Буынәдісіде,әріп қосу әдісі сияқты синтетикалық әдіске жатады. Буын қосу әдісінің ережесі: оқи алу үшін әріптерді тану, әріптен буын құрай білу, буындарды жаттау, содан соң ғана текстті оқуға кірісу. Бұл да Римдіктер бастап қолданған көне әдіс. Буын әдісімен оқытқанда, әуелі алфавит тәртібімен бүкіл әріп аттары жаттатылады. Сонымен қатар, жеке әріптерді атай отырып, олардан буын құратылады. Буын құрауды үйрету және құрастырылған буындарды жаттату процестері бір мезгілде жүреді. Кейініректе буын құрайтын әріптерді атауды қойып, буынды бірден атап жаттауға көшеді. Бұл тұстағы оқу бірлігіне буын алынады. Сөз буындарды қосу жолымен оқылады. Міне осы буын оқу мақсатына орай оқу, сауат ашу процесін жеңілдету үшін бұрынғы славян сөздерімен аталатын әріп аттарына реформа жасалып, он сегізінші ғасырдың басынан әріп аты да буынмен аталатын болады. Мысалы, -а, -бе, -ве, -ге, -де түрінде аталады. Әріп атауларының осындай өзгерісі сауат ашу жұмысын, бұрынғы сөзбен атауға қарағанда, біраз жеңілдететеді. Бірақ бұл әдісте де негізгі қиындық сақталып қалады. Сауаттандыру элементі көру қабілеті бойынша механикалық түрде құр жаттығу жолымен жүреді. Оқушыларға буынның дыбыстық құрамы түсіндірілмейді. Ең басты кемістік – әріптер атының күрделілігі балаларға түсініксіз болды.
Жаттығу сөздері мен текстер балалардың психологиялық, жас ерекшеліктері ескерілмей талғаусыз алынды және мұнда ешбір жүйе болмады. Сондықтан да халық ескіше сауат ашу жолын «инемен құдық қазғандай өте қиын жұмыс» деп дұрыс сынға алды. Дегенмен бері келе осы буын жаттау сөзді біріктіріп оқу жаттығуларына бұрынғы көру қабілетіне жанамалап есту сезімі және сөйлеу жаттығулары да ішінара ендіріле бастайды.
Дыбыс әдісі.
Сөздің дыбыстарын оқып үйрену оқушылардың топтық құрамын оқытуға, тілдің табиғи негізін танытуға бірден-бір қолайлы жол деп танылады. Сондықтан әуелі Батыс Европа елдерінде, кейін 19 ғасырдың орта кезінде Ресей мектептерінде дыбыс әдісі қолданыла бастады.
Дыбыстық талдау әдісі Ресейде өткен ғасырдың 40-жылдарында пайда болды. Оны Золотов әдісі деп те атайды. Бұл әдіс бойынша оқытқанда, оқушылар ауызша жаттығу жолымен сөйлемнен сөздерді, сөзден буындарды, буыннан дыбыстарды айырып талдаған. Ең соңынан әріптерді ажыратады. Золотов әдісінде көру жаттығулары басым болғандықтан, ол да ұзаққа бара алмайды. Сондықтан оқыту, хат таныту, жазуға үйрету процесін жеңілдететін
тиімді әдістер іздестіріле береді, мектеп тәжірибесіне дыбыстық жинақтау әдісі келеді.