ҚАРАҢ-ҚАРАҢ <~ ет: алыстан анық емес, қараңдап көріну>
*Босқындар қосынынан дәл осы мезетте ай жарығымен қараң-қараң етіп,
еш сыбдырсыз екі көлеңкенің сытылып шығып, ... үлкен жолға қарай бет
алғанын бірде-бір жан көрген де, білген де жоқ (Ә.Әлімжанов. Жаушы, 79).
ҚАРАҢ-ҚҰРАҢ <алыстан қараңдап (айқын емес) көрінетін заттың
күңгірт бейнесі> *Кеңсенің алды қараң-құраң адам (ҚТТС, 6, 80). *Қараң-
құраң назарына іліне қоймаған соң, тебініп қалып, алғашқы бағытын бетке
ұстады (С.Сматаев. Елім-ай, 2, 94).
ҚАРБАҢ-ҚҰРБАҢ <адамның, кейбір малдың аяқ-қолын арбаңдатып,
қорбаңдатып жүруін бейнелейтін еліктеуіш>
95
ҚАРҚ-ҚАРҚ <~ ет: 1. қарғаның қайта-қайта қарқ-қарқ етіп шығарған
дауысы; 2. адамның қарқ-қарқ етіп күлуі> *– Мұны көрген кім бар десеңші, –
деп, қарқ-қарқ күлді (М.Әуезов. Абай жолы, 1, 55). *Файзолла қарқ-қарқ күлді
(Т.Әлімқұлов. Кертолғау, 273).
ҚАРС-ҚАРС <~ айыр: заттардың (мыс.: қауын, қарбыз, асқабақ т.б.)
ортасынан қарс-қарс еткізіп айыру>
ҚАРТАҢ-ҚҰРТАҢ <қара: кәрі-құртаң>
ҚАРТ-ҚҰРТ <қара.: қартаң-құртаң>
ҚАРШ-ҚАРШ <1. ~ шайна: қаршылдата шайнау; 2. қатты затты
(мыс., тісті) егеумен егегенде шығатын дыбыс сипаты> *Азу тістер қарш-
қарш егеліп, жақ етте толқын жүгірді (С.Сматаев. Елім-ай, 2 кітап, 9). *Екі ат та
шиыршық атып, ауыздықтарын қарш-қарш шайнайды (Ә.Әлімжанов. Жаушы,
190).
ҚАСПАҚ-ҚАСПАҚ <сүт, ботқа, т.б. тамақ пісірген ыдыстың түбінде
жабысып, қатып қалған маңызды қалдықтардың кір-қожалақ, сатпақ-сатпақ
болып қалған көрінісі>
ҚАТЫР-ҚҰТЫР <қатты затты басып, уатқанда, шайнағанда
шығатын дыбыстың сипаты>
*Артқаным бір қоянға бес қап тұз-ды,
Басады қатыр-құтыр жалтыр мұзды.
Екі күн жүрсем-дағы ішін тартпай,
Қампиып қардың бетін қарны сызды (М.Тоқбергенов. Жыл он екі ай, 32).
ҚАУДЫР-ҚАУДЫР <теріден жасалған шалбардың, тонның күнге кеуіп
кетуіне байланысты ұстағанда, кигенде қаудырлап шығатын дыбысының
сипаты> *Кітап, қағаздарым қолтығымда. Сулықтың жер сызған екі шалғайы
қаудыр-қаудыр етіп, аяғыма оралады (Б.Соқпақбаев. Балалық шаққа саяхат, 65).
*Екеуі соған кеп жайғасты. Бақанның үстіндегі плащы қаудыр-қаудыр етеді
(М.Сүндетов. Ескексіз қайық, 111).
ҚАУЖАҢ-ҚАУЖАҢ <~ ет: тісі жоқ адамның тамақты қызылиегімен
қаужаңдап жеуін бейнелейтін еліктеуіш> *Дәл осындай сымбат пен осындай
сүйкімділікпен үйге кіріп келгенде қаужаң-қаужаң кешкі тамақ ішіп отырған
Құлахмет ағай көмейіндегі тамағын әрі қарай жұта алмай түйіліп қалды
(Д.Исабеков. Қара шаңырақ, 10).
ҚАУҚИҒАН-ҚАУҚИҒАН- <көлемі үлкейіп, ісіп-кеуіп, қауқайып
көрінген үлкен-үлкен заттар> *Күн төбеден ауа бергенде бұлар бүгін
қауқиған-қауқиған сары шағырдан басқа шөбі жоқ шағыл құмға килікті
(Ә.Нұрпейісов. Қан мен тер, 803).
ҚАУҚЫЛ-ҚАУҚЫЛ <диал. ауық-ауық, анда-санда>
ҚИҚАҢ-ҚИҚАҢ <~ ет: айтқанға көнбей, бұйырғанды істемей,
қиқақтап, тайсақтай беру> *– Не бұйырасыз? – деп қисық ағаштай
96
қыңырая біткен тырбың белін қиқаң-қиқаң еткізді (Б.Тоқтаров. Таудағы ән, 64).
*Сонда арқаңызды бүрге жеген адамдай қиқаң-қиқаң етпей, тып-тиыш отырасыз
(Қ.Сатыбалдин. Қараторғай, 320).
ҚИҚАҢ-СИҚАҢ <қара.: қиқаң-сиқаң>
ҚИҚ-ҚИҚ <~ ет: кейбір құстардың қайта-қайта қиқылдап шығаратын
дыбысына еліктеу> *Бәсе, бәсе комсомолдар өстеді. Кәне, қарап тұрайын, қандай
өнеге көрсетер екенсің? – деп қиқ-қиқ күлді (Е.Қоңырбаев. Тиек, 23). *Нук-Нүкен
қиқ-қиқ күледі (М.Айымбетов. Көгілдір соқпақ, 53).
ҚИҚЫ-ЖИҚЫ <қалай болса, солай; тәртіпке түспеген, жүйесіз; бірі
олай, бірі бұлай> *Асқақтап тұрған Тәңіртау да сиықсыз қиқы-жиқы (Ш.Мұртаза.
Ай мен Айша, 191). *Бөркін алып, қарасаң, бас терісі ағаш соқамен жыртылған
жердей қиқы-жиқы (Б.Майлин. Шығ., 5, 1963, 283).
ҚИҚЫЛДАП-ШИҚЫЛДАП- <адам, жан-жануарлардың қыспаққа
түсіп, қиналып, булығып, дауысын қиқылдап-шиқылдап (шығаруы)> *Мұның
артынан мылқау сері болып Әбдінің Омары, өзінің серіктері Ысқақ, Мұстафа,
Алатай, Төлеуқанды ертіп, салдарша айбақ-сайбақ киініп, балдыр-бұлдыр тіл
қатып, қиқыл-шиқыл ән салып, алуан түрлі әсем ойындар көрсетті (С.Бегалин.
Замана белестері, 187). *Кейде көзімізден жас парлап қиқылдап-шиқылдап
жатқанымыз (С.Сарғасқаев. Тәмпіш қара, 150).
ҚИҚЫЛ-СИҚЫЛ <ірі заттардың сынып, уақталып, майдаланып,
орнында қалған қоқым-соқымы, жырымдалған, жыртылған қалдықтары>
ҚИПАҢ-ҚИПАҢ <бір нәрсені өзі істеуге, айтуға бата алмай, мазасы
кетіп, кібіртіктеп, қипалақтай беруді білдіретін еліктеуіш>
ҚИСАҢ-ҚИСАҢ <~ ет: адам, т.б. жануар, хайуандардың бір қалыпта
тұрмай, қисалаңдап, қиралаңдап әрекеттеуін білдіретін еліктеуіш> *Ернін
бояғанда аузы қисаң-қисаң етіп қандай жарасты екен…(Мәдениет және тұрмыс,
№6, 1975, 13). *Жазу жазып отырғанда, Нұрымбайдың бетіне қарап тұру біртүрлі
қызық. Еріндері қисаң-қисаң етіп, жазған әріптерінің ыңғайына қарай жыбырлап,
ылғи да қозғалумен болады (Б.Соқпақбаев. Өлгендер қайтып келмейді, 55).
ҚИСАЯ-ҚИСАЯ- <тік тұрған заттың бір жағына қисая-қисая (құлауға
айналуы)> *Қалжырап жеткен кісілер қараңғы баракқа кіре сала киімшең
бойымен қисая-қисая кетеді (Ә.Нұрпейісов. Қан мен тер, 382).
ҚИТ-ҚИТ <~ сөз: біреуді біреуге айдап салып, қоздырып, жел беретін
өсек аяң>
ҚИТ-ҚИТТА <біреуді біреуге айдап салу, жел беру>
ҚОДАҢ-ҚОДАҢ <~ ет: біреуге өктемдігін танытып, үстемдігін
жүргізіп, билік айту, қодаңдау, қодыраңдау>
ҚОДЫРАҢ-ҚОДЫРАҢ <қара.: қодаң-қодаң>
ҚОЖАҢ-ҚОЖАҢ <~ ет: біреудің үстінен өктемдігін танытып, билік
айтып, қоқаңдау, қожалық жасауға тырысу>
97
ҚОЖ-ҚОЖ < қара.: құж-құж> *Көз көрімде ел жоқ: тек ұзын сонар
қож-қож тастар (О.Бөкеев. Ұйқым келмейді, 315).
ҚОЙҚАҢ-ҚОЙҚАҢ <~ ет: адамның, семіз малдың кеудесін
көтеріп, аяғын алшақ басып, жүруін бейнелейтін еліктеуіш> *Кейде
қойқаң-қойқаң етіп, екі жағына кезек ауытқып қояды (Ғ.Мүсірепов. Қазақ
солдаты, 133).
ҚОЙТ-ҚОЙТ <екі қошқарды, не екі текені сүзістіру үшін, оларды
ерегестіре түсу үшін қолданылатын кәделі сөз>
ҚОҚАҚ-СОҚАҚ <біреуге күш көрсететін, қоқаңдауды, орынсыз
доңайбатты, қоқан лоқыны сипаттайтын сөз>
ҚОҚАҢ-ҚОҚАҢ <~ ет: біреуге күш, үстемдік көрсетіп, қайта-
қайта қоқаңдау>
*Сәлемін жақсы құптап алғаннан соң,
Жолдастары қасына жетіп келді.
Қалай деп қоқаң-қоқаң еткендерің,
Таулардан мәні-жайын сұрады енді (Батырлар жыры, 2 том,161).
*Қарақшылар жолымды бөгеп, қоршап алды. Кеуделерімен қағып,
қылыштарын көтере ұстап, қоқаң-қоқаң етеді. (Б.Соқпақбаев. Бастан
кешкен, 147).
ҚОҚАҢ-СОҚАҢ <біреуге күшін, үстемдігін көрсетіп, жөнсіз
қоқаңдауды білдіретін сөз>
ҚОЛҚ-ҚОЛҚ <арық, күтімсіз, ашқарын аттың желгенде іші-
ішіне соққанда шығатын қолқылдаған дыбыс > *Арық аттың құйымшағы
мазасын алып, қолқ-қолқ желісіне іші түйіліп, тынышы да кетіп келе
жатыр (Т.Дәуренбеков. Таң атып келеді, 73).
ҚОЛП-ҚОЛП <кең етік киген адамның жүргенде қайта-қайта
қолпылдап шығатын дыбысының сипаты> *Айырын тастай сап, керзі
етігін қолп-қолп еткізіп келіп қолымдағы шөлмекті алып тоқталмай бір-
ақ сіміре салды (О.Тәжиева. Жетім қыз, 56). * Ал етекті жалғыз жаппа
іргелігі желпілдеп, қолп-қолп етеді. Жаппаның жартысына жуығын алып,
сұлай түсіп қария жатыр (Т.Есімжанов. Аяулым, 36).
ҚОМПАҢ-ҚОМПАҢ <1. ат мініп шапқанда да бөксесін көтере
беретін әрекетін, қайта-қайта қомпаңдауын бейнелейтін еліктеуіш;
2. ауыс. біреуге өкпелеп, өзінше қомпаңдап мінез танытушы адамның
әрекеті> *Ересек балаларға еліктеп қомпаң-қомпаң секірген де болады
(М.Сүндетов. Ескексіз қайық, 193).
*Қазанатын мінісіп,
Қомпаң-қомпаң желісіп,
Жағасыз көйлек киісіп,
Көк шай салып су ішіп (Ж.Жабаев. 1 томдық шығ.,190).
98
ҚОМП-ҚОМП <~ ет: біреуге өкпелеп, ренжіп, аузын бұлтитып,
бірнәрсе айтып қомпылдауды бейнелейтін еліктеуіш> *Қабағын түйіп,
қомп-қомп етіп, түкірігін шашырата сөйледі (З.Жәкенов. Таң самалы,
117).
ҚОПАҚ-ҚОПАҚ <қара.: қопаң-қопаң> *Бұл Карпов жасағы болып
шықты. Шолақ құйрық күрең айғыр мінген хорунжий алдында келе
жатыр. Ат үстінде қопақ-қопақ етеді, шынында да ашулы қара бура тәрізді
(І.Есенберлин. Қаһар, 50).
ҚОПАҢ-ҚОПАҢ <отырған орнынан қайта-қайта көтеріліп,
қопаңдап, қозғалақтап отыра алмауды бейнелейтін еліктеуіш> *Ол желіп
келе жатқан ат үстіндегі адамдай қопаң-қопаң етеді (З.Шашкин. Т.Бокин,
280).
ҚОРБАҢ-ҚОРБАҢ <икемсіз, қолапайсыз, ебедейсіз аюдай қайта-
қайта қорбаңдайтын қозғалысты бейнелейтін еліктеуіш> *Ермекбай ши
қалпақтың соңынан қорбаң-қорбаң етіп жүгіріп барады (Д.Исабеков. Қара
шаңырақ, 154). *Сонан соң Ыбыш әрбір басқан жері жарылып кетер деп
қауіптенгендей ақырын қорбаң-қорбаң етіп келіп, баяғы қара тастың жанына
келіп тұра қалды (Д.Исабеков. Мазасыз күндер, 129).
ҚОР-ҚОР <ұйықтаған адамның қайта-қайта қорылдағанын
бейнелейтін еліктеуіш> *Yш жігіт басын басып кетсе де, қың етіп сезер
емес, өлі ұйқы қылғындырып, қор-қор етеді (О.Бөкеев. Құм мінезі, 156).
ҚОРҚ-ҚОРҚ <ұйықтаған адамның, не басқа бір құбылыстың
қайталап, қорқыраған дауысын бейнелейтін еліктеуіш> *Ал торы мәстек
тізгін босасымен-ақ өле жығылып, ілгері ұмтылды да лай-мылайына
қарамастан суды қорқ-қорқ сіміре бастады (А.Нұрманов. Құланның ажалы,
10).
ҚОРС-ҚОРС <1. шошқа, қабан хайуандар шығаратын қорсылдаған
дыбысты бейнелеуші еліктеуіш; 2. ауыс. адамның оқыс мінез көрсетіп
шошқаға ұқсап, шығаратын дыбысы> *...Оспан әуелі күліп алып, артынан
өтірік қорс-қорс етіп жылаған болды (М.Әуезов. Абай жолы, 1, 70).
ҚОРТИЫП-ҚОРТИЫП- <бойы аласа адам, т.б. заттардың майда-
майда болып (көрінуі)> *Өзіміздікілер қортып-қортиып отыра бере ме деп
қорқамын (Ш.Мұртазаев. Қыл көпір, 451).
ҚУТЫҢ-ҚУТЫҢ <қайта-қайта қутыңдап, ойнақылану; біліп
тұрып, білмегенге салыну> *...Бәрінің де пішіні қутиыңқы, тақымдары
қысыңқы, жаңа жөнелген жауды түсіретін кісіше бәрі де қутың-қутың етеді
(Ж.Аймауытов. Шығ., 55). *Жымың-жымың етісіп, қутың-қутың қимылға
көшті («Жұлдыз», 20027 №5. 77).
ҚҰЖ-ҚҰЖ <бір жерге жинақталып, бірінің үстіне бірі үйіліп,
шоғырланған заттардың (адамның, мал, тас, т.б.) сипаты> *Сол кезде
99
қозы өрісіндей жердегі жазықта құж-құж болып жатқан қалың тас қорымды
көрдім (А.Сейдімбеков. Күңгір-күңгір күмбездер, 8). * Қазақта әнші құж-
құж қайнайды – кіл қатардағылар. Қолқаласаң қиқыл-шиқыл менен де
шығады (Б.Нұржекеев. Күтумен өткен ғұмыр, 11).
ҚҰЛТ-ҚҰЛТ <~ ет: бір жерге тұрмай, ойнақшып, бұлтылдап қозғала
беретін заттың әрекетін бейнелейтін еліктеуіш> *...Сосын көз ұшында
құлт-құлт жөңкіліп бара жатқан біздің әскеріміздің соңының ақ бұрқылдақ
шаңын көретін болсын (Ә.Кекілбаев. Yркер, 295).
ҚҰНЖЫҢ-ҚҰНЖЫҢ <еркін қозғала алмай кібіртіктеп, бүгжеңдеп,
қайта-қайта құнжыңдап әрекеттенуді білдіретін бейнелеуіш> *Құдай-
ау, мынау Ердес жанымның дәл өзі ғой! – Әпкем таяғына сүйенген бойы
құнжың-құнжың етіп жүгірмекші болды (Қ.Мүсірепов. Гүлжазира, 64).
*Құнжың-құнжың қимылдап, бүкіл тұла бойымен «сөйлеп», өз ойын
ұқтырып, ұғындырып жатқаны (С.Сматаев. Алау, 112).
ҚҰРАЙТ-ҚҰРАЙТ
<айғырдың
күйін
келтіріп,
еліктіру,
шабыттандыру үшін айтылатын ишарат сөз>
ҚҰРЖЫҢ-ҚҰРЖЫҢ <бір нәрсені бүкшең-бүкшең етіп, құржыңдап
істегендегі әрекет бейнесі; сал: құнжың-құнжың>
ҚҰРУ-ҚҰРУ <жылқының құлындарына желіге, жемге шақыру үшін
айтылатын ишарат сөз> *Құру-құру… жануар – деп Еркебұлан жақындап,
аттың жалына қолын тигізе бергенде жылқы секіріп кетті (Ә.Тарази.
Құйрықты жұлдыз, 75). * Құру, құру! Так-так…– Дауысы анық естіліп тұр.
Құндақбай жылқы қорасына қарай беттеді (Қ.Сәрсекеев. Қараша қаздар, 42).
ҚҰРЫЛДАП-ШҰРЫЛДАП- <қарны ашқан адамның іші-қарнының
шығаратын (құрылдаған-шұрылдаған) дыбыстарының сипаты> *Іші
құрылдап-шұрылдап, қарын ашып шыдамы таусылып барады (Т.Дқуренбеков.
Таң атып келеді, 9).
ҚЫБЫР-ЖЫБЫР <жыбырлап ояна бастағандар...> *Ұйқысынан
қыбыр-жыбыр ояна бастаған ауылды етекке қалдырып төбе басына шықты
(О.Бөкей. Өз отыңды өшірме, 14).
ҚЫДЫҢ-ҚЫДЫҢ <~ ет: біреуге өктемдік, үстемдік жасап, доқ
көрсетіп, қоразданып, қоқилануды қайта-қайта қодаңдауды бейнелейтін
еліктеуіш> *Сонан соң көк сауыр кебістің қазық өкшесін қыдың-қыдың
басып, тезірек озып барып алдынан ілтипатпен есік ашады (Ә.Нұрпейісов.
Қан мен тер, 818).
ҚЫЖ-ҚЫЖ <1. ішкен тамақтың жақпауынан адамның кеудесін
тырнап, жүрегін ашытып, көңілін бейжай етуді бейнелейтін еліктеуіш;
2. көп адам жиналған жерде болатын пысынау, ыстықтау> *Бөлмені
қыж-қыж қайнатып, ... қасқыр тәбетті қос серігі сорпаға тойып мәре-сәре
боп қалатын (Ө.Қанахин. Жүрек қалауы, 51). *Ол ойлағанда іші қыж-қыж
100
қайнап, тісін шықырлата тістеніп, «Әй әкеңнің-ай...» деп кіжінді (Ә.Ақпанбет.
Қатын қашқан, 51).
ҚЫЛАҢ-ҚЫЛАҢ <~ ет: қылаңдап, әр жерден бір ағараңдап көріну>
*Сол күйінде дөңгелене берсе екен деп, – тіледі балалар. Ұсақ-ұсақ бел-белес,
ойпаңдардың қылаң-қылаң еткен елесі-ақ қызық еді-ау! (Ғ.Қайырбеков. Жел
қайық, 12). *Бірақ миллиондаған ұрпақ бесігіне бөленеді. Енді төрт-бес айда
қылаң-қылаң етіп жүзе жөнеледі (Ғ.Мүсірепов. Кездеспей кеткен бір бейне, 94).
ҚЫЛҚ-ҚЫЛҚ <~ жұт: адамның сұйық асты (қымыз, сүт, шай,
айран, сусын) үсті-үстіне мол-мол етіп жұтқанда естілетін дыбысқа
еліктеу> *– Шөлмек мінекей, – деп Нұрлан жымиған бойда жақын барды.
- Көп жаса, шырағым. – Ахметхан «Зубровканы» аузынан ұрттап, қылқ-
қылқ еткізіп бір-ақ сімірді де, маңдайын ұстап. – Ия, атам Барақ, өзің жар
бола көр, – деді (Ж.Молдағалиев. Ескі дос, 306). * Суық қар араласқан жылы
тамақты қомағайланып, қылқ-қылқ жұтады (М.Әуезов. Қараш-қараш, 383).
ҚЫЛҚЫҢ-ҚЫЛҚЫҢ <~ ет: қайта-қайта мойнын қылқыңдата беру>
*Мойнын қылқың-қылқың еткізіп бір орнында шырқ айналды (А.Нұрманов.
Құланның ажалы, 11).
ҚЫЛМЫҢ-ҚЫЛМЫҢ <~ ет: қайта-қайта біреуге күлімдеп қарап,
ұнауға, көңілін аударуға тырысып, қылмыңдау> *Қып-қызыл күн қылмың-
қылмың күліп қояды (Ә.Кекілбаев. Yркер, 254).
* Асқан болдым бірдеме,
Көк оттың салып шекесін.
Әлде, өзің құрмысын?
Қылмың -қылмың етесің... (Б.Майлин. Шығ., 135).
ҚЫЛМЫҢ-СЫЛМЫҢ <қара.: қылмың-қылмың>
ҚЫЛП-ҚЫЛП <~ ет: бір жерге тұрақтап отыра алмай, арт жағы
қылпылдай беру> *– Ін аузында отырған ақкөт торғай сияқты қылп-қылп еткеніңді
қойшы осы!..-деді (М.Әуезов. Абай жолы, 1, 81).
ҚЫЛТИҒАН-ҚЫЛТИҒАН <бір нәрсенің (жердің, судың, т.б.) бетінен
сәл ғана ұзарып, көтеріліп шығып тұратын заттардың көрінісі, қалпы> *Тек
тары сабақтарының қылтиған-қылтиған түбірі ғана көрінеді (Т.Дәуренбеков.
Таң атып келеді, 24).
ҚЫЛТ-ҚЫЛТ <~ ет: бір заттың ұшы, төбесі, басы бір көрініп, бір
көрінбей, қылтылдап тұрған қалпы> *Күшік қалың шөп арасынан басы ғана
қылт-қылт етіп, секіре жүгіріп, Әділдің соңынан салбақтап бара жатады
(М.Мағауин. Таңд. шығ. ІІ том, 13). *Жанталасып ұстады ат жалынан,
балағаз да ұмтылды тез жалма-жан, Ат пысқырып, алқынып, қылт-қылт
етіп, Жүзіп барад жануар алға таман (И.Байзақов. Құралай сұлу, 134).
*Дүниенің осыншама ақтығынан шығар, Мамайға әлгі бір қылт-қылт етіп
қарайған бастар әзірейілдей көрінді (Ш.Мұртазаев. Мылтықсыз майдан, 52).
101
ҚЫЛТЫҢ-ҚЫЛТЫҢ <~ ет: бір заттың басы, ұшы, төбесі, не басқа
бір бөлшегі қайта-қайта көрініп, жоқ болып кетіп, қылтыңдап тұруы>
*Әріректе бірнеше топ адам, биік қардан бастары ғана қылтың-қылтың
етіп, мола қазып жатқан сияқты (Ғ.Мүсірепов. Оянған өлке, 164). *Бөренеге
байлаусыз қондырған бүркіт, топшасын аздап қана жазып, етті көріп мойнын
қылтың-қылтың еткізді (С.Мұқанов. Ботагөз, 134).
ҚЫЛТЫҢ-СЫЛТЫҢ <~ ет: адамның біресе былай, біресе олай
қылтыңдап, әртүрлі қылық көрсетіп, құбылуы> *Курск алқабының күзі ерке
келіншектің мінезіндей ... қылтың-сылтың (Х.Әдібаев. Таңбалы адам, 11).
ҚЫМЫҢ-ҚЫМЫҢ <~ ет: біреуге көңіл-күйін қылмыңдап, ойнақы түрде
білдіру>
ҚЫҢҚ-ҚЫҢҚ <~ ет: баланың ұйқыдан оянып, мазасызданып, қайта-
қайта қыңқылдап жылауы> *Алғашында әдеткі еркелігіндей қыңқ-қыңқ етті де,
артынан Шеген оқыс шыңғырып жіберді (Б.Нұржекеев. Бір өкініш, бір үміт, 36).
ҚЫРҚ-ҚЫРҚ <~ ет: қайта-қайта қырқылдап үн шығарды (жөтелді)>
ҚЫР-ҚЫР <~ ет: дауысы қайта-қайта қыр-қыр етіп, қырылдап
шықты> *Шалдың бұлқынуға шамасы келген жоқ. Қыр-қыр етіп қылғынып,
демнің арасында жүріп кетті («Жұлдыз», №2, 2002, 25).
ҚЫРПЫҚ-ҚЫРПЫҚ <кірпік-кірпік, жапырақ-жапырақ болып
жауған қардың қалпы; қара: қылпық-қылпық> *Жағалай иін тірескен
қырпық-қырпық қотыр тас бетінен үңірейіп үңгір көрінеді (Ә.Кекілбаев. Бір
уыс топырақ, 200).
ҚЫРТ-ҚЫРТ <~ шайна: қытырлақ, қатырлақ нәрсені (тары, жүгері,
бидай, кепкен нан т.б.) шайнағанда шығатын дыбыс бейнесі> *Әншейінде
аузы-аузына жұқпайтын Жатыпатар бүгін мыңқ етер емес. Қолындағы
тұрқы қысқа қылпылдаған кішкене балтамен білеудей бұтаны дөңкиген
жаңғырықтың үстіне көлденең салып, аспай-саспай қырт-қырт шауып отыр
(О.Сәрсенбаев. Таңбалы тас, 156).
ҚЫРТЫҢ-СЫРТЫҢ <~ ет: біреудің айтқанына көнбей, теріс мінез
танытып, қыртыңдау, тыртыңдау>
ҚЫРТЫС-ҚЫРТЫС <киімнің әбден мыжылып, қыртыстанып,
қатпарланып қалған қалпы> * Қыртыс-қыртыс қисық әжім, шүлгеленген кіржік
маңдайынан өнебойы қызыл жолақ кетпейді (Ө.Қанахин. Жүрек қалауы, 53).
ҚЫРШ-ҚЫРШ <кепкен, қатты, қатырлақ тамақ түрін тістегенде,
шайнағанда шығатын дыбысты бейнелеу еліктеуіш> *Оның бар мейірі
қанып тыңдайтыны, жылқының кісінегенінен басқа, пысқырған мұрны,
шөпті жинағанда қырш-қырш, күрш-күрш еткен тісі болар еді (С.Мұқанов.
Теміртас, 81).
*Алпысы шабуылдап қырдан асты,
Асығып аттарына қамшы басты.
102
Тұтқындар бармақтарын қырш-қырш шайнап,
Ызалап көздерінен төкті жасты (О.Шипин. Екі дастан, 105).
ҚЫРЫЛДАП-СЫРЫЛДАП <көбінесе суықтан, қарттықтан даусы
қарлығып, тамағынан қайырып (сөйлейтін адамның дауысы)>
ҚЫРЫЛ-СЫРЫЛ <тамағы қарлыққан адам сөйлегенде әдеттен
тыс барқырап (қыр-қыр етіп) шығатын дыбыс> *Бала күнімнен әбден
таныс қоңырқай ашық даусына да қырыл-сырыл, жарықшақ араласпапты
(А.Бекбосынов. Ауылым әнім менің, 131).
- Л -
ЛАП-ЛАП <~ ет: қатты жанған оттың тоқтаусыз лапылдап жануын
бейнелейтін еліктеуіш>
ЛАУ-ЛАУ <1. өрттің, оттың желмен үрленіп, тоқтаусыз лапылдап,
лаулап жануын бейнелейтін еліктеуіш; 2. ауыс. қыза түскен қңгіме-дүкеннің
ду-дуын бейнелейтін еліктеуіш>
* Кел айналық, кел лау-лау
Түнде лагерь қасында (С.Бегалин. Таңдамалы өлеңдері мен поэмалары,
99). *– Қайда бұл, түге, осы елдің еркегі?! – деген сөздер кәрі-жас, ұлы-кішінің
аузында шалқып жанған өрттей болат, лау-лау етті (М.Әуезов. Қилы заман,
49).
ЛОҚ-ЛОҚ <қара.: лақ-лақ> * «Вездеход» лоқ-лоқ желеді (Т.Әлімқұлов.
Шежірелі сахара, 54).
ЛОҚСЫП-ЛОҚСЫП- <ішкен асын қайта-қайта кейін қайырып (құсып
жіберуге бейімделіп ұмтылу> *Абай бір уақытта жылау үстінде лоқсып-
лоқсып булығып кеп, құсып-құсып жіберді (М.Әуезов. Абай жолы, 1, 35).
ЛYП-ЛYП <~ соқ: адам жүрегінің бір қуанышты (не ренішті) хабар
күтіп, соның боларын сезіп, жүрегінің алып-ұшып, үсті-үстіне дүрсілдеп
соғуын бейнелейтін еліктеуіш> *Өз жүрегімнің лүп-лүп қатты толқын ырғағы
(М.Әуезов. Абай жолы, 1, 118).
ЛЫҚ-ЛЫҚ <~ тол: көп жиналған адамға үй іші, ғимарат, зал, т.б. аузы
мұрнынан шығып кетуі> *Шағындау келген залдың іші ақ бандыларға лық-
лық етеді (Терең тамыр, 185). *Емдеуші мұндай көп болар ма, үйге сыймай,
лық-лық етеді (С.Торайғыров. Мағынасыз мешіт, 55).
ЛЫП-ЛЫП <~ ет: өте шапшаң, көзді ашып-жұмғанша, тез-тез
істей салуды, лыпылдап тұруды бейнелейтін еліктеуіш> * Лып-лып жанған
сексеуілдің шоғына темір ұстап, күні бойы ұсталық құрады (Ә.Кекілбаев. Бір
уыс топырақ, 221).
Достарыңызбен бөлісу: |