39-бап. Акционерлердің жалпы жиналысына қатысуға құқығы бар акционерлердің тізімі 2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді 1. Акционерлердің жалпы жиналысына қатысуға және онда дауыс беруге құқығы бар акционерлердің тізімін қоғам акцияларын ұстаушылардың тiзiлiмдер жүйесіндегі деректер негізінде орталық депозитарий жасайды. Аталған тізімді жасау күні жалпы жиналысты өткізу туралы шешім қабылданған күннен ерте белгіленбеуі керек. Акционерлердің тізіміне енгізілуге тиісті мәліметтерді уәкілетті орган белгілейді.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) 2. Егер акционерлердің жалпы жиналысына қатысуға және онда дауыс беруге құқығы бар акционерлердiң тiзiмi жасалғаннан кейiн, осы тiзiмге енгiзiлген тұлға қоғамның оған тиесілі дауыс беретін акцияларын иеліктен айырса, акционерлердің жалпы жиналысына қатысу құқығы жаңа акционерге ауысады. Бұл орайда акцияға меншік құқығын растайтын құжаттар табыс етілуге тиіс. 40-бап. Жалпы жиналыстың өткізілетін күні, уақыты және орны 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1. Акционерлердің жалпы жиналысы өткізілетін күн мен уақыт оған қатысу құқығы бар адамдардың неғұрлым көпшілігі жиналысқа қатыса алатындай етіп белгіленуге тиіс.
Акционерлердің жалпы жиналысы, шешімдері сырттай дауыс беру арқылы қабылданатын акционерлердің жалпы жиналысын қоспағанда, атқарушы орган орналасқан жердегі елді мекенде өткізілуге тиіс.
2. Жиналысқа қатысушыларды тіркеу басталатын уақыт пен жиналысты өткізу уақыты қоғамның есеп комиссиясына жиналысқа қатысушыларды тіркеуді, санын есептеуді және оның кворумын айқындауды жүргізуге жеткілікті уақытты қамтамасыз етуге тиіс. 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3. Қоғам акционерлері қатысу тәртібімен өткізілетін акционерлердің жалпы жиналысының отырысына қоғамның ішкі құжаттарында айқындалған ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып қашықтан қатысуға құқылы.