9-сыныптың соңында оқушылардың меңгеруі тиіс: қауіпсіздік техникасының ережелерін сақтауды; Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақпаратпен жұмыс істеу ережелерін сақтауды; қызметтік программаларды қолдануды; программалау тілінде файлдармен жұмыс істеуді ұйымдастыруды; салынған циклдермен программаларды құруды; программаларды құруда массивтерді пайдалануды; өңделген символдық алгоритмдерді программалауды; программалау тілі арқылы модельдер құруды; электрондық кестеде деректер қорын құруды; электрондық кесте арқылы деректерді іздеуді және сұрыптауды ұйымдастыруды; видео ақпаратты программалық құралдар арқылы өндеуді. Жеке тұлғалық нәтижелер: өз меншік жеке және топтық іс-әрекетін жоспарлау қабілеттіліктері; оқу және практикалық іс-әрекетте коммуникативтік құзыреттілік пен ақпараттық мәдениеті; қабылданған ақпаратқа талдау және сын көзбен бағалау дағдылары; өз іс-әрекетінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар құралдары мен ақпараттық көздерді пайдалануды; салауатты өмiр салтының құндылықтарын және негiзгi гигиеналық, эргономиялық және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар құрал-жабдықтарды қауiпсiз пайдалану техникалық шарттарын қабылдай білуді; жеке меншік өмір туралы ақпаратқа дұрыс көзқараспен қарауды; оргтехникаға ұқыпты қарауды.
Жалпы орта білім беру 10-11-сыныптары үшін «Информатика» пәнінен типтік оқу бағдарламасы
«Информатика» оқу бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген Орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес әзірленген.
Оқыту мақсаты қазіргі кездегі визуалды программалау технологиялары мен ақпараттық технологиялардың теориялық негіздері бойынша базалық білім жүйесін меңгеру, сонымен қатар осы құралдармен жұмыс істеу дағдысын алу болып табылады.
Оқыту міндеттері:
қажетті нақты міндеттерді шешу үшін визуалды программалау және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып, бастапқы теориялық білім мазмұның қалыптастыру;
визуалды программалау және мәтіндік, сандық, графикалық және дыбыстық ақпараттарды өңдеу бойынша ақпараттық технологиялар құралдарымен жұмыс істеуге дағдыландыру;
дербес компьютердің жұмыс істеу тиімділігін арттыру үшін қызметтік программаларды қолдана білу;
ақпараттық іс-әрекеттің этикалық және құқықтық нормаларын сақтауда жауапты қарым-қатынасқа тәрбиелеу.
Информатиканы оқытуда жобалау әдісіне ерекше назар аударған жөн, өйткені ол информатика курсына тікелей қызығушылықты көтеруді тудырады. Жобалау технологияларын қолдану информатика пәні бойынша ғана оқу сапасын көтеріп қоймайды, пәнаралық байланысты жасайды және жоба даярланып жатқан мектеп пәнін оқыту тиімділігін жоғарылатады.
«Информатика» пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі:10 сыныпта – аптасына 1 сағат, оқу жылында 34 сағат;11 сыныпта – аптасына 1 сағат, оқу жылында 34 сағат.