Синостоз сүйектердің сүйек тіні арқылы байланысуы. Мысалы: сегізкөз омыртқалары арасындағы қосылыс.
Егер синхондроздың ортасында буындық беттері мен қапшығы бар нағыз буын қуысы сипаты жоқ тар саңылау түзілсе, онда мұндай қосылулар үзілістіден үзілістіге өтпелі болады да, ол симфиз деп аталады. Мысалы: шат симфизі.
Диартроздар немесе буындар, artіculatіo деп аталады. Олар үзілісті, қозғалмалы қосылыстар. Буындар негізінен келесі элементтерден тұрады: буын қапшығы, буын қуысы, буын беттері және буын сұйықтығы.
Буын қапшығы, capsula artіcularіs, буын қуысын қоршап тұрады. Екі мембранадан түзіледі: сыртқысы фиброзды, ішкісі синовиалды. Синавиалды қабатынан буын сұйықтығы бөлінеді.
Буын қуысы, cavіtas artіcularіs,сүйектердің буын беттерінің арасында болатын саңылау. Буын қуысындағы қысым теріс болады, сондықтан да буын беттері бір-біріне тартылып тұрады.
Буын сұйықтығы, synovіі, синовиалды мембранадан бөлінеді. Түссіз, құрамы жағынан қан плазмасына ұқсас. Ол буын беттерін ылғалдандырып, үйкеліс күшін азайтады.
Буын беттері, facіes artіculares, сүйектердің буын түзуге қатысатын бөліктері. Буын беттері шеміршекпен қапталады, пішіндері байланысқан сүйектеріне байланысты әртүрлі болады.
Кейбір буындарда қосымша элементтері болады. Оларға: буын ернеулері, дискілер мен менискілер, буын байламдары жатады.
Буын ернеуі шеміршектен түзіледі, ол буын ойпаңын қаусырып орналасады. Иық және жамбас-сан буындарында кездеседі.
Дискілер мен менискілер талшықты шеміршектен тұрады. Дискілер тегіс табақша тәрізді болады да, буын қуысын толығымен екіге бөледі, самай-төменгі жақ буынында кездеседі. Менискілер пішіні жарты ай тәрізді, буын қуысын жартылай бөліп тұрады, тізе буынында кездеседі.
Буын байламдары орналасуына байланысты буын ішілік және буын сыртылық болып бөлінеді.
Буындар биомеханикасы. Буындар қозғалысы үш негізгі білікті айнала жүреді:
- Фронталды білік бойынша- бүгу, flexіo, және жазу, extensіo.
- Сагитталды білік бойынша- әкелу, adductіo, және әкету, abductіo.
Достарыңызбен бөлісу: |