Алма Қыраубаева шығыстық Қисса-дастандар



Pdf көрінісі
бет6/17
Дата03.03.2017
өлшемі1,39 Mb.
#7010
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

Самұрық  құс.  Солтүстік  Америка  мифтерінде  Күркіре-
уік  алып  құс  (Громовая  птица)  туралы  айтылады.  Орталық 
Америкадағы  алып  құстың  аты – Вок,  Гуракан  атты  дауыл 
мен  найзағай  Құдайының  құсы.  Гуракан  аты  Еуропаға  «ура-
ган» болып тараған (Тайлор Э.Б., 1989-174). Авестада бүркіт 
кейіпті,  сэнмура  атты  итбас,  балық  қабыршақты,  қанатты 
құс  бар.  Ежелгі  адамдар  ол  арқылы  аспан  мен  жерді  жəне 
жер  астын  билеген  дегенді  нысаналаған  (Лелеков  Л.А., 
1991-501).
Самұрық  қазақ  қисса-дастандарына,  негізінен,  иран  əде-
биеті арқылы кеңінен жайылса керек. «Самұрық» атты қазақ 

101
100
қиссасы да бар. Онда Самұрық Мағұрып пен Машырықтағы 
екі  ғашықты  қоспау  үшін  қызды  жан  баласына  көрсетпей, 
адам  аяғы  баспайтын  жерге  бағып  өсіреді.  Бəрібір  қыз  бен 
жігіт  есебін  тауып  қосылып,  балалы  болады.  Оны  білмей, 
«нар  кеудесіне»  салып,  ұшып,  Сүлеймен  пайғамбарға  қызды 
алып  келеді.  Нар  кеудесін  ашып  жібергенде,  бір  қыздың 
орнына үш адам түскенін көріп, Самұрық талып қалады. 
Тұрмағамбеттің  «Рүстем-Дастанында»  Рудабе  босана  ал-
май,  қиналған  соң,  Зал  самұрықтың  бір  тал  жүнін  тұтатқан-
да, ол ұшып келеді. 
Бір талын осы түктің салғанда отқа,
Айналды ап-ашық күн қара бұлтқа.
Жұп-жұмыр жұмыртқадай бұршақ жауып,
Бір ауыл болды душар бүкіл жұртқа. 
Адамдар көрді дағы қалды құлап,
Ойбайлап қарттар жатыр, жастар жылап.
Бұл бұршақ – Самұрықтың аққан тері,
Төгілген тез ұшқаннан жанды қинап.
Баланы  анасының  ішінен  Самұрық  құс  жарып  алады. 
«Сейфүлмəлікте»:  Сейфүлмəлік  дарияның  ортасында  жал-
ғыз қалған жерінен құс пайда болып, өлімнен құтқарады.
Пері – қисса-дастандарда  жиі  кездесетін  мифтік  кейіп-
кер.  Ондағы  оқиғалар  кейіпкердің  пері  қызына  ғашық  бо-
луынан басталады («Сейфүлмəлік», «Баһрам»).
Перілердің мекені – Ирамбақ, жағымды бейнеде көрінеді. 
Пері  мұсылман  дəуірінде  емес,  одан  да  бұрын,  тіпті  біздің 
заманымызға  дейінгі  мифтерде  айтылған.  Мысалы,  Авеста-
да – пайрика,  əйел  кейпіндегі  жағымсыз  бейнелер.  Кейінгі 
нұсқаларында  адам  кескінінде,  аң  кейпінде  болып  келеді. 
Кейде ұшып жүреді. Адамдармен қосылып, одан туған бала-
лар ерекше күшті, алып болып шығады.
«Қорқыт  ата  кітабында»  Аруздың  Қоңыр  қойшысына 
пері қызы: «Сен оғыз еліне жамандық əкелдің. Мендегі ама-
натыңды бір жылдан кейін аласың», – дейді. Пері қызы əке-
ліп тастаған түйіншектен жалғыз көзді бала шығады. 
Перілер  адамдар  еліне  қосылып,  бірге  де  өмір  сүреді. 
Пері  қызы  Бəдіғұлжамалға  қосылған  Сейфүлмəлік  екі  елді 
бірдей билейді:
Шаһзада пері, адамға үкім қылар,
Кей уақыт Ирамбаққа барып тұрар.
Мəликенің атасы Сарандилге,
Кей күні анда барып сейіл құрар.
Кей уақыт өз жұртында болушы еді,
Кей заман Ирамбаққа қонушы еді.
Өзі пері жұртына кеткенінде,
Сағадатты өз орнына қоюшы еді. 
(Ғашық наме. 1976-174).
Пері  Жүсіп  Баласағұнидің  «Құтты  білігінде»  диюмен  қа-
тар  айтылады.  Екеуі  де  жауыз  күштер  түрінде  беріледі.  Бір 
ұғымға саяды:
Қане, дию, пері, құсқа, адамға,
Ұлық болған пейілі таза жаһанда 
(Баласағұни Ж., 1986-439).
Бұл жерде əңгіме аң-құс, дию-перінің тілін білген Сүлей-
мен пайғамбар туралы болып отыр. 

103
102
Орта  Азия  мифтерінде  еркін  перілер  де  бар,  олар  бақсы-
лардың  жəрдемшісі,  тіпті  тұтас  əскер  де  құрайды  (Баси-
лов В.Н., 1991-429). Мысалы: Жүніс пері, Жұлдыз пері, Құн-
дыз пері, Мысқал пері, Рахман пері, Молда пері, т.б.
Қазақ аңыздарында су перісі де кездеседі. Кейде Қорқыт-
тың  анасы  пері  қызы  болып  та  кетеді.  Ол  Қорқытты  ерекше 
күш, өнер иесі етіп көрсетуден туған миф болуы керек. 
Қазақ  аңыздарында  періге  ұқсас,  пірлер  туралы  да  айты-
лады.  Бұл – таза  мұсылман  ұғымы,  діни  ұстаз  мағынасын-
да  болса  керек.  Өте  ескілікті  бір  «Аушадияр»  жырында 
(Иран азаматы Насрулла Тайбай-ұлы жіберген):
Аушадияр пір дейді,
Ашса кілем кірлейді.
Ата-анасын сыйлаған,
Ақ шалмалы пір дейді.
Аушадияр екі-ді,
Қорасан қалмақ кекілді.
Жаста қылған тəубеңіз,
Тас жазудай бекиді.
(Аушадияр. 1991).
Қорқыт  атаны  да  кейінгі  бақсылар  «пір»  деген.  Ежелгі 
перілердің  бақсыларға  көмекшілік  рөл  атқарғанын  ескер-
сек, «пір» де періге жақын кейіпкер болса керек:
Əуелі бақсы пірі – Қорқыт ата,
Тілеймін медет бер деп кетсе қата.
Адамнан ер Сүлеймен өткеннен соң,
Мойнына көп жамағат салған бата. 
(Марғұлан Ə., 1985-215).
Ғайып  ерен,  қырық  шілтен – қисса-дастандарда  жиі 
кездесетін кейіпкердің бірі:
Кемпір айтты: «Піріңмін, ғайып ерен,
Алғалы келіп тұрмын хабар», – 
дейді. («Мұңлық-Зарлық»).
«Алпамыста»: 
Ғайып ерен пірлерім,
Бұл пəледен өзің қақ.
«Чилтон»  сөзі  парсыларда: «көрінбейтін  қырық  қолдау-
шы»  деген  мағынаны  білдіріп,  ал  түрік  тілдерінде  оған 
қырық  сөзі  қосылып  айтылады.  Тілшілердің  дəлелдеуінше, 
демонологиялық  сипаттағы  кейiпкер.  Қазақтағы  «шілдеха-
наның» өзінің түбірі «чил» – қырық. Қырық күннен соң ғана 
жаңа  туған  баланың  шашын,  тырнағын  алып,  той  жасайды. 
«Қорқыт  атада» «Дерсеханұлы  Бұқашхан  баянында»  қырық 
уəзірдің  кесірінен,  Дерсехан  өз  ұлы  Бұқашты  жаралайды. 
Сол кезде:
«Бала  сол  араға  жығылған  кезде,  боз  атты  Қызыр  келіп, 
баланың  жарасын  үш  мəрте  қолымен  сипайды. «Бұл  жара-
дан  саған  өлім  жоқ,  қорықпа,  тау  шешегі  мен  ананың  сүтін 
жақса, жазылады», – деп, көзден ғайып болады.
«Ғайып  ерен,  қырық  шілтеннің»  қырық  шілтені – күдік-
сіз  анықталған  тіркес.  Ал  «ғайып  ерен»  жөнінде  əржақты 
пікірлер бар (Əміров Р., 1982):
Бірінші пікір: ғайып ерен – көрінбейтін қолаушы. Ол жеті 
топқа бөлінеді, алтыншы топ – қырық шілтен.
Екінші пікір: ғайып ерен – жабайы аң.
Үшінші пікір: ғайып ерен – парсының «ғайб йаран» деген 
сөзі. Яғни, ғайыптан пайда болған дос. 

105
104
Əрине,  осы  айтылған  пікірлердің  бəрінің  жаны  бар,  сөз 
төркінін  анықтауға  көмектесетіні  даусыз.  Бірақ, «ерен»  тү-
ріктің  сөзі  ме  деген  ой  келеді.  Ежелгі  түрік  ескерткіштерін-
де  «ерен»  сөзін  көп  кездестіреміз.  Ол  сөз  көбіне  «алып»  сө-
зімен  қосарлана  келіп  отырады.  Мысалы, «алып  ерен».  Бү-
гінгі қолданыста «ерен ерлік», «ерен қимыл көрсетті», – деп 
жатады. «Ерен» сөзінің түбірі – «ер». Махмұд Қашқариде:
Ерен албы ұқұштылар,
Қыңғыр көзін бақыштылар,
Төлмүн қару тоқұштылар,
Қылыч қынға күчін сығды, – 
деген жолдар бар.
Қазақшасы:
Ерен алыптар ұғысты,
Қыңыр көзбен бағысты,
Барлық қару тоғысты,
Қылыш қынға күшпен сыйды.
Түрік  тілдерінде  «ерен», «аран»  сөздерінің  түбірі  бір – 
ер,  ерлік. «Арандай  аузын  ашады,  аяғын  топ-топ  басады», – 
дегендегі «аран» да «ереннің» бір түрі болса керек. Ар, арлан, 
өр,  ер  сөздері  де  тазалық  мағынасында  айтылатынын  ес-
кертеді. Біздіңше, «ерлік» деген ұғымды да берсе керек.
Қорытындылай  келсек,  қисса-дастанның  негізгі  фабула-
лық  желілері  ең  көне  шығыстық  мифтерден  бастау  алып, 
миф  мəдениетін  жеткізуші  ретінде  маңызды  рөл  атқарады. 
Қисса  сюжетіндегі  тұрақты  желілердің  түп-төркіні  ежелгі 
мифтерден,  оның  хатқа  түскен  нұсқалары  «Гильгамеш»  пен 
«Авестадан» да табылып жатады.
«Авестаның»  иран,  үнді,  араб,  Орта  Азия  елдеріне  ке-
ңінен  тараған,  сонымен  қатар  қазақ  мифологиясындағы  қай-
нарлардың бірі екені ондағы мифтердің қисса-дастан сюжет-
терінде,  түрік  əдеби  ескерткіштерінде,  өмір  салтында  сақ-
талғанынан көрінеді.
Қисса-дастандарға  сюжеттік  жағынан  түп  қазық  болған 
тұрақты  желілерге  «қасиетті  мекенді»  суреттеу, «нұрдан  жа-
ралған»  қаһармандар, «қасиетті  ағашты»  дəріптеу, «хан  қы-
зының  жауына  болысуы», «түс  көру», «Дəуіт  пайғамбар 
жəне  тойымсыздықты»  сынау, «Сүлеймен  пайғамбар  жəне 
оның  жүзігінің  қасиетін»  сипаттау, «Жақып  пайғамбар  жəне 
қаһарманның  қыз  əкесіне  жеті  жыл  қызмет  етуі», «патша 
əйелінің  өгей  баласына  ғашық  болуы», «патшаның  тастан-
ды  баласы  жəне  аң  асыраған  бала», «мұнара  басындағы 
қыз», т.б. жатады. 
Итбастар  елі,  дию,  самұрық,  пері,  ғайып  ерен – қырық 
шілтен,  т.б.  мифтік  бейнелер  де  қисса-дастандардан  жиі 
орын  алған.  Итбас  адамдардың  көне  Египет  мифтерімен 
байланыстылығы, оның зоорантропоморфтық бейнелер екені 
аңғарылады.
Қорыта айтқанда, қисса-дастандар миф тақырыптары мен 
желілерін,  мифтік  бейнелер  мен  қаһармандарды  жаңғырт-
қан ежелгі əдебиеттің жанры демекшіміз. 

107
106
Екінші  тарау
ТҮРІК  ƏДЕБИЕТІНДЕГІ  ОЯНУШЫЛЫҚ 
ЖƏНЕ  НƏЗИРА ДƏСТҮРІНІҢ  ТУУЫ
Х  ғасырдан  бері  қарай  түрік  əдебиетін  ислам  мəдениеті-
нен  бөліп  қарау  мүмкін  емес.  Өйткені,  Египеттен – Ұлы 
Қорғанға  дейінгі  аралықта  билік  құрған  Араб  халифаты-
ның  қол  астына  қараған  елдер  Ислам  мəдениеті  атты 
өркениеттің ортақ ошағын тұтатқан еді. 
Əл-Фараби – ежелгі  грек  оқымыстылары  Платон,  Арис-
тотель, Пифагор, Евклид, Птоломей еңбектерін түгелдей мең-
геріп, араб тіліне аударып, оны дамытқан адам. Грек ойшыл-
дарының  еңбегін  кейінгі  шығыс  ғалымдары  əл-Фарабидің 
түсініктемелері  арқылы  оқыған.  Еуропа  елдері  философия, 
математика,  астрономия,  медицинаны  ислам  өркениеті  ар-
қылы  білді.  Көне  антикалық  мəдениет  дəстүрі  мен  шығыс 
дүниесін  біріктіру  арқылы  Еуропалық  Оянушылыққа  жол 
салды  деп  ойлаймыз.  Əл-Фарабидің: «Адамзат  өз  мекенінде 
тəртіппен,  жарастықты  жəрдеммен,  үнемділік  өлшеммен, 
ынсаппен  өмір  сүруі  керек», – дейтін  пəлсафалық  түйіні 
(Машанов  А., 1994) түрік  əдебиетінің  негізгі  ойларымен  қа-
бысты. Ислам мəдениеті ғылым, поэзия, өнер, т.б. салаларда 
өзіндік  өркениет  деңгейіне  жетті  (Фильштинский  И.М., 
1971-10).
Ислам  дінінің  негізін  қалаған  Мұхаммед  пайғамбары-
мыздың (570-632) өсиет-өнегелері,  өмірбаяны,  оның  сахаба-
лар,  əулиелер  жайындағы  əңгімелері  бүкіл  ислам  əдебие-
тінің  негізгі  тақырыптарының  бірі  болды. «Бұл  дүниеде 
жаңа  дін  жасаймын,  немесе  дін  жолына  өзгеріс  енгіземін» 
– деп талаптанғандар аз емес. Оған қолы жетіп, тарихта аты 
қалғандар  да,  жетпегендер  де  бар.  Мұхаммед  пайғамбар 
адамгершілікке,  əділеттілікке  негізделген  жаңа  діннің  негі-
зін қалады... «Құдайды сүйгеннен кейінгі басты парыз – бір-
біріңді сүю», – деп үйретті (Мұхаммед... 1994-132).
«Ата-анаға Құдайдың нұры жаусын... Егер олардың бірі не 
екеуі бірдей жер таянып, қартайып қалса, сырт беруге тиісті 
емессің.  Ұрыспа,  дауыс  көтеріп,  қатты  сөз  айтушы  болма. 
Мейлінше рақымды бол».
«Пақырға  қол  ұшын,  жоқ-жітікке  қайыр-садақа  бермеген 
адам  Алла  Тағаланың  өсиетін  аяқ  асты  етіп  бұзған  адам»... 
Осындай  имандылық  жолына  салатын  қағидалар  мен  хадис-
тер  түрік  əдебиетінің  де  негізгі  идеялық-көркемдік  межесі-
не  айналды.  Дүниетаным,  адамгершілік  мұраттар  бірлігінің 
түп қазығы болды. 
Араб  мəдениеті  Еуропаға  Х  ғасырлардың  маңайында 
белгілі  болған.  Араб  ғылымын  Еуропаға  таратушылардың 
бірі  Испанияға  келіп,  араб  ғылымын  оқыған  франциялық 
Герберт  деген  кісі,  кейін  Сильвестр  ІІ  деген  атпен  Рим  Па-
пасы  болған.  Ол  кезде  Испанияның  бір  бөлігі  Араб  халифа-
тының  қол  астына  қараған  еді. «Абай  жолында»  Е.П.Ми-
хайлов:
«Ендеше мен сізге айтайын, ислам тарихы – білім, ол үл-
кен білім! ...Ислам, араб өнері, жалпы дүние жүзінің ғылым, 
сана  табысына  көп  ғасырлар  бойында  аса  зор  жемістер  бер-
ген.  Ескі  антик  өнері  мен  Еуропаның  бəрі  де  келіп  шыққан 
Ояну  дəуірінің  арасында  жатқан  бірнеше  жүз  жылдар  меңі-
реулігі  бар.  Сондағы  көп  ғасырдың  қараңғылық  заманына 
сəуле беретін, тек араб мəдениеті екенін айтып өтті. Арыдағы 
Сократ,  Платон,  Аристотель  мирастарының  бүгінгі  өнерлі 

109
108
халықтар  қауымына  өзінше  өсіріп  кеп  жеткізушілер  шығыс-
тан  шыққан  данышпандар  болғанын  ескертті» (Əуезов  М., 
1989-425).
Мұхаммед  пайғамбар  негізін  салған  діннің  жиынтық  ой-
лары  Құранда  жинақталды,  ол  арқылы  бүкіл  ислам  елде-
ріне  тарады.  Əбубəкір  халифаның  тұсында (632-634) хатқа 
түсе  бастаған  Құран  кітабы  үшінші  халиф  Османның  кезін-
де (644-656) беделді  өңдеуден  өткізіліп,  жүйеленді  (Пиот-
ровский  М.Б.).  Кейінгі  қисса-дастандарға  сюжет  болған 
Нұх,  Мұса,  Ибраһим,  Ысмайыл,  Дəуіт,  Сүлеймен,  Жақып, 
Иса,  Ғайса  пайғамбарлар  оқиғасы,  олардың  өмірінен  алын-
ған  дидактикалық  əңгімелер  Құран  арқылы  кең  тарады. 
Құранның  түсіндірме-тəфсірлері  қарапайым  оқырмандардың 
ислам  əңгімелерін  білуге  деген  тілегін  қанағаттандырды. 
Пайғамбарлар  өмірінен  алынып  жазылған  «Қисас-ул  əнбиа-
ның»  арабша,  парсыша  нұсқалары  шықты,  түрік  тілінде  де 
жазылды.  Ватикандағы  «Афина  мектебі»  деп  аталатын  алып 
фрескада  Рафаэль  көне  дүние  ойшылдарын  бейнелеген. 
Одан  Италия  Оянушылығы  өзінің  дамуында  көне  антика 
дүниесі  мен  грек  ойшылдарына  қарыздар  екенін  көруге  бо-
лады:  ортада – Платон  мен  Аристотель,  оған  таяу  басқышта 
–  Диоген,  сол  жақтағы  жоғарғы  топта  пікір  таластырып 
тұрған Сократ, оң жақта – Пифагор жəне басқа да астроном, 
математик,  суретшілер  салынған.  Платон  мен  Аристотельдің 
ортадан  орын  алуынан  Италия  Оянушылығы  үшін  олардың 
аса  қадірлі  тұлғалар  болғанын  байқаймыз.  Көне  грек 
ойшылдарын  Х  ғасырдағы  ислам  мəдениетінде  жаңғыртқан 
əл-Фараби екенін мақтаныш етеміз. 
Ислам  мəдениетінің  қазақ  жеріндегі  ірі  ошақтары – Ба-
ласағұн,  Талас,  Сыр  бойы,  Отырар,  Сайрам,  Түркістан 
(Иасы)  қалалары  болды.  Одан  жүздеген  ақын-жазушылар 
(Дербісəлиев  Ə. 1995), Ақсақ  Темір  көрегендей  əскер  басы -
лар  шықты.  Исламдағы  сопылық  ағымның  өкілдері  Ахмет 
Йассауи,  Ахмет  Жүйнеки,  Сүлеймен  Бақырғани  сынды  ғұ-
лама  ақындар  болды. (Сүйіншəлиев  Х., 1989). «Исламият 
əлеміндегі  «əл-инсан  əл-кəміл»  мəселесін  мораль  филосо-
фиясы  негізінде  қалыптастырған,  əрі  осы  білім  саласын  ға-
сырлар  бойы  насихаттап-дамытушылар»  сопылық  əдебиет 
өкілдері еді (Мырзахметов М., 1996).
Кеңес  дəуірінде  бір  дүниені  ашып  айта  алмай  келген,  та-
рих,  археология  ескерткіштерінің  жүздеген  дəлелдері,  Орта 
ғасырда  Қазақстан  жерінде  үлкен  мəдениеттің  өркен  жай-
ғандығы  туралы  зерттеулер  жоғарыдағы  сөзімізге  негіз  бол-
мақ. 
«Мұсылмандық  табынушылыққа  құлай  берілгендер  Же-
тісу мен Оңтүстік Қазақстанды 766 жылы жаулап алып, онда 
саяси  билігін  жүргізіп  тұрған  қарлұқтар  болды.  Олар  мұ-
сылман  дінін  сонау  Мехди  Халиф (775-785) кезінде  қабыл-
дады  деген  пікір  бар.  Х  ғасырдың  басында  ислам  дінін 
Қараханидтер  əулетінің  ру  басы  Сатұқ  қабылдады,  ал  оның 
ұлы  Боғра  хан  Мұса 960 жылы  исламды  мемлекеттік  дін 
деп жариялады.
Археологтар  тапқан  ІХ-ХІІІ  ғасырлардың  қазба  ескерт-
кіштері  осы  өлкеде  қалалық  мұсылмандық  мəдениет  қалып-
тасқанын дəлелдей түседі» (Байпақов К., 1992-41). 
Ислам  мəдениетінің  қан  тамырлары  ретінде  Ұлы  Жібек 
жолының  Батыс  пен  Шығыстық  мəдени  байланыстарды 
нығайтуда орасан зор маңызы болды. Х-ХІІ ғасырлар арасын-
да Ұлы Жібек жолының бойында бұрынғы кенттерден басқа 
тағы 5-6 қала  болғаны  анықталған  (Маданов  Х., 1994-34). 

111
110
Оның  айғағы – Қарахан  мəдениетінің  алып  тұлғалары  Бала-
сағұн  қаласында  туып-өскен  əйгілі  ақын  Жүсіп  Баласағұни 
мен  Махмұд  Қашқари  еңбектері.  Бұлар – дүниежүзілік  мə-
дениетке айтарлықтай үлес қосқан тұлғалар.
Қарахан  мемлекетінің  тұсында  қала  мəдениеті  жоғарғы 
деңгейде дамыды. Сауда, дін, ғылым, əдебиеттің орталығына 
айналды. Суяб; Тараз, Отырар, Йасы (Түркістан), Испиджап, 
Сығанақ,  Мерке,  Барысхан,  Баласағұн  сияқты  Ұлы  Жібек 
жолының  бойында  орналасқан  ірі  сауда  қалалары  тұрды. 
Олардың  ішінде  Отырар  қаласы,  араб-парсы  жазбаларында 
–  Фараб,  одан  бұрынғы  деректерде  Тарбан,  өз  кезінде  аса 
бай  кітапханасы  бар  мəдени  ірі  орталық  болған.  Орхон  ес-
керткіштерінде «қаңлылар мекені – Тарбан қаласын» атайды. 
Тараз  қаласы 6 ғасырда  мəлім.  Оның  төңірегінде  Барысхан, 
Құлан,  Мерке,  Аспара,  Баласағұн  сияқты  қалалар  орналас-
қан. Ал, Іле жағында Қойлық, Екі өгіз, Талхиз қалалары бол-
ған.  Сондай-ақ,  Қарашоқы,  Қарнақ,  Ашнас,  Баршынкент  ту-
ралы  да  деректер  бар.  Бұл  қалалардың  экономикалық  өмі-
рінде  Шығыс  Түркістан  мен  Батыс  елдерін  жалғастырып 
жатқан  Ұлы  Жібек  жолының  аса  маңызды  рөлі  болды.  Бұл 
жол  бірнеше  тарамдалып,  мемлекеттің  өз  ішінде  де  байла-
ныстырып  жатты.  Ташкенттен – Таразға,  Тараздан  Шығыс 
Түркістанға  барса,  енді  бір  жол  Испиджабтан  Ертіске  қарай 
беттеді.  Қазіргі  Қазақстаннан  қазба  жұмыстары  кезінде 
табылған  Қытайдың  жібек,  форфоры,  Византияда  жасалған 
дүниелер – соның айғағы. 
М.Қашқари  «Сөздігінде»  Баласағұн  қаласы  туралы  «Шу 
– Баласағұнға жақын шаһар», – деген деректер бар. 
«Сағұн» – қарлұқ тайпасының үлкендеріне берілетін атақ. 
Түріктің  тəуіптерін  Атасағұн  деп  атайды», – дейді  (Түбі 
бір... 1993-14-28). Ендеше  Баласағұн  қаласы  бір  заманда 
Бала тəуіптің мекені болуы мүмкін. 
Осы  қалада  туып-өскен  Жүсіп  Баласағұни  «Құтадғу  бі-
лік»  атты  кітабымен  əлемге  əйгілі  болды  (Баласағұни  Ж., 
1986).  Қарахан  мемлекетінің  тағы  бір  мəдени  ошағы – Қаш-
қар  қаласында  Махмұт  Қашқари  атты  филолог  өмір  сүрді. 
Ол  да  үш  кітаптан  тұратын  «Түрік  сөздерінің  жинағын» 
жазып, өрелі еңбек жасады (Түбі бір ... 1993).
«Еуропадан  Азияға  дейін  жəне  оған  керісінше  бағытта 
созылып  жатқан  сауда  жолдарына  сипаттама  бере  отырып, 
сондай-ақ сол жолдармен ағылған сан алуан таңсық тауарлар, 
ежелгі  өнер  мен  дін  жолдары  туралы  əңгімелей  келіп,  орта 
ғасырлық  тарих  пен  рухани  өмірдің  аса  күрделі  болғанын 
атап айтпасқа болмайды. Шығыс пен Батыс, Азия мен Еуропа 
тоғысқан  Қазақстан  қалаларында  бір-біріне  мүлде  ұқсамай-
тын  мəдениеттердің  өзара  кірігіп,  бір-бірін  байыта  түсуле-
ріне  аса  қолайлы  жағдай,  ахуал  туды.  Өзара  қарым-қатынас 
жасау  нəтижесінде  отырықшы  қалалықтар  мен  көшпенді 
тайпалар  адамзаттың  ежелгі  мəдениеті  арқасында  маржан-
дай  жарқыраған  таң-ғаларлық  мəдениет  жасай  алды» (Ма-
данов Х., 1994-43).
Бұл  үзіндіні  ұзағырақ  алу  себебіміз  мəдениет  дамуының 
алғы-шарты  ретінде  қалалық  өмірдің,  ел  мен  ел,  мемлекет 
пен  мемлекет  байланыстарының  деңгейін  тарихшылар  көз-
қарасымен парықтау болып отыр. 
Осылайша  араб,  парсы,  қытай,  үнді,  бұлғар  бойы,  Кіші 
Азия,  Орта  Азия,  Еуропа  елдерінің  бір-бірімен  араласуында 
кіндік Азия – Қазақстанның айрықша рөлі болды. Қазақстан 
байыта отырып байыды. Тамыры терең түрік əдебиетінің ес-
керткіштері  «Орхон  жазулары», «Қорқыт  ата», «Оғыз  қа-

113
112
ғанды»  туғызған  халық  ежелгі  Құран,  Таурат,  Інжіл, «Ра-
маяна», «Панчатандра», «Шаһнама» миф-аңыздарымен сала-
лана түсті. Діни дидактика жанры туды. 
Осы  мəдени  үрдіс  моңғол  жаугершілігі  тұсында  да  то-
ластаған  жоқ.  Қираған  қалалар  қайтадан  еңсесін  көтере  бас-
тады.  Мысалы, «Шыңғысхан  өлгеннен  кейінгі  бұлыңғыр-
бұлдыр  жылдарда  бұл  қала  қайтадан  Сырдария  бойындағы 
мəн-маңызы  зор  саяси  жəне  экономикалық  орталық  болды. 
Үргініштен  шыққан  жол  сол  арқылы – Алмалыққа,  одан  əрі 
кетті.  Отырар  Орта  Азия  мен  Қазақстанның  оңтүстігінде 
кең  тараған  теңгелердің – шеку  орталығы  ретінде  де  бел-
гілі.  Қалада  ХІІІ-ХІV  ғасырда  ірі  қоғамдық  ғимараттар  салу 
ісі қолға алынды» (Байпақов К., 1992-70).
Осы  кезде  Ақсақ  Темір  державасының  мəдени  жағынан 
жоғарғы  деңгейге  көтерілгенін  Ахмет  Йассауи,  Арыстан 
баба кесенелері көрсетеді. 
Сондай-ақ,  Сарай,  Сарайшық  қалалары  да  осы  дəуірдегі 
өзіндік  өркениеттің  белгілеріне  жатады. «Өркениет»  деген 
сөзді  біз  тек  Еуропа  елдеріне,  оның  қазіргі  қалпына  қарай 
отырып  айтуға  үйренгенбіз,  ал  негізінде,  өткен  тарихи  жағ-
дайлар  тұрғысынан  қарасақ,  Х-ХІV  ғасырлардағы  Қазақстан 
мəдениеті өзіне тəн өркениет дəуірін кешті деп айтсақ, əбес-
тік  болмас.  Қала  мəдениетінің  дамуы,  əдебиет  пен  ғылым-
дағы  ұлы  тұлғалар  Фараби,  Йассауи,  Баласағұни,  Қашқари-
лердің,  Əли,  Рабғузи,  Құтб,  Хұсам  Кəтиб,  Хорезмилердің 
шығармашылығы Х-ХІV ғасырлардағы əдебиетте жан-жақты 
өсу  үрдісінің  болғандығын  көрсетеді  деген  ойдамыз.  Осын-
дай даму үрдісі өз ішінде түрік Оянушылығын туғызды. 
Əдебиеттегі  түрік  Оянушылығының  белгілері,  біздіңше, 
екі  үлкен  жаугершіліктен  кейін  көрініп  отырады.  Х-ХІІ  ға-
сырда  Баласағұни  «Құтты  білікте»  державалық  түрік  мем-
лекетінің төрт құбыласы тең үлгісін жасағанда, «Өтүкен бек-
тері», «Білге қаған», Күлтегін, Тоныкөктер құрған ұлы Түрік 
қағанатын  елестете  отырып  жазса,  Махмұт  Қашқари  түрік 
елінің  бай  мəдениетін,  тілін  жан-жақты  сипаттап,  түрік  ру-
хын  ірілендіре  түсті.  Яғни,  түрік  əдебиетіндегі  Оянушы-
лықтың  (Ренессанс)  бастамалары  да  осы  туындыгерлерде 
жатыр деп білеміз. 
Түрік  Оянушылығының  екінші  бір  көтеріле  түсу  тұсы 
ХІІІ-ХІV  ғасыр  əдебиетінде  көрінді.  Орта  Азияда  Науаи,  əл-
Фараби  шығармашылығында  Оянушылық  көріністері  бар 
екенін  В.М.Жирмунский  (Литература  эпохи... 1967-460-472) 
еңбегіне  сүйеніп,  қазақ  əдебиеттануында  алғаш  сөз  еткен 
ғалым  Əуелбек  Қоңыратбаев  болған (1994), И.В.Боролина 
(1970-2-376) «түрік  əдебиетіндегі  Оянушылықтың  пайда  бо-
луы олардың өзін-өзі тани бастауынан жəне Ренессанс мəде-
ниетінің  ошағы  болған  көрші  Иран  əсерінен», – деп  біледі.  
Ренессансы  да  шамалас,  ХІІ  ғасырда  басталып,  ХVІ–ХVІІ 
ғасырларда  аяқталған.  И.С.Брагинский  Ренессанстың  негізгі 
шарты  орта  ғасыр  жағдайындағы  қала  мəдениетінің  дамуы, 
қолөнер, сəулет өнері, сауданың дамуы деп біледі (1974-174-
177).  Осы  алғы  шарттардың  Х-ХІV  ғасырлардағы  Қазақ-
станда  толығымен  болғандығын  тарих  зерттеулеріне  сүйене 
отырып, жоғарыда айтып өттік.
Жетпісінші  жылдарға  таяу,  алпысыншы  жылдардың  ая-
ғында  бүкіл  түрік  əдебиетінің  тарихына  қатысы  бар,  Орта 
Азия  Ренессансы  туралы  В.М.Жирмунскийдің  мақаласына 
ілесе,  түрік  əдебиетіндегі  Ренессанс  белгілері  туралы  ойды 
татар  ғалымдары  қозғаған  болатын  (Хисамов  Н.Ш., 1979-
184). Армян, грузин, иран, қытай, араб, т.б. шығыс халықта-

115
114
ры  əдебиетінде  жалғастық  тауып,  Италияда  аяқталғаны  ту-
ралы  біршама  еңбектер  жазылған  (Конрад  Н.И., 1967). Бұл 
мəселе қазақ əдебиетінде əлі де арнайы зерттелген емес. 
Бізді  толғантатыны,  əл-Фарабидің  ғылымдағы  тұлғасы-
ның  Леонардо  да  Винчимен  ұқсастығы,  Жүсіп  Баласағұни-
дің көне антика əдебиетінің принциптеріне сүйенетіні, ежел-
гі  грек  ойшылдарын  дəріптеуі;  Йассауи  жəне  оның  ізіне  ер-
ген Иүгінеки, Бақырғани, Хакім аталардың гуманизм идеяла-
рын  ту  етуі;  Нəзира  дəстүріндегі  қиссалардың  ежелгі  сю-
жеттерді  қайталай  жаза  отырып,  адамгершілік,  түріктік  мə-
селелерді  көтеруі;  Ақындардың  шығарманы  ана  тілі – түрік 
тілінде  жазуы.  Сөйтіп,  түрік  тілінің  мəртебесін  көтеруі. 
Осылар түрік Оянушылығы жөнінде тілге тиек болады. 
Бұл көне дəстүр араб тіліндегі əдеби үрдіс ретінде тарап, 
араб  халифаты  қарамағынан  шығып,  Саманид  патшалығы 
құрыла бастаған парсы əдебиетінде қайта жаңғырды. Ал, тү-
рік-қазақ  əдебиетінде  Алтын  Орда  мемлекетінің  кезінде  не-
гізгі  əдеби  үрдіске  айналды.  Нəзираның  негізгі  тақырып-
тары  əлі  қол  үзіп  кетпеген  араб  сюжеттері  жəне  оны  жаң-
ғыртқан парсы қисса-хикаялары болғанымен, ол түрік Ояну-
шылығымен  астарласып  кетті.  Ақындар  ежелгі  мифтерден 
«əділ патша» жəне «адамгершілік» желілерін алып дамытты. 
Х-ХІV  ғасырдағы  түрік  ақындарының  Баласағұниден – 
Əлиге  дейін  ел  тəуелсіздігі  мен  бірлігін  ұстай  білетін  «əділ 
де  айбарлы  патша»  бейнесін  жасауға  тырысуы:  араб  жəне 
монғол  шапқыншылықтарынан  кейінгі  түрік  мемлекетінің 
іргесін  Түрік  қағанаты  тұсындағыдай  нығайту  қажеттілігі-
нен  туса  керек.  Ол:  Баласағұниде – Күнтуды  Еліг  пен  Ай-
толды  уəзір. «Қисса-Жүсіптегі» – Жүсіп  патша, «Жұмжұ-
мадағы» – Жұмжұма сұлтан, т.б. əкімдер мен хакімдер. 
Нəзиралық  əдебиет,  қисса-дастан  жанрының  түрік  əде-
биетінде  дамуына  көрші  жатқан  Иранмен  əдеби  байланыс-
тар  зор  əсер  етті.  Сондықтан  оның  жайын  бір-екі  ауыз  еске 
алмай кетуге болмайды. 
И.С.Брагинскийдің айтуынша (1972-35-40), парсы əдебие-
тінде  VІІІ-ХІ  ғасырдың  бас  кезінде  классикалық  даму  үр-
дісі  болды.  Араб  тілді  əдебиеттің  аясында  мұсылмандық 
дəуірге  дейінгі  парсы  мəдениетінің  культтеріне  деген  қы-
зығушылық,  оны  жаңғыртушылық  басталды.  Оның  жарқын 
өкілдері – Абдаллах ибн ул-Мукаффа (724-759), Башшар ибн 
Бурд (787 жылы  қайтыс  болған),  Абу  Нувас (762-815). Осы 
кезде  «шубияшылдар»  дейтін  оппозиция  өкілдері  шығарма-
ларын  ана  тілінде  жазып,  Иран  тілінің  мұраты  үшін  күрес-
кен.  Өз  өлеңдерінде  тəуелсіз  иран  мемлекетін  құру  идея-
сын  ұсынған.  Иран  Оянушылығының  бастамасында  осын-
дай көңіл-күйдің ықпалы болған.
Х  ғасырдың  бас  кезінде  Саманидтер  мемлекеті  болып 
Араб  халифатынан  бөлінген  кезде  парсы  тілді  иран  əдебиеті 
жаңа қарқынмен дамыды. Оның орталығы болған Бұхара бү-
кіл  Иран  мен  Орта  Азия  елдерінің  мəдени  кіндігінің  бірі 
болды.  Парсы  əдеби  мектебі  қалыптасты.  Осы  дəуірде  Ру-
дакидің соңын ала елуден астам (Брагинский И.С., 1972) екі 
тілде  бірдей  жазатын  ақындар  пайда  болды.  Оның  ішінде 
«Патшалар  кітабын»  жазған  Даники,  осы  дастанды  жетіл-
діріп,  құлпыртқан  Фирдоусилар («Шаһнама»)  бар.  Бұл  дə-
уірдегі  парсы  əдебиеті  елдік  рухты  көтерді.  Ө.Күмісбаев: 
«Қайта  өрлеу  дəуірінің  гуманизмі,  адамға  деген  ілтипат. 
Оның  Құдайға  көзқарасы  Фирдоуси  фундаментін  берік  қа-
лап  тастады», – дейді (1995-22). Нəзиралық  шығармалар 
туды.

117
116
Парсы  тіліндегі  сопылық  поэзия  мен  прозаның  бастапқы 
тұлғаларының  бірі – Абдаллах  Ансари (1006-1086). Поэма-
дағы  гуманистік  бағытты  дамытқан  ақындар  Омар  Хайам 
(1040-1131)  мен  Низами (1141-1203) болды.  Бұлардың  ішін-
де  Ансари  мен  Низами  түрік  нəзирашыларының  алдында 
ғана  өмір  сүрген  немесе  замандастары  еді.  Олардың  түрік 
ақындарына тиген шығармашылық əсері зор. 
Түрік  əдебиетіндегі  «Қисса»  жанрының  дамуы  тікелей 
осы  нəзира  дəстүрімен  байланысты  болды.  Нəзиралық  əдіс-
пен  жазылған  шығармалар  «қисса»  деп  аталады.  Қиссаның 
тамаша  үлгілері  ХІІІ-ХVI  ғасырлардағы  түрік  əдебиетінде 
туды.  Олар:  Əлидің  «Қисса  Жүсібі»,  Хұсам  Кəтибтің  «Жұм-
жұмасы»,  Құтбтың  «Хұсрау-Шырыны»,  Рабғузидің  қисса-
лары  (Рабғузи  туралы  бұрын  жазғандықтан,  бұл  жұмысы-
мызда қайталамаймыз. 1988). 
Аңыз  бойынша,  Мұхаммед  пайғамбардан  бір  қызық  қис-
са  (əңгіме,  баяндау)  айтып  беруді  сұрағанда,  ол  өсиет-өне-
геге  толы  əдемі  бір  əңгіме  айтты  дейді.  Пайғамбардың  бұл 
əңгімесі  «Қисса  Жүсіп»  болатын  (Пиотровский  М.Б., 1991-
90).  Түрік  əдебиетіндегі  қисса  жанрының  басы – «Қисса-
Жүсіптен»  басталатын  себебін  осы  аңыздан  іздегеніміз  жөн 
сияқты.  Жалпы,  нəзира  жанрын  «қисса»  деп  атау  да  осыған 
байланысты шықса керек. 
ХІІІ-ХІV  ғасырлардағы  түрік  қисса-дастандары  ХІХ-ХХ 
ғасырдың бас кезіндегі қазақ əдебиетінде өз алдына бір сала 
болып жалғасты. 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет