Алаш прозасы Сайын МҰратбеков: «Жабайы Алма» бірінші бөлім көкінай



Pdf көрінісі
бет7/28
Дата27.01.2017
өлшемі1,42 Mb.
#2790
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   28
ашық терезеден бастарымызды қылтыңдатып көзге түсіп қалғаннан гөрі, ауыз үйге 
кіріп, ішкі үйдің есігінің саңылау-тесіктерінен сығалауды жөн көрдік. Әжібек бастап, 
аяғымызды ұшынан басып тас қараңғы ауыз үйге кірдік. Ішкі есіктің саңылаулары 
шынында да аңғал-саңғал екен, іштегінің бәрі көрініп, естіліп тұр. Саңылауларға 
кеп, жабыса-жабыса қалдық. 
− Ұршы мені, Ырысбек, ұршы,- деді Дүрия жалбарына сөйлеп. 
− Сені ұрғанша мен жынданып кетейін де, сәулем… 
− Құдай-ау, сенің алдыңдағы кінәмді қайтсем жуып-шаям!? Сен мені 
пышақсыз кескілеп тұрсың ғой, Ырысбек-ау, ең болмаса шапалаққа бір тартшы, 
көңілім көншісін… табаныңды сүйейінші… 
Дүрия оның аяғын құшақтап отыра кеткен, бірақ Ырысбек оны дереу көтеріп 
алды. 
− Асылшы мойныма! — деді. 

Онан соң Дүрияның аяғын жерге тигізбей тік көтерген күйде бетіне бетін 
тақап шаншыла қарады. 
− Жаным-ау, жараң ауырады ғой. Қойшы, қайтесің мені көтеріп. Мен 
бұрынғыдай емес, зілдеймін. 
− Сағындым сені… 
Біздің қасымызда тұрған Әжібек ыза боп кетті. 
− Ой, мынаның өзін жігіт пе десем, қатынжанды бірдеңе ғой, бұзауша 
жаланып,- деді күйіп-пісіп.- Мұндай қатынды әкесіне көрістіру керек қой. Әттең!.. 
Дүрия көрпе-жастықтарды жинап, төрдің алдына төсек салды да, үрлеп 
шамды сөндірді. Біз өзіміз күткендей қызық ештеңенің болмағанына әжептәуір 
көңілсізденіп қалдық. 
− «Сәгіндім сені» дейді ғой, өй жалақ неме! Бұзау!..- деді Әжібек сақаулана 
мазақтап. 
Біз енді кеткелі тұрғанда тыстан тасыр-тұсыр басып біреу кіріп келді де, 
қараңғыда сипаланып барып ішкі есікті іздей бастады. Қабырғаға жабыса қалдық 
та, кейін түкпір бұрышқа қарай жылыстадық. 
− Көлбай керең! — деді Әжібек қуана сабырлап.- Құдай берді, қызық енді 
басталады, хе-хе,- деп, алақанын шыдамсыздана ысқылап күліп қойды. 
Көлбай есікті тапты да жұлқып серпіп шалқасынан ашып тастады. Іштен 
сіріңке шағылған, көзді ашып жұмғандай қас қағым сәттің ішінде: тарқатылған 
шашы иығына төгіліп, үрейлене төсектен басын көтерген Дүрияны, сіріңке шағып, 
орнынан тұра берген іш киімшең Ырысбекті, сапысын жарқ еткізіп екеуіне қарай 
дүлей боп ұмтылған Көлбай кереңді көріп үлгірдік. Дүрия шыңғырып жіберді. 
Сіріңке өшті де, үйдің іші тастай қараңғыланып, апыр-топыр айқас боп кетті. 
Көлбай керең Ырысбекке сапысын салды ма, жоқ па, кім білсін, біз Әжібектен 
өзгелеріміздің үрейлеріміз ұшып, қалтырап кеттік. Еркектердің ышқына 
ыңқылдағандары, тарс-тұрс дыбыстар ғана естіледі. Қараңғыда бірін-бірі шақ-шұқ 
соғып жүргені анық. Бір сәт ауыз үйдің біз тұрған бұрышына қарай лақтырылған 
бір нәрсе сарт етіп, аяғымыздың астына кеп түсті. Әжібек лып дегізіп көтеріп 
алған. Көлбай кереңнің сапысы екен. Енді біреуін біреуі былшылдатып соққан 
жұдырықтың дыбысы шықты. Бет-ауызға ұрып жатыр. 
− Ы-ы…- деп ыңырсыды біреуі. 
− Жүріңдер, құрысын кетейік,- деді Әжібек.- Пәлесінен аулақ! 
Күткеніміз де осы бұйрық еді, зытып далаға шықтық. Әжібек Көлбай 
кереңнің сапысын қойнына тығып ала кетті. 
− Е, бәсе, еркек деген осындай болмаушы ма еді! Тек қараңғыда 
төбелестерін көре алмадық, әттең. Қай жеңгені біздікі. Солай емес пе! Таңертең 
белгілі болады ғой, әлі. Айтам ғой, Көлбай керең бәле!.. 
Таң құлан иектеніп, төңірек бозамық тарта бастапты. Әр үйдің қорасынан 
баж-баж етіп әтештер шақырып жатыр. Былайырақ ұзаған соң Әжібек қойнындағы 
сапыны шығарып, көше шетіндегі қалың шептің ұшар бастарын орып-орып түсті 
де: 
− Бұл сапы енді мына Әжікеңдікі болады! — деді насаттана.- Ауыздарыңнан 
шықпасын! 
Аузымыздан шығарып неміз бар, Әжібектен өле алмай жүрміз бе. 
Сөйтіп үйді-үйімізге тарадық. 
Сәске кезінде балалар көше ортасына тары топтала қалғанбыз. Әжібек келді 
де түндегі төртеуімізді оңашалап алып шықты. 
− Сендер ештеңе естіген жоқсыңдар ма? — деп сұрады. 
− Жоқ. 

− Не жайында? 
− Не боп қалыпты? 
− Ойбай, масқара болатын түрі бар. Көлбай керең ұшты-күйлі жоқ. 
− Неге? 
− Қайда кетіп, қайда жүргенін ешкім білмейді. Бүгін ертемен қырманға 
астық тастауға шығуы тиіс екен, әлгінде бастық, бригадир, есепші болып барлығы 
жабылып іздеп еш жерден таба алмады. Үйі кешегі құлыпталған күйінде тұр. 
Ырысбектен сұрап барған екен, жөнді жауап бермепті. Бектай есепші кішкене 
қадалыңқырап тұрып алған екен. «Қаныңды ішем, иттің баласы, құры, кәне, 
көзімнен!» — деп мылтыған ала ұмтылып, қуып шығыпты. Меніңше, со керең 
сорлыны өлтіріп тастап, жасырып отырған болу керек. Бектай айтады: «Көзі қып-
қызыл боп қанталап, тұра ұмтылғанда зәрем ұшып кетті»,- деп. Бобше2 
Ырысбектен бәрін күтуге болады. Стансада кездескен соң мен бір-екі күн қасында 
болып көрдім ғой. Кей-кейдегі істері тіпті қызық. Сау адамның ісі емес. Дұп-дұрыс 
келе жатып мінезі аяқ асты сайтан сияқты құбылады. Әйтеуір, бір кілтипан бар 
өзінде. Жүріңдер, барын байқастап көрейік, бәлкім Көлбай кереңнің өлігін байқап 
қалармыз. 
Біз келгенде терезе сол кеше кештегі жақтауымен алулы үңірейген 
қалпында тұр екен. Іштен домбыра үні естілді. Ашық терезеден көз салғанбыз: 
түндегі Дүрия салған төрдегі төсек әлі жиналмапты, ЬІрысбек шалбарын, шпорлы 
етігін киген, іште жейдешең күйінде шалқасынан түсіп, төбеге қарап жатыр, 
қолында домбырасы, тыңқылдата шертеді. Бізді байқап қап: 
− Әй, Әжібек, адъютант, кір бері үйге! — деді. 
Әжібек бізге күте тұрыңдар деп ымдады да, ішке кірді. 
− Ассалаумалейкүм! — деп сәлем берген. 
Ырысбек басын көтеріп алды да оған шытына қарап: 
− Ассалаумағалейкүмің не-ей, сенің? Мойныңды бұрап алайын ба, осы?! — 
деді жекіп.-Бар, ауыз үйге шық та қайта кіріп солдатша сәлемдес! 
Әжібек ауыз үйге шығып, одан қайта кірді де есік алдына қалт тұра қап, 
қолын шекесіне апарып: 
− Здробие желаем, жолдас кәмәндір! — деді. 
− Міне, енді дұрыс. Вольно! Саған тапсырма бар. Қазір анау ошақ басында 
жатқан қышқашты ал да, есік алдына от жағып, әбден қып-қызыл болғанынша 
қыздыр. Қызарған кезде маған кеп айт! Бар, орында бұйрықты! 
Әжібек бұрылып кете берген. 
− Әй, тоқта! Не деу керек? Қалай шығу керек? 
Әжібек қалт тұра қалды да, тағы да қолын шекесіне апарып: 
− Құп болады, жолдас кәмәндір! — деді саңқылдап. 
− Бар, орында! 
Біз Ырысбек пен Әжібектің мына қылықтарына мүлде қайран боп, қызығып 
тұрмыз. Әжібек болса сыртқа шыға бере кейін қарап, аузын қисаң еткізіп мазақтап 
тілін шығарды да, біздерге көзін қысып қойды. Онан соң Ырысбектің өзіне 
тапсырған бұйрықтарын бізге бұйырды: біріміз ошақ басынан қышқашты тауып 
әкеліп, қалғанымыз отын жинастырып от тұтаттық. «Мұнысы несі?», «Мұны қайтер 
екен?» — деп аң-таңбыз. Отты біраз өртей жаққаннан кейін қышқаш қызып, бас 
жағы қызара бастады. Әжібек ішке кіріп Ырысбекке хабарлады. Сәлден кейін 
гимнастеркасын киіп, белдігін буынып, сарт-сұрт етіп Ырысбек шықты да Әжібекке 
кілт ұсынып: 
− Аш, анау есікті! — деді қораның аузындағы тот басқан үлкен қара 
құлыпты нұсқап. 

Әжібек барып қораның аузын ашты. 
− Ішінде Көлбай байлаулы жатыр. Бар да аузына тығындалған шүберекті 
алып таста! -деді тағы да. 
Әжібек тастай қараңғы қораның ішіне кіріп, айтқанын орындап шыққан. 
− Өлтір әкеңнің… осыдан мені! Өлтіріп қанымды іш!..- деп тістене ақырған 
Көлбай кереңнің даусы естілді. 
− Ал сендер әнеу жерге барып тұрыңдар! — деді Ырысбек бізге. Өзі қып-
қызыл болған қышқашты ұстап қораға кірді де есігін жауып алды. Біз үрейіміз 
қалмай арты не боларын тосып, үрпиісіп тұрмыз. 
− Өлтір, кәне! Күйдір мені! — деп шаптыққан Көлбайдың даусы тағы 
шыққан, төбе құйқамыз шымырлап кетті. 
− Өй, сорлы, біреудің қатынына таласып несі бар еді-ей, онан да тыныш 
қана анау ескі қатынын, қайтып алмай ма,- деп қойды Әжібек.- Ырысбек аямайды 
ол, қаны бұзылып келген адам. 
Осы сәтте қораның ішінен, әуелі, ысқырып-ысқырып қалған, онан соң бір 
түрлі үрейіңді ұшыратын қорқынышты үнмен түсініксіз бір сөздерді күңіренте 
зарланған, әнге де ұқсамайтын, жылағанға да ұқсамайтын Ырысбектің даусы 
естілді. Сөздері бізге еміс-еміс жетіп тұр, бірақ мүлде түсініксіз. 
− Ағатай-ай! Ағатай-ай!..- деп зар еңіреп жалына аттан салды Көлбай. 
Әжібек шыдай алмай қораның іргесіне жүгіріп барым, ішіне сығалады. Біз жалт 
беріп тым-тырақай үйді-үйімізге аттан сап жүгіруге дайын тұрмыз. Әлден соң 
Әжібек жанымызға қайтып келді. 
− Мынау сұмдық-ей! — деді жағасын ұстап.- Билеп жүр ме, неғып жүр, 
білмеймін, әйтеуір өзін-өзі жұлып жеп, бірдеңелер істеп жүр. Әлгі қып-қызыл 
қышқашты тілімен жалап-жалап қояды. 
Біз оның айтқанына сенбей: 
− Көлбай кереңді күйдіріп жатқан жоқ па? — деп қосарлана сұрадық. 
− Жоқ, оны күйдірген жоқ сияқты. 
Өстіп тықыршып тұрғанымызда қораның есігі шалқасынан ашылды да 
Ырысбек шығып, қолындағы қышқашты тастай салды. 
− Әжібек, ананың қол-аяғын шешіңдер де, бетіне су алып шығып 
бүркіңдерші! — деді. 
Біз қорқақтай басып топырлап қораға кіргенбіз. Көлбай керең түкпір жақта 
қол-аяғы байлаулы, көзін жұмып талықсып жатыр екен. Әжібек әзер деп оның қол-
аяғын шешті. Біреуміз жүгіріп барып үйден суық су алып шығып бетіне бүріктік. 
− Уһ, жаным-ай, аман қалдым ба, әйтеуір,- деді есін жиған Көлбай керең. 
Сүйемелдеп орнынан тұрғыздық. Өне бойы дір-дір етеді. 
− Айналайын, Әжібек-ай! Айналайындар-ай!.. дейді иегі кемсеңдеп. 
− Өзіңе де обал жоқ! — дейді Әжібек. 
− А?! Не?! 
− Ескі қатыныңды, Әпішті қайтып ал деймін! — деді Әжібек құлағына 
айқайлап. 
− Қатыны құрсын!.. Қатыны құрсын!.. 
Сыртқа шыққан соң тәлтіректеген күйде алды-артына қарамастан үйіне 
қарай тұра безді. Астық қоймасы жақта жүрген салт атты есепші Бектай шауып 
жетіп қасына келген. 
− Қайда жүрсің, қырманға бармай?! — деп дікілдей бастаған. 
− Сақтады мені құдай, сақтады. Көрмегенім Ырысбек болсын. Сұмдық!.. 
Сұмдық!..- деп басын шайқады. Бектай оның сөзін тыңдамастан: 
− Кәне, дереу қырманға жет! Басқа сөзді білмеймін! — деді айқайлап. 

− Барам, барам… 
Қарқ-қарқ күлген дауысқа жалт қарасақ, Ырысбек терезесінен бәрін қарап, 
бақылап тұр екен. Ішін басып күледі, көзінен жасы ағып күледі. 
− Әй, Әжібек қалай, кереңнің зәресін зәр түбіне бір жібердім-ау деймін,- 
дейді. 
Біраздан соң күлкісінен тыйылып, гимнастеркасын шешті де, қолына 
домбырасын алып төсекке қайта қисайды. Тағы да бағанағысындай төбеге тесіле 
қарап жатып, тыңқылдатып шертпе күйлерді тарта бастады. Көңілді торықтыратын 
мұңлы күйлер. Өкініші бар шерлі адамның өкси отырып басындағы қасіретін айтып, 
мұңын шағынғандай көкірегіңді астан-кестең ғып, жылағыңды келтіреді. Әсіресе 
төменгі пернелерге жеткенде айрықша зар илеп, жүрегіңнің бір жерін үзіп ала 
жаздай шым-шым еткізеді. Домбыра деген осы екен-ау! Күй деген осындай болады 
екен-ау!.. 
Ырысбек домбыраны ұзақ шертті. Бір ауық со жатқан күйінде ыңырси 
әндетіп, бұрын біз естімеген зарлы бір әуенді бастады. Басқа сөздерін жаттай 
алмасақ та, қайырмасын бірден қағып алдық. 
Әскер боп тудым, 
Белімді-ай будым. 
Қайтейін, сұм фашиске 
Қарсы-ай тудым-ай… 
Екі-үш ауызын қайталағаннан кейін, қалтасынан орамалын алып, көзін 
сүртті. Біз оның жылап жатқанын енді байқадық. 
− Әжібек-ай, баурым-ай, өмірің тек қуанышпен өтсін,- деді даусы 
жарықшақтана дірілдеп.- Әлгі жеңгеңді, Дүрияны шақырып келші. Мені жаны 
ауырып, күйзеліп жатыр деші… 
Әжібек қасына мені ертіп алды да, екеуміз, әне-міне, дегенше ауылдың 
шетіндегі төбеге -қырманға жарыса жүгіріп жеттік те, Дүрияны ертіп кейін 
қайттық. Ырысбек әлі со зарлы әуенді айтып күңіреніп жатыр екен, Дүрияны көре 
сала, домбырасын тастай сап ұшып тұрды. Әйелін кешегі күні емес, дәл бүгін 
көргендей ұмтылып кеп құшақтай алды да, еңкейіп оның көкірегіне бетін басып 
тұрып алды. Бізге ол балаша солқылдап жылап тұрған сияқты боп көрінді. Үй 
ортасындағы бұл тұрыстарынан қысылғандай болған Дүрия күйеуінің құшағын 
босатпақ боп көрген: «Отыршы, Ырысбек, қойшы, бұл тұрысымыз ұят қой!» — дей 
берген, бірақ Ырысбек айырылмады, жібермеді. 
Әжібек, кетейік дегендей ым қақты, бұрылып көшеге шықтық. Әжібек тағы 
да Ырысбекті «Жалақ, бұзау» деп даттайтын шығар, мазақтайтын шығар деп 
ойлағамыз, жоқ, ол ештеңе деген жоқ. Мырс етіп күлді де басын шайқады, онан 
соң қолын күнге көлегейлеп аспанға қарады. Шаңқай түс. Қарнымыздың ашқанын 
енді сездік. Үйде жаңа астықтың ұнынан пісірілген нан бар, табадан бойы жып-
жылы тұрған шығар. Нанды сөз етуіміз-ақ мұң екен, жаңа піскен нанның иісі 
танауымызды жарып, бұрқырап қоя берді. Бүкіл ауылда жаңа піскен нанның пісі 
аңқып тұр. 
Ырысбек бір жетідей тырп етіп үйінен шыққан жоқ. Қашан барсаң жинаусыз 
төсектің үстінде шалқасынан түсіп домбырасын тыңқылдатады да жатады. Бұ 
дүниеде не боп жатыр, не тіршілік бар, оның бірде-бірімен ісі жоқ. Бір ауық 
күңірене әндетіп өзімен-өзі жылап алады. Кейде ол үйін төңіректей ойнап жүрген 
біздерді ішке шақырып ап, жағалай отырғызады да, өзі бәрімізге мүсіркей, аяй 
қарап: «О, көзімнің нұрлары»,- деп елжірейді. Үні соншалық жұмсақ, жанары 
мейірімді, асты-үстіңе түсіп, еркелетіп, дәл бір туған ағаңдай көрінеді. 
Әрқайсымызды басымыздан сипап: «Көкесінен айнымаған, күнім!» — деп қояды. 

Мұндайда біздер тамағымызға бірдеңе кептеліп тұрып қалғандай жұтына береміз, 
жапалақтай бастаған көзімізді жасырамыз. Өстіп бәрімізді жылы сөздерімен бір-бір 
айналып-толғанып болғаннан кейін әңгіме бастайды: соғыстағы бастан 
кешкендерін, көрген-білгендерін, қырғын өлім жайлы, ұрыс даласында қалып азап 
шеккен жаралылар жайлы егіле отырып айтады. Біздің қиналған түрлерімізді 
көрген сайын неше түрлі аянышты, үрейлі оқиғаларды бірінен-бірін асырып 
бастырмалата түседі. Ақыры әңгімесінің бір тұстарында өз айтқандарына өзі шыдай 
алмай булығып жылап жібереді де, қол орамалын алып қалш-қалш етіп бетін 
басқан күйде: «Енді кетіңдер, шығыңдар үйден!» — дегендей қолын сілтеп, 
жастыққа қисаяды. 
Біз үрпиісіп сыртқа кетеміз. Тағы да домбыраның шерлі күмбірі, өкінішке 
толы азалы шертпелер, күңіренген зарлы әуен. 
Әскер боп тудым, 
Белімді-ай, будым. 
Қайтейін, сұм фашиске 
Қарсы-ай тудым-ай… 
Оның бұл әуені бізге де қатты әсер ететін боп алды. Естіген кезімізде төбе 
құйқамыз шымырлап, дірілдеп кетеміз. Көзіміз боталап бір-бірімізден теріс 
айналамыз. 
Күнде түс кезінде Дүрия тамаққа қайтады, сондағы Ырысбектің қуанғанын 
керу тіпті керемет. Домбырасын тастай сала ұшып тұрып әйелін құшақтай алады 
да, оның көкірегіне, мойнына, қалың бұрымды шашына бетін басып қашан мауқы 
басылғанша тұрып алады. Дүрия оны арқасынан қағып, шашынан сипап, 
мейірлене иіскеп баласынша еркелетеді, сөйтіп тұрып тезірек құшағынан 
босанғысы келеді, бірақ Ырысбек айырылмайды, жібермейді. Мұндай сәтте біз де 
тым-тырыс қана бұрылып ап, жөн-жөнімізге кетеміз. 
Ауыл арасында Ырысбек туралы әр түрлі әңгімелер тарай бастады. Біреулері 
оны: «Аурулы екен, ауыр жарақаттан кейін ептеп ауысқан көрінеді»,- деп аяныш 
білдірді; екіншілері: «Жарықтық, бабасы аруақты, арқасының ұстамасы бар бақсы 
кісі еді, бұ Ырысбек те тегін емес, бойында тұқым қуалаған бірдеңе бар»,- деп 
жорамал жасады; үшінші біреулер: «Өй, қойшы әрі, бұ Ырысбек баяғыдан белгілі 
емес пе. Айдың-күні аманда оқудан қашып оқу оқымай, не береке тауып жұмыс 
істемей, гармонь-домбырасын арқалап ел кезіп, өзінше сері атанып той-томалақ 
іздеп тентіреп жүрмеуші ме еді. Бәрі со жұмыс істемеудің амалы»,- деп кінә тақты. 
Соңғылардың сөз төркінінің бір жанды жері бар еді. Колхоз бастығы — Нұғыман 
оған: «Өзің қалаған бір жұмысқа шық, мұндай кезде үйде жатқаның келіспейді»,- 
деп екі дүркін кірген екен, бірақ Ырысбек сазарған күйде онымен мүлде сөйлеспей 
қойыпты. 
Ал Көлбай керең Ырысбек десе әзірейілінің атын естігендей азар де безер 
қашатын болды. Әнеу күні қора ішінде ЬІрысбектің бұған не істегені со күйі 
жұмбақ. Сұрағандарға Көлбай керең: «Атай керме, сұмдық!» — деп түңіле жағасын 
ұстайды. Бірақ не сұмдық екенін түсіндіріп және айтпайды. «Сен сұрама, мен 
айтпайын»,- дейді. Кереңнің мінезі белгілі, айтпаймын десе бітті, айтпайды. Өзі 
Дүриядан мүлде күдерін үзіп, сиыр фермада сауыншы боп жүрген бұрынғы әйелі — 
Әпішті қайтып алды. 
Ол екеуінің қайта қосылуы да ауылға жырдан қызық әңгіме боп тарап кетті. 
Көлбай керең ат-арбамен жем тартып фермаға барса, Дүрияның мұны тастап 
кеткенін естіген Әпіш қарсы алдынан жылап шығып: «Жәкемнің баласы-ау, не боп 
кеткенсің азып-тозып?!» — деп кеп бас салады. Көлбай кереңнің түрі шынында да 
адам аяйтындай алым-жұлым екен. ЬІрысбектің соққысынан бет-аузы көкпеңбек, 

неше күннен бері ыстық тамақ ішпей көзі шүңірейіп, жағы суалған, сақал-мұрты 
қауғадай боп өскен. Жалғызсырап ішқұса боп жүрген адам бұл да шыдай алмай 
еңіреп қоя береді. «Бір ажалдан қалдым ғой, Әпіш!..» -деп, өзінің Ырысбектен 
көрген зәбір-жапасын айтып шағынады, бір лаққа айырбастап алған екі жүзді 
алмас сапысынан айрылғанын айтады. Ұрынарға қара таппай жүретін ұрысқақ 
Әпіш: «Сенің кемтарлығыңды басынғаны ғой, әдіре қалғыр. Оның қатынының 
сенен қай жері артып тұр екен, сонша қорлайтындай. 
Жүр, екі аяғы көктен салбырап түссе де көрейін мен оны!» — деп долданып, 
көрпе-жастығын арқалай-марқалай арбаға отырады. Есігінің алдына жеткен бойда: 
«Ал сен мына көрпе-жастықты үйге кіргізе бер!» — деп, өзі екі кештің арасында 
Ырысбектікіне кетеді. Кешенің басынан кіре сықпырта бастайды: «Әдіре қалғыр, 
байымды сонша қорлайтындай қатыныңның несі артық еді?! О несі-ей! Әлде сені 
соғыстан қайтарғанда, ауылдағы кем-кетіктерді қырып-жой, деп қайтарып па 
еді?!» Әпіш араласқан жерде бір сойқанның болатынын білетін көрші-қолаңдар 
тегіс жиналып қаран тұрыпты. «Әй, Дүрия, қайда әлгі байың? Шықсын бері!» — 
депті жете бере айқайлап, «Көлбайымды жеңгенін білейін, кәне менімен 
ұстассыншы!» Ырысбек Әпіштен шынымен-ақ қорыққаны ма, әлде көкдолы 
әйелмен беттесуді ер басына ар көргені ме, әйтеуір, ауыз үйдің артқы терезесін 
жұлып тастап, қашып шығыпты да, тығылып, қашан Әпіш кеткенше үйіне 
жоламапты. Дүрия болса Көлбайдың сапысын Ырысбек алмады деп ант-су ішіп, 
қарғанып, нан ұстап әзер құтылыпты. Ақыры Әпішті Көлбай кереңнің өзі кеп ертіп 
кеткен көрінеді. Бір қызығы сол Әпіш, бүкіл ауылда ешкімнен беті қайтпайтын, 
таймайтын Әпіш Көлбай кереңнің дегеніне екі дегізбей бағынатын және қорқатын. 
Көлбай керең Дүрияға үйленем дегенде еш дау-жанжалсыз өз еркімен ажырасып, 
өзіне тиесілі көрпе-жастығын арқалап алып, зар еңіреп жылап фермаға кете беріп 
еді. Сонда біреулер қолтығына су бүрікпек боп: «Әпіш-ау, үн-түнсіз кете бермегің 
қалай?» — дегенде, Әпіш: «Қайтейін, құдай қосқан қосағым, бақыр басты 
азаматым еді, оны қарғап-сілеп, онымен соттасып не опа табам. Бұ да құдайдың 
маңдайыма жазғаны шығар»,- деген екен. Енді, міне, сол қосағына қайта қосылып, 
жағасы жайлау, көңілі жаз болды да қалды. Бірақ бәрібір Ырысбекке деген қитығы 
басылатын емес, деседі жұрт. «Сапыны таптырмай қоймаймын»,- дейтін көрінеді. 
«Е, неге қояйын, бақандай бір лаққа айырбастап алған дүниені». 
Әпіштің бұл сөзін естігенде Ырысбек ойланып қалды. «Апыр-ай, шынында да 
со сапыны жер жұтты ма? Аяқ асты қайда жоғалып кеткенін білмей қор болдық-ау. 
Көлбай кереңнің қолын қайырып бұрап, тартып алдым да қараңғыда ауыз үйге 
қарай лақтырып жібердім. Бірақ ертеңіне Дүрия екеуміз екеулеп іздеп таппадық. 
Таңым бар»…- деді. 
Әжібек біздерге қарап қабағын сәл түйіңкіреп, ауыздарыңа сақ болыңдар, 
дегендей ескерту жасап қойды. 
Оқу жылы басталған. Біз түске дейін оқимыз. Мұғаліміміз Мұқан ағай 
аурушаң кісі еді, оның үстіне түске дейін қосалқы екі класты, түстен кейін және 
қосалқы екі класты оқытып әбден шаршайтын болу керек, екі сағат-үш сағаттан 
көп ұстамайды. Онан кейінгі уақытымыз қара кешке дейін ойынмен өтеді. Көбіне 
Ырысбектің есігінің алдына жиналамыз. Бұл үй біздің бас қосар орталығымыз боп 
алған. Бізді еліктіретін қызық атаулының бәрі осында. 
Әжібектің ойлап таппайтыны бар ма! Бірде ойнап жүргенімізде аяқ асты: 
«Дабай, Ырысбекке концерт көрсетейік»,- деді. Біз түсінбей қалдық. «Кәдімгі 
әртістерше ойын қойып береміз,- деді Әжібек.- Біріміз Төлеген, біріміз Бекежан 
боламыз, Қыз Жібек болады, Шеге, Қаршыға болады… Әйтпесе, байғұстың 
келгеніне бір жеті болды, күндіз-түні үйінен шықпайды. Бір ауық көңілін көтерейік 

те». Әжібектің бұл сөзі онша түсініп болмасақ та бізге ұнап кетті. «Дабай, 
дабай»…- деп тұс-тұстан құлшынып шыға келдік. Әжібектің өзі Бекежан болды, 
Бәтен Төлеген болды, Шеге де табылды арамыздан, Қаршыға да табылды, ал Қыз 
Жібек жоқ… Балалардың ешқайсысы әйел болғысы келмеді. Қыздардың бірі 
келісер деп Қайрат пен Санат соларға кеткен, біраздан кейін екеуі де салы суға 
кетіп қайтып келді. Ешқайсысы көнбепті, ең аяғы жетім Тоштанға дейін: «Кетіңдер 
әрі, Қыз Жібек түгілі одан зорғыны айтсаңдар да әйел болып ойнамаймын»,- депті. 
Амал қанша, ойынды Қыз Жібексіз-ақ қоятын болдық. Қораның іргесінен орын 
әзірлеп, дайындыққа кірісіп те кеттік. Бәтен үйінен ұрлап алып келген жыртық-
жыртық ескі алашаны екі бала екі жағынан ұстап тұратын шымылдық жасадық. 
Қасы-көзімізді бояйтын күйе-көмір оңай-ақ табылды, бірақ бетімізге жағатын 
ештеңе таба алмадық. Бор дегенді Мұқан ағай тоғыз қабаттап қол орамалына орап 
қалтасына салып жүреді, не істейміз? Ақыры оның да жөнін таптық. Ойынға 
қатысатын балалар жүгіріп барып колхоздың кеңсесінің әктелген (Бірінші Майға 
қарсы әктелген еді) қабырғасын алақандарымен үйкеп-үйкеп ап бетіне жағуы тиіс 
болды. 
Сөйтіп, түгел дайын болған кезімізде Әжібек барып Ырысбекке хабарлап, 
ертіп шықты. Ойыңды бастауымыз сол екен, Ырысбек дәл біреу екі қолтығынан 
бірдей шап беріп қытықтап жібергендей қарқылдай жөнелді. Ақтаңдақ-ақтаңдақ 
боп әк жағылған бетімізге, күйемен боялған қасы-көзімізге, сақал-мұртымызға, 
алым-жұлым ұсқынымызға, күс-күс боп жарылған кесеудей қап-қара аяқ-
қолдарымызға қарайды да, ал кеп күледі. Шалқалай бере «ха-ха-лайды», бүкшиіп 
ішін басып сылқылдайды. 
Жайықтың ақ маралы ар ма Жібек? 
Ырысбек мүлде ішегі түйіліп, көзінен жасы сорғалап, санын шапақтап өлді 
де қалды. Қысқасы не керек, ойын біткенше есін жиған жоқ. Ойынымыз біткеннен 
кейін ол күлкісін тыйып сәл үнсіз отырды да: 
− Талаптарың жақсы екен, балалар,- деді, қабағын шытып ойланып қалды.- 
Жә, сендердің бұ жүрістерің бостан-бос азып-тозу. Сендерге мықты тәрбие керек 
екен,- деп және тоқтады, тағы ойланды.- Былай, балалар, бүгіннен бастап, тап 
қазірден бастап сендер әскер дайындығын өтіп, әскери ойындар ойнауларың 
керек. Әжібек! Адъютант! 
− Из,- деген шөп үстінде отырған Әжібек селқос қана. 
− Отставить! Кәне, қалай келуің керек менің алдыма, қалай жауап беруің 
керек?! — деді Ырысбек жекіп. 
Әжібек ұшып тұрып, Ырысбектің алдына кеп қалт тұра қалды да, қолын 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   28




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет