Диссертациялық жұмыста төмендегі анықтамаларға сәйкес терминдер қолданылды:
Асимметрия – бөліктердің бір-біріне сай болмауы, симметриясыздық.
Аударма нормасы– аударма сапасына қойылатын талаптар.
Аударма стратегиясы – аударма барысында жүйелі түрде жүзеге асырылатын іс-қимылдардың жалпы жоспары.
Аударма үлгісі– аударма барысында қолданылатын шартты іс-әрекеттер сипаттамасы.
Балама аударма – түпнұсқадағы белгілі бір тілдік бірлікті тәржімалағанда онымен ұғымдас, мәндес келетін күрделі балама, жәй балама, макробалама, микробалама, гипербаламалардың сөйлем құрылысына қарай сайма-сай берілуі.
Барабар аударма– түпнұсқа мәтіннің мазмұнын дұрыс, дәл және толық жеткізу.
Дәнекер тіл – бір тілден екінші тілге тікелей аударма жасау мүмкіндігі болмағанда қолданылатын үшінші тіл.
Доместикация стратегиясы – аударманы қабылдаушы ел мәдениетіне, әдеби, тілдік нормаларына бейімдеу.
Калькалау – сөзбе-сөз аударма.
Концепт – когнитивті лингвистиканың негізгі ұғымдарының бірі. Жеке тұлғаның ойлау бірліктері мен психикалық ресурстары, жинақталған білімі мен тәжірибесінің біртұтас көрсеткішін құрайды.
Лексикалық симметрия – түпнұсқа және аударма мәтіндерде эквивалентті лексикалық бірліктердің қолданылуы.
Сипаттама аударма – қабылдаушы мәдениетте жоқ ұғымды сипаттау арқылы аудару.
Транслитерация – бір тілдің әліпбиіндегі жазуды басқа тілдің әліпбиіне ауыстыру.
Түсіріп тастау тәсілі – белгілі бір лексикалық бірлікті аудармай, қалдырып кету.
Форенизация стратегиясы – аударманы түпнұсқа ел мәдениетінен алшақтатпай, тілдік бірліктердің этномәдени нақышын сақтау.
Фразеологизмнің ішкі формасы– фразеологиялық бірліктердің жалпы семантикалық құрылымының ең маңызды құрамдас бөлігі, фразеологизмнің мағынасындағы тасаланған бейне.