Қасқабасов С. Таңдамалы


Сілтемелер мен ескертпелер



Pdf көрінісі
бет9/19
Дата19.01.2017
өлшемі1,43 Mb.
#2189
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   19

Сілтемелер мен ескертпелер
1. Веселовский А.Н. Историческая поэтика. – Л., 1940. – С. 494.
2. Қараңыз: Лафарг П. Миф о непорочном зачатии. Кі­
тап та:  Очерки по истории культуры. – М.­Л., 1962; Весе­
ловский А.Н. Историческая поэтика. – Л., 1940; Пропп В.Я. 
Мотив чудесного рождения. – Кітапта:  Фольклор и дейст­
вительность. – М., 1976; Жирмунский В.М. Сказание об 
Алпамыше и богатырская сказка. – М., 1960.
3. Веселовский А.Н. Историческая поэтика. – Л., 1940. – С. 
538.
4. Пропп В.Я. Фольклор и действительность. – С. 206.
5. Косвен М.О. Очерки истории первобытной культуры. – 
М., 1957. – С. 157. Осындай пікір жайында қараңыз: Семенов 
Ю.И. Как возникло человечество. – М., 1966. – С. 331­337.
6. Веселовский А.Н. Историческая поэтика. – Л., 1940. – С. 
538.
7. Пропп В.Я. Фольклор и действительность. – С. 206­207.
8. Алғашқы қауым адамдарының түсінігі бойынша, жаңа 
туған кісі өзінің қайтыс болған атасының қайталауы ғана, 
яғни марқұмның басқа кейіпте өмірге қайтып келуі деген сөз. 
Пропп В.Я. Фольклор и действительность. – С. 205­237.
9. Қараңыз: Кубас. – Тургайская газета, 1901, №2, Череп. 
Казак­киргизские и алтайские предания, легенды и сказки. 
Пг. 1917. – С. 146­147. Мұстақым. – Орталық Ғылыми кітап­
хананың қолжазба қоры, п. 35; Бақтыжар. – Сонда, п. 153.
10. Предания об избрании Чингизхана.  –  Кіт:  Казахский 
фольклор в собрании Г.Н. Потанина. 1972. – С. 64­65. Чингиз 
хан. – Сонда, 65­67 бб.
11. Ер Төстік. Қазақ ертегілері, 1957. Т. 1.; Әлібек ба­
тыр. – Орталық кітапхананың қолжазба коры, п. 142; Иты гиль – 
Казахский фольклор в собрании Г.Н. Потанина. С. 109­112.

[
 
 137  
]
12. Жирмунский В.М. Народный героический эпос. – Л., 
1962. – С. 12.
13. Қараңыз: Казахский фольклор в собрании Г.Н. Потани­
на. – Алма­Ата, 1972. – С. 64­67.
14. Қазақтың Шыңғыс хан туралы аңыздарын қараңыз.
15. Пропп В.Я. Фольклор и действительность. – С. 207­208.
16. Веселовский А. Н. Историческая поэтика. – Л., 1940. – 
С. 533­538. Пропп В. Я. Фольклор и действительность. – С. 209­
212.
17. Пропп В.Я. Сонда, с. 208­209.
18. Жирмунский В.М. Сказание об Алпамыше и богатырская 
сказка. – М., 1960. – С. 170.
19. Аю бала. – ОҒК ҚҚ, п. 34; Аю алпан. – Сонда, п. 91; Жас 
бөбекке зарыққан бай. – Сонда, п. 189; Аю дәу. – Сонда, п. 205.
20. Толығырақ: Пропп В.Я. Исторические корни волшебной 
сказки. – Л., 1946. – С. 197­260.
21. Веселовский А.Н. Историческая поэтика. – Л., 1940. – С. 
534­535. Пропп В.Я. Фольклор и действительность. – С. 227­
230.
22. Толығырақ: Каскабасов С.А. Казахская волшебная сказ­
ка. – Алма­Ата, 1972. – С. 153­159.
23. Сүйінбай Аронұлы. Ақиық. 1975. – 13­б. Байрақ – көне 
түркі тілінде «ту»  (Қараңыз: Древнетюркский словарь. – Л., 
1969, 79­б). Бұрынғы уақытта Шапырашты  руының туын­
да қасқырдың басы  бейнеленетін болған. Оған себеп –  Шапы­
раштының анасы бөрінің бауырына жерік болған деген түсінік. 
Сүйінбайдың Бөрілі байрақ деп отырғаны сол.
24. Қазақ ертегілері. Т.2.  – 88­б. 
25. Сонда, 89­б.
26. Қазақ эпосы. – Алматы, 1958. – 235­237­бб.
27. Ермагамбет. Васильев А. Образцы киргизской народной 
словесности. Вып.1, 1898. – С. 19. Алеуко батыр. – Казахский 
фольклор в собрании Г.Н.Потанина. – С. 117; Әлібек батыр. – 
Қазақ ертегілері. Т.2., 1964. – 88­б.
28. Бұл туралы  толығырақ қараңыз: Каскабасов С.А. 
Казахская волшебная сказка. – С. 160­166.
29. Былины Печоры и Зимнего берега. – М.­Л., 1961. – С. 
142­143.

[
  138  
]
30. Қозы Көрпеш – Баян сұлу. – Алматы, 1959. – 123­124­бб.
31. Токарев С.А. Религия в истории народов мира. – М., 
1964; Гольдцаэр И. Культ святых в исламе. – М., 1938. 
32. Валиханов Ч. Собр. соч. в 5 томах. Т.1., 1964. 
33. Әлібек батыр. Қазақ ертегілері. Т.2. – Алматы, 1962. – 
87­88­бб.  Сондай­ақ  мына  ертектерді қараңыз: Ермағамбет, 
Әлеуке батыр, Желкілдек, Мерген Даршы, Дудар қыз, т.б.
34. Ақжонас ұлы ер Кеңес. Батырлар жыры, Т.2., 1961. – 
345­347­бб. Сонымен бірге мына жырларды қараңыз: Алпамыс 
батыр, Қобыланды батыр, Ер Сайын, Шора батыр, т.б.
35. Жирмунский М. Сказание об Алпамыше и богатырская 
сказка. – М., 1960. –  С. 169­170.
36. Қараңыз: Қарашаш қыз, Шал мен кемпір, Алтын айдар. 
– Васильев А. Образцы киргизской народной словесности, 
вып.1, 1898; Қарға хан, Патша мен бүркіт, Зарлық. – Орталық 
ғылыми кітапхананың қолжазба қоры, пл. 22, 95, 1398: Жүсіп 
мерген, Мұңлық – Зарлық, Темір хан. – Әдебиет және өнер 
институтының қолжазба қоры, пп. 124, 117, 1398.
37. Жирмунский В.М. Сказание об Алпамыше. – С. 164.
38. Сонда. 164­165 бб.
39. Веселовский А.Н. Историческая поэтика. – С. 538­539.
40. Косвен М.О. Матриархат. Этнографические материалы. 
Уч. загаюки МГУ, вып. 61. История.Т. 2, 1940.
41. Сонда. С. 92, 105, 118, 129, 144 т.б.
42. Михайлов АД. Французский рыцарский роман. – М., 
1976. – С. 68 и сл.
43. Средневековый роман и повесть. – М., 1974. – С. 155.
44. Сонда, с. 8­9.
45. Беовульф. Старшая Эдда. Песнь о Набелунгах. – Биб­
лиотека всемирной литературы. Т. 9. – М., 1975. – С. 268.
46. Жирмунский В.М. Сравнительное литературоведение. – 
Л., 1979. – С. 24.
47. Былины Печоры и Зимнего берега. – М.­Л., 1961, №44, 
46, 77, 92.
48. Сонда, с.148­149.
49. Қараңыз: Пропп В.Я. Исторические корни волшебной 
сказки. – Л., 1946; Каскабасов С.А. Казахская волшебная 
сказка. – Алма­Ата, 1972.

[
 
 139  
]
ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРЫНДАҒЫ
 ТҰТАСТАНУ ҚҰБЫЛЫСЫ
Фольклордың басқа көркем жанрлардан, айталық әдебиет­
тен басты айырымшылығы – тек ауызша туып, ауызша орын­
далып, ауызша таратылатындығы ғана емес. Оның өзіндік 
бейнелеу әдісі (метод), атқаратын қызметі, көркемдеу тәсілі 
мен құралдары бар. Мәселен, фольклордың негізгі бейнелеу 
әдісі романтикалық дәріптеу (идеализация) мен күрделі көркем 
жинақтау (типизация) болып табылады. Рас, соңғы белгіні біз 
әдебиетке ғана тән деп келдік. Бұл – ойланатын нәрсе, себебі 
әдебиет дегеніміз, ең алдымен, әр автордың даралығы деген 
сөз. Олай болса, оның да әр кейіпкері – қайталанбас тұлға. Ал 
фольклордағы кейіпкер, яғни бір эпостағы немесе ертегідегі 
басты қаһарман екінші шығармадағы қаһарманға ұқсамайды 
деп айта алмаймыз. Белгілі ғалым В. Пропп өзінің «Морфология 
сказки» де ген еңбегінде бұл мәселені түбегейлі зерттеп, ертегі 
қаһармандары өздерінің іс­әрекеттері, түр­тұлғасы жағынан 
біркелкі болып келетіндігін дәлелдеп шыққан болатын. Осы 
жағдай батырлық эпоста да байқалады. Мұнда батырлардың 
керемет боп тууы, жылдам өсуі, оның орасан зор күш­қайраты, 
қайтпас қаһары мен қаруы – бәрі ұқсас келеді. Басқаша 
айтқанда, дәріптеу шартына байланысты батырлар атқаратын 
жұмыстар біркелкі болады да, олар көбінесе бірыңғай жағдайда 
ерлік көрсетеді. Сөйтіп, бір­біріне ұқсас келеді
1
. Сөз жоқ, бұл 
жерде көркем жинақтаудың рөлі зор.
Көркем жинақтау, ең алдымен, фольклорға тән. Онда басты 
қаһарманның бойына адам баласындағы ең ізгі қасиеттер 
жинақталған, соған қоса ел аңсаған, армандаған батыр жігіттің 
ісі мен мінезінен, қимыл­әрекетінен көргісі келетін небір асыл 
қасиеттер де танылған. Сөйтіп, өмірдегіден гөрі қиялда, ойда 
армандаған мінез­құлық, іс­әрекет, өмір салты фольклорлық 
туындыға, оның кейіпкеріне ғаламат жинақтық әрі тұлғалық 
сипат береді. Мұнда, бір жағынан, іс­әрекетті жинақтау, екінші 
жағынан, уақытты жинақтау, үшінші жағынан, арманды 
жинақтау бар. Ал дәл осындай кең ауқымды жинақтау әдебиетте 
болмайды, өйткені ол – жеке авторлық өнер. Бізден бұрын бұл 
ойды кезінде М. Горький: «Прометей, Стана, Геракл, Святогор, 

[
  140  
]
Илья, Микула тәрізді орасан кең ауқымды жинақтауларды, 
дана символдарды, сондай­ақ халық тәжі рибесінің басқа да 
жүздеген ғаламат жинақтауларын күллі елдің тек ойлаған 
жағдайында ғана жасауға болады», – деп жазған. Халық 
шығармашылығының күш­қуаты мынамен­ақ дәлелденеді: 
дара шығармашылық жүздеген жылдар бойы «Илиадаға» яки 
«Калевалаға» тең келетін еш нәрсе тудырған емес және жеке 
кемеңгер халық шығармашылығына негізделмеген бірде­бір 
жаһандық алып туғыза алмады»
2
.
 
Демек, көркем жинақтау – фольклордың басты бейнелеу 
әдістерінің бірі. Ол, сайып келгенде, өмірді, қаһарманды фоль­
клорлық түсінікпен дәріптеуге қызмет етеді және тұтастану 
құбылысын күшейтеді, өйткені, тұтастанудың өзі, түптеп 
келгенде, жинақтаудың бір түрі десе де болады, себебі мұнда 
да тарихи оқиғалар, кейіпкердің өмір жолы мен іс­әрекет­
тері, оның ұрпағының ғұмыры мен қимыл­ерліктері түгел 
жинақталып, топталып, біртұтас дүниеге қарайды. Тұтастану 
да қаһарманды, оның ұрпағын дәріптеуге бағытталады. Ен­
деше, фольклордағы тұтастану – көркем құралдың, яғни поэ­
тиканың бір бөлігі, тармағы деуге негіз бар.
Фольклордағы тұтастану құбылысы бар екенін Н.А. Доб­
ролюбов өткен ғасырда­ақ байқаған. Ол өзінің 1858 жылы жа­
рық көрген «Орыс әдебиетінің даму барысындағы халықтың 
қатысу дәрежесі» атты мақаласында фольклорға тарихи тұ­
тастану тән екенін біршама анық айтады. 
Орыс князьдерінің алауыз болып, өзді­өзі қырқысқан іс­
әрекеттерін халық ешбір өлеңге, жырға қоспаған себебін 
айта келіп, Добролюбов былай дейді: «Шынында да, сонау 
Владимир заманынан бастап татар лар дәуіріне дейін болған 
әлеуметтік мәндегі саяси оқиғаларға халық өте селсоқ болған. 
Тек туған жерге атап төнген кезде ғана халық бұрынғы 
ерлікті есіне алды, сөйтіп ежелгі нормандар уақытынан бері 
сақталып келе жатқан аңыз­жырларды қайта дан жырлады. 
Енді ол шашыраған аңыздауларды біріктіре бастады, соның 
нотижесінде адамдарды, жер мен дәуірлерді шатастырды, 
бүкіл үш жүз жылғы кезеңді өзіне ұнаған Вла 
димирдің 
есіміне байланыстырып, соның төңірегіне топтады. Сонымен, 
Владимирдің батырлары татарлармен соғысты да, Владимирдің 

[
 
 141  
]
өзі Алтын Орданың қаһарлы ханы Этмануил Этмануиловичке 
салық төледі».
3
Ескерте кететін жайт – Добролюбов орыс фолькло­
рында татарлар дәуірінен үш ғасыр бұрын өмір сүрген Вла­
димир князьді татарлардың шабуылына қарсы ұрыстарға 
араластырғанын айтқанда, тұтастанудың екі түрін қамтыған. 
Бірі – тарихи да, екіншісі – бір әмірші төңірегіне батырларды 
топтау.
Тұтастану құбылысын Шоқан Уәлиханов та аңғарған. Қыр­
ғыз дардың «Манасы» туралы қысқаша сипаттама берген тұста 
ол тарихи тұтастану мен бір адамға байланысты топтау (яғни 
фольклорлық циклге түсу) әдістерін меңзейді. Шоқан былай 
дейді: «Манас» – энциклопедия, халықтың бүкіл ертегілерінің, 
әңгімелерінің, аныздарының, географиялық, діни, ойлау дә­
режесі мен білімінің, имандылық түсініктерінің бір уақытқа 
телінген, бір адамның, Манас батырдың төңірегіне топталған 
біртұтас жиынтығы»
4
.
Міне, тұтастану құбылысы фольклордың заңдылығы еке­
нін осыдан­ақ көруге болады. Жалпы зерттеушілер мен жи­
наушылар интуиция арқылы байқаған бұл заңдылық біз дің 
дәуірімізде де ғалымдар назарын аударып, олар бұл құбы­
лысты арнайы зерттеуге кірісті. Осы тұрғыда, әсіресе академик 
В. Жирмунскийдің еңбегін айрықша атаған жон. Ол кісі 
Шығыс пен Батыс халықтарының эпосын (кейде аңыз бен 
ертегілерін де) мейлінше кең салыстырмалы түрде зерттеудің 
арқасында жалпы эпос жанрында сюжеттік, ғұмырнамалық 
(биографиялық) және батыр (әмірші) төңірегіне, шежірелік 
(генеалогиялық) тұтастану бар екенін анықтап, оларды ти­
по 
ло 
гиялық тұрғыда сипаттап, бұл құбылыстың қоғам мен 
фольклордың даму деңгейіне қарай әр кезеңде әр қилы кө­
рінетінін дәлелдеген. 1947 жылы өзбек эпосы туралы еңбегінде 
ғалым тек шежірелік тұтастану жайында айтса
5
, 1962 жылы 
тұтастануды арнайы проблема ретінде қарастырып, оның 
төрт түрін белгілейді
6
. Біріншісі, жоғарыда айтқанымыздай, 
сюжеттік тұтастану. Ол, ғалымның ойынша, негізінен орыс 
былиналарына тән. В. Жир 
мунский эпикалық сюжеттің 
тұтастануы деп әуел баста батырдың бір ғана ерлігі хақында 
шағын өлеңге бірте­бірте басқа да қаһармандық эпизодтардың 

[
  142  
]
жіпке тізілген маржандай бір­біріне жалғана келіп, бәрі бірігіп, 
жаңа, біртұтас шығармаға айналуы процесін айтады. 
Екіншісі – ғұмырнамалық (биографиялық) тұтастану. Оған, 
оқымыстының пікірінше, тыңдаушылардың батырға, оның 
өмірбаянына деген ынтықтығы негіз болған. Бұл тәсіл бойын­
ша, эпос батырдың туғанынан өлгенге дейінгі ғұмырын баян­
дайды. Әрине, өмірінің әр кезеңін әр түрлі әңгімелейді. 
Мысалы, ғажайып жағдайда тууы мен ерлік көрсеткен тұста­
рын кең түрде, көтермелеп, пафоспен суреттейді.
Тұтастанудың үшінші түрі – шежірелік (генеалогиялық) 
си патты болады. Бұл шарт бойынша, эпос батырдың өзін ғана 
емес, оның ұрпақтарын да жырлайды. Сонымен қатар эпоста 
батырдың бабалары да жырланады, сөйтіп бір көлемді эпопея 
құрылады. Бұл көп жағдайда тыңдаушылардың қалауы бо­
йынша жасалады.
Тұтастанудың ендігі бір түрі – бір орталыққа топтасу, яғни 
ұлы батырдың бірнеше батыры болады, эпос солар тура лы 
баяндайды. В. Жирмунскийдің ойынша, мұндай тұтастану 
үлкен феодалдық мемлекеттің пайда болуымен байланысты 
екен. Ұлы Карлдың, Владимирдің, Баяндырханның, Жоңғар­
дың патшалық сарайлары керемет ұқсас. Бәрінің де өздеріне 
берілген, адал қызмет ететін жаужүрек батырлары бар. Олар­
дың әрқайсысының қаһармандық өмірі мен іс­әрекеті бар, 
тіпті олардың әрқайсысы туралы арнайы жырлар да болуы 
ықтимал. Соған қарамастан бұл батырлар әр әміршінің немесе 
ірі баһадүрдің қарамағында қолбасылық етеді. Осы тұста 
айрықша айту қажет: В. Жирмунскийдің еңбегінен кейін 
өзге ұлт ғалымдары да фольклордағы циклдену мәселесін зерт­
тей бастады. Солардың алғашқыларының бірі болып С. Са­
дырбаев қазақ эпосындағы тұтастану проблемасы бойынша 
кандидаттық диссертация қорғады. Ғалым өзінің зерттеуін 
Мұрын жырау жырлаған «Қарадөң батыр мен оның ұрпақтары» 
негізінде жазып, тек қазақ жырына ғана емес, жалпы эпосқа тән 
тұтастанудың мәселелерін де қамтыған. В.М. Жирмунскийдің 
пікіріне сүйене отырып, ол тұтастанудың жалпы төрт түрі 
болатынын айтады. «Бірінші, – деп жазады ол, – бір батырдың 
басынан кешкен әр алуан оқиғалар мен жеке­дара істері (Илья 
Муромец пен Добрыня Никитичтің әр түрлі сапары) айтыла 

[
 
 143  
]
беретіндігі. Бұл – тұтастанудың алғышарты. Екінші, батыр­
дың туғаннан бастап, өлгеніне дейінгі аралықтағы (балалық 
шағы, үйлену, алғашқы сапары) іс­әрекеттері жырда толық 
айтылып, мұны өмірбаяндық тұтастықта айтатындығы...
Үшінші, батырдан батыр туады, ол да ата жолын қуады. 
Алғашқы бабасы қалай батыр болып туса, одан туған немере­
шөберелері бір­бірінен асып түскен батыр  болып суреттеледі. 
Мұны ғылым тілінде генеалогиялық (ұрпақтық) тұтастану деп 
айтады...
Төртінші,  бас  батырға бірнеше батырлар шексіз бағынса, 
мұны бір орталыққа тұтастану деп атаймыз. Тұтастанудың 
төртінші түрі – қазақ эпосында жоғары дәрежеде дамымаған»
8
.
Ғалымның соңғы пікіріне қосылуға болмайды, себебі ол 
кісінің өзі «орталық тұтастану» деп атаған құбылыс «қазақ 
эпосында  жоғары дамымаған» деуге еш негіз жоқ. Орыстың 
Владимир  князіне бағынған Илья Муромец, Алеша Попович, 
Добрыня Никитич, сондай­ақ Манастың қырық чорасы тәрізді 
бір  батыр мен бір әмірші төңірегіне топталған батырлар мен 
олар туралы жырлар қазақта да бар. Мұны «Қырымның қырық 
батырынан»,  әсіресе  – Абылай ханның Бөгенбай, Қабанбай, 
Олжабай батырларынан айқын  көруге болады. Бұлардың 
бәрі – Абылай  төңірегіне топтасқан батырлар.  Олардың 
әрқайсысы  туралы  жекелеген өлең­жырлар да бар. Демек, 
қазақ  эпосында  тұтастанудың төртінші түрі де қалыптасқан 
деп айтуға болады. Осы ретте Сұлтанғали Садырбаевтың мына 
сөзіне көңіл аударуға болады.
«Ауыз әдебиеті қай елде ерте дамып, бұрынырақ шарықтау 
шегіне жетсе, сол елдің эпикалық поэзиясында тұтастану 
процесі  пайда болса керек»
9
,  –  деп жазады ол. Ғалымның 
бұл пікірімен де келісе қою қиын, өйткені тұтастану процесі 
фольклордың көне түрінде де кездеседі. Бұл жерде акцент 
басқаша болуға керек. Әңгіме тұтастану құбылысы қай 
дәуірде пайда болғандығы туралы емес, фольклордың қоғам­
дағы рөлі мен қызметіне байланысты болса керек. Яғни фоль­
клордың  таза  танымдықтан гөрі көркемдік функциясы, қай 
елдің әдебиеті өнер қызметін, яғни эстетикалық функция 
атқаратындығы есепке алынуы қажет сияқты. Бір ескерілетін 
жағдай – қоғамдық дамудың әр дәуіріндегі фольклордың 

[
  144  
]
тұтастануы әр түрлі болып келеді. Айталық, тайпалық дәуір 
фольклорында  ғұмырнамалық және шежірелік тұтастану 
орын тепсе, феодалдық қоғам фольклорында олармен қатар бір 
орталыққа тұтастану мен тарихи циклдену пайда болады.
Бұл айтылғандардан «қазақ фольклорында тұтастанудың 
қандай түрлері кездеседі?» – деген заңды сұрақ туа ды. Біз­
дің ойымызша, қазақ фольклорында (біз жалғыз эпоспен 
шектелмейміз) тұтастанудың алты түрі бар:
10
 сюжеттік, ғұмыр­
намалық, шежірелік, тарихи, орталықтық («Отандық» десе 
де болады) және географиялық. Енді осылардың әрқайсысын 
жеке қарастырайық.
Сюжеттік тұтастану. Тұтастанудың бұл түрі екі сатыдан 
тұрады. Алғашқысы фольклорлық сюжеттің пайда болып, 
тұтастануы да, екіншісі – тұрақталған сюжеттердің бір кейіп­
керге телініп, топталуы. Басқаша айтқанда, белгілі бір оқиға 
туралы әңгіме яки өлең жеке бір адамның айтуынан кейін 
ел ішіне тарап, фольклорға айналу үшін циклге түсу керек. 
Сонда ғана ол тұрақты фольклорлық сюжет бола алады, яғни 
фольклорлық шығармаға айналады. Тұрақталған фольклорлық 
сюжет бір ғана оқиғадан тұрады. Әдетте мұндай бір оқиғаны 
ғана баяндайтын сю жет мифте, хикаяда, меморатта кездеседі, 
бірақ бұлар кейде тұрақталған сюжетті пайдалана бермейді. 
Мысалы, бір адам өзінің көргенін немесе бастан кешіргенін 
біреуге айтса, бұл – меморат, алайда ол әлі тұрақталған сюжет 
емес, өйткені бұл айтылған оқиға бірден­бірге айтылып, ел 
арасына тарап үлгерген жоқ, яғни фольклорлық циклге түс­
пейінше ол тұрақты сюжетке, демек, фольклорлық шығармаға 
айналмайды. Міне, осындай тұрақталған сюжеттер саны не­
ғұрлым көп болса, фольклор да соғұрлым бай болмақ. Осы 
сюжет тер негізінде ғана көлемді шығармалар жасалады. Олар­
дың жүйеленуі айтушы мен тыңдаушыларға байланысты, 
ал тақырыптың бірлігі, сондай­ақ кейіпкердің бірегейлігі 
сю жеттердің тұтастануына негіз болады. Бұл – сюжеттік тұ­
тастанудың екінші сатысы. Ол батырлар жырында, ертегіде 
айқын көрінеді (рас, басқа да жанрларда, мәселен, хикаяда, 
аңызда кездеседі).
Енді сюжеттік тұтастанудың алғашқы сатысына, яғни 
фольк 
лорлық сюжеттің пайда болып, тұрақтану процесіне 

[
 
 145  
]
тоқталайық. Қандай болса да фольклорлық шығарма өмірде 
болған белгілі бір оқиғадан немесе ойдан шығарылған әңгімеден 
басталады. «Әуел баста әрбір ауызекі шығарманы, әрине, жеке 
бір адам шығарады, бірақ одан ол әңгіме фольклорлық бола 
алмайды... Тек бірден­бірге тарау арқылы ғана фольклорға 
айналады»
11
. Екінші сөзбен айтқанда, фольклорлық шығарма­
ға айналу үшін әңгіме болған оқиға, немесе жағдай тұрақты 
сюжетке айналуға тиіс. Ал тұрақты сюжет болу үшін ол ай­
тылған оқиға ел арасына тарап, фольклорлық циклден өтуі 
керек. Ғалымдар дұрыс айтады: «Күллі ертегілер, аңыздар, 
хикаялар, анекдоттар, өлеңдер, мақалалар, жұмбақтар осы 
фольклорлану процесінен өткен»
12
. Ал енді негізгі оқиғаның 
тұрақтанған сюжетке айналу процесі қалай болды, міне, 
сюжеттік тұтастану үшін бұл – маңызды мәселе. Бұл өзі, бір 
жағынан, сюжеттің фольк лорлық циклге түсуі болса, екінші 
жағынан, оның басқа сюжеттермен контаминацияға еніп, 
көлемді шығармаға айналуы. Сонда сюжеттік тұтастанудан 
екі процестің қатар жүру заңдылығын да байқауға болады. 
Біріншісі – бір оқиғаның тұрақты сюжетке айналуы да, екінші­
сі – осы сюжеттің кеңейе келе, бірнеше сюжетті қамтыған 
шығармаға, тіпті эпикалық туындыға айналуы мүмкіндігі.
Соның алғашқысы, әсіресе аңыздық прозада айқын сезіледі. 
Мысалы, айтушы өзі көрген яки болмаса басынан кешкен бір 
оқиғаны әңгімелегенде жай салдырлап сөйлей бермейді. Ол 
баяндауын бір ізге түсіріп, сюжет құрайды. Кейін бұл оқиға 
туралы әңгіме бірден­бірге тарап, сюжет тұрақталады да, ол 
енді фольклорлық сипат ала бастайды. Сөйтіп, бір адамның 
басында болған жағдай немесе болды деп баяндалған оқиға 
фольклорлық циклге түсу арқылы белгілі бір жанрға, дәлірек 
айтсақ, жай әңгімеге немесе меморатқа, болмаса хикаяға 
айналады. Айталық, алғашқы рулық замандағы бір адам (ба­
тыр, мерген) аңда немесе жорықта жүріп өзінің басынан кешкен 
бір оқиғаны руластарына айтып беруі мүмкін. Бұл – жай әңгіме. 
Оны естіген адамдар енді басқа біреулерге айтады, айтқанда 
естігенін сөзбе­сөз қайталамай, өз жанынан бірдеңе қосады. Ал 
одан естіген кісі тағы біреуге айтады және өзінше баяндайды. 
Сөйтіп, әуелгі жай әңгіме басқа сипат алып, хикаяға, содан соң 
бірте­бірте аңызға айналады. Біраз уақыт өткен соң аңыз толық 
10­279

[
  146  
]
фольклорлану процесінен өтуі ықтимал, соның нәтижесінде ол 
біраз көркемдеуге ұшырап, әсірелеу мен әрлеудің арқасында 
не әпсанаға, не хикаятқа айналуы мүмкін. Бұл айтылғандар, 
әсіресе, өмір фактісіне, шындыққа негізделген немесе шын 
болған деп есептелген сюжеттердің даму жолына тән. Мысалы, 
«мен мынандай жағдайды басымнан кешірдім», «жезтырнақты 
көрдім» яки «бәленшенің баласы (күйеуі) жолаушылап келе 
жатып, періге жолығыпты» деген секілді хикаялар баяндалып 
отырған оқиғалардың болғандығына шүбә келтірмейді, 
өйткені мұнда әңгімеші өзінің басынан өткен оқиғасын немесе 
елге таныс біреудің басынан кешірген нәрсесін естелік ретінде 
айтады. Әдетте мұндай хикаяларды жапанды шарлап жүрген 
аңшылар, мергендер, жорықта жортып жүрген батырлар, 
кей­кейде ел кезіп жүрген жолаушылар, кең далада мал 
бағып жүрген бақташылар айтатын болған. Бұл туралы 
Сәкен Сейфуллин былай дейді: «Міне, осы неше түрлі аң мен 
құстардың тіршілік, тұрмыстарын, сырларын, күйлерін 
аңдып, көріп, бақылаған аңшылар кешке ауылға қайтқанда 
көрген­білген, естігендерін отбасында әңгімелейді. Жаратқан 
сәйгүлік атқа мініп, қолдарына жебелі, шашақты, толғамалы 
найза, шүйделі айбалта алып, жорыққа, жауға аттанған ерлер 
де көрген, білген, естігендерін әңгімелеген...
Батыр, мерген, жортушылар түн қатып, түн жамылып, 
көктегі бырдай болып құлпырған алтын гауһар жұлдыздардың 
от шашып ойнаған құбылыстарын, жүрістерін бақылайды. 
Бұл жортушылар да жорықтан қайтқанда көрген, білген, 
естігендерін отбасында әңгімелейді. Және алыс жерге барған 
жолаушылар қайтқанда да, немесе қонақ келіп қонғанда 
да, тағы да осындайлар жүздеп ауылға қайтқанда, кеш ке от 
басында отырып, айнала отырған қатын­қалаш, кемпір­шал, 
ауыл адамдарына көрген, білген оқиғаларын әңгіме қылып, 
айтады. Айтқанда өзінің түсінуі бойынша, болған оқиғаны 
екінші түрде әңгімелеуі мүмкін. Немесе әңгімені дәмдендіріп 
айтамын деп немесе серпіп, мақтанып айтып, өтірікті қосып 
айтар болатын.
Міне, сол көрген, білгенін, естігендерін сөйлеген дәмді әң­
гімелер бірте­бірте ертек те болып кететін»
13
.

[
 
 147  
]
Бұл жерде Сәкен ағамыз сюжеттің қалай пайда болатынын, 
оның қандай жолмен тұрақтанып, фольклорға айналатынын 
және тіпті сюжеттің фольклорлану процесінде бір жанрдың 
ғана аумағында қалып қоймайтынын дәл аңғарған деуге 
болады.
Сәкен Сейфуллин байқаған жағдайды Мұхтар Әуезов ба­
тырлық жырдан да көреді, яғни эпос сюжетінің пайда болып, 
тұрақтануы туралы айтады.
«Халық арасында, – деп жазады Мұхаң, – әлдебір батыр­
дың қоштасуы және соны жоқтауға байланысты таралған 
өлең­жырды алғашқыда бір ақын жинап, басын құруы, сөйтіп, 
тұңғыш эпостық дастанның тууына байланысты негіз қалауы 
ықтимал. Бір ақынның аузынан екінші ақынға көшкенде 
дастан толысып, оқиғасы қалыңдап, молыға түсіп отырған. 
Эпостық дастанның туып, қалыптасуына ақындармен бірге 
халық та қатысқан, кей нұсқаны қабыл алып, кейбір нұсқаны 
жақтырмаған. Дастанның бір ақын жырлайтын тұрақты, 
түбегейлі нұсқасы жасалғанша, осылай болған»
14
.
Демек, сюжеттің әу баста пайда болуы өлең­жыр, дәлірек 
айтқанда, қайтыс болған батырдың іс­әрекетін сөз еткен 
жоқтау түрінде де болады екен. Әрине, ол шағын шығармаларда 
қайтыс болған ердің өмірі толық баяндалмайды. Батырдың 
жүйелі эпикалық өмірбаянынан бұрын пайда болатын нәр­
се – оның басты ерлігі туралы сюжет, өйткені бұл сюжет 
көп жағдайда болған шындыққа негізделеді де, бүкіл 
шығарманың өзегі болып табылады. Басқаша айтқанда, батыр­
дың халық жадында сақталып келген ерлігі ерекше тұлға 
ретінде жеке бір сюжетке немесе шағын өлең­жырға негіз 
болып, шығарма ел арасында айтылып, тұрақты сюжетке 
айналады, содан кейін бірте­бірте кеңейеді, өседі, сөйтіп, 
ғұмырнамалық циклге түседі де, батыр өмірінің маңызды 
кезеңі болып суреттеледі (Демек, сюжеттік тұтастану 
ғұмырнамалықтан бұрын болады, ал соңғысы кейінгі заман­
дарда етек алған, сондықтан да ол бірыңғай болып келеді). 
Мәселен, Едіге батыр туралы жырды алайық. Мұнда басты 
оқи 
ға – Едігенің Тоқтамысқа қарсы күресі. Бұл – тарихи 
факт. Ал осы шындық эпоста көптеген қосымша сюжеттермен, 
мотивтермен көмкерілген, өйтпеген күнде Едігенің өмірі 

[
  148  
]
эпикалық күйге түспеген болар еді. Сөйтіп, Едігенің ғұмыр­
намасы оның ғажайып жағдайда тууымен басталады.
Тегінде, эпикалық қана емес, жалпы сюжеттік тұтастану 
процесі фольклорлық жанрдың дамуы үшін аса маңызды. 
Сайып келгенде, бұл әсіресе эпос үшін зор көркемдік ат­
қарады. Мәселен, әуел бастағы эпостың түбірі – батырдың бір 
ғана ерлігін әңгімелейтін шағын өлең­жыр болуы
 
ықтимал. 
Сонымен қатар, бір­бірімен байланысы жоқ жекелеген эпи­
калық жырларда ерлік көрсетілуі әбден мүмкін. Демек, бір 
батыр жөнінде бірнеше эпикалық сюжет болуы ғажап емес. 
Міне, осылардың басын біріктіру – талантты жыршылардың 
ісі. Бір батырдың басына телінген бұл сю жеттер бірте­бірте 
жымдасып, сіңісіп кетеді де, біртұтас шығарма болып шыға 
келеді. Мұндай циклдендіру кезінде эпосқа көне сюжеттер 
мен мотивтер де кірігіп кетеді. Бұл жерде әлгі батырдың бүкіл 
өмірі суреттелмейді, тек бірнеше дербес сюжеттер бір батырдың 
атқарған іс­әрекеттері, ерлік қимылдары болып көрінеді. 
Бұған дәлелді қазақ жырынан көптеп келтіруге болады, бірақ 
бұл жерде біз «Қамбар батырмен» ғана шектелмекпіз.
Құрамы жағынан қарағанда, «Қамбар батыр» бірнеше сю­
жет тен  тұрады:  1) сұлу қыздың өзіне лайық жар таңдауы, 2) қа ­
һарманның табиғат күштерімен, тағы аңдармен күресуі, 3) ба­
тырдың жаумен соғысуы.
Егер арғы тегіне үңілсек, бұлар – көне батырлық ертегіде 
кездесетін тұрақты сюжеттер. Алғашқы қауым фоль клорында 
үшеуі жеке­жеке шығарма ретінде өмір сүрген. Кейінгі заман­
дарда олар тұтастанып, үлкен бір шығармаға айналған, бірақ 
соның өзінде де бұл жырда батырдың тууы туралы ештеңе 
айтылмайды. Демек, аталмыш эпос ғұмырнамалық тұтастану 
процесіне түспеген. Бұл жағдайда «Қамбар батырдың», дәлірек 
айтқанда, оны құрайтын сюжеттердің көне екенін дәлелдесе 
керек.
Ал сонымен «Қамбар батыр» бір циклге түскен үш сюжеттен 
тұрады екен. Соның біріншісі де, екіншісі де таза ертегілік, 
сондықтан онда көңіл бөлерліктей тарихи белгі жоқ, яғни 
оқиға қай кезде, қай жерде болғаны жайлы нақты бір хабар 
берілмеген. Ал үшінші сюжет батырлық жыр заңына сәйкес 
аз да болса тарихқа жақындау. Мұнан оқиға қазақ пен 

[
 
 149  
]
қалмақтардың соғысы кезінде болғанын аңғаруға болады. 
Бірақ бұдан «Қамбар батыр» нақты бір кезеңді немесе белгілі 
бір оқиғаны көрсетеді деген қорытынды жасауға болмайды, 
себебі мұнда кейінгі мезгілде, XVIII­XIX ғасырда болған 
тарихи тұтастанудың ізі бар және бүкіл жырдың негізі болған 
өте ескі сюжеттер бертінгі уақытта жырға айналдырылғаны 
сезіліп тұр. Ендеше «Қамбар батыр» жыр ретінде XVII­XVIII 
ғасырда қалыптасқан деуге болады. Ал оның сюжеттері 
қадым замандарда пайда болған, бірақ бәрі бірдей бір мезгілде 
қалыптаспаған және олар жырда өте еркін орналастырылған. 
Мысалы, фольклор тарихын зерттеген ғылым бойынша, 
адамның әр түрлі жабайы аңдармен, ғажайып мақұлықтармен 
кездесуі туралы әңгімелер мен хикаялар өте ерте замандарда, 
алғашқы қауым кезеңінде пайда болған деп есептеледі. Осы 
тұрғыдан келгенде Қамбардың жолбарыспен шайқасуы туралы 
эпизод – ең байырғы сюжет бо лып табылады. Оның аңшылық 
өмірі де осыны дәлелдейді. Қамбар бұл тұста алғашқы қауымда 
туған хикаялар мен әңгімелердегі (тіпті кейінгі батырлық 
ертегілерде де бар) аңшы­мергенді еске түсіреді
15
. Мәселен, 
қазақтың ең ежелгі фольклорының үлгісі болып саналатын 
Құла мерген, Қара мерген, Сұр мерген, Таласпай мерген, 
Даршы мерген секілді ұшкан құс, жүгірген аңды жібермейтін 
әрі өздері бір сиқырға ие керемет аңшылар туралы хикаяларды 
алайық: тағы аңшы­мергендер тағы аңдармен ғана емес, соны 
атар адам естіп­көрмеген жезтырнақпен, перімен, жалмауыз 
кемпірмен, әбжыланмен жолығысады. Олардың негізгі мінде­
ті – адам баласына қас алуан түрлі тылсым күштерді, хайуан­
дар мен құбыжықтарды құрту, сөйтіп өзіне, яки ұрпағына, 
немесе ауылына, ұлысына төніп тұрған қауіпті жою. Сол се­
бепті бұл шығармаларда мифологиялық және ғажайыпты­
қаһармандық сипат қатарымен бар.
Ал «Қамбар батырда» мұндай мифологиялық­ғажайыптық 
белгі жоқ. Мұнда кейіпкер реалды жағдайда көрінеді. Бірақ ол 
ана аңшылардан гөрі анағұрлым батыр, ержүрек әрі әмбебап: 
ол ау да салады, садақ та тартады, ит те жүгіртеді, құс та 
салады, қару да жұмсайды, күшімен де алады. Батырдың 
бойына осыншама қасиеттің таңылуы – эпос жанрына, тіпті 
бүкіл фольклорға тән дәріптеудің нәтижесі. Дәріптеу мұнымен 

[
  150  
]
ғана шектелмейді. Енді аңшы Қамбарды жыр керемет күштің 
иесі етіп көрсету үшін оны жолбарыспен шайқастырады. 
Бұл логикаға сыяды, өйткені аңшы­мерген далада жүріп, не­
ше түрлі қауіпті жағдайға душар болатыны және әр түрлі 
хайуандарға да ұшырасатыны елге белгілі.
Сонымен, аң аулап жүрген Қамбар бір күні жолбарысқа кез 
болады. Оның кездесу жағдайы хикаядағы аңшының тылсым 
мақұлықпен ұшырасқаны тәрізді. Әдетте, ондай кездесулер 
иен жерде, маңайда тірі жан жоқ жапанда немесе ну жыныстың 
ішінде болады. Мұнда да солай: 
Тұлпарын көлден суарып, 
Аралап жүріп келеді 
Ағашы қалың тоғайды. 
Етпетінен жығылып, 
Тұмсығынан қан аққан 
Көреді өлген торайды. 
Хадиса деп бұл қандай 
Төңірекке қараса, 
Құйрығын қысып бұтына 
Жолбарыс жатыр ыңыранып, 
Шабуға таппай орайды. 
Оттай көзі қызарып, 
Ыңыранған даусы зорайды.
16
Міне, қаһарман мен аңның кездесу сәті. Осыдан әрі қа рай 
Қамбар бұрынғы Қара мергеннен, Еділден басқаша қимыл­
дайды. Егер олар жезтырнаққа қарсы айла қолданса, Қам­
бар тікелей шайқасқа шығады. Бірақ ол алдымен өзінің 
жалғыздығын айтып, Алладан медет тілейді, астындағы тұл­
парымен сырласады. Содан соң ғана ол тәуекел етеді:
Ажал жетпей жан шықпас, 
Тәуекелге бел байлап, 
Пешенемді сынадым. 
Бұл сөзді айтып ер 
Қамбар Шерінің барды қасына 
Болғай деп асыл мұратым. 

[
 
 151  
]
Сол уақытта жолбарыс 
Түгінің бәрін жатқызды, 
Құлағын жымып жасырды, 
Керендей ашып ауызын, 
Арыстан жаман ақырды. 
Дауысы жерді көшіріп, 
Нар маядай бақырды. 
Бүркіттей жазып тырнағын 
Тұлпарға барып асылды. 
Қамбар да қайтпай ұмтылып, 
Бар қайратын шақырды. 
Құйрығынан көтеріп, 
Айналдырып басынан 
Лақтырып жіберіп 
Қырық қадам жерден асырды. 
Құлаған жардай гүрс етіп, 
Ырылдауға өлі жоқ, 
Демінен түсіп басылды. 
Тоқсан үйді тобырдың 
Қабыл болып тобасы 
Сақтады құдай батырды.
17
Батырдың жолбарыспен шайқасатыны туралы сюжет 
«Қам 
бар» жырының кейбір варианттарында кездеспейді. 
Біз 
діңше, бұл – талдап отырған эпосымыздың сюжеттік 
тұтас тану процесін көрсететін тағы бір айғақ. Екінші сөзбен 
айтқанда, қаһарманның жолбарыспен айқасатыны жайлы 
сюжет эпостың біртұтас көлемді шығармаға айналу барысында 
тұрақты түрде жырдың құрамына енбеген. Сондықтан да біраз 
вариантта Қамбар жолбарыспен кездеспейді, ол бірден жауға 
қарсы аттанады, ондағы мақсаты – Назым қызды қалмақтың 
тырнағынан құтқару.
Жалпы, осы жерде айтатын бір нәрсе: «Қамбар батыр» 
жырының негізгі сюжеті, түптеп келгенде, тұтқынға түскен 
қалыңдықты босату. Бұл сюжет ертегіде де, эпоста кездеседі, 
айырмашылығы сол – ертегіде көп жағдайда кейіпкердің қа­
лыңдығын біреу ұрлап әкетеді де, эпоста жаудың ханы қыздың 
ауылын қоршап алып, оны зорлықпен алмақ болады. Ертегіде 

[
  152  
]
кейіпкер қалыңдығын іздеп дүниені шарлайды, ал эпоста 
батыр жаумен жалғыз алысып, қызды құтқарып
 
алады. Дәл 
осы жағдайды «Қыз Жібектен» де кездестіруге болады. 
«Қыз Жібек» жыры да екі үлкен бөлімнен тұрады. Бірі 
Тө 
леген мен Жібектің ғашықтық тарихы да, екіншісі – 
Сансызбайдың Жібекті тұтқыннан, зорлықшы қалмақ ханнан 
азат етуі. Демек, мұнда да сюжеттік тұтастану арқылы жүйелі 
де көлемді жыр пайда болған
18
.
Ал енді «Қамбар батыр» жырындағы қыздың күйеу таң­
дағаны жайындағы сюжетке келетін болсақ, бұл да ең ескі 
сюжеттердің бірі, ол ежелгі аналық ру дәуіріне меңзейді. Бірақ, 
әрине, кейінгі аталық ру уақытында басқа мәнге ие болған да, 
қыздың күйеу таңдауы – әкесінің ісі болып көрінеді. Сөйтіп, қыз 
әкесінің бұйыруы бойынша елдегі бүкіл еркекті шолып, Назым 
өзіне күйеу таңдауға мәжбүр болады. Рас, кейбір ертегілерде 
патшаның қызы өз еркінше күйеу таңдайды, алайда оның бұл 
қылығы, көп жағдайда, тәлпіштік, еріккендік, хан қызының 
ойына келгенін істегендік деп бағаланады.
Осы «жар таңдау» сюжеті «Қыз Жібекте» де бар. Бірақ онда 
өзіне лайық сұлуды жігіт іздейді. Солай болса да, Жібек те өзіне 
теңдес жар таңдайды. Міне, бұл жырда да «Қамбар батырдағы» 
«жар таңдау» сюжеті эпостың фольклорлық көркем шығармаға 
айналуына, яғни тұтастануына қызмет етіп тұр.
«Қамбар батырда» да,  «Қыз Жібекте» де сюжеттік тұтас­
тануға араласып тұрған тағы бір сюжет бар. Ол – жау қолына 
түс 
кен қалыңдықты тұтқыннан азат ету. Егер ертегіде 
кейіпкердің сүйгенін айдаһар немесе басқа бір зұлым күш ұр­
лап әкететін болса, мұнда эпос  жанрының тарихилық шарты 
жұмыс істеп, батырдың қалыңдығын қалмақ ханы тұтқынға 
алып, зорлап өзіне әйел етуге тырысады. Бұл жерде ежелгі 
ертегілік сюжеттің кейінгі заманда, жаугершілік уақытта 
эпосқа жаңаша сипатта еніп, екі бірдей – сюжеттік әрі тарихи 
тұтастануға әкеліп отыр. Яғни мифологиялық жау эпоста қал­
маққа айналады. Бұл –  бір. Екіншісі –  қалмақпен соғысып, 
ерлік көрсету сюжеті көне сюжеттермен бірігіп, біртұтас көркем 
дүние құрайды. Үшінші – эпикалық шығарма енді кейіпкердің 
үйлену тарихын ғана емес, сонымен қатар оның қалай туғанын 
да  баяндауы керек, сөйтіп батырдың бүкіл өмірін көрсететін 

[
 
 153  
]
жүйелі жыр болуға тиіс. Бұл ғұмырнамалық тұтастану арқылы 
жүзеге аспақ. Оның үлгісі «Алпамыс батырда», «Қыз Жібекте», 
«Қозы Көрпеш – Баян Сұлуда», «Едіге батырда», т.б. эпикалық 
жырларда молынан көрінеді.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет