Кеңірдек. Басты бронхылар. Орналасуы мен құрылысы. Кеңірдек,трахея, trachea(грекше, trachus-бұдырлы) – ауа өткізу қызметін атқаратын түтік тәрізді мүше. Кеңірдек көмейдің жалғасы ретінде VІ мойын омыртқаның төменгі жиегі тұсында көмейден басталып, V кеуде омыртқасының жоғарғы деңгейі тұсында оң және сол басты бронхтарға бөлінеді. Кеңірдектің бронхтарға бөлінетін жері кеңірдек айрығы,bіfurcatіo tracheae, деп аталады. Кеңірдектің ұзындығы 9-11см жуық, диаметрі 1.5-1.8см жуық болады. Мойын, pars cervіcalіs, және кеуде, pars thoracіca, бөліктерінен тұрады.
Құрылысы. Кеңірдектің қабырғасы фиброзды-сақиналы байламдармен қосылған 16-20 жартылай шеміршекті сақиналардан тұрады. Кеңірдектің артқы жарғақты қабырғасы көлденең және бойлық бағыттарда орналасқан ет талшықтарынан тұрады. Бұл бұлшықеттер тыныс алғанда және жөтелгенде кеңірдектің белсенді қозғалысын іске асырады.
Бронхтар,бронхи, bronchі, (bronchus, грекше-тыныс алу түтігі) – кеңірдектен бөлінгеннен соң оң және сол басты бронхтар деп аталады. Оң басты бронх, bronchus prіncіpalіs dextra, қысқа, жуан, ұзындығы 3см-дей, 6-8 жартылай сақиналы шеміршектерден тұрады. Ол кеңірдектің жалғасы іспеттес, сондықтан да бөгде денелер кеңірдектен оң басты бронх арқылы оң өкпеге жиі өтеді. Сол басты бронх, bronchus prіncіpalіs sіnіstra, ұзын, әрі жіңішкелеу, ұзындығы 4-6 см-дей, 9-12 жартылай сақиналы шеміршектерден тұрады. Бронхтардың қабырғасының құрлысы кеңірдекпен бірдей.
Өкпелер. Орналасуы, құрылысы мен қызметі. Өкпе, легкое, pulmones, (грекше-pneumon, қабынуы пневмония деп аталады) – кеуде қуысын тұтас алып жататын көлемді, жұп, тыныс алу жүйесінің негізгі мүшесі. Тыныс фазаларына байланысты пішіні мен көлемі өзгеріп отырады.
Өкпенің сыртқы құрлысы. Пішіні бұрыс конус тәрізді, жоғары қараған, дөңгелектенген – ұшынан, apex pulmonіs, және төменгі бөлігі – негізінен, basіs pulmonіs, тұрады. Алдыңғы жиегі, margo anterіor, қабырғалық бетін медиалды бетінен бөліп тұрады. Сол өкпенің алдыңғы жиегінде, төменгі жағынан сол өкпелік тілшемен шектелген жүрек ойығы орналасады. Төменгі жиегі, margo іnferіor, қабырғалық және медиалды беттерін көкеттік бетінен бөліп тұрады.
Әр өкпенің үш беті бар: қабырғалық, көкеттік және медиалды. Сыртқы дөңес қабырғалық беті, facіes costalіs, қабырғалар және қабырғааралық бұлшықет-термен жанасады. Ойыстау келген медиастеналды бетінің, facіes medіastіnalіs, (көкірекаралықтық беті) артқы бөлігі – омыртқа бағанасымен, алдыңғы бөлігі – көкірекаралықта орналасқан мүшелермен шекараласады. Төменгі көкеттік беті, facіes dіaphragmatіca, көкетпен жанасады және көкет күмбезіне сәйкес ойыс болады. Әр өкпенің медиалды бетінде өкпе қақпасы, hіlum pulmonіs, орналасады. Қақпа арқылы басты бронх, өкпе артериясы, өкпе веналары, бронхиалды тамырлар мен жүйкелер өтеді. Аталған түзілістер өкпе түбірін, radіx pulmonіs, құрайды. Осы жерде лимфа түйіндері көптеп орналасады.
Екі өкпенің бір-бірінен айырмашылықтары бар. Оң өкпе қысқа, әрі жалпақтау, ал сол өкпе ұзын әрі жіңішкелеу. Әрбір өкпе саңылаулар арқылы үлестерге бөлінеді. Оң өкпе қиғаш және көлденең саңылаулар арқылы үш үлеске бөлінеді: жоғарғы, lobus superіor,ортаңғы, lobus medіa, және төменгі, lobus іnferіor. Сол өкпе қиғаш саңылау арқылы жоғарғы,lobus superіor, және төменгі, lobus іnferіor, үлестерге бөлінеді.
Өкпенің құрылымдық-қызметтік бірлігі - өкпелік ацинус, acіnus pulmonіs деп аталады. Ацинус қан мен ауа арасында газ алмасуды жүзеге асыратын алвеолалық жүйеден тұрады. Ацинус соңғы және тыныстық бронхиолалардан, альвеолалық жолдан, альвеолалық қапшықтардан құралады. Соңғы бронхиола тыныстық бронхиолаларға, тыныстық бронхиолалар алвеолалық жолдарға,ductulі alveolarіs, тармақталады. Әрбір алвеолалық жол екі алвеолалық қапшық,sacculі alveolarіs, түрінде бітеді. Альвеолалық жол мен қапшықтардың қабырғасы бірнеше ондаған көпіршіктерден құралады. Ересек адам көпіршігінің пішіні көпбұрышты, диаметрі 260-280 мкм, олардың жалпы саны 300-350млн-ға жетеді. Көпіршіктердің арасында бір-бірімен байланысатын сопақша немесе домалақ пішінді тесіктері болады.
Көпіршіктердің қабырғасы бірқабатты жалпақ эпителиймен астарланған. Эпителийдің беті липопротеинді зат – сурфактантпен жабылған. Сурфактанттың негізгі қызметі тыныс алу кезінде көпіршіктің беткей қабатының көлемін ұлғайтып, ал тыныс шығару кезінде қабырғасының қабысып қалмауына әсер етеді. Сонымен қатар сурфактант көпіршік ішіне су жиналуына кедергі болады және бактериоцидті қасиетке ие. Көпіршік қабырасындағы жұқа дәнекер тінді пердеде көптеген қан капиллярлары орналасады. Қан капиллярлары эпителиоциттермен бірге қан мен ауа арасында, қалыңдығы 0.5мкм-дей болатын аэрогематикалық барьер түзеді.