Тірек сөздер арқылы берілген тақырыпқа әңгіме құрастырады
Ойлау дағдыларының деңгейі
Қолдану
Тапсырма Тірек сөздерді мұқият тыңда.
Тірек сөздер:түрліөсімдіктер, жануарлар әлемі, сұлу, табиғаты тамаша, айдын көлдер, ну орман, асқар таулар, гүлдер, жазира дала, мөлдір бұлақ, сағыну, мақтан ету, қорғау.
Суреттер мен тірек сөздерді пайдаланып, «Туған өлкемнің табиғаты» тақырыбына мәтін құрастыр.
Дескриптор
Білім алушы -тақырыпқа сәйкес мәтін құрастырады;
-тірек сөздерді орынды пайдаланады;
-сөздерді мағыналарына сәйкес қолданады;
- ойын тиянақты, жүйелі жеткізеді.
Тапсырма Ертегіні мұқият тыңда.
Күнді аңсаған күнбағыс Ертеде айдын көлдің жағасында өрісі малға, отауы жанға толған бір ел өмір сүріпті. Олардың тұрған жерінің табиғаты өте бай, көрікті екен. Ал халқы еңбексүйгіш, ынтымақты да ұйымшыл болады.
Осы елде Күнікей деген ақылды да сұлу қыз болыпты.
Көп ұзамай Күнікей шалғай жатқан бір елге ұзатылып кетеді.
Арада біраз уақыт өтеді. Күнікей кеткен соң ауылдың реңі қашады. Өсімдіктері қурап, малдары аза бастайды. Мұндай жағдайға тап болған халықтың берекесі қашады. Оларға бақытты күндері Күнікеймен бірге кеткендей болып көрінеді.
Күндердің бір күнінде Күнікейдің бауырлары оның үйіне келеді. Күнікей барған жердің әдемі табиғатын, байлығын көріп таң қалады. Күнікейге өз ауылының жағдайын айтады.
Бауырларынан елінің жағдайын естіген Күнікей қатты қайғырады. Кері қайтуға барған жерін, жары мен балаларын қимайды. Амалы таусылған ол жақындарымен қимай қоштасып, аспанға көтеріледі.
Күнікейдің көкке көтеріліп бара жатқанын көрген көп жасаған дана қарт:
Ақылыңнан айналайын Күнікей, жұрттың бәріне шуағын шашып тұру үшін осылай істеген болар, - деп, оған сүйсіне қарайды.
Биікке көтерілген Күнікейдің нұрлы жарығы жер бетіне түгел жайылады. Өсімдіктер оның шуағынан нәр алып, қайта бой көтере бастайды. Ал, анасын сағынған балалары ол қай жаққа қарай қозғалса, көз алмай сол жаққа ұзақ қараумен болады. Анасын қатты сағынып, оған ұзақ қарағандықтан олардың жүздері сарғайып, өзгеше өсімдік түріне айналды. Кейін ол өсімдікті жұрт «Күнбағыс» деп атап кетеді.
Ертегіде Күнікей арқылы қандай табиғи дене сипатталған?
Күнекейдің жасаған әрекеті туралы не айтар едің?
Ертегіден қандай ой түйдің?
Дескриптор
Білім алушы - ертегінің мазмұны/кейіпкерлері туралы ойын айтады;
- мәтіннің мазмұны бойынша сұрақтарға жауап береді;
- ертегінің мазмұны бойынша қорытынды жасайды.