Айырша без (тимус). Айырша без желбезек қапшығының 3– және 4-ші жұптарынан дамиды. Без бір-бірімен дәнекер ұлпамен жабысқан екі бөліктен тұрады да, мойынды бойлай, кеңірдектің екі жағын алып жатады.. Безде көп мөлшерде лимфа тамырларының торы болады.
Без ұлпасы бозғылт заттан және қыртысты бөліктен тұрады. Әр бөлік секрециялық торшалардан және қан түзетін органдарға тән торлы эндотелийлік ұлпа торшаларынан құралған. Айырша без тек жыныстық жетілу кезеңінде ғана өсіп дамиды да, одан кейін өз қызметін тоқтатып, инволюция (кері даму) процесіне ұшырайды.
Айырша без әр түрлі қызмет атқаратын күрделі орган. Оның ретикулярлы торшалары тимозин гормонын түзеді. Безге лимфоциттер түзу қабілеті де тән, сондықтан әлі күнге дейін оның ішкі секреция безіне жататыны, немесе лифоидтық ағза екені толық анықталған жоқ. Айырша без бүкіл лимфалық жүйенің дамуына әсер етеді, сүйектің қатаюын, организмнің өсіп-жетілуін реттейді. Оның сығындысы лимфопоэзді жандандырып, сүйек кемігінде қанның діңгектік торшаларының дамуын жеделдетеді, лимфоцитоз тудырады. Бұл безде лимфоциттер жіктеледі, қанның діңгектік торшаларының беткейлік құрылымы өзгеріп, олар ұлпалық қорғаныс реакцияларында маңызды рөл атқаратын Т-лимфоциттерге айналады.
Айырша безді сылып тастағаннан кейін жас малдың өсіп-дамуы баяулап, минеральды тұздар мен белоктардың алмасуы бұзылады, сүйек жұмсарып, майысады, бұлшық ет дегенерация процесіне ұшырап, оның тонусы төмендейді, ет болбырап, жоғары дәрежелі жүйкелік қызметі бұзылады.
Айырша без басқа ішкі секреция бездерімен күрделі қатынаста болады. Айырша без қалқанша без бен бүйрек үсті бездерге ықпал етеді, тироксиннің әсерін бәсеңдетеді. Оны сылып тастағаннан соң аталған бездердің көлемі үлкейіп кетеді. Өз кезегінде айырша без басқа гормондар әсеріне сезімтал. Бүйрек үсті безі гормондары бұл бездің кері дамуын шапшаңдатады, ал қалқанша без гормондары айырша бездің үлкеюіне, өсуіне ықпал етеді. Жыныс гормондары, гипофиздің гонадотроптық гормондары айырша безді семдіреді.
Бүйрек үсті бездер. Бүйрек үсті бездер құстарда бүйректің алдыңғы жағында орналасқан жұп орган. Олардың жалпы массасы тауықта 200-400 мг.
Әр без сырт жағынан дәнекер ұлпалы фиброздық қабықпен қапталған және сыртқы - қыртысты қабат, ішкі - бозғылт затқа бөлінген. Құстарда без қабаттарға бөлінбейді, хромаффиндік торшалар бүкіл без ұлпасында бытырап жатады.
Бездің қыртысты қабатында түзілген гормондар үш топқа бөлінеді.
1)минералокортикоидтар - альдостерон, дезоксикортикостерон,
2)глюкокортикоидтар - гидрокортизон, кортизон, кортикостерон,
3)андрокортикоидтар - андрогендер (андростендион, андростерон), эстрогендер (эстрон) және прогестерон.
Минералкортикоидтар организмде минералды заттардың алмасуын, ең алдымен қан құрамындағы натрий мен калий деңгейін реттейді. Альдостерон организмде натрийдің, хлоридтердің, судың жиналуына ықпал етіп, денеден зәр арқылы калий мен фосфордың бөлінуін күшейтеді. Минералкортикоидтар тапшылығы салдарынан организм натрийді, суды, хлоридтерді көп бөледі де, ішкі ортаның қасиеттері өзгеріп, тіршілік жағдайлары бұзылады, құс өліп қалады.
Минералкортикоидтардың бөліну қарқыны денедегі натрий мен калий мөлшеріне байланысты өзгеріп отырады. Қан құрамында натрий мөлшері жоғарыласа, минералокортикоидтардың бөлінуі баяулап, ал төмендесе - үдеп, күшейеді. Калий керісінше әсер етеді. Ұлпалық сұйық пен қан плазмасының мөлшері көбейсе, минералкортикоидтардың бөлінуі баяулайды.
Глюкокортикоидтар көмірсулар, белоктар және майлар алмасуын жандандырады. Олар ұлпада белоктардың ыдырауын күшейтіп, синтезін бәсеңдетеді. Осының нәтижесінде қан құрамындағы амин қышқылдарының мөлшері жоғарылап, олар бауырда глюкоза мен гликогенге айналады. Глюкокортикоидтар әсерімен май қорларының шығыны артып, қуаттық алмасу күшейеді, қандағы глюкоза деңгейі көтеріледі. Сонымен қатар олар антиденелердің түзілуін баяулатып, қабыну процесін өршітпеуде маңызды рөл атқарады.
Глюкокортикоидтардың тапшылығы организмнің әр түрлі қолайсыз әсерлерге төзімділігін төмендетеді.
Андростероидтар жыныс органдарының дамып-жетілуіне ықпал етіп, белок синтезін күшейтеді, организмнің өсіп-дамуын реттейді. Бұл гормондар аз мөлшерде бөлінеді.
Бүйрек үсті бездің қыртысты қабатының гормондары булығу тудыратын әртүрлі қолайсыз факторлардың әсерлеріне бейімделуде маңызды рөл атқарады. Тым күшті ауырсыну түйсігінің, әр түрлі ауыр жарақаттың, қансыраудың, жұқпалы аурудың, ыстықтықтың, суықтықтың әсерінен глюкокортикоидтардың бөлінуі күшейеді. Осының нәтижесінде ұлпалардың қызметі жақсарып, қолайсыз әсерлердің салдарынан туындаған ауытқулар жойылады, организм функциялары қалпына келеді. Демек, бұл гормондар АКТГ-мен бірлесе отырып организмнің әртүрлі қолайсыз әсерлерге төзімділігін арттырады. Бұл процесте жүйке жүйесінің маңызды рөл атқаратынын айта кеткен жөн. Организм қолайсыз жағдайларға кездескенде орталық жүйке жүйесі (ОЖЖ) онымен күресу үшін барлық қорғаныс күшін, соның ішінде эндокриндік бездерді де жұмылдырады. Ал, бұл бездер қатарында гипофиз бен бүйрек үсті бездері ерекше орын алады.
Бездің боз затында екі түрлі гормон - адреналин және норадреналин, түзіледі. Адреналин тираминнің туындысы. Бұл гормондарды катехол туындысы болғандықтан катехоламиндер деп атайды. Аталған гормондардың әсері симпатикалық жүйке әсеріне ұқсас болғандықтан оларды симпатикалық аминдер деп те атайды.
Катехоламиндер гликогенолиз және липолиз процестерін шапшаңдатып, көмірсулар мен майлардың алмасуын жандандырады, жылу реттеу процесіне, қан айналым жүйесінің, бұлшық еттердің, орталық жүйке жүйесінің, тыныс алу және қан түзу органдарының қызметіне ықпал жасайды. Жалпы алғанда симпатоадреналдық жүйе гипофиз - бүйрек үсті бездерінің жүйесі сияқты тіршіліктік маңызы зор процестердің деңгейін қалыптастыруда, организмнің ішкі ортасының тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар адреналин мен норадреналиннің әсерлерінде ерекшеліктер де болады.
Адреналин жүрек етінің қозғыштығын күшейтіп, жиырылу күшін арттырады, жүрек соғуын жиілетіп, оның минуттық сиымдылығын көбейтеді, қан қысымын жоғарылатады (систолалық қысым көтеріліп, диастолалық қысым өзгермейді).
Норадреналин систолалық қысымды да, диастолалық қысымды да көтереді, жүрек соғуын баяулатады, минуттық көлемді шамалы азайтады, миокардтың қозғыштығын өзгертпейді.
Бұл екі гормон да жүрек тамырларының арнасын кеңейтіп, терідегі тамырларды тарылтады, бауыр мен бұлшық еттерде гликогеннің ыдырауын күшейтіп, қандағы глюкозаның деңгейін жоғарылатады. Катехоламиндердің әсерімен организм белсенді әрекеттерге (қорғанысқа, қимыл-әрекетке) дайындалады.
Бүйрек үсті безінің бозғылт затының қызметі жүйке жүйесі арқылы және гуморальдық жолмен реттеледі. Оның қызметін реттейтін жүйке орталығы гипоталамуста орналасқан. Бездің секрециялық жүйкесі - құрсақтық жүйке. Дене жұмысы кезінде, тері рецепторларын тітіркендіргенде, ауырсыну түйсігін тудыратын әсерлерден рефлекстік түрде адреналиннің бөлінуі күшейеді. Бездің бозғылт затының қызметіне ми қыртысы да әсер етеді. Мысалы, әртүрлі эмоциялар (үрей) адреналиннің бөлінуін күшейтеді.
Бұл гормондардың бөлінуін реттейтін негізгі гуморальдық фактор - қандағы глюкоза мөлшері. Гипогликемия адреналиннің бөлінуін күшейтеді, ал гипергликемия - бәсеңдетеді.
Бүйрек үсті бездер мен басқа эндокриндік бездер арасында тығыз байланыс бар. Катехоламиндер гипоталамус арқылы АКТГ-ның бөлінуін күшейтеді, аралшық бездің қызметін үдетеді. Нейрогипофиз гормондары бүйрек үсті бездің бозғылт затының қызметін күшейтеді. Қалқанша без бүйрек үсті бездің бозғылт затының, ал аденогипофиз - қыртысты қабатының дамуын жандандырады.
Достарыңызбен бөлісу: |