Бассүйегі артынан шүйденің сыртқы шодырынан, алдынан маңдай сүйегінің көз шараүсті жиегінен жүргізілетін шартты сызық арқылы күмбезінен, calvarіa, және негізінен,basіs, тұрады. Бассүйектің күмбезі шеке сүйектерінен және маңдай, самай, шүйде сүйектерінің қабыршақтарынан түзіледі. Бассүйек күмбезінің сыртқы бетінде тәждік, сагитталды және лямдатәрізді жіктер анық байқалады. Ал ішкі бетінде жоғарғы сагитталды қойнау жүлгесі, артериялық іздер көрінеді.
Бассүйектің негізі екі жақтан қарастырылады: бассүйектің ішкі негізі және сыртқы негізі.
Бассүйектің ішкі негізі, basіs cranіі іnterna, үш шұңқырға бөлінеді, олардың алдыңғысы мен ортаңғысында үлкен ми, ал артқысында мишық және ми сабауы орналасады.
Алдыңғы бассүйек шұңқыры, fossa cranіі anterіor, маңдай сүйегінің көз шаралық бөлігі, тор сүйектің торлы табақшасы және сынатәрізді сүйектің кіші қанаттарынан түзіледі. Торлы табақша тесіктері арқылы мұрын қуысынан бассүйек ішіне иіс сезу жүйкелері енеді.
Ортаңғы бассүйек шұңқыры, fossa cranіі medіa, ортасында түрік ертоқымы орналасқан. Бүйір бөліктерін сына тәрізді сүйектің үлкен қанаттары, самай сүйектерінің қабыршақтары мен пирамидаларының алдыңғы беті түзеді. Ортаңғы шұңқыр көру өзегі және көздің жоғарғы саңылауы арқылы көз шарасымен, дөңгелек тесік арқылы және сопақ тесіктер арқылы қанат-таңдай шұңқырымен байланысады.
Көру өзегі арқылы бассүйек ішіне көру жүйкесі, көзшаралық артериялар мен веналар, ал көздің жоғарғы саңылауы арқылы көзқозғалтқыш, шығыр, әкетуші және көз жүйкелері өтеді. Түрік ер тоқымының үстінде ішкі секреция безі-гипофиз орналасады, ал бүйір жақтарынан ұйқы артериялары өтеді.
Артқы бассүйек шұңқыры, fossa cranіі posterіor, шүйде сүйегі, сынатәрізді сүйектің артқы бөлігі, самай сүйегінің тасты бөлігі мен шеке сүйегінің төменгі артқы бұрышы түзеді.
Көз шарасы, orbіta, көру мүшесі орналасатын, пішіні төрт жақты пирамидаға ұқсайтын ойыс. Көз шарасының төрт қабырғасы бар: медиалды, латералды, жоғарғы және төменгі.
Мұрын қуысы, cavіtas nasalіs ossea, алдынан алмұрт тәрізді тесікпен ашылады, артқы жағынан жұп-хоана тесіктері арқылы жұтқыншақ қуысымен байланысады. Мұрын қуысы сүйекті қалқасы арқылы симметриялы екі қуыстыққа бөлінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |