Зерттеу жұмысының теориялық маңыздылығы. Зерттеу барысында жасалған тұжырымдар мен пайымдаулар аударматану, салғастырмалы тіл білімі, салғастырмалы фразеология салаларының теориялық базасын толықтыруға, ғылыми-теориялық негіздерін нақтылауға өз деңгейінде үлес қосады.
Зерттеу жұмысының практикалық маңыздылығы. Зерттеу жұмысының нәтижелерін жоғары оқу орындарындағы аударма теориясы және практикасы, көркем аударма, салғастырмалы фразеология, мәдениетаралық коммуникация және аударма, лингвомәдениеттану және аударма, этнолингвистика және аударма тәрізді пәндерді оқытуда тиімді пайдалануға болады. Сондай-ақ қос тілді, көп тілді фразеологиялық сөздіктерді, түсіндірме сөздіктерін түзуде септігін тигізері айқын.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы: – көркем мәтіндегі фразеологизмдердің салғастырыла және аударматану тұрғысынан зерттелу тарихына қысқаша шолу жасалды;
– түпнұсқа мәтіндегі фразеологизмдердің этномәдени семантикасы анықталып, олардың аудармада берілу амалдары сарапталды;
– аударма нормасы, стратегиялары, аударма үдерісінің модельдері анықталды; этномәдени семантикалы фразеологизмдерді аударудың стратегиялары ұсынылды;
– этномәдени семантикалы фразеологизмдерді аудару барысында орын алатын симметрия және асимметрия белгілері, олардың түрлері анықталды;
– этномәдени семантикалы фразеологизмдерді аудару барысында жіберілген кейбір кемшін тұстары анықталып, автор тарапынан өзіндік ұсыныстар берілді;
– зерттеу нәтижелерінің негізінде этномәдени семантикаға ие фразеологизмдерді аударуда форенизация және доместикация стратегияларының бірін, ал кей жағдайда қатар қолданудың тиімділігі анықталды;
– Нұр-Сұлтан қаласының жоғары оқу орындарындағы «Аударма ісі» мамандығының білім алушылары арасында сауалнама өткізіліп, нәтижелері сарапталды және фразеологизмдерді аударуға қатысты ұсыныстар берілді.
Зерттеу жұмысының әдіс-тәсілдері.Көркем мәтіндегі фразеологизмдердің этномәдени семантикасы мен оның тіларалық берілуін жан-жақты зерттеу барысында сипаттама, салыстырмалы, салғастырмалы, квантитативті т.б. әдістер мен жинақтау, жүйелеу, талдау, түсіндіру тәсілдері тиімді қолданылды.