1.2. Мақал-мәтелдердің қазақтың рухани
мәдениетінде алатын орны.
Мақал-мәтел – егіз жанр, туыс жанр. Дегенмен мағынасына, құрылысына, атқаратын қызметіне қарағанда өзіндік айырмашылықтары бар. Мақал дегеніміз - өмір құбылыстарын жинақтайтын және типтендіретін, бір немесе екі бөлімнен құралып, алдыңғысында шарт немесе жалпы пайымдау, соңғысында қорытынды, түйінді пікір айтатын бітімі бекем, өте ықшам, бейнелі әрі ырғақты халық нақылы. Мәселен, “Мезгілі жетсе, мұз да ерір”, “Ер жігіт үйде туып, түзде өлер”... Ал мәтел дегеніміз – халық арасына көп тараған, қорытындысы болмайтын, тұжырымы тиянақталмаған, қарама-қарсы шендестіруі жоқ, ықшам кестелі халық сөзі. “Көппен көрген ұлы той”, “Апама жездем сай” т.б.
Мақал мен мәтелдің осындай даралық ерекшеліктерін түсіндіре келіп белгілі этнограф, жазушы В.И.Даль: “Мәтел, халық сөзімен айтқанда – гүл, ал мақал – дән,”- дейді. Осы пікірді дамытып фольклорист М.А.Рыбникова: “Мәтел – бұл сөз оралымы, қалыптасқан сөйлем, пікірдің элементі. Мақал – аяқталған пікір, біткен ой”,- деп түйеді.
Сөйтіп, мақал мен мәтел – қазақ ауыз әдебиетінің бір саласы, халықтың тұрмысын, кәсібін, салтын, дүниеге көзқарасын бейнелейтін шағын поэтикалық жанр.
Мақал-мәтелдерді халық не үшін қадірлейді? Саф алтындай асылдығы, мірдің оғындай өткірлігі, ықшамдығы, дау тудырмас даналығы, өнеге үйреткіш тәлімділігі, қиып түсер қылыштай уыттылығы мен тапқырлығы үшін деген болар едік.
Ауыз әдебиетінде мақал-мәтелдердің араласпайтын жанры жоқ. Ертегі, аңыз әңгіме, дастан-жыр, халық өлеңдерінде, тіпті жұмбақтарда да сөзді әрлеу, ойды өткірлеу үшін мақал-мәтелдер дәлел, айшық ретінде қолданылады. Мақал-мәтелдер қазақ ауыз әдебиетінің аталған жанрларына кірпіш болып қалануымен бірге, олардан өзі де нәр алады, ойлы, өнегелі сөйлемдер есесінен байып, дамиды. «Қорқыт дегенде өстіп қорқыт деп пе едім» дейтін мәтел “Бөдене мен түлкі” әңгімесімен, «Түйе бойына сеніп жылдан құр қалыпты» дейтін мақал жыл туралы аңызбен байланысты шыққан.
Ауыз әдебиетінде мақал-мәтелге жақын жанрлардың бірі – халық өлеңдері. Онда поэзияға тән әдеби-тілдік көркемдікпен қатар астарлы мағыналы жолдар аз емес. «Жігітке өлең де өнер, өнер де өнер»; «Арғымақ бірде жалды, бірде жалсыз, ер жігіт бірде малды, бірде малсыз»; «Жабыны жауға мінбе жалы бар деп, жаманмен құба болма малы бар деп» деген секілді көптеген мақал-мәтелдер халық өлеңдерінен ауысқан.
Мақал-мәтелге етене жанрлар – шешендік сөздер мен нақыл сөздер. Бұл екі жанрдың мазмұн-мағына жағынан туыстығы мен түріне қарағанда өзара ұқсастықтары сондай – оларды кейде мақал-мәтелдерден ажырату қиын. Өзара тығыз байланысты осы жанрларды бір-бірінен мағынасына, көлеміне, қолданылуына қарай әзер ажыратуға болады. «Байдың әйелі өлсе – төсегі жаңғырар, жарлының әйелі өлсе – басы қанғырар»; «Уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесің, тәуекел түбі-жел қайық, кешесің де өтесің» деген мақалдарды шешендік сөздерге де, нақыл сөздерге де жатқызуға болады. Әдетте мақал-мәтелдің көлемі екі-төрт жолдан аспайды, асса нақыл, өлең сөздерге айналады.
Жұмбақтан («Үй артында бәйтерек, күресуге кісі керек»); қарғыстан («Өзің білме, білгеннің тілін алма»); бата-тілектен («Күле кіріп, күңірене шыққаннан сақтасын»; «Малымды алса алсын, пейілімді алмасын») тағы да басқа ауыз әдебиетінің ірілі-ұсақты түрлерінен ауысып, өзгеріп мақал-мәтел санатында жүрген сөздер аз емес. Мақал-мәтелдің негізгі жасаушысы – халық бұқарасы, соның ішінде қоғамның заттық қоры мен рухани қазынасын жасаушы – еңбек адамы. Олай дейтініміз мақал-мәтелдің көпшілігі белгілі кәсіппен, еңбек процессімен байланысты туған.
«Құланның қасынуына мылтықтың басылуы»; «Киікті көрінбеген атады, не ерінбеген атады»; «Ит иесі үшін жүгіреді, құс тамағы үшін ұшады» деп көзімен көріп, қолымен ұстаған аңшы ғана айта алады. Сол сияқты «Бекіре балық басы тасқа тимей тоқтамас»; «Желбезекке жебе дарыса, балық өрге жүзе алмас» дейтін мақалдар да балықшыдан шыққан.
Аңшылық пен балықшылыққа қарағанда қазақтың баянды кәсібі егіншілікпен байланысты айтылатын «Егінді дөңге сал, дөңге салсаң көңге сал»; «Диқан болсаң сүдігеріңді сайла»; «Дән тоңға тимей, аузың нанға тимес» дейтін мақалдарды, соның ішінде сүдігер деген сөзді егінші емес екінің бірі біле де бермейді.
Қазақ халқының байырғы дәулеті – мал, аяқты дәулет. Мал жайында мақал көп және малдың түрі мен үй жануарларының қамтылмағаны жоқ. Төрт түліктің әрқайсысының түрі-түсі, сыр-мінезі, ерекшелігі, шаруашылық мәні жан-жақты анықталмаған. Солардың ішінде төрт түлікті аузына үрлеп, аяғын сыпырып қолдан, төлден өсірген, түнде қора шетінде, күндіз қой соңында бірге түнеп, бірге жүріп малының сырын ұғып, сынын білген малшының ғана аузына тән мақалдар көп. «Сүтсіз қой маңырауық; Ақсақ қой жатып семірер»; «Құрттаған қой құдық басында»; «Ешкілі қой өреген»; «Қой үріккен жағына беттемейді» деп қой-ешкімен қанығы кісі ғана айтса керек. Мұның өзі мақал-мәтелдің өмірден, тұрмыстан туғандығын, халық бақылауының, көп жылдық тәжірибесінің жемісі екендігін дәлелдейді.
Достарыңызбен бөлісу: |