Тынысалу жүйесі. Ауа өтетін мүшелер мен өкпенің құрылыс ерекшеліктері Тынысалу жүйесі организмдегі ең басты қызмет оттекті ұлпаларға, мүшелерге тасымалдап,
көмірқышқыл газын сыртқа шығарып отырады.
Мұрын қуысы, жұтқыншақ, көмекей, кеңірдек, бронхылар, бронхиолдар ауа өтетін жолдарға
жатады. Оларда ауа әр түрлі заттардан тазарады, әрі үнемі ылғалданып тұрады. Өкпеде ғана газ
алмасу процесі жүреді.
Мұрын қуысы – жұп танау тесігінен басталады және олар бір-біріне жақын әрі төмен қарай
бағытталған. Мұрын қуысында иіс сезу клеткалары да орналасады. Мұрын қуысының ішкі сілемейлі
қабығын капилляр қантамырлары торлап жатады және ондағы кірпікшелі эпителий клеткалары үнемі
сілемей бөліп, мұрын қуысын ылғалдап тұрады. Мұрын қуысындағы үш мұрын қалқаны (үстіңгі,
ортаңғы, төменгі) мұрын қуысының жалпы бетін кеңейтіп тұрады.
Жұтқыншақтың құрылыс ерекшелігі асқорыту жүйесінде айтылды.
Көмекей (larynx) - екі түрлі қызмет атқарады: тыныс алуға және дыбыс шығаруға қатысады.
Көмекей шеміршекті іші қуыс мүше. Оның құрамында ірі үш сыңар (қалқанша, сақина пішінді және
көмекей қақпағы) және үш жұп (ожау пішінді, мүйіз пішінді, сына тәрізді) шеміршектерден тұрады.
Бұл шеміршектер бір-бірімен сіңірлер, бұлшықеттер және буындар арқылы байланысқан. Сондықтан
да, көмекей сөйлеген кезде үнемі қозғалып отырады. Осыған сәйкес халқымызда “көмекейі
бүлкілдеген әнші екен” деген сөз тіркесі бар.
Көмекейдің ішкі қуысында алдынан артына қарай көлденеңінен едәуір тығыз дыбыстық сіңір
созылып тұрады. Көмекей қуысының пішіні құм сағатына ұқсас. Оның жоғары және төмен бөлімдері
кеңейіп келеді де, ортаңғы бөлімі біршама қысыңқы болады. Осы ортаңғы бөлімі нағыз дыбыстық
аппарат деп аталады.
Кеңірдек (trachea) – жартылай сақина пішінді іші қуысты мүше, ұзындығы 10-11 см. Ондағы
жартылай сақина пішінді шеміршектердің саны 16-20. Олар бір-бірімен сіңірлер арқылы
байланысқан. Кеңірдектің де ішкі сілемейлі қабығында бездер мол. Кеңірдек көмекей мен
бронхыларды байланыстырып тұрады.