269
Отырсаң құрдасыңды елеп мейлі,
Жансая, арамыздан жел өтпейді.
«Сүмірейіп сөз айта алмай қалдыңдар» деп,
Баладай өлеңмен кеп өбектейді.
Бойыңдағы өкпеңді сезгеннен соң,
Нұрмат неге атыңды ән етпейді?
Осы жолы құрықтан құтылмассың,
Қанша айла қылсаң да не деп мейлі.
Үйімнен қырық қадам ұзағасын,
Бойдақтық басқа нәрсе елетпейді.
Алыстан сені көріп жетіп келдім,
Саған деген көңілдің ерек пейілі.
Ойда жүрген ақ ешкі ыңғай берсе,
Қырдағы қара теке дедектейді.
Жансая МУСИНА:
Нұрматжан, абай болшы өз бағаңа,
Әйтпесе дәл осындай сөз бола ма?
«Егемен еркектердің сапындамын»
Деп айтып мақтаныштан қозба, бала.
Қысылмай жұрт алдында «текемін» деп,
«Ешкіні қуам дейсің бос далада».
Махаббат – махаббат па көшедегі?
Сондықтан ақылыңнан тозба, бала.
Бір күні үйдегі «ешкің» біліп қалып,
Кіре алмай қап жүрерсің өз «қораңа».
Бісмілла деп ұмтылып алға бекем,
Мен бүгін көп нәрсені арман етем.
Қазақтың тарихында орны бөлек,
Маңғыстау, айналайын арда мекен!
Туған ел үш жүз алпыс екі әулие,
Киелі дәл осындай бар ма мекен?
Тарихта тағылымды із қалдырған
Кешегі Қашағандар заңғар екен.
Үйреткен ұрпағына ұлағатын
270
Шетінен шежірелі шалдар екен.
Солардың жалғасындай Әбіш атам –
Бүгінгі қазағымның нарлары екен.
Оңғарбай Ырза, Темір, Сабыр Адай,
Жалықпай жыр оқиды таңға бекем.
Туыпты осы жерде кіл дарындар,
Маңғыстау, мен сен жайлы талдап өтем.
Тағы үш жүз алпыс әулие туатындай
Қасиет топырағыңда қалған екен.
«Жиналып, халқым, құралсаң,
Сөйле деп бізге ұйғарсаң»,
Қашаған атамдай бастадым
Жырымның елге шекері.
Құт қонған асыл топырақ
Киелі мынау Маңғыстау –
Қайсарларымның мекені.
Тамырлы тарих жалғасқан,
Түзінде маң-маң, маң басқан
Түйелі мынау Маңғыстау –
Жайсаңдарымның мекені.
Абыл мен Нұрым, Ақтандай
Қашаған, Сүгір, Нұрымдай,
Жырлары кәусар бұлақтай
Талайларыңның мекені.
Айдарына жел тимеген,
Талай отына күймеген,
Құдіреті күшті Құдайдан
Басқаға басын имеген
Адайларымның мекені.
Сол Адайды кім десең,
Мен айтайын білмесең,
Пір Бекеттің ұрпағы
Деп айтсаң да жетеді.
Қалмайтын той мен дүрмектен,
Мейманын күтер құрметпен,
Жамағаттарымның мекені.
271
Жоққа салмайтын байбалам
Ал, тілің тисе тойында.
Намыстың қаны қайнаған
Азаматарымның мекені.
Бұл жерге келіп төбеміз
Көкке жетпей тұр екі елі.
Имандай шыным, ағайын,
Бабалар ізін бастым деп,
Ақтауға келсем бақыттан
Басым айналып кетеді.
Нұрмат МАНСҰРОВ:
Ағайын, ару қызда ұстам бөлек,
Қалықтап ұшқаны да құстан бөлек.
Осы елдің тектілерін тізіп жатсың,
Сырттағы айбар болған дұшпанға көп.
Жансая, жүректегі сөзін айтты,
Маңғыстау қасиеті қысқанда кеп.
Бақыттан басы айналып кетеді екен,
Осы елдің топырағын құшқанда кеп.
Адайдың бойдақтары, қайдасыңдар?
Сендерге Нұрмат жылдам нұсқау беред.
Батыстың бас білмейтін асау қызын
Басы айналып тұрғанда ұстау керек.
Құлдыраңдап қырында құлын шапқан,
Қазағым тарқатқан ғой түбін Сақтан.
Дертіміз қаншалықты емделмеген?
Жараның өзегіне ірің шапқан.
Төрдегі төрелерге не қыламыз?
Елдің мұңын көрмейтін шыбын шаққан.
Орыстың айбалтасын қолына алып,
Өзінің аузындағы тілін шапқан.
Обалына қарамай шырылдатып,
Шет елге қызы менен ұлын сатқан.
Жастарым адасып жүр жолын таппай,
272
Сектаның ақшасына дінін сатқан.
Ар-ұятын талақ қылған қыздарың көп,
Айырмасы қалмаған қуыршақтан.
Осындай жағдайларды ойлағанда,
Еріксіз дауысыма діріл шапқан.
Екі еркекке бермейтін алтын басын
Жүрегім сені көріп тыным тапқан.
Жауап таппай қараймын Жансаяға,
Мұхаңдай Фаризаға мұңын шаққан...
Енетін ақындардан кіл санатқа
Әрқашан көнеді ғой тіл сарапқа.
Халықтың пейіліне жүзіп жатсың,
Бір басың ие болып мұнша баққа.
Жансая, осыменен тоқтатайын,
Енді өзің әрі қарай жыр сабақта.
Қызуы сыртқа теуіп тұрған қызсың,
Мүжіле қоймайтұғын сын сағатта.
Қолтығына жұмыртқа салып берсең,
Балапан шығаратын бір сағатта.
Жансая МУСИНА:
Боп отыр Жансаяның жауы жаман,
Байқаймын, қарсыласым қауіп адам.
«Адайдың жігіттері қайда екен?» деп,
Жар іздеп отыр маған сахнадан.
Нұрматжан, ол жағынан қысылмаңыз,
Шыққасын бірін өзім тауып алам.
Өлеңмен жырдан шашу жайғаным бар,
Айтыста біз шабатын айналым бар.
Маңғыстау, саған айтар өкпем де көп,
Оралдың алып кеттің қаймағын бар.
Мысалы, Көшербаев әкімім ең,
Жасайтын саясаттың байламын дәл.
Біз жақтан алып кетіп – Ақ Жайықтан,
273
Әкім қып Маңғыстауға сайладыңдар.
Онан соң Мэлс ағам бас ақын ед,
Оны да «бізге кел» деп қайрадыңдар.
Ақыры ауыстырып Ақ Жайықтан,
Қасына Қырекеңнің жайладыңдар.
Ап кеттің ақынды да, әкімді де,
Қолданып небір түрін айланың бар.
Қысқасы, келіп тұрған қуғыншымын,
Жүрісім де тым суыт, байқадыңдар.
Мен, бәлкім, кешірермін өздеріңді,
Ол үшін қояр шартым, айтарым бар.
Айыпқа темір тұлпар мінгізіңдер,
Әйтпесе, екеуін де қайтарыңдар!
Ал, айтылсын әңгіменің шындығы,
Бұл Маңғыстау жер жаннаты бұл күні.
Алып-ұшып сендерге,
Үлкен тойға келгенде,
Ақыныңның естілмесін мұңлы үні.
Адайлар-ау, сендерге айтам жырымды,
Тойларыңыз тойға ұлассын бүгінгі!
Текті туған жұртың бар,
Жауынгерлік рухың бар,
Ешкім сенің түсіре алмас құныңды.
Ұлтың үшін жеңдің талай өлімді,
Тарих куә, қаның талай төгілді.
Сатпаймын деп жерімді,
Сақтаймын деп елімді,
Түрікпеннен тартып алдың төріңді.
Ақтау үшін сіңді біраз терлерің,
Неміс Кохты тақтан алып, ерледің.
Мақтанамыз біз бүгін,
Саясаттың тізгінін,
Гитлердің ұрпағына бермедің.
274
Жасап жатсың бүгін тойдың құттысын,
Біз сейілттік көңілдердің күптісін.
Уақытқа лайық,
Сахнадан тұрайық,
Ал, құрдасым, сенімен де бітті ісім.
Нұрмат бекер қиналма,
Кім өтер деп финалға,
Халық өзі таңдап алар мықтысын...
275
Салауат ИСАҚАЕВ пен Айбек ЕРЕЖЕПОВТІҢ айтысы
Салауат ИСАҚАЕВ:
Өмірге берері көп алғанынан
Адамды тану керек арманынан.
Белгісі Бекет бабам көрінеді,
Сөз тартсам ғасырлардың аржағынан.
Қашаған, Абыл, Нұрым үні естілер
Даламның құлақ түрсем албарынан.
Ер Қосай, Сүйінғара өткен өлке
Танытқан тектілігін талғамынан.
Береке-құт кетпеген балдарынан,
Баталы сөз кетпеген шалдарынан.
Жал-жая, қазы-қарта дастарқаны,
Қымызы үзілмеген алдарынан.
Ұлдары өңшең батыр, намыс қуған,
Майысқан қылыш жүзі бармағынан.
Би болған бабалары билік айтса,
Қайысқан аттың белі салмағынан.
Бұл елде болымсыз ұл туған емес,
Көршінің сөз таситын шарбағынан.
Өлеңді оралтайын ел есіне,
Мінгізіп, желкен тартып кемесіне.
276
Асына атамыздың келгеннен соң
Айтуға іркілейін мен несіне?!
Ассалаумағалейкум, Маңғыстауым!
Көтерген ақындарын төбесіне.
Мен де бір сөз ұстаған ақының ем,
Батагөй шалдарымның ақылымен
Ағаның алдын кеспей келем әлі
Бұрынғы бабалардың нақылымен.
Тұнып тұр өлең-жырға ішім менің,
«Ардагер ақын бұл» деп түсірмегін.
Ардагер десеңдер де мына мені,
Орда бұзар отыздың ішіндемін.
Айбекжан, шал деп мені ойлап қалма,
Осыны дұрыс болар түсінгенің.
Айбек ЕРЕЖЕПОВ:
Тілімді тас қайраққа жанып едім,
Зәмзәмнің бұлағына малып едім.
Ал, енді бір сөйлейін ақтарылып,
Жаратылған ұлдайын бағына елдің.
Алғашқы айналымда алдыңызда
Өнерімді ортаға салып едім.
Қосайдың қолға ұстаған найзасындай,
Шашымды тікірейтіп тағы келдім.
Ағам келді – тілінің сүйегі жоқ,
Демен бірақ – сөзінің тиегі жоқ.
Аузынан ақмаржан сөз ағылуда,
Жыр төгетін бабамның иегі боп.
Мына біздей баламен айтысқанда
Бұл айтыстан қайтпасын күйелі боп.
Ағасы, Атыраудан келгеніңде
Ойларың шықса екен жүйелі боп.
Қап-қара боп қасыма келіп апсыз,
277
Бетіңізге жаққандай күйені көп.
Мен сізді түнде көрсем ойлаушы едім –
«Ұрғашы горилланың күйеуі» деп...
Көшелі ердің жолымен
Көшіңе бүгін ерейін.
Ойымнан өлең ойдырып,
Тіліммен маржан терейін.
Ағайын келсе жиылып,
Шет елге кеткен мұнайдай
Өлеңді қоймай төгейін.
Бұқарлы кілем сырмадай,
Меккелік алуа, құрмадай,
Барымды тарта берейін.
Ақтауға келген кезімде
Адайы жүйрік секілді
Алқынбай шауып көрейін.
Мына отырған ағайын
Тыңдасын жырды сүйіне.
Ағамыздың жырына
Қалмаса екен күйіне.
Салауаттай ағамыз,
Кезекті енді берейін,
Сала берсін биіне.
Күмәнді боп тұр осы жол.
Сау-саламат ағасы,
Барасың ба үйіңе?
Салауат ИСАҚАЕВ:
Ал, ағайын, ағайын!
Домбырамды қағайын.
«Сұрағандарың сөз болса...»
Әрқайсыңды әспеттеп,
Лағылдан алқа тағайын.
Аламан дуда айтысып,
278
Аспаннан шарт-шұрт жай түсіп,
Күштімін деп келгеннің
Тәлтіреткен талайын.
Атырау еді-ау аймағым,
Еділ мен Жайық жайладым.
Исатай мен Махамбет
Көтерген көкке байрағын.
Асан қайғы, Қазтуған,
Жиембет пен Доспамбет,
Шерленіп өткен Шернияз,
Әруағымен солардың
Алдыңда талай сайрадым.
Сайратпай мені қоя ма?
Қалың елім – қайрағым,
Сүт бетіндегі қаймағым.
Ығылман жыры ықтырған,
Мұраттың жыры бұқтырған.
Малайсары би сөйлесе,
Ханың да қарғып, тік тұрған
Құба жон құба далаға
Құрманғазы күй ұқтырған.
Динаның күйі ибалы,
Тәңірім берген сый-дағы.
Мен солардың сарқыты,
Кезім жоқ сөзден ұттырған.
Айбекжан, біртүрлі екен өлеңіңіз,
Керек боп тұр ма әлде көмегіміз?
Мұныңыз не, келе сап ағаңызды
«Күйеуі горилланың» дегеніңіз?
Тілдеме, бала, ағаңды,
Білдірем саған шамаңды.
Білмейтін болсаң шамаңды,
Қашаған атам айтқандай:
«Жыртармын, бала, жағаңды».
279
Айтарыңды ашып айт,
Айтыспақ болсаң араңды.
Ол рас, Атыраудың қарасымын,
Тұлпардың тайдырмайтын тағасымын.
Іні боп ізеттілік көрсетсеңіз,
Келтірем осы айтыстың жарасымын.
Қаймықпай елдің жүгін көтеретін
Халқымның қара нардай баласымын.
Мен емес жерлеп салар жауызыңыз,
Ашылған гүл едіңіз қауызыңыз.
Пірленіп туған жерден келіп тұрмын,
Қисайып кетпегей тек ауызыңыз.
Кең Жылой – ән салдырған думанды елі,
Ерлердің белді бекем буған жері.
Кір жуып, кіндік кесіп Ақмешітте
Әулие Пір Бекеттің туған жері.
Болады бұл баланың бағы қалай?
Келер-ау сөз сөйлейтін шағы талай.
Ал, інім, кезегіңді берейінші,
Сөзімді сабақтағын әрі қарай.
Айбек ЕРЕЖЕПОВ:
Көрсетпестей шаңыңды,
Таңға асырар таңыңды,
Көрсін бүгін әлеумет
Көрғұландай бабымды.
Сөйлейтін нағыз шағымды.
Кіші деп отырған ағамыз
Өкпесі мен қарынға
Өтіменен жарылды.
Қақпанға түсіп отырсың
Ашқан сайын жағыңды.
280
Келтірейін мұрныңа
Кеудеңдегі жаныңды.
Кіші деген Айбекті
Тілің қалай жаңылды?
Сүрінбес жерден шалынды.
Мына отырған ағамыз
Ойы алтынға малынды.
Аңдысқан сендей ақынға
Алдаспан қайқы қылыш ем,
Алтыннан соққан сабымды.
Әрі қарай сөйлейін,
Қызыл тілім, зырлағын.
Таңдайымда тулағын.
Мен бір мысал айтайын,
Қос құлағыңмен тыңдағын.
Баяғы өткен заманда
Сүлеймен деген Пайғамбар
Құмырсқадан жеңіліп,
Басына қайғы туғанын,
Білесің бе бұл жағын?
Құранды ашып қарасаң,
Піл дейтұғын сүреде
Ағайынға шын мәлім,
Қаптаған қалың пілдерді
Тесілген жапырақтардай
Үстінен таспен атқылап
Оқымап па едің қырғанын?
Кім қырды десең пілдерді,
Жұдырықтай денесі
Әбәбіл деген құс екен.
Өзі де мендей кіші екен.
Денесі толған күш екен.
Біледі оны бұл қауым.
Айбекке сөзді арнаған
Мына отырған ағамның
281
Көрдік біздер ырғауын.
Ұйтқыған борандай
Қалай екен жырлауым?
Қара нармын дедің ғой,
Қара нардың белінен
Ашбөрі келіп аттаса,
Шойырылып жануар
Естімеп пе едің тұрмауын?
Білмеуші ме едің бұл жағын?
Тағы да мысал айтайын,
Бойым ұзын деген керіктің
Қарнын жарса арыстан,
Мойным қысқа еді деп
Естімеп пе едің бұлдауын?
Теректей бойын теңселтіп
Құлатпайды ма құрбанын?!
Мысал еттім мен біраз
Дүниенің тұрлауын.
Айналайын, ағажан,
Жайдай болсын жырларың.
Ойларың оттай ақынсың,
Шабытты шалқар, шын дарын.
Менен сасып қалдың ба?
Жоғалттың сөздің ырғағын.
Жазылмай жатыр шырмауың,
Тағы бір кезек берейін,
Жабыдай болсын шауып көр,
Үстіңде айыл-тұрманың.
Мықты ақын деп айтысқа
Өзіңді бүгін шығарған
Ана отырған Нұрланды
Өтірікші қылмағын.
Айта алмай қалып бірақ та
«Баяғы өткен заманда
Мықты айтысқан едім» деп,
Аузыңды ашып тұрмағын!
282
Салауат ИСАҚАЕВ:
Таңдайым айт дегенде тақылдағай,
Сәл кезек бере тұршы қақылдамай?
Ағаңды маймыл дедің, түйе дедің,
Суырдың айғырындай шақылдап-ай.
Ел жұртқа өлеңмен бер береріңді,
Сенсіз-ақ көріп алам көрерімді.
Онсыз да Алты Алашқа таратамын
Бойымдағы ақындық өнерімді.
Бұл сөзім сенер болсаң имандай-ақ,
Сыйлымын Маңғыстауға сыйлаудай-ақ.
Нұрланды әңгімеге қосып тұрсың,
Тұрғандай бұл ағаңнан финалды аяп.
Оныңды кеше бетке айтпадың ба?
Жолымды берер едім қиналмай-ақ.
Шын жүйрік қыза шабар терлегесін,
Сөгіліп қолтықтары өрлегесін.
Айтысқа келер кезек шығып тұрмын,
Айбек-ау, қарсыласым келмегесін.
Ал, Айбек, ел жайына барайық та,
Қатты айтсақ бұйырмағын, сал айыпқа.
Бүгінгі мереке де берекелі,
Жақсы сөз, жарым ырыс табайық та.
Ұрпаққа қолға ұстатар бірдеңе айтып,
Айтыспен ел есінде қалайық та.
Айып па тұлпарымды жараттырсам?
Інімнің тұяғынан тарапты шаң.
Бірдеңе біреу әкеп береді ме?
Аузымды ашып Айға қарап тұрсам.
Айбек ЕРЕЖЕПОВ:
Ағамның айтқан сөзі ырыс болды,
Бұл жерде құлақтарға жұғыс болды.
Енді ғана келесің жөнге көніп,
283
Шабытың әлдеқайда тыныш болды.
Суырдың айғыры деп айтып жатсың,
Біздерге жауап берер бұл іс болды.
Еркектік титуылымды аласартпай,
Айғырға теңегенің дұрыс болды.
Құлағыңды сал енді, ағасы!
Дау тапқандай өнетін
Делбейін біраз сөзбенен
Құлағыңның көк етін.
Толтыра отыр басыңның
Ақыл салған себетін.
Айналайын ағайын,
Сіздерге сөзді айтайын
Бұл заманда не жетім?
Аққалалы бөз жетім
Шырылдап жатқан шындығың
Саңылауына кірмейтін
Кірерге құлақ түрмейтін
Үкіметке айтқан сөз жетім.
Ер бабалар қорғаған,
Ұрпақтың қамын ойлаған
Қытайға кеткен жер жетім.
Мұнай мен газ, мырышың
Алтын мен жез, күмісің,
Жерден шыққан ырысың,
Шетке кеткен кен жетім.
Елдің қамын ойлаған,
Жемқорға қаны қайнаған,
Бастарын тігіп бәйгеге,
Алысып жатқан ел жетім.
Байлығын беріп Батысқа
Емір, Қытай, АҚШ-қа,
Сөзіне сенген дөкейдің
Қарапайым ел жетім.
Шала молда уағыздап,
Дінің боп тұр ол жетім.
284
Ана тілді ұмытқан,
Ала тілді ұлық деп,
Сорлы тілім сол жетім.
Айта берсең сөз тергеп
Көп әлі де кем-кетім.
Өткен күнде күдік көп,
Болашақтан үміт көп,
Қайырлы қылып бір Алла,
Бақ көрсетсін келбетін,
Келешекте қазағым,
Әлемнің озып көшінен,
Өзіңде қалып несібең,
Патшадай ғұмыр кешірсін
Алшаңдап басар жер бетін.
Тағы да сөйлеп берейін,
Ағасы, құлақ саларсың.
Салмасаң да құлақты,
Ойдан ғаріп қаларсың.
Бұрынғыларша сөйлейін
Осылай болса жанарсың,
Әділ сөйле халыққа,
Солай етсең жағарсың
Қашағандай атамыз
Ол кісінің сөзін мен айтсам,
Сен де тыңдап бағарсың.
Шамдай болып жанарсың.
Алаудай жанған бұл жерде
Сөзіме бүгін қанарсың.
Тағы да кезек берейін,
Өзіңді сынап көрейін.
Ағам едің алдағы,
Тағы да біраз шапшы енді,
Айтқаныңа көнейін.
285
Салауат ИСАҚАЕВ:
Інішек, жаңа таптың жөніңізді,
Жұртыммен әнге қостың көбімізді
Көрсетіп сыйластықтың ер үлгісін
Сыйлайық сахнада бірімізді.
Түріктей ағайындар жақтырмайды
Түтігіп күнге күйген жүзімізді.
Қысық көз қытайлар да жақтырмайды
«Аллаху акбар» деген дінімізді.
Ағылшын дегенің де ұнатпайды
Қаныма біткен ана тілімізді
Күнімен жұмсап аға-інімізді,
Түнімен қорламақшы түбімізді.
Әйтеуір қанға біткен шыдамдылық,
Басқаға білдірмейміз дымымызды.
Қасқырдай көкке ұлып қысылғанда
Құдайға ғана айтамыз мұңымызды.
О, ағайын, ағайын!
Көктемнің кезі келгенде
Дариядан сең қалар.
Бетеге кетсе бел қалар,
Бектер бір кетсе ел қалар.
Татулығыңнан айырылма,
Айналайын, Маңғыстау!
Берекең кетсе нең қалар?
Ал, інім, аттың басын шалдырайық,
Өмірдің алды жарқын, арты ғайып.
Қазыдан хабар келіп жатыр, інім,
Қалғанын келесіге қалдырайық.
286
Айбек ЕРЕЖЕПОВ:
Тағы ұшып өтейінші бұл көгіңнен,
Ақындарға айтсын деп тіл берілген.
Ризамын осындағы ағайынға,
Қалмайтын айтыс деген дүрмегіңнен
Майрадай апаларға ризамын,
Айтысты ұйымдастырған шын көңілден.
Нұрландай досыма да ризамын,
Біздер үшін шабатын ілгеріңнен.
Айтыскер ақындарға ризамын,
Халық десе бал тамсын тілдеріңнен.
Айтысқан ағама да ризамын,
Әрқашан көріне бер жыр көгінен.
Мен өзім өз-өзіме ризамын,
Осылардың қасында бірге жүрген.
287
Мұхтар НИЯЗОВ пен Жансая МУСИНАНЫҢ айтысы
Мұхтар НИЯЗОВ:
Ақындар әуре болмай атақ-атпен,
Шомылса Алла құйған шапағатпен.
Жансаяға көз салмауға бекініп ем,
Табиғаттың заңы да қатал, әттең.
Ағайын, алдарыңа тағы шықтық,
Халыққа деген ыстық махаббатпен.
Желкенімді көтердім бір «Алла» деп,
Жел беретін өздерің шапалақпен.
Жамағат жиналғанда қаншама көп,
Біз бүгін Қашаған деп жар салар ек.
Жансаяны көргенде барлық жігіт
Әдемі деп айтады тамсана кеп.
Бұл өзі мына маған қатты ұқсайды,
Танытып отырмын ғой баршаға әдеп.
Ағайын, мен Ниязов Мұхтармын ғой,
Жөн болар санамызға салсақ әдеп.
Халықтың басы қатып тұрған шығар,
«Қайсысы екеуінің Жансая?» деп.
288
Мен тұрмын әр сөзіңе елтіп қалып,
Көрген жоқ шекемізден шертіп халық.
Нұрмат сені жаңа ғана «ешкі» деді,
Бұлай айтып жас қызды қорқытпалық.
Өзім бастап кеттім ғой бұл айтысты,
Нұрмат айтқан өлеңнен толқып қалып.
Ешкі бастап кетсе егер отар қойды,
Егінге түсіреді ертіп барып.
Бұл өзі Мусина ма, Мужчина ма?
Су сұраған құрдасқа у силама.
Дұрыстап айтысарсың, айналайын,
Жолығып тұрған жоқсың чучилаға.
Жанардың жауын алып бұзық бөксең,
Жаныма жайғастың ба жүзіп кеп сен?
Бәрі сенің жолыңда құрбан шығар,
Қара өлеңді көзіңнен тізіп төксең.
Өзім де өртенейін деп тұрғанда
Қарай берме көзіңді сүзіп көп сен.
Бас-көзіңе қаратпай бас салармын,
Бас жібімді байқамай үзіп кетсем.
Жансая МУСИНА:
Мұхтар, сен біздер жайлы не білгенсің?
Сахнада «ешкісің» деп керілгенсің.
Екі мың отызыншы жылға дейін,
Тұрмысқа шыққанымды елім көрсін.
Қашанғы ақындардан сөз естимін,
Менің де арқа сүйер ерім болсын.
Бәрі де бір Алланың қалауымен,
Жансая құтты ауылға келін болсын.
Мұхтаржан, мына сендей шатақ болмай,
Мінезі жайма-шуақ, керім болсын.
Нұрландай аппақ көркем болмаса да
289
Мейлі тіпті қап-қара негр болсын.
Нұрматтай тау тұлғалы болмаса да
Салмағы мейлі тіпті жеңіл болсын.
Ақшасы көп болсын деп армандаман,
Бастысы арамызда сенім болсын.
Әйтеуір, болашақта күйеуіміз
Тебісіп жатсам-дағы теңім болсын!
Ақындар жұмақ мекен жыр айдын деп,
Өлеңнің өміршеңін құраймын кеп.
Баптаса балапанын бапкер елім,
Сақтаса сәйгүлікке шырай кірмек.
Алдыңа бір айналып қайта келдім,
Артқан соң елім сеніп «бол айбын» деп.
Сағымды сындырмайтын халқым барда
Бағымды тағы келдім сынаймын деп.
Жайықтың бойы көк шалғын,
Көк шалғын еді мекенім.
Пыр-пырлап ұштым ұядан.
Мен – тауда ойнаған қарт марал,
Табаным тасқа тиер деп,
Сақсынып шыққан қиядан.
Мен – ақсұңқардан туған құмаймын,
Шаппай неғып шыдаймын?
Бүлкілдеген көмейге,
Күмістен өлең құя алам.
Он екі ата Байұлы,
Алсаң Алаш шарт бөліп.
Барлығын енді байқасам:
Ақылға жетік би адам,
Тізгінді берді қолыма.
Сөзімді қалай тия алам?
Жағам толған ну едің,
Мен Жайық деген су едім.
290
Өз арнама сия алам.
Таныстырайын өзімді,
Кешегі Махамбеттердің,
Жалғасы едім, ағайын.
Нарыннан келдім өбектеп,
Жанымдағы қарсылас,
Шабысыңды байқайын,
Бұл сынымызда тез өтпек.
Арғымақтың баласы
Шабушы еді безектеп.
Жабыдан туған жаман ат,
Шаба алмайды бөжектеп.
Мұхтар деген жолдасым,
«Аш арыстан, жолбарысым»,
Сайрасын енді қызыл тіл,
Өзіңе қалды кезек кеп.
Мұхтар НИЯЗОВ:
Айтатының ел қамы, ұлттың қамы,
Халықтың аяласа құт құндағы.
Таңғаламын, төкпе айтып осы бүгін,
Қашаған боп кеткен бе жұрттың бәрі?
Арманың бар секілді мұнаралы,
Думанға бөлеп тұрсың бұл араны.
Бір күн болды өзіңді таныстырып,
Іздеп жүрсің, сен, қандай ғұламаны?
Нұрлан, Мұрат, Мұхтарды менсінбедің,
Көңілің бізге деген құламады.
«Тебісіп жатсам-дағы теңім» дейсің,
Әр сөзің осы жерден сыналады.
Шықпай жатып теңіңді тебелесең,
Жүрегі даулап сені кім алады?
291
Думанға бөлейік те қалың елді,
Жырларыңнан байқайын жалын енді.
«Мэлс пен Қырымбекті ап кетем» деп,
Қалың елді қып қойдың әбігерлі.
«Болмаса көлік бер» деп айғайладың,
Сұйықтау шығып кетті әнің енді.
Ал, ағайын, тағы да қарсы алыңдар,
Жыр іздеген жүрегіңе дәрі келді.
Жансаяжан шелегін даңғырлатып,
Адайлардың алдына тағы келді.
Мына қыз студент пе, оқушы ма?
Ер адамсыз жанбайды отың, сірә.
Көлік сұрап сен миды ашытқанша,
Сол көлікті жүргізер «шопыр» сұра.
Достарыңызбен бөлісу: |