бозарып, қауынның тілімімдей боп ай туған екен. Айнала төңірек бозамық тартып,
май шамның жарығы түскендей боп көмескі көрінеді. Әпкем екеуміз өксігімізді
тартып қойып, солығымыз басылғанша отырдық. Ол мені шашымнан сипайды,
баурына тартып қыса түседі. Бауыры жып-жылы.
Біреу өкпе тұсымыздан ағараңдап жүріп өтті.
− Өк! Ой арам қатқыр, өк! Сыпатай-ау, былай қайырсаңшы!..
Жынды Бүбітайдың даусы. Қорқып кеттім.
− Байғұс, күнде түн жарымында осы жаққа кеп, жоқ малды қайырып
жүргені. Өстіп қаңғып жүріп бір күні далада өліп қалады ғой,- деді Нәзира әпкем
ауыр күрсініп.
Бүбітай өзімен-өзі сөйлеп ұзай берді. Бір сәт алыстан зарлаған әні естілді.
Қара көзім,
Жете алмадым,
Жер шалғай,
Жалғыз өзім…
Көпке дейін естілді де тұрды.
Біз, Нәзира әпкем екеуміз, ақырындап аяңдап қос басына қайттық.
Шабындық үстін шық басыпты, аяғым суланып келеді. Өне бойым дірілдеп,
тітіреніп қоям.
КҮЗ БЕН ҚЫС
1
Жаздың соңғы күндері болатын. Бір күні түсте станция жақтан келетін қара
жолмен бұрқылдата жүгіріп: «Сүйіншілеп!» біреу шыға келді.
− Сүйінші!.. Сүйінші!..- деп екі санын сабалап келеді.
Жақындай бере таныдық, кәдімгі өзіміздің Әжібек. Түнеукүнгі станцияға
нағашысына қашып кеткеннен қайтқан беті. Басында пилотка, бұтында галифе
шалбар — құдды әскердің өзі дерсің, екі өкпесін қолына алып ұшып келеді. Өзіне
қарай өре жүгірген біздерге:
− Сүйінші… сүйінші, ЬІрысбек қайтып келе жатыр соғыстан,- деді алқына
дауыстап.-«Мына төбенің астында келе жатыр. Жүгіріңдер, сүйінші сұраңдар ауыл-
аймақтан!..
Біз әуеліде сәл абдырап қалдық. Өйткені, осыдан бір жыл бұрын Ырысбектен
өлді деген қара қағаз келген еді, әйелі — Дурия қыста Көлбай кереңді әйелінен
айырып, соған тиіп алған болатын, сөйтіп ел-жұрт мүлдем күдер үзген адамды
мына төбенің астында келе жатыр дейді. Сенерсің бе, сенбессің бе, әлде Әжібектің
тағы бір ойлап тапқан қалжағы боп жүрмесе.
− Әй, сенбей тұрсыңдар ма? Міне, мына киімдерді сол берді маған. Кеше
станция басында ауылға қалай жетерімді білмей сенделіп жүргем. Апамды
сағындым: «Сорлы-ай, менсіз күні не боп жүр екен?» — деп; Мына сен
жетпегірлерді сағындым: «Менсіз бастары бірікпей тоз-тоз боп жүрген шығар»,-
деп. Сөйтіп жүргенімде поезд тоқтаған. Бір адам вагоннан түсіп елден ерек сарт-
сұрт етіп келеді. Анадайдан көзіме оттай басылды, әкемді көргендей айқайлап
жіберіппін: «Ырысбек аға!» — деп. Көзімнен жас ыршып кетті, жүгіріп барып бас
салдым. Содан кешке дейін екеуміз станцияны араладық. Ырысбек ағаның неше
түрлі сұлу таныс қыз-келіншектері бар екен. Шетінен «во!» деген, солардың үйінде
болып шай іштік. Кешкісін ымырт үйіріле біреулердің тұсап жіберген аттарын ұстап
міндік те, түнделетіп жүріп кеттік.
− Ал аттар қайда?
− Қайда болушы еді, әлгінде ноқталарын мойнына байладық та кейін
қайырып, айдап жібердік. Жануар, жылқы деген жершіл болады емес пе, бүгін-ақ
жетіп барар иелеріне. Түу, сөзге айналып қалдық қой. Ал жүгіріңдер тез! Сүйінші
сұраңдар!..
Біз тым-тырақай ауылдың тұс-тұсына жүгірдік, үй-үйді аралай жүгіріп есіктің
алдынан, терезенің тұсынан айқайлап өтеміз:
− Әже, сүйінші, Ырысбек келе жатыр!
− Апа, сүйінші, Ырысбек келе жатыр!
Соғыстан қайтқан адамды бүкіл ауыл болып алдынан шығып қуана қарсы
алу салтқа айналған. Сондықтан сүйіншіні де кезіккен адамның бәрінен сұрай
береміз. Ілездің арасында ауылдың кәрі-жасы тегіс бірі қалмай қара жолға қарай
жүгірді. Бірі сенеді, бірі сенбейді.
− Былтыр қара қағаз келмеп пе еді?!.
− Е, қара қағаз деген кейде жаңылыс келе беретін көрінеді ғой. Мына көрші
колхозда да артынан қара қағаз келген біреу үш ай өткен соң аман-есен тірі
қайтыпты.
Мұндайда қуанышқа да шыдай алмайтын кемпірлер көздерін сығымдап
жылап келеді.
− Байғұс-ай, тірі екен-ау!..
− Дәм-тұзы әлі таусылмаған ғой.
− Менің құлыным да бір күні өстіп жетіп келер кез болар ма екен, дүние-
ай!..
− Ей, әмірі күшті жаратқан…
− Әлгі Дүрия сорлы қайтер екен енді?
− Е, сорлы боп оны біреу төлеуіне беріп пе?! Өз обалы өзіне, жаман қардың.
Ең болмаса, бір жыл отырмады-ау, артын күтіп. Енді бармағын шайнап отырсын.
− Е, алланың ісі десеңші оны да. Әйтпесе, Көлбай кереңге о байғұс қайбір
жетіскенінен тиді дейсің…
− Ибай-ау, Ырысбек қайда барар екен, енді? Кімнің үйіне түсер екен? Туыс
дейтін туыс та жоқ қой байғұста?
− Е, ел-жұрт емеспіз бе? Қайсымыздың үйімізге кірсе де қарсы аламыз ғой.
− Иә, бәрінен де азаматтың аман-сау оралғанын айтсаңшы…
Өстіп кемпірлер мен әйелдер сан-саққа кетіп тұрғанда төбеден Ырысбектің
де қарасы көрінген, біз балалар жарыса лап қойдық.
− Аға-а!..
− Ырысбек аға-а!..- деп шұрқыраса дауыстап, құстай ұшып келеміз.
Бірімізден-біріміз бұрын жетіп, бетімізден бұрын сүйгізуге асығамыз. Соғыстан
қайтқан адамның бетіңнен бір сүйгені — әкеңнің, яки бауырыңның сүйгеніндей
олжа, дәл солардың қасынан қайтып, солардың ыстық сағынышын, солардың
сәлемін жеткізгендей көрінетін. Соның өзіне мауқымыз басылып, масайрап бір
жасап қалатынбыз.
Әне, балалардың алды оған жетті де, енді Ырысбек оларды кезек-кезек
құшақтап сүйеді-ау беттерінен,- деп ойлағанбыз… Жоқ, түк те олай еткен жоқ.
Сүймек түгілі амандасқан да жоқ. Топырлап жеткен балаларға қабағын шытып.
− А, ну, шаңдатпаңдар!.- деді ақырып. Көзін алақ-жұлақ еткізіп алартып-
алартып қойды, иығына асынған мылтығын жөндеді, қынай буынған әдемі жалпақ
белдігін дұрыстап, жейдесінің етегін кейін қарай ысырып сәнденді де, онан соң
жолдың тақ-тақтау жиегімен әскери тәртіпте екі қолын сермеп тастап, сарт-сұрт
адымдап жүріп кетті. Етігінің табаны дүк-дүк еткен сайын өкшесіне байлап алған
әдемі жылтыр темір де сәнімен шылдыр-шылдыр етеді.
− Ол шпор! — деді Әжібек біздерге түсіндіріп,- Ырысекем атты әскерде
болыпты, соның белгісі.
Біз аузымызды ашып, көзімізді жұмдық. Мұндай сәнді киімді де, мұндай сәнді
жүрісті де, шпорды да тумысымызда бірінші көруіміз еді. Бәрінен де иығындағы
мылтығын айтсаңшы! Ырысбектің алды-артына шығып, әр затына қызыға қарап,
шұбап келеміз. Үлкендерге де таяу қалғанбыз, шыдамсыз бір-екі кемпір
құшақтарын жайып ұмтылыса берді.
− О, айналайын, сені де көретін күн бар екен-ау!..
− Асылдан қалған тұяғым-ай, ата-бабаңның аруағы жебеп, аман-сау
оралдың ба!..
Екі кемпір қабаттаса кеп, құшақтап сүймек еді, бірақ Ырысбек оларды
қолымен сәл кейін ысырып, өзін құшақтатпады да, сүйгізбеді де:
− Есенсіңдер ме, аналар! — деді даусы гүр етіп.- Есенсіңдер ме, туған жер,
ел-жұртым! -деді онан соң өзін қарсы алып тұрған көпшілікке даусы саңқылдап.
Даусы мұндай зор, ашық болар ма, әр сөзі балғамен соққандай естіледі. Екі
кемпірден кейін қалай амандасарларын білмей жұрт аңтарылып қалған. Ырысбек
сол шақ-шұқ етіп адымдаған күйінде олардың қақ ортасынан жарып өтіп, тура өз
үйіне тартты. Ешкімге бұрылып қараған жоқ, ешкіммен сөйлескен жоқ. Енді бүкіл
жұрт соңынан ілесті. Дәл есігінің алдына барғанда өкшесін сарт еткізіп тоқтады да:
− Әжібек! — деді.
Әжібек жүгіріп барып оның қарсы алдына қалшиып тұра қалды да, қолын
шекесіне апарып нағыз әскерше честь берді.
− Бар, Дүрияны шақырып кел, мына үйдің есігін ашсын! — деді Ырысбек әр
сөзін шегелеп бұйыра сөйлеп.- Шаңырақтың иесі өлген жоқ, аман-есен келіп тұр
де. От жағып, түтін шығарсын!
Бағанадан Ырысбектің қылығына түсіне алмай дел-сал боп тұрған жұрт бір
ауыздан күрсініп, көздеріне жас алды. Ырысбектің мына сөздері бәрінің де ет
жүрегін езіп жіберген тәрізді.
− Алда, сорлы-ай, енді қайтсін!..
− О, опасыз дүние десеңші.
− Шіркін-ай, осы азаматты күтпеген қатынды айтсаңшы!..- деп кемпірлер
мен әйелдер тағы да күңкіл-күбір сөзге көшті. Ырысбек болса ештеңені
естімегендей бір қолын мықынына салып, шіреніп тұр. Аспанға қарайды, қайта
бастаған күнге қарайды, онан тауға қарайды, шоқыларды санағандай қадала
түседі.
− Туған жер, жеттім топырағыңа, енді өлсем де арманым жоқ,- деді тебірене
сөйлеп, көзі жасаурағандай болды. Кемпірлер: «айналайын-ай!..» — десіп
мұрындарын мырс-мырс тартып жылап жіберді.
Әжібек те жеткен Дүрияны ертіп. Дүрия анадай жерден тартыншақтап, екі
көзі жасқа толып боталап, кілтті Әжібекке ұстата берген.
− Дүрия-ай, өзің кеп ашшы есікті! — деді Ырысбек тағы да даусын көтере
саңқылдай сөйлеп.- Сүйіп алған жарым едің ғой. Неке бұзып ажырасқан жоқ едік.
Өзіңнің от жаққан жерің еді, тағы да кеп өзің жақшы отты!
− Жөн-ау! Жөн-ау, Ырысбекжанның сөзі!…
Дүрия жасқана басып жақын келді де Ырысбектің алдына жеткенде еңіреп
жылап, оның аяғын құшақтай құлады. Көз жасы ЬІрысбектің шаң-шаң етігін
айғыздап жіберген. Ырысбек әуелде екі иығы селк-селк етіп, бет-аузы тыржиып
күліп тұрғандай боп көрінген, енді бір сәтте тарам-тарам жас оның көзінен де
сорғалады.
Екеуі осы бір күйде тұрды да қойды: Дүрия оның аяғын құшақтап бас
көтерместен көл-көсір боп еңірейді, Ырысбек болса екі иығы селк-селк етіп,
аяғынан байлаулы адамдай тапжылмайды, не еңкейіп илікпейді. Әлден уақытта
кемпірлер барып, Дүрияны қолтықтап тұрғызып алды.
− Есік аш, қарағым,- деді.
Дүрия жылағанын қойып, көз жасын жаулығының ұшымен сүртті де, барып
есікті ашты. Ырысбек өзі бастап үлкендердің бәрі ішке кірді. Әйелдер дереу
сыпыртқы тауып, су сеуіп үйдің ішін тазартып, сыпыруға кірісті. Екі-үш әйелді
Дүрия үйіне ертіп әкетті де, көтергендерінше көрпе-жастық, киіз, ыдыс-аяқтар
алып келді. Есік алдына көрші-қолаңдардың самаурындары әкелініп, шай қойылды.
Ілездің арасында, бір жылдан бері қаңырап иесіз тұрған Ырысбектің үйі гу-гу еткен
қызық думанға толды да қалды. Үйдің іші ысып кеткен соң терезені жақтауымен
түгел алып тастаған, мұнысы бізге — балаларға рақат болды, енді іштегілердің гу-
гу сөздерін сыртта ойнай жүріп-ақ тыңдай беретін болдық. Үлкендердің сөздерін
тыңдауға шетімізден әуес-ақпыз. Ол сөздері біз тыңдауға лайық па, жоқ па,- ол
жағын білмейміз, әйтеуір олардың ауыздарынан шыққан жақсы сөзді де, жаман
сөзді де, қағып ап, бойымызға сіңіре беретінбіз. Біртіндеп жұмыстан қайтқан
еркектер мен шалдар да келе бастады. Дүрияның кейінгі тиген күйеуі Көлбай
керең де келді. Екеуі төбелесетін шығар деп, біз, балалар, терезеге үймелей
қалғанбыз, жоқ, төбелеспеді, қол алысып амандасты да, Көлбай керең есік жаққа
мыжырайып отыра кетті. Бөркін алып, басын қасынды да, онан соң көзіне дейін
түсіріп қайта киіп алды. Үй шаруасымен кіріп-шығып жүрген Дүрияға бірдеңе деп
күңкілдеп еді, анау қабағын шытып, сөйлеспеді.
− Дүрия! — деді Ырысбек дауыстай сөйлеп.- Жаным, менің домбырам,
гармоным, мандолинім, скрипкам қайда?
− Қазір, қазір…- деді Дүрия. Әжібекті ертіп үйіне қарай жүгіре басып кетті
де, сәлден соң екеуі, әлгінде Ырысбек сұраған бар аспаптарды көтеріп жетті.
− Ой, бәрекелде! Дүрияның мұнысы іс болды,- десті риза болған
ақсақалдар.
− Рақмет, жаным! — деді аспаптарын көргенде жүзі жайнаңдап кеткен
Ырысбек. Домбырасын жұлып ап, құлақ күйін келтіріп қағып-қағып жібергенде,
үйдің ішіне уыс-уыс күмісті шашып-шашып қалғандай болды. Тосаңсып қалған
қолын жаттықтыру үшін құлақ күйлердің біразын бірінен кейін бірін шұғыл-шұғыл
қайырып тастап отырды да, бір кезде еті қызған жүйріктей күмбірлетіп ап жөнелді
дейсің. Үйдің ішіндегілер де, сыртта терезе түбінде тұрған біздер де демдерімізді
ішімізге тартып, сілтідей тына қалдық. Қос ішекті ағашта осынша құдірет болады
деп кім ойлаған, бірде бебеу қағып, бірде сұңқылдап, көңілді алай-дүлей
аласапыран күйге түсіріп, мүлде естен таңдырды. Екі көзіміз телміріп Ырысбекте,
оның ерекше қасқайып отырған отырысына да, күреңіте тершіген сұлу жүзіне де,
ойнақшыған өткір көзіне де, қайратты қара шашына да ынтызар боп қызыға
қараймыз. Үйдегі бүкіл ауыл адамдары бір төбе де, Ырысбек өзі бір төбе,
байқаусызда қаз, тауықтардың арасына кеп қонақтап қалған қыран бүркіт сияқты.
Күйді ойнап болғаннан кейін домбырасын көкірегіне басып, көзін жұмып,
бала тербеткендей ырғатылып сәл отырды.
− Жұртым,- деді онан соң, даусы елжіреп, егіліп шықты.- Алыста қан
майданда жүргенімде отырсам ойымнан, ұйықтасам түсімнен шықпады туған
жерім. Жоңғардың мынау жоталары дүниенің төбесіндей де басқа жер осының
етегіндей боп көрінді. Сондайда: «Дүние-ай, туған жерге аман-сау оралып, сол
жоталарға бір шығып, дүниенің төбесінен қарар күн болар ма екен?!» деп
армандаушы едім. Сол арманыма бүгін, міне, жетіп отырмын. Әлгінде де айттым
ғой, тағы да айтам: қазір табанда осы арада жан тәсілім етсем өкінбеймін енді.
Өздерің өліп-тірілген адам деп отырсыңдар мені. Ол рас. Мен бір өліп, сонан қайта
тірілген адаммын. Мені тірілткен мына сендердің ақ тілеулерің, дарқан
пиғылдарың! Ризамын, елім, жұртым. Мен жауған оқ пен жанған оттың ортасына -
қанды ұрысқа үш рет кірдім. Екі рет аман шықтым, үшінші ретте жараландым. Өте
ауыр жараландым. Мына кеудеме оқ тиіп, екі күн ұрыс даласында есімнен танып,
қансырап жатқанымда орыстың бір қаршадай қызы жанымды арашалап аман алып
қапты. Мені өлдіге жорып қойған екен, енді болмаса көп өлікпен бірге көмгендей
де екен, сонда әлгі қыз бала менің әлі де тірі екенімді біліп аузыма су тамызыпты.
Мен, бейбақ, сөйтіп, дүниеге қайта оралдым, сөйтіп тірілдім… Госпитальға әкеп,
кеудемді тіліп, өкпемнің оқ тескен тұсын ойып алып тастады. Сөйтіп, орнымнан
тапжыла алмай үш ай жаттым.
Үй ішіндегілер «аһ» ұрып күрсініп, кемпірлер мен әйелдер көздерін
сығымдай берді.
− Айналайын-ай, көрер қызығың әлі бітпеген ғой.
− Ой, дүние-ай, талай боздақтар қалды ғой, сөйтіп, қансырап, талай жерде.
− Қу соғыс, көріңде өкіргір пәшис!..
− Орысымнан айналдым! Шіркін, қаршадай қызының істеп жүргенін қарашы!
− Ей, түге, тоқтаңдаршы, тұс-тұстан сапылдап жарыспай, әңгімесін
тыңдайық! Ырысбекжан, сен өзің пәшис деген иттерді көре алдың ба? Қандай
болады екен.
− Иә, иә, соны айтшы. Түрлері қандай өзі, кәпірлердің? Адам сияқты ма? —
деп Байдалы шал да қозғалақтап қойды.- Қазиттердегі суреттеріне қарасаң жаның
түршігеді ғой өздерінен, неше түрлі хайуан-жәндіктерге ұқсайды. Иіріліп-иіріліп
жатқан жылан сияқтысы да, тісі ақсиған қорқау қасқыр сияқтысы да, әйтеуір толып
жатқан жексұрындар ғой түрлері.
− Фашист дегенді көрдім,- деді Ырысбек.- Бір офицері қолға түсіп, соны,
мына, тап сіз отырғандай жерден күзетіп тұрдым. Өңдерінде қан-сөл деген
болмайды екен…
− Е, кісі өлтіретін адамның түрі сондай болады ғой.
− Көздері қанталап тұрады екен.
− Астапыралла, қанға тоймайтынның өзі десеңші. Тұмсықтан салмадың ба
иттің баласын.
− Қолға түскенді ұруға заң жоқ қой. Әлгінің қасында бір сағаттай
тұрғанымда әлгі жұтқан ауадан жұтқаныма жиіркендім. Бірақ амал қанша, шыдау
керек.
Күн батып, ел орынға отыратын кез болды, бірақ бірде-бір адам тараған
жоқ. Ырысбектен соғыс жайын, өзінің қай майданда, қай жерлерде болғанын,
ауылдан кеткендерден кімді көргенін үсті-үстіне сұрайды, бір айтқандарын қайта-
қайта айтқызады, таңырқасып, таңданады, жандары ашиды, бір ауық көздерін
шылап жылайды. Оның әңгімелерін анық ести алмай қор болған
Көлбай керең ғана кеңірейіп, әркімнің аузына жапақтай қарап көңілсіз отыр.
Алғашқыда ол қасындағылардан: «А?!» «Не дейді?» — деп сұрап отырды да,
ақыры олар мезі болғандай теріс айнала бастаған соң мазалауын қойды. Бір мезгіл
Дүрияға: «Әй, үйге қайтайық та» — деген; «Жә, отыршы жайыңа!» — деген Дүрия
зеки сөйлеп. Өзі дастарқан жайып, шай әзірлеп, тыным тапқан жоқ. Ырысбектің
әңгімелерін үзік-үзік тыңдап жүр, ести алмай қалған тұстарын әйелдерден сұрап
алады. Есік алдына шыққан сайын егіліп-егіліп жылайды да, ішке кірерде көз
жасын сүртіп тастайды.
Терезе алдында топырлай тұрып іштегілердің бірде-бір сөзін, әңгімелерін
қалт жібермей тыңдаймыз, бір ауық жалыққандарымыз есік алдындағы қалың көк
шөпке алысып-жұлысып ойнап аламыз. Мұндай күндері біздің қуанышымыз
бөлекше. Өйткені бүкіл ауыл көңілденіп, думанды боп қалады. Жұрттың қабақтары
ашылып, жүздері жадырап бір күнге болса да бастарындағы ауыр қайғы-
қасіреттерін сейілткілері келгендей күйге ауысады. Қайтқан адамның әңгімелерін
тыңдап, өздері де сөйлеп шерлерін тарқатады. Мұндай күндері бастарына секірсек
те біздерге ұрсып-зеку деген болмайды. Кірген-шыққан табақшы әйелдер: «Әй,
мына балалар аш қалмасын» — деп, бірі тостаған толы сүтке шылаған талқан
берсе, бірі қуырған бидай уыстатады. «Өй, айналайындар-ай!» деп мүсіркеп
қояды. Осыдан кейін біз шаттанбай, кім шаттансын. Түннің жарымы тұрмақ таң
атқанша, қашан үлкендер тарағанша жату жоқ, ойынның түбін түсіреміз.
Түннің ортасы болды, бірақ жиналған жұрт қозғалар емес. Ырысбек біресе
гармонын тартты зарлатып, біресе мондолині мен скрипкасын ойнады сыңсытып,
қолына қайсысын алса да іркілмейді, құйқылжыта жөнеледі, нешетүрлі әуендер:
татар, орыс, қырғыз, қазақ саздары бірінен кейін бірі төгіледі.
− Паһ, шіркін, өнеріңе болайын! Өнерпаз деп осыны айт!
− Он саусағың бал екен-ау!
Елти тыңдаған жұрт таңдайларын қағып, тамсана түседі.
− Ырысбек-ай, даусыңды сағындық қой, шаңдозым, бір әу деп жіберсеңші!
— деді шыдай алмаған Байдалы шал.
− Иә, иә, бір әу деп жіберші!
− Ән салшы, ән салшы! — деп енді оны тұс-тұстан қолқалады.
− Халқым қалау айтты ғой, әпкеші, домбырамды! — деп Ырысбек көтеріле
бір сөйлеп, қолына домбырасын алды да күмбірлетіп күйлей жөнелді. Өңі сұстанып
ойлы күйге түсті.- Дүрия қайда? — деді онан соң саңқ етіп. Дүрия есіктен басын
сұққан.- Келші бері! Отыршы қасыма!
Дүрия ыңғайсызданып, қипақтап қалған.
− Кел, отыр қасыма! — деді Ырысбек екінші рет әмірлі үнмен.
− Әй, Дүрия, бар, отыр, қарағым, қасына!
− Өзі шақырды ғой, отырсаңшы!
− Иә, отыршы қасына! — десіп жұрт жан-жақтан кеу-кеулеп, қолынан
тартқандай ғып апарып, оны Ырысбектің қасына отырғызды. Дүрия қып-қызыл боп
қызарып, шамның жарығына жақын отырған жүзі ерекше алаулап сұлуланып кетті.
Көлбай керең Ырысбектің саңқылдай айтқан сөздерін естіген кезде көзі
бажырайып, Дурияға кіжіне қараған, енді тук көрмегендей басын тұқыртып бүгжие
берді.
Ырысбек домбырасын қағып-қағып қалды да, майда қоңыр үнмен бастай
жөнелді.
Айтады Біржан өлең ентелетіп,
Біржанды халқым қойды-ау еркелетіп… –
деген кезде шалдар бір қозғалып:
− Уай, не дейді-ау!
− Пәлі, шіркін! — десіп кеу-кеулеп, мәз боп қалды. Мұнан әрі Ырысбек
тынысын бір кеңейтіп алды да даусының бар қуат-құдіретін әннің қайырмасына
салды:
Ахау ха-ла-ла-ла, ла-ла-лай,
Ахо-оу-у ха-ла ла-ла ла-ла-лай
лай ла-ла лай…
Мұндай да зор, мұндай да асқақ, мұндай да әсем, сазды сұлу дауыс болар
деп кім ойлаған. Соңғы үш жыл бойына жылау-сықтаудан, қасірет-қайғыдан,
қаралы күйден ығыр болған, мынау май шамдары сығырайған ауылды, мынау
меңірейген қараңғы түнді, сонау күрсінгендей боп дүңкиіп жатқан биік шың-
жоталарды осы бір асқақ ән лезде кеулеп, сілкіп-сілкіп қалғандай болды.
− Уа, өркенің өссін, азамат!
− Көп жаса, қарағым! — деп, жұрт естен тана тәнті боп, мүлде есеңгіреп
қалды.
− Ал тағы да деп жібер!
− Тағы да, тағы да…- дейді.
Ырысбек те көп жалындырған жоқ, Біржаннан кейін Ақан серінің,
Иманжүсіптің, Әсеттің әндерін бірінен бірін асыра шырқады, бірде еңіретіп егілтіп,
бірде наздандырып, бұрын түйсініп, сезіп-білмеген әсем күйге түсірді. Біз, балалар,
ойын дегенді ұмытып, дүниеде осындай да сұлулық, осындай да сырлылық,
кербездік, тіпті түсіндіріп айтуға тіл жетпес бір тәтті сәттер болатынын ұғып
тұрмыз. Ырысбек:
Қозы Көрпеш — Баяндай,
Бір молада өлсек-ау…−
деген тұста кіп-кішкентай жүректеріміз ыршып, бұлқынып-ыршып бұлқынып
түскендей болды. Терезеге ентелеген күйде біріміздің қолымыздан біріміз тастай
қатып ұстай беріппіз.
− Қайран Ырысбек аға… Байғұс Ырысбек аға…- деді балалардың бірі
сыбырлап.
Ырысбек болса енді Дүрияға аса бір мұңлы кейіпте қадала қарап қапты.
− Ей, алланың жазмышы-ай, пендеңе көрсетпейтінің жоқ екен-ау,- деді
кемпірлердің бірі қатты күрсініп қап.
− Жә, көп отырып қалдық қой, қайталық енді. Ырысбекжан алыс жолдан
келді ғой, жатып дем алсын,- деді Байдалы шал.
Жұрт орын-орындарынан қозғалып, тұрып кетуге ыңғайланды. Дүрия да
тұра берген.
− Тоқта, отыр! — деді Ырысбек оны қолынан тартып. Онан соң даусын
көтере: — Ағайын, тізе бүгіңдер. Айтар арызым бар, бәріңе! — деді нық үнмен.
Жұрт ошарылып қайта отырысты, бәрі аңтарыла қарайды ЬІрысбектің
аузына. Ырысбек әлі со Дүриядан көз айырмаған мұңлы кейіпте отырып толқи
сөйледі:
− Мынау отырған менің сүйіп қосылған жарым еді. Бүгінде басқа біреудің
әйелі боп отыр. Бірақ мен неке бұзып ажырасқан жоқ едім. Амал қанша, сұм
тағдыр екеумізді де тәлкекке салыпты. Жоқ, мен мұны кінәламаймын. Қарғысымды
соғысқа айтам… Уа, ағайын, жарымды қайтарып беріңдер маған!
Үйдің іші тым-тырыс боп тына қалды. Енді жұрттың көзі тегіс есік жақта
кеңірейіп отырған Көлбайға ауған. Ол әлі де толық ести алмай бағжаңдай береді
әркімге.
− Дүрияны қайтарып алам деп отыр Ырысбек. Сен не дейсің? — деді жақын
отырған біреу құлағына айқайлап.
− Жоқ, жоқ, мен қатынымды қайтарып бере алмаймын! — деді ол үзілді-
кесілді көзі шатынап.
− Сен не дейсің, қарағым Дүрия? — деді қарттардың бірі.
Дүрия сәл үнсіз отырды да, көзіне толған жасты ысырып тастап:
− Егер Ырысбек қал десе, мен осында қалам. Бүгін түнде өліп, сүйегім осы
босағадан шығар болса ризамын,- деді.
− Алда байғұс-ай, енді қайтсін.
− Шын сөзі-ау!…
− Не десін енді, өзі де солай ғой…
Көлбайдың қасында отырған адам Дүрияның сөзін оған айқайлап жеткізген
болатын. Көлбай ұшып тұрып, қонышынан екі жүзді ұзын сапыны жарқ еткізіп
суырып алды. Түнеукүні Махмуд деген чеченнен бір лаққа сатып алған болатын.
− Жарып өлтірем! — деді ұмтылып, бірақ төңірегінде отырғандар ұстап
жібермей қалды.
Осы кезде Ырысбек те атып тұрып, қабырғада ілулі тұрған мылтығын жұлып
алды да, Көлбайға қарап басып қалды. Абиыр болғанда қолын біреу қағып үлгеріп,
оқ Көлбайдың төбесіндегі бөркін ғана ұшырып түсірді. Үйдің ішіндегілер апыр-
топыр боп естері шығып кетті. Үш-төрт адам Көлбайды далаға сүйретіп әкетті.
− Ал, ағайын, сендердің алдарыңнан өттім. Ендігі сөзді Көлбайдың өзімен
сөйлесем. Тараңдар енді! — деді Ырысбек.
Сөйтіп, жұрт таң алдында тарады, Ырысбек пен Дүрия екеуі оңаша қалды.
Біз де тарамақ едік. Әжібек үш-төртеумізді басқалардан бөліп алып қалды
да:
− Тоқтаңдар, қызықтың көкесі енді болады,- деді сыбырлап.- Қазір Ырысбек
Дүрияны итше тепкілеп сабайды әлі, тіпті атып тастауы да мүмкін, соны көріп
кетейік.
Ондай қызықты көруге біз қарсы болушы ма ек, қайта жанып түстік. Сырттан
Достарыңызбен бөлісу: |