.Ж.Көпеев, М.Қалтаев, Е.Бұйрин, Б.Өтетілеуов, С.Көбеев, С.Дөнентаев, Ə.Ғалымов, Ш.Жəңгіров, К.Төгісов сынды белгілі ақындар кітаптарымен қатар, арнайы зерттеуді жəне де ғылыми айналымға енгізуді қажет ететін О.Құрымбайұлы, Ғ.Сафиуллаұлы, А.Жандыбаев, М.Бекмұхамбетов, М.Батырғалиұлы, А.Оразғалиев, Зейнулғабиден Қажы Əміреұлы, Ғ.Байдүйсенұлы, Б.Серкебаев, Ө.Алмасов, И.Бейсенұлы, А.Ысқақ қажы, Ақылбек ибн Сабал, А.Берікғалиұлы, Ж.Теміралыұлы, Ғ.Белгібайұлы, Ғ.Ғалимжанов, Б.Бейсембинов, Қ.Жапанов, Ж.Арыстанұлы, М.Садық Еңесұлы, Садырғалиұлы, Х.Садуақасұлы, Б.Айдақожаұлы, Ə.Ғұмарұлының өлең жинақтары да қамтылды. Соның барысында ХХ ғасыр басындағы қазақ əдебиетінің зерттеушілері назарынан тыс қалып келген құнды да маңызды тақырыптар айқындала түсті. Үшіншіден, ХХ ғасыр басында жарық көрген қазақ баспасөзі туралы тарихи шындық қалпына келтіріліп, «ұлтшылдық үні» деген идеологиялық желеумен ғылыми тұрғыда назарға іліге бермеген басылымдарға байланысты келелі ойлар айтылды. Мысалы, «Серке», «Қазақстан», «Айқап», «Қазақ» газет-журналдары туралы тың деректер берілді, саяси-əлеуметтік өмірдегі маңызы бағаланды. Зерттеуші басылымдардың саяси бағытында қателіктер болды деген пікірі айтса да негізінен аталған басылымдарды халыққа таныстыруды, насихаттауды басты орынға қойды. Əсіресе олардың қазақ əдебиетінің өзекті мəселелерін қамтуы мен ақын-жазушылар туындыларын жариялаудағы, шығармашылық өсудегі мəн-мағынасын дұрыс көрсетті. Атап айтқанда, «Айқап» қазақтың сол кездегі ақын, жазушыларының жаңа, таңдаулы шығармаларын үнемі басып отырды. Көптеген ақын, жазушыларды тəрбиелеп өсірді. ХХ ғасырдың басындағы көрнекті əдебиетшілер Мұхаметжан Сералин, Спандияр Көбеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сəбит Дөнентаев «Айқап» арқылы жазушы болып қалыптасты, «Айқап» арқылы өсті» [33,39], — деп тұжырымдады. ХХ ғасыр басындағы қазақ əдебиетіндегі жанрлық түрленулерді де зерттеуші білгірлікпен саралап, прозалық, драмалық туындылардың жарық көруін көркемдік дамудың басты сипаты деп бағалады. Аталған кезең əдебиетінің басты тақырыбы дəуірдің көкейтесті мəселелері, халықтың хал-жағдайы болғанын түйе келіп, əдеби бағыт тұрғысынан ХХ ғасыр басындағы қазақ əдебиетін мынадай үш түрлі бағытқа бөліп қарастырады: 1. Ескішіл-феодалдық, буржуазиялық-ұлтшылдық бағыттағы əдебиет. 2. Демократтық- ағартушылық бағыттағы əдебиет. 3. Революциялық халық поэзиясы [34,37]. Бірінші бағыт өкілдері қатарында А.Мұхамедияров, К.Əбубəкір, Н.Наушабаев, М.Ж.Көпеев, Ш.Жəңгіров, М.Қалтаев, Ж.Шайхыисламов, К.Жанатаев аталады. Олардың шығармашылық бағытына тəн сипаттарды мұсылманша білім алу, Шығыс əдебиетінің дəстүрін ұстану екенін айта келіп: «...Бұлардың кейбіреулері, көбінесе, араб, фарсы хикаяларын — «Мың бір түн», «Шаһнама», «Тотының тоқсан тарауы» əңгімелерін, қазақтың ертегі-аңыздарын, бұрынғы шығыс əдебиеті дəстүрімен қисса, дастан, мысал, назым етіп жазған шығармаларында араб, фарсы сөздерін, діни сөздерді көп қолданып отырды» [35,39], — деген қорытынды жасайды. Ғалым осы бағыттағы əдебиет өкілдірінің өмірі мен шығармашылығына талдау жасайды.
Демократтық-ағартушылық бағыт ұстанған ақын-жазушылар қатарында М.Сералин, С.Торайғыров, С.Көбеев, С.Дөнентаев, Ə.Ғалымов, Ə.Тəңірбергенов, Б.Өтетілеуов, Н.Орманбетұлы шығармашылығы қарастырылған. Оларды Абай, Ыбырай негізін салған жаңа əдебиеттің дəстүрінде тəрбиеленгенін атап, реалистік сипатын басты орынға қояды [4, 61]. Ғалым кейінен Ө.Есмұрзаевпен бірігіп жазған «Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары» еңбегінде жəне де «ХХ ғасыр басындағы əдебиет» оқулығында ХХ ғасыр басындағы қазақ əдебиетінің əдеби бағыттарын жаңаша зерделеп, мынадай тұрғыдан жүйеледі: 1. Ағартушы ақын-жазушылар (А.Мұхамедияров, Əбубəкір Шоқанов — Кердері, М.Қалтаев, Н.Наушабаев, М.Ж.Көпеев, М.Сералин, С.Торайғыров, Ш.Жəңгіров, Жаяу Мұса Байжанов, М.Байзақов). 2. Ағартушы-демократ ақын-жазушылар (С.Көбеев, Ə.Тəңірбергенов, С.Дөнентаев, Б.Өтетілеуов, Т.Жомартбаев, Ə.Ғалымов). 3. Демократтық- төңкерісшіл халық жырлары [4; 29]. Егер де Е.Ысмайылов «ХХ ғасырдағы қазақ əдебиеті» (1941) оқулығында ХХ ғасыр басындағы қазақ əдебиетінің сыншыл реализм, демократияшыл əдебиет деген бағыттарын жүйелеуде əдебиеттануда алғаш жанрлық принципке иек артса, Б.Кенжебаев та осы ғылыми əдісті негізге ала отырып оны дамыта түсті. Осындай ортақ ғылыми ұстанымдарын айта отырып, ХХ ғасыр басындағы қазақ əдебиетінің айтулы өкілдерін əдеби бағытқа жіктей қарастыруларында айырмашылықтар барын да аңғарамыз. Мысалы, Е.Ысмайылов сыншыл реализм жігінде Н.Орманбетұлы, Ғ.Қарашев, Н.Наушабаев шығармашылығын талдаса, Б.Кенжебаев «Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары» еңбегінде Н.Орманбетұлын демократтық- ағартушылық бағыт, ал Н.Наушабаев, М.Ж.Көпеевтерді буржуазиялық-ұлтшылдық бағытында, өз кезегінде осы екі ақынды «ХХ ғасыр басындағы əдебиет» оқулығында ағартушы ақындар бағытында атайды. Сонымен қатар Е.Ысмайылов демократияшыл ақындар тобында М.Ж.Көпеев, С.Көбеев, С.Торайғыров, С.Дөнентаевтарды сараласа, Б.Кенжебаев бастапқы еңбегінде демократтық- ағартушылық, кейінгі оқулығында ағартушылық жəне ағартушы-демократтық бағыттарда алып талдайды. Бұдан Б.Кенжебаевтың ағартушылық жəне ағартушы-демократтық бағыттарды екі түрлі бағытта қарастырғанын көреміз. Кейінгі зерттеулерде Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев ғылыми негіздеген бұл бағыттар У.Қалижанұлы, Ө.Əбдиманұлы зерттеулерінде кеңінен талданып, діни-ағартушылық, ұлт-азатшыл деген ғылыми атаулармен толықтырылды. Бұл жерде ХХ ғасыр басындағы қазақ əдебиетіндегі басты бағыттарды қарастырғанда, алғаш Е.Ысмайылов тарапынан байыпталған «сыншыл реализм əдебиеті» деген жүйелеу ескерілуі керек. Өйткені, Ə.Қоңыратбаев атап өткеніндей, «С.Көбеев, С.Торайғыров, С.Дөнентаев, М.Сералин, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ш.Құдайбердиев, М.Жұмабаев есімдерімен байланысты жаңа əдебиетіміз де түгелімен сол ағартушылық идеяның ізімен, Абай дəстүрімен дамып, сыншыл реализм əдебиеті деңгейіне көтерілді». Ол ХХ ғасыр басындағы қазақ əдебиетіндегі басты бағыттар табиғатын көркемдік əдіс тұрғысынан да айқындауға, сол арқылы жанрлық ізденістер арнасын əдеби үрдіс заңдылығына орай қарастыруға мүмкіндік береді. Мысалы, А.А.Волков, Л.А.Смирновтың «История русской литературы ХХ века. Дооктябрьский период» еңбегінде зерттеушілер осы дəуір əдебиетінің көркемдік дамуын жүйелеуде «сыншыл реализм əдебиеті» деп бұл бағытты жеке қарастырады. Тіптен тек соңғы жылдары ғана толық ақталған И.А.Бунин шығармашылығы жеке тарауда талданып: «Бунин сыншыл реализмді дамытуда, орыстың əдеби тілін еселеуде ерекше роль атқаруда» [36,39], — деп бағаланды. Ал символизм, акмеизм, футуризм ағымдары реализмге қарсы ағымдар тұрғысынан қарастырылып, символизм ағымының өкілі В.Я.Брюсов шығармашылығы талданған. Ал А.Г.Соколовтың «История русской литературы конца ХІХ — начала ХХ века» еңбегінде де «сыншыл реализм əдебиеті» бағыты жүйелі қарастырылып, «90-жыл жəне 900-жылдар басында əдебиетте жетекші бағыт сыншыл реализм болып қалды», — деп осы бағыттың əдеби дамудағы маңызы кеңінен сараланады. Сонымен бірге декаденттік ағым, символизм В.Я.Брюсов, А.А.Блок туындылары мысалында қарастырылған. Қазақ əдебиеттануында М.Жұмабаев, Б.Күлеев поэзиясында көрініс тапқан символизм ағымы бастапқыда Ж.Аймауытов тарапынан ғылыми-эстетикалық жағынан талданғаны мəлім. Алайда қазақ поэзиясындағы бұл ағым табиғатын танудағы дүниетаным маркстік ілімнің қалыпты шеңберінен аса алмай, М.Жұмабаев мұрасының ақталуымен Ш.Елеукенов, А.Шəріп зерттеулерінде қарастырылған болатын.
Əдебиет тарихын ғылыми негізде дəуірлеу — оның белгілі бір ғасырларының тұтас көркемдік бағыт-бағдарын зерттеу мəселесімен сабақтас. Бұл орайда ХХ ғасырдың 40-жылдары жарық көрген оқулықтардың ғылыми сипатын еселеген өзекті мəселелер ХХ ғасыр басындағы қазақ əдебиеті тарихының нақты зерттеу нысанына алынуы. Осы жағынан келгенде Е.Ысмайыловтың 1941 жылы жарық көрген «XX ғасырдағы қазақ əдебиеті» оқулығы үлкен мəнге ие. Ғалым еңбегі қазақ əдебиетінің даму жолын көркемдік əдіс, əдеби бағыт бойынша қарастыруда тың қадам жасады. Əсіресе арнайы зерттеуге алынбай келген XX ғасыр басындағы əдебиеттің көрнекті өкілдерін талдауы олардың шығармашылығын көркемдік ерекшелігіне сай «сыншыл реализм əдебиеті» жəне «демократияшыл əдебиет» деп екіге жіктеуі назар аудартады. Атап айтқанда, көркемдік əдіс пен əдеби бағыт тұрғысынан ақын-жазушылардың шығармаларын жүйелеп, жіктеп талдауы əдебиет тарихын дəуірлеудегі озық əдіснамалық тəжірибелердің қазақ əдебиеттануындағы ұштастыра қолдану талабындағы ғылыми принциптердің өз табиғатынан таза ажырап кетпегендігін дəлелдей түседі. Е.Ысмайыловтың: «Қазақ əдебиетінде сыншыл реализм Асанқайғы, Бұқар жыраудан басталып, Шортанбайдың заманында толық қалыптасты» [37,44], — деген көзқарасынан, біріншіден, жазба əдебиеттегі сыншыл реализм көрінісінің табиғатын көрсетуді діттеуін, екіншіден, қазақ əдебиеті тарихының бастауы Асанқайғыдан, яғни, XV ғасырда жатыр деген ойдың ұшқынын аңғарамыз. Ал «Қазақтың демократияшыл əдебиетінің негізі — фольклорда» дегенінен көркемдік дамудағы тарихи сабақтастықты байыптаған зерттеушілік танымы танылады.
Еңбектің «Сыншыл реализм əдебиеті» жəне «Демократияшыл əдебиет» атты екі бөлімі ХХ ғасыр басындағы қазақ əдебиетінің даму үрдісін тануға мүмкіндік береді. «Сыншыл реализм əдебиеті» жігінде Н.Орманбетұлы, О.Қарашев, Н.Наушабаев, «Демократияшыл əдебиет» жігінде М.Ж.Көпеев, С.Көбеев, С.Торайғыров, С.Дөнентаев шығармашылығы талданған.
«Сыншыл реализм» терминін зерттеуші көркемдік əдіс жəне де шығарма тақырыбының идеялық түп қазығы тұрғысынан қарастырады. Мысалы, «Сыншыл реализм əдебиеті өкілдері кең қонысты, тыныштық дүниені іздегенде, арман қылғанда, кейде əсіресе бастапқы кезде жазған шығармаларында көшпелі мешеу заманды да аңсап кетеді. Жақсылықты, кеңшілік дүние — өткен заманда, артта қалды-ау дегендей кейін қарап бір күңірінеді, сонау өрісі кең байқау жайлауға көз жіберіп, мұңаяды. Бірақ Омар, Нарманбет жəне Мəшһүр Жүсіп ескі көшпелі, мешеу ауылдың бейнелерін кейде аңсай жырлағанмен оны нысана етіп, тұрақтап қалмайды» [5; 13], — деп заманға сай ілгерлеу жолын нұсқағандарын айтады. Бұл жерде ғалым аталған ақындар шығармашылығында ұлттық дүниетанымнан жəне дəуір тынысынан туындаған қайшылықты байыптаса керек. Ал демократияшыл əдебиеттің негізгі сарыны «əлеуметтік ұран, халықты ояту мотивтері, бірақ бұдан жалаң үгіт түрінде деген қорытынды тумайды, өрістеген жаңа əдебиет, оның ішінде əсіресе поэзияда Абай бастап биік шыңға көтерген үлкен мəдениетті меңгеру жəне орыс əдебиетіне бұрынғыдан да жақын біте қайнаса араласу бет алысы үлкен орын алады. Шығармалардың сюжеті байып, əлеумет өмірін жырлаудағы мотивтер бүкіл халықтың аузындағы ұранға айналды, ұлт-азаттық қозғалысының ұраны жырланатын болды» [38,40], — деп осы бағыттағы шығармалардың тақырыптық-идеялық арнасын көрсетеді.
Е.Ысмайылов еңбегін қарастырған зерттеушілер «сыншыл реализм əдебиеті» мен «демократияшыл əдебиет» деп жіктеулерінде айқындық жетіспейтінін, «сыншыл реализм» терминін көркемдік əдіс тұрғысынан емес, идеялық нысана тұрғысынан түсініп ғылыми қателікке ұрынған деп қарастырады.
ХХ ғасырдың екінші жартысында жылымық рухына сай қазақ əдебиеті тарихының күрделі мəселелерін байыпты қарастыруда Б.Кенжебаевтың «Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары» (1958), М.Ғабдуллиннің «Қазақ халқының ауыз əдебиеті» (1958), Ə.Қоңыратбаевтың
«Қазақтың «Қозы Көрпеш» жыры туралы» (1959) еңбектерінің жарық көруі əдебиеттанудың атап өтерлік жетістігі еді. Сондай-ақ Т.Əбдірахманов, Қ.Жармағанбетов құрастырған «ХХ ғасырдың басындағы қазақ əдебиеті» хрестоматиясының «Дастандар». (Октябрь революциясына дейінгі қазақ ақындарының дастандары) (1961) жинағының жариялануы əдеби мұраға деген көзқарастың дұрыс арнаға ойыса бастағанын да көрсетеді. Бірақ та қазақ əдебиеті тарихының негізгі проблемаларына арналған 1959 жылғы ғылыми-практикалық конференция ұсыныстары ұлттық əдебиеттануда сан жылдар бойы қордаланған өзекті мəселелерін ұлттық мүдде тұрғысынан шешіп алуға еш мүмкіндік бермеді. Қазақ əдебиетінің тарихи негіздерін, көркемдік бастауларын айқындауды бір ғана ХVІІІ ғасырмен шектеу ұсынысының қабылданғаны осы бағыттардағы ғылыми ізденістерге тежеу салғанын да естен шығармауымыз керек. Осы конференцияда қазақ əдебиет тарихын көне түркі əдебиетінен бастау керек деген Б.Кенжебаевтың тұңғыш ғылыми тұжырымы мүлдем ескерілмеді. Дегенмен де зерттеушінің қазақ əдебиет тарихын дəуірлеуде бүкіл түркілерге ортақ ежелгі дəуірден, яғни V–VІІ ғасырлардан бастау керек деген ғылыми тұжырымы пікір тұрғысынан қалып қоймай, 60-жылдары ұлттық əдебиеттануда қолға алынып, терең зерттеле бастады. Ол əдебиет тарихын дəуірлеу мəселесінде жаңа бетбұрысқа жол ашты.
Достарыңызбен бөлісу: |