Бассүйектің жастық ерекшелігі. Жаңа туылған нәрестенің бассүйегінде еңбектері болады. Еңбектер баланың туылу кезінде бас сүйектерінің едәуір ығысуына мүмкіндік береді. Еңбектердің келесі түрлерін ажыратамыз:
-алдыңғы еңбек, пішіні ромб тәрізді, маңдай және шеке сүйектерінің арасында орналасады, 2 жаста бітеді;
-артқы еңбек, үшбұрыш пішінді, шеке сүйектері мен шүйде сүйегінің арасында жатады, 2 айда бітеді;
-сына тәрізді еңбек, шеке, маңдай, самай және сына сүйектерінің қиылысатын жерінде орналасады, баланың 2-3 айлығында бітеді;
-емізік тәрізді еңбек, шеке, шүйде және самай сүйектерінің қиылысатын жерінде орналасқан. Жетіліп туылған балаларда бұл еңбек көбіне болмайды.
Жыныстық ерекшелігі. Еркектің бассүйегі әйелдікіне қарағанда үлкендеу. Әйел бассүйегінің сырты тегістеу, қас үсті доғалары нашар дамыған, маңдайы тіктеу, шекесі жайпақтау келеді. Алайда, кейде бассүйекте жыныстық белгілер нашар білінетіндіктен, оларға қарап нақты адамның жынысын айыру мүмкін емес.
СҮЙЕК ҚОСЫЛЫСТАРЫ ТУРАЛЫ ІЛІМ – ARTHROLOGIA
Сүйектер қосылыстары екі топқа (2.5-сурет) бөлінеді:
- Үзіліссіз қосылыстар-синартроздар
- Үзілісті қосылыстар-диартроздар
Екі топтың арасында ауыспалы түрде болатын жартылай буындар симфиздер деп аталады.
Синартроздар, бұл қосылыстарда сүйектер арасындағы саңылауды қандай да бір тін толтырып жатады, бұндай қосылыстар арқылы біріккен сүйектер қозғалмайды. Сүйектер арасындағы саңылауды толтыратын тініне байланысты синартрозадрдың үш түрі бар:
- синдесмоздар
- синхондроздар
- синостоздар
Синдесмоздар немесе фиброзды қосылыстар деп аталады, бұл қосылыстарда сүйектер бір-бірімен талшықты дәнекер тіні арқылы байланысады, оларға байламдар, lіgamentum, жарғақтар, membrana, жіктер, suttura, жатады. Байламдар омыртқа доғаларының арасында кездеседі, жарғақтар білек және сирақ сүйектерінің арасында орналасады. Жіктердің үш түрін ажыратамыз: тісті, қабыршақты және тегіс. Тісті жіктер бассүйек күмбезі сүйектерінің арасында түзіледі. Қабыршақты жік самай мен шеке сүйектерінің арасында, тегіс жік бет сүйектерінің арасында түзіледі.
Синхондроздар сүйектердің шеміршек тіні арқылы байланысуы. Олар уақытша және тұрақты болып бөлінеді. Уақытша синхондроздар белгілі бір жасқа дейін ғана болып, одан кейін синостозға өтеді. Мысалы: жамбас сүйектерінің арасындағы қосылыс. Тұрақты синхондроздар бүкіл өмір бойында сақталады, мысалы: самай пирамидасы мен сына сүйектерінің арасындағы қосылыс.
Достарыңызбен бөлісу: |