Кейіпкері жоқ өлең
Жүзің гүл дестесінен жаралғандай,
Қыздар тең келеді екен саған қандай?
Сенімен сөйлескенде шын айтайын –
Жүрегім махаббатқа оранғандай.
Ақылдым-ау, ақ дидар сәнің қандай,
Бар сұлулық бойыңнан табылғандай,
Күнде сала беруші ем суретіңді –
Болсам егер Қастеев Әбілқандай.
Желмен бірге желбірер шашың қандай,
Қиық қанат, әдемі қасың қандай.
Сыңғыр күлкің, еркелеп сөйлегенің
Бір құпия, тылсым күш жасырғандай.
Көздеріңе арбалып ұсталамын,
Кім сенің назарыңнан тыс қалады?!
Қараған жан шыға алмай батып кетер –
Жанарларың – Бермудтың Үштағаны.
Ән мен күйдің шабыты жылдам ба өзі,
Өнерімнің асқақтап тұрған кезі.
Саған арнап күнде күй шығарушы ем –
Әттең, бірақ емеспін Құрманғазы.
Сүйсінемін мүсінің, тал бойыңа,
Кезігесің жігіттің қандайына.
Қандай ару болсаң да мына менің
Бағым болшы бұйырған маңдайыма.
Достарыңызбен бөлісу: |