1.3. Мақал-мәтелдің даму көздерінің бірі – басқа
халықтардан ауысу.
Мақал-мәтелдердің баю, даму көздерінің бірі – басқа халықтардан ауысу, аударып алу. «Теңіз теңізбен сулас болмаса, теңіз болмайды, тау таумен жалғас болмаса, тау болмайды». Сол сияқты басқа халықпен байланыссыз, қарым-қатынассыз томаға тұйық халық та болмайды. Есігіне құлып салмаған, елінің шетіне күзет қоймаған ақ көңілді, кең пейілді қазақ халқы да көршілес халықтармен әрқашан араласып, алыс-беріс жасап тұрған және қарым-қатынасы тек сауда-саттықпен, құда-жекжаттықпен шектелмей, ақыл-ой мұраларының алмасуымен дамыған. «Ырыс ауысады, білім жұғысады» деген сөз бекер айтылмаған. Мәдени-экономикалық қарым-қатынастардың нәтижесінде қоныстас, көршілес халықтардың әдеби қорынан қазақ тіліне ауысқан мақал-мәтелдер аз емес. Тұрмыс-салты, тарихи тағдыры ұқсас туысқан халықтардан ауысқан мақал-мәтелдерді ажырату қиын. Тек контексте сақталған кейбір сөздерге немесе жеке бір халықтың тіршілігіне тән еңбек-кәсібін, тұрмыс-салтын бейнелеуіне қарап “мынау пәлен халықтікі” деп жорамалдауға болады. Мысалы, «Халық айтса, қалып айтпайды» деген мақал қырғыздан ауысса керек. Олай дейтініміз – қалып сөзі қазақтар үшін онша анық емес, ал қырғызша ол өтірік деген мағынаны береді. Алайда “малға жарлы болғанмен сөзге бай” қазақ қарыздар болып қалмаған. Өзге халықтардан өзіне керекті мақал-мәтелдерді қабылдап, пайдалана білумен бірге өз ақыл-ойынан туған даналық сөздерінен басқаларға да ауысып отырған.
Мақал-мәтелдерді аудару теориясы - әлі жетілмеген сала. “Аударма үшін мәнісін жоғалтпай, тілінің дұрыстығы мен тазалығын сақтау аздық етеді, аудармаға түп-нұсқасының өне-бойында тұнған тұтас тірлік қажет”,- деген орыстың ұлы ойшылы Николай Добралюбов.
Қанатты сөздер мен мақал-мәтелдерді аударғанда осы қағиданы ұстану шарт.
Поэзияны аудару – қиын өнер екені әмбеге аян. Ал мақал-мәтелдерді, оның ішінде өлең құрылымдысын аудару қияметтің қияметі– оны зерттеушілердің бәрі де мойындайды. Неге? Салмақты ой, санаулы сөз, зергерлік өнер – осы үш қасиеттің сақтаудың үстіне, кем дегенде екі ұқсас табу керек. Және әйтеуір ұйқастырайын деп, мақалдың жартылысына жанасымы жоқ сөздерді сүйреп әкеп, басын байлай алмайсың. Оның аты, сайып келгенде, асылды жасыту болып шығады.
Сонымен мақалдарды аударудың бірінші тәсілі – ұйқастырып аудару, яғни өлең тудыру.
Мақал-мәтелдер аудармасында негізгі яғни аяққы ұйқастан басқа ішкі ұйқастар да көп пайдаланылады. Бұл да үлкен қызмет атқарады. Мақалға қанат бітіреді, әсем әуенділік дарытады. “Долг – проклятие” (шығыс мақалы) - “Қарыз дегенше, қарғыс де”.
Мақал-мәтелдерді аударғанда негізгі және ішкі ұйқастардан өзге, үндестікті, саздылықты яғни аллитерация мен ассонансты кәдеге жиі алынатыны да бар. Қай халықтың болсын мақалдарын көбіне кей осындай үндестікке, әуенділікке құрылады.
Енді бір тәсіл – аудармашының амалсыздан баратын тәсілі. Бірсыпыра мақал-мәтелдер не өлең кестесіне түспей, не үндестікке маналамайды. Мұндайда сөзбе-сөз аударуға тура келеді. Мәселен, «Куй железо пока горячо» дегенді «Темірді қызған кезде соқ» деп қаракесектеу аудару шарасыздан.
Алайда өмір, қоғам бір қалыпта қалмайды, үнемі дамып, өзгеріп, жаңарып тұрады. Жеке халықтардың шаруашылық кәсібінде, тұрмыс-салтында, қарым-қатынасында болған сондай өзгерістер мен жаңалықтар олардың халық шығармаларында бейнеленеді. Алғашқы кезде олар байырғы, ортақ тілдің негізінде туғанмен, бірте-бірте жергілікті диалекті сияқты ерекшеліктер пайда болып, бір-бірінен біртіндеп алыстай, алшақтай береді. Міне осындай азды-көпті өзіндік ерекшелігі бар, белгілі халықтың тағдыры мен тарихына байланысты туған әдеби шығармалар ғана ұлттық мұра бола алады. Бірақ солардың өзі де туысы, қонысы бір, тілі ұқсас халықтардың бірінен-біріне ауысып тұрады.
Ауыз әдебиетінің нұсқалары, жалпы шығармалары тек тілі ұқсас туысқан ұлттардан ғана ауысумен шектелмейді. Іргелес, көршілес немесе әр түрлі себептермен ұдайы, тіпті уақытша қарым-қатынаста болған тарихы, тілі басқа халықтармен де әдеби, мәдени алмасулар болып тұрады. Қазақ халқы өзінің көп жылдық тарихында араб, парсы, моңғол, орыс және тағы да басқа халықтармен мәдени-экономикалық қатынастар жасап келгені белгілі. Ауыз әдебиетімізде, әсіресе араб тілінен ауысқан сөздер баршылық. Көркем өнері, әдебиеті, ғылымы ерте шыққан, кезінде алдыңғы мәдениетті халықтардың бірі болған араб жұртымен қазақ халқының арасындағы мәдени-әдеби қарым-қатынастардың мың жылдан астам тарихы бар. Арабтар – бізге ислам дінін әкелуші ғана емес, сонымен бірге араб жазу мәдениетін таратушы.
Мәдениетімізге арабтан кейін үлкен әсер еткен – реалистік орыс мәдениеті. Қазақ халқы мен орыс халқы қарым-қатынастарының әлденеше жүз жылдық тарихы бар.
Тілімізге тым ерте еніп, санамызға сіңісіп кеткен мақал-мәтелдерді кезінде хат-қағазға түспегендіктен бұл күнде ажырату оңай емес. Дегенмен әр халықтың өзіне тән шаруашылық кәсібін еске алып, қазір қазақ халық мақалы ретінде қолданылып жүрген «Шанаңды жазда сайла, арбаңды қыста сайла»(Готовь летом сани, а зимой телегу); «Сиырдың сүті желінінде емес, тілінде» (Молоко у коровы не в вымени, а на языке); «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» (Семь раз отмерь, один раз отрежь); «Төрт аяқты ат та сүрінеді» (Конь на четырех ногах и то спотыкается); «Жүз сомың болмасын, жүз досың болсын»(Не имей сто рублей, а имей сто друзей) секілді мақал-мәтелдерді орыс халқынан ауысқан деуге болады.
Бір халықтан екінші халық кез келген мақалды аудара бермейді, өзінің тұрмыс-салтына, шаруашылық кәсібіне, ойлау, сөйлеу мәнеріне тағы басқа жағдайларына үйлес келетіндерін ғана алады.
Ұқсас, мағыналас мақал-мәтелдердің бәрін басқа халықтан ауысып келген деуге болмайды. Туыстық немесе көршілестік қарым-қатынасы жоқ біріне-бірі алшақ жатқан, бірақ табиғаты мен тағдыры, мәдениеті мен шаруашылығы ұқсас мақал-мәтелдер, нақыл сөздер кездесе береді.
Сөйтіп, аталас, отандас халықтардың мақал-мәтелдері бірде бір-біріне ауысу, аудару жолдарымен байып, дамып отырған.
Достарыңызбен бөлісу: |