Ғалым Анар Салқынбай антонимдік парадигма жайында: «Мағыналары бір-біріне қарама-қарсы айтылатын сөздердің жүйелі тобы- антонимдік парадигманы құрайды. Болмыстағы заттар мен құбылыстардың қасиеттері мен қатынастары арасында қарама –қайшылықтың болуы диалектиканың даму заңдылығы. «Қарама-қайшылық –әлемді қозғаушы..., кез келген қозғалыстың, өмірдің түп тамыры; қандай да бір нәрседе қарама-қайшылық болғанда ғана ол қозғалады, импульсқа,іс-әрекетке ие болады,...әр нәрсе өзінде қарама-қайшылық болғандықтан ғана өмір сүреді»(Гегель). Антонимдік қарама-қарсылық заттар арасындағы қарама-қарсылық емес, олардың қасеттерінің, сапаларының, белгілерінің арасындағы қарама-қарсылық. Мәселен, ағаштың әр түрі-қайың,қарағай,терек,шырша,үйеңкі бір-біріне қарама-қарсы емес,бірақ олардың биік-аласа,қатты-жұмсақ, үлкен-кіші, кәрі-жас т.б. белгілері антонимдік қатынаста» [А.Салқынбай «Қазіргі қазақ тілі»,101-бет]. Белгілі лексиколог ғалым Ә.Болғанбаев:«Антонимдер дүниедегі заттардың, құбылыстардың сын-сапасын, артық-кем қасиетін, мөлшер-көлемін салыстырып, бір-біріне қарама-қарсы қоюдан шығады. Антоним дегеніміз мағынасы бір-біріне қарама-қарсы сөздер болып шығады. Антонимдер өзара алшақ қарама-қарсы ұғымды білдіретіндіктен, бұлардың әр сөз табына қатысы нақ бірдей емес, ала-құла . Бір сөз табы антонимге соншама бай да, енді біреулері соншалықты кедей, не болмаса тіпті кездеспеуі де ғажап емес. Қазақ тілінде антонимдер көбіне-көп сын есімдерден болады, онан соң етістіктер, зат есімдер, үстеулерден азды-көпті кездеседі. Ал қалған сөз таптарынан жасалған антонимдер тым тапшы» деп, антонимдерге анықтама беріп, антонимдерді зат есімге тән антонимдер, сын тән антонимдер,етістікке тән антонимдер, үстеуге тән антонимдер деп жікке бөліп, қарастырады[Ә. Болғанбаев «Қазақ тілінің лексикологиясы»,45-бет]. Әсет Болғанбаев антонимдерді сөз таптарына байланысты классификациялайды. Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романы Әсет Болғанбаевтың топтастыруы бойынша қаралды.
Зат есімге тән антонимдер: 1.Шынында да, мынау сенің өңің түгіл түсіңе де кірмеп еді-ау! (7 бет)