Асанов камашке даулетқАНҰлы айтыс өнерінің публицистикалық сипаты Электронды оқулық


 Айтыс өнері жайлы мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған ой



Pdf көрінісі
бет24/26
Дата27.02.2023
өлшемі1,93 Mb.
#70231
түріОқулық
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   26
4.2 Айтыс өнері жайлы мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған ой
пікірлердің өзектілігі 
Ғасырлар бойы халықтың көз қуанышы мен рухани серігіне айналып 
келген айтыс өнері туралы ХХІ ғасырдың алғашқы жылдарынан бастап әртүрлі 
қоғамдық пікірлер айтыла бастады. Қайнар көзі сонау бағзы дәуірлерден бастау 
алатын ұлттық төл өнеріне байланысты кереғар пікірлердің пайда болу 
себептері неде? Айтыс төңірегіндегі дау-дамай бұқаралық ақпарат 
құралдарында үздіксіз жарияланып, ұлттық өнер тағдыры көкпарға түскендей 
күй кешіп, көпшіліктің талқысында оңды-солды таразыланып жатты. Әрине, 
рухани өнер түрлерінің қай-қайсына болмасын, қоғамдық, бұқаралық пікірдің 
айтылуы заңдылық. Бірақ көп жағдайда ондай пікірлер сол аталмыш өнердің 
болашағына, пайдасына жұмыс жасайтын. Ал, айтыс жайлы дау-дамайдың 
шегіне жеткені соншалық: «бұл өнер енді керек пе, керек емес пе? деген 
сауалдың төтесінен қойылуы, ұлттық өнердің жанашырларын тығырыққа тіреп 
тастағаны рас. «Айтыс – даңқ пен дақпырт» (Жас қазақ, 02.03.2007), 
«Айтарыңды айта алмасаң, несіне ақынсың» (Жас қазақ, 12.12.2006), «Айтыс 
жауынгерлік сипатынан айрылды» (Ана тілі, 10.01.2008), «Өсіреміз деп жүріп, 
өшіріп алмасақ жарар еді» (Жас Алаш, 12.12.2008), «Дайындалып шығу –
Сүйінбай мен Жамбылдың кезінен бар үрдіс» (Жас қазақ, 24.10.2006), «Шаппай 
алынған бәйге» (Жас қазақ, 15.12.2006), «Сырлы сөзді саудаға салмайық» 
(Егемен Қазақстан, 23.01.2009), «Айтысты жексұрын етіп жатыр» (Жас қазақ, 
02.03.2007), «Айтыс өнерінің деңгейі қандай немесе қазаққа айтыс керек пе?» 
(Телехабар. Қазақстан. 03.10.2006), «Айтыс кері кетті ме?» (Орал өңірі 
13.03.2008), «Айтыс қайда барасың?» (Жетісу, 21.06.2008), «Айтыс өтті, қайтып 
өтті?» (Сыр бойы, 19.10.2007), «Қазіргі айтыс. Деңгейі қай тұс?» (Ана тілі, 
29.11.2007) сияқты республиканың барлық өңірін қамтитын баспасөз беттері 
мен телехабарлардан айтылған сыни пікірлер нөпірі төл өнердің бүгінгі 
көркемдік деңгейі мен әлеуметтік мәніне, болашақ ғұмырына әртүрлі байлам 
жасап жатты.
Ең алдымен осындай пікірлердің көбеюіне, анығырақ айтсақ, пайда 
болуына қандай жағдайлар себеп болды? Кешегі кеңестер дәуірінің өзінде 
айтыс өнеріне дәл мұндай тіксіну болған жоқ еді. Енді осы мәселелердің 
мәнісіне ғылыми тұрғыдан ой жіберіп көрелік.


247 
Біріншіден, ақындар айтысының жиі өткізілуі өнерге деген эстетикалық 
талғамның (ләззаттың) төмендеуіне яғни, аталмыш өнерге деген адамдардың 
психологиялық енжарлығын туындатты.
Екіншіден, халыққа танымал оншақты ақынның үнемі сахнадан түспеуі, 
қалған айтыскерлердің солардың көлеңкесінде қалуы да көрермендерді 
жалықтырып жіберді.
Үшіншіден, қазіргі айтыстағы барлық ақындардың әуез-мақамдарының 
бір-бірін қайталауы, яғни айтыскерлердің еліктеу-солықтаудан арыла алмауы. 
Әр өңірдің өзіндік әуез-мақамының сақталмауы.
Төртіншіден және ең бастысы, айтыс жырларындағы ой қайталау, 
таптаурын сөздер, көшірме ұйқастардың үнемі көрініс беріп отыруы.
Бесіншіден, 
«Аламан 
айтыс», 
«Айтыс 
– 
чемпионат» 
сияқты 
тележобалардың өмірге келуі, онсыз да тағдыры тәлкекке түсіп отырған өнер 
түрін мүлдем тұқыртып тастады. Бұл жобалар айтысты ұлттық сипатынан 
алшақтатып, еуропалық шоу-думан кейпіне түсірді.
Қазіргі айтыста орын алған осындай кемшіліктер өнердің өміршеңдік 
мұраттарына өлшем болмаса керек. Әрине, осы айтылған келеңсіздіктердің 
алдын алуға әбден болады. Мұның басты себебі, айтыс өнерін белгілі бір 
жүйеге, яғни шығармашылық орталыққа біріктіру. Бір кездері ақын Қонысбай 
Әбіловтың бастамасымен Қазақстан ақын-жыршылар одағын құру бастамасына 
куә болғанымыз бар. Бірақ ол бастаманың ғұмыры ұзақ болмады. Қазіргі айтыс 
ақындарына бағыт-бағдар беріп отыратын республикалық деңгейде 
шығармашылық ұйымның қажеттілігін уақыт көрсетіп отыр. Бір немесе екі 
жылда айтыс ақындарының басын қосып, семинар-кеңестер өткізіліп тұрса, ол 
кеңесте белгілі өнертанушы ғалымдарымыз, ақын-жазушыларымыз айтыс 
ақындарына дәріс оқып, өнердің қазіргі деңгейін ой таразысынан өткізіп, 
талқылап отырса, айтыс көші біршама түзелер еді. 
«Орал өңірі» газетінің тілшісі, журналист Ұлдай Сариева «Айтыс кері кетті 
ме?» атты сараптамалық мақаласында төмендегідей сауалдар қоя отырып, 
бірнеше қоғамдық-бұқаралық пікірлерді келтіреді.
«1. Бүгінгі айтыстың аяқ алысы қандай және ол ұлтқа не беруде?
2. Айтыстағы сын қандай дәрежеде?
3. Айтыс ақындары көлік дәметіп, дүние қуып кетті деп жатады. Сіз қандай 
ойдасыз?
4. Айтыстың деңгейін көтеріп, сақтап қалу үшін не қажет?» [211]. 
Журналист Ұлдай Сариева қойып отырған осы сауалдар мазмұны қазіргі 
айтыс туралы айтылып жүрген қоғамдық пікірдің жалпы сипатын танытып тұр. 
Тілшінің осы сауалдарына журналист Тихон Әліпқалиев былай деп жауап 
береді: «Бүгінгі айтыс әне бір жылдардағы әлеуметтік айбын-қуатынан 
айрылып қалды. Тақырып мазмұны тайыздап, майдаланып, дулы-шулы «шоу» 
кейпіне еніп барады. Жеңге мен қайынның, кездесе кеткен құрдастар мен 
боздаған бойдақтардың әбден жауыр болған әзіл-оспағы, кіммен айтысқа 
шықса да, аяқ астынан «ғашық» бола қалатын қыз бен жігіттің далбасалары 
тойдырып болды. Осындай арзан, кейде тіпті анайы сөзге халықтың дуылдап 
күліп, мәз болып отырғанын көресің» [212].


248 
Бұдан әрі журналист Т. Әліпқалиев айтыстың құнын түсіріп, ақындарды 
дайындықсыз жарысқа салып, қайта-қайта айтыс өткізуді доғару керектігін 
айтады. Сондай-ақ, толғағы жеткен әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешуге 
құлықсыз қайсыбір әкімдер көптің көзіне түсіп, ұпай жинау үшін де айтыс 
өткізуге әуес екенін ескертеді. Осылай деп пікір білдірген Т. Әліпқалиев 
айтыстың болашағынан мол үміт күтетіндігін, айтыстың қайта тіріліп, қазақтың 
қан тамырына тарағандығын айтады. Суырыпсалмалық дамыды. Киелі өнерді 
енді қолжаулық жасаудан сақтанған жөн деп ой түйіндейді.
Айтысқа сын айтушылардан гөрі қолдаушылардың сөзі салмақты, ойы 
орнықты екендігін баспасөз беттерінен жиі оқуға болады. «Заң» газетінің 
тілшісі Құтмағамбет Қонысбай «Айтыс – қазақ ақпарат құралының атасы»
атты мақаласында былай деп жазады: «Өз басым айтыс – қазақ ақпарат 
құралының атасы деп санаймын. Өйткені бүгінгі өмірде болып жатқан 
жаңалықтар мен өзгерістер, қоғамдық мәселелер халыққа газет-журнал, радио, 
теледидар, басқа да электрондық байланыс құралдары арқылы жеткізіліп, 
талқыланса, кешегі олар жоқ заманда бұл міндеттердің басым көпшілігін осы 
айтыс ақындары атқарды емес пе?» [212]. 
«Жетісу» газетінің тілшісі Жұматай Әміреев «Айтыс қайда барасың?» атты 
мақаласында ХХ ғасырдың 80-90-шы жылдарындағы ақындар айтысының 
әлеуметтік мәні мен қоғамдық маңызына шолу жасайды. Кешегі кеңестер 
заманындағы айтыс ел-елді аралап, ауыл еңбеккерлері арасында, егіс даласында 
өтсе де, бүгінгідей «Бісімілләдан бастайтын, сөз салсын Алла аузыма» деп емес, 
«Күн көсемнен» бастаған сәттер болғаны да шындық, – дейді автор. Сондай-ақ 
ұлттық санамызды қайта жаңғыртып, рухымызға сілкініс жасағандай айтыс, 
1989 жылы Алматыда республика сарайында өткендігін, оған Өзбекстанның,
Моңғолияның, Қырғызстанның, Ресейдің айтыскер ақындары қатысып, төрт 
күнге созылған жер додасында еркін сөйлеп, көсіле шапқан ақындардың 
өнеріне барша қазақтың куә болғанын жазады. «Әрине, – дейді автор – қоғамда 
барлық сала дамып жатқанда айтыс неге өрлемеске? Бұл үшін олар ізденді, 
оқыды, қазақтың қаймағы бұзылмаған қанатты сөздерімен өз қорларын 
байытты, бір кездері аталарымыз бір-ақ ауыз сөз айтып, жаудың бетін 
қайтарып, даудың түйінін шешкен қорғасындай салмақты сөздерін ортамызға 
қайта алып келді» [213, 9 б.]. 
Айтыс туралы жазылған пікірлерді зерделей отырып аңдағанымыз – көп 
жағдайда ақындардың арзан ой, жеңіл әзіл-қалжыңға бейім тұратындығын сын 
тезіне алып жатады. Пікір білдіруші авторлар осылай деп бағамдап 
жатқанымен, 
айтыс 
табиғатына 
тән 
кейбір 
ерекшеліктерді 
естен 
шығармағанымыз абзал. Айтыс табиғатын жан-жақты ашып көрсеткен ғалым
Р. Бердібай осы жағдайға байланысты мынадай пікір келтіреді: «Айтыстың 
ежелгі үлгілерінің ішінде қыз бен жігіт айтысы көбірек ұшырасатыны мәлім. 
Мұның да өз себебі бар. Өйткені қыз бен жігіт тек қана екі елдің өкілі ретінде 
емес, замандас, құрбылас жөнімен де өнер жарыстыратын болған. Мұндай 
айтыстар әлеуметтік мәнін былай қойғанда ойын-тойдың, жиын-думанның сәні, 
қызығы, салтанаты есептелген [113, 111 б.]. 


249 
Айтыста үнемі әлеуметтік-қоғамдық мәселелер ғана айтылуы керек деген 
ұғым болмауға тиіс. Қыз бен жігіт, қайын мен жеңге, құрбы-құрдастар 
арасында өткен айтыстардың мағынасы көп жағдайда әзіл-қалжыңға құрылатын 
болған. Астарлап қалжың айту, юморлық сипаты басым сөздерді қолдану, қазақ 
халқының табиғатына тән қасиет. Айтыс тарихында анайы, қарабайыр айтыс 
түрлерінің де болғанын білеміз. Бірақ ондай айтыстар белгілі бір ортада, 
жағдайға байланысты туындаған. Ондай айтыстар жекелеген адамдар арқылы 
таралғанымен, жалпыхалықтық сипат алмаған. Журналист Тихон Әліпқалиев 
айтқан «жеңге мен қайынның, кездесе кеткен құрдастар мен боздаған 
бойдақтардың әбден жауыр болған әзіл-оспағы, кіммен айтысқа шықса да, аяқ 
астынан «ғашық» бола қалатын қыз бен жігіттің далбасалары тойдырып болды» 
– деген сөздері қазіргі айтыстағы әзіл-қалжың өресінің қандай деңгейде екенін 
танытса керек. «Сыр бойы» газетінің тілшісі Д. Аяшұлы «Айтыс өтті, қайтіп 
өтті?» атты мақаласында Сыр өңірінен шыққан жас толқын ақындар туралы 
былай деп жазады: «Көрермен қызылордалық Ержеңіс Әбдиевтің ұтқыр 
сөздерін ұнатып қалғандай. Жаңақорғандық Оразхан да осы жолы ашыла 
бастағанын байқатты. Қазалылық Нұрдәулет өзінің сөз саптауын оңай құрап, 
арзан күлкі шақыруға бұрмайды, оның өлеңі терең. Бірақ кейде айтыс 
көрермені терең сөзден гөрі, жедел ой, жүйрік жауап, сөз салысуды сұрайды» 
[214]. 
Облыстарда, аймақтарда өткен ақындар айтысы жайлы жазылған мұндай 
сараптамалы мақалалардың жариялануы, сөз өнерінің бағыт-бағдар алуына 
тиімді жағдайлар қалыптастырып отырды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, 
Батыс Қазақстан, Жетісу, Сыр өңірлеріндегі айтыс өнері жайлы жазылған 
талдамалы мақалалар әр өңірдегі ақындар айтысының аяқ алысын, өсу деңгейін 
көрсетіп отыр. Қазақстанның шығыс аймағындағы айтыс өнерінің 80-ші 
жылдардағы сипаты облыстық «Коммунизм туы» газетінде былайша көрініс 
табады: «Рас, бұл жолғы айтыскерлеріміз (Кемешовтен басқа) түгелімен 
тыңнан түлеген талапкерлер болғанына, бәрі де өрімдей жас, өрттей жалынды
болғанына қуандық. Бәрінде де таудай талап, шамырқанған шабыт бар. Тек 
тәжірибе тапшы, түсінік таза. Олай дейтініміз, айтыстың бірсарынды өтуі, 
тапқырлық пен уытты тілдің жоқтығы. Сондай-ақ, кейбіреуі үйден жаттап 
келгенін кезегі келгенде айта береді. Қарсыласының сөзіне сөз қайтару 
Тамарада ғана кездесті. Асылында, айтыс үстінде ақынның арқасы қозып, 
намысына мінсе, нағыз шеберлік сонда танылады» [215]. 
Мерзімді баспасөз беттеріндегі ақындар айтысы жайлы ой-пікірлерге шолу 
жасай отырып аңдағанымыз, жалпы қоғамдық пікірдің ұлттық өнерге деген 
тілектестігінің шынайылығы еді. Ащы айтса да, ақиқатын айта білген айтыс 
жанашырлары өнердің өміршеңдік мұраттарын жоққа шығармайды. Әр 
айтыстан кейін облыстық, ресрубликалық газеттерде жарияланған мақалалар 
өзінің талдамалы – қорытынды ойларымен алда өтетін сөз сайыстарына 
ескерту, ұсыныс сипатында пікір білдіріп отырды. Мұның өзі айтыстың 
шығармашылық һәм шеберлік қырларының жетілуіне ықпал етті. Болып өткен 
айтыс туралы шолу мақалалардан бөлек, ара-тұра газет-журнал беттерінде 
белгілі өнертанушы, әдебиетші ғалымдар мен ақын-жазушылардың ой-пікірлері 


250 
де айтыс өнерінің кемелденуіне, бағыт алуына жақсы әсер етті. Мәселен, 
белгілі ғалым, өнертанушы Мырзатай Жолдасбековтың «Егемен Қазақстан» 
(12.12.2008 ж.) газетінде жарық көрген «Қазаққа Алланың берген сыйы еді» 
атты мақаласы, қазақ қоғамында үлкен бұқаралық пікір туғызды. Үлкен ғалым, 
сөз өнерінің білгірі М. Жолдасбеков ақындар айтысы туралы көптен бері 
толғамды пікір, пәтуалы ойлар жазып, айтып жүрген қаламгер. Кезінде 
Жамбыл, Кенен сияқты қазақтың біртуар перзенттерінің шығармашылық 
ғұмырына кешенді зерттеу жүргізіп, кемел ой айтқан ғалым қашанда 
халқымыздың сөз өнеріне, оның ішінде ақындар айтысына қамқор болып, оның 
рухани қуатын әр кез жоғары бағалап келеді. 
Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» жарияланған ғалымның 
аталмыш мақаласы айтыс өнерінің бүгінгі таңдағы өзекті мәселелерін қозғауға 
құрылған. Қазаққа Алланың берген сыйы – айтыс өнерінің еріккеннің ермегіне 
айналып бара жатқандығына қынжылыс білдіре отырып, оны сақтап қалудың 
мемлекеттік маңыздылығын терең тұжырымдары арқылы дәлелдеп берді. «Сөз 
өнерінің байтақ бір саласын ақындар айтысы құрайды. Айтыс – қазақ ауыз 
әдебиетінің үлкен бір кеніші, халқымыздың тарих керуенімен бірге келген 
ғажайып сұлу өнері, өзге халықтырда кездесе бермейтін, терең тарихы бар, 
тағылымы мол, қазақ халқымен бірге бірге жасасып келе жатқан айтулы өнер. 
Айтулы болатын себебі, айтыстың өн бойы өлеңмен өріледі әрі ақиқат 
айтылып, тек шындық шырқалады. Екі ақынның бір-бірін сөзбен іліп-шалуынан 
басталған сайыс, ірі елдік мәселелерді көтереді, арғы-бергі тарих таразыланып, 
қоғам көріністері көркем сөзбен кестеленеді, дәуірдің шындығы жырланады. 
Айтыс ақындарының өз заманының жаршысы болатыны содан» [216, 7 б.]. 
Айтыстың әлеуметтік мәні мен қоғамдық маңызын һәм рухани қажеттілігін 
аса маңызды факторлармен дөп басып көрсеткен ғалым М. Жолдасбековтың 
осы пікірі аталмыш өнердің халық өміріндегі рөлін барынша айқындап тұр. 
Бұдан әрі автор айтыс өнірінің сан жанрдың басын қосатын синкреттілігне 
тоқталып, айтыс ақындарының алғыр да көреген, тапқыр да айтқыш 
болғандығын, өмірдегі елеулі өзгерістерді дер шағында байқап, қоғамдық 
мәселелерге қолма-қол үн қосып отыратындығын келтіреді. Сондай-ақ 
ақындардың шындықты шымбайға батырып айта алатындығын, ілгері қазақ 
қоғамында осындай ауыр жүкті қайыспай көтерген талант иесі ғана халық 
ақыны атанғанын, бүгінгі айтып жүрген жариялылықтың да, демократияның да, 
өжеттіктің де, тереңдіктің де төркіні айтыс өнерінде жатқандығын айтады. 
Өмірдің өзі дәлелдеп, уақыт айқындап отырған айтыс өнерінің осындай 
шығармашылық қуатының маңыздылығын бүгінгі қазақ қоғамының танып – 
білуіне һәм назар аударып, қолдауына түрткі болар ғалым М. Жолдасбековтың 
бұл пікірін, дер кезінде көтеріліп отырған көкейкесті мәселе деп білеміз. Айтыс 
өнерін шоу-думанға, көңіл көтеретін сауыққа, даталық мейрамдар мен саяси-
науқандық шаралар барысында ғана пайдалану, ғасырлар бойы қалыптасқан 
өнердің өресін түсіріп қана қоймай оның қоғамдық маңызында әлсіретеді. 
«Ақындар айтысы өз заманының көкейкесті мәселелерін көтеріп, ел 
өмірінің шежіресін қалыптастырған. Бір ғажабы, осынау рухани қазынамыз 
ешқандай акамедия, университет бітірмеген дала данышпандарының аузымен 


251 
айтылып, атадан балаға мирас болып отырған. Сөйтіп елдіктің, көсемдіктің, 
кісіліктің, тапқырлықтың мектебіне айналған» [216, 7 б.]. 
Айтыс табиғатын ашатын осындай толғамды ой, тегеурінді пікірлерді 
тереңнен қозғаған мақала авторы, ғалым М. Жолдасбеков өнердің қазіргі 
ахуалына да жан-жақты тоқталып өтеді. 
Бүгінгі таңда қоғамда осы өнер турасында әртүрлі ойлар туындауда деген 
автор, бұдан әрі айтыстың заманының да, жырлайтын адамының да өзгергенін 
мойындау керектігін айтады. Сондай-ақ, уақытына, заманына қарай айтыстың 
мазмұны өзгере беретіндігін, бірақ айтыстың бұлжымайтын заңын, салт 
дәстүрін өзгертуге болмайтындығын көрсетеді. Қалайда халықтың рухани 
азығына айналып, қадір-қасиетін танытуға бірден-бір себепші болған айтыс 
өнерінің қоғамдағы бедел биігін төмендетіп алмауды қатты ескерткен автор, 
айтыс өнері құнының төмендеуін мынадай себептер арқылы көрсетеді: «Айтыс 
өнері соңғы кезде ұсақталып кетті. Елдің сөзін сөйлеп намысын қорғаған 
қастерлі өнердің бүгінгі қадірі қашып, арзымайтын күлкіге, шоуға, еріккенің 
ермегіне айналып бара жатқаны аянышты-ақ. ...Қазіргі ақындардың 
мемлекеттік маңызы бар мәселені көтергеннен гөрі күнделікті күйбең тірлікті 
төңіректей беретіні, айтыстың беделін түсіруде. Жөн жоқ, жосық жоқ, ата 
салтын бұзып айтысатындар шықты. Әйтеуір төмен етекті болса болды 
жігіттердің бәрі жеңешелеп шыға келетінді әдетке айналдырды» [216, 7 б.]. 
Халқымыздың рухани асыл қазынасы – айтыс өнерінің бүгінгі 
шығармашылық ахуалы туралы жан-жақты саралынып жазылған аталмыш 
мақала бүгінгі ақындар айтысының бағыт-бағдары мен көркемдік һәм 
мазмұндық деңгейінің қандайлық дәрежеде екендігін орынды ашып көрсеткен. 
Қазақ қоғамы үшін ғалым М. Жолдасбеков көтерген бұл көкейкесті мәселенің 
маңызы зор. Қазақтан басқа халықтың мандайына біте бермейтін біртуар 
өнердің болашағына алаңдаған зиялы азаматтың жанайқайы ұлт руханяты үшін 
аса зәру мәселе. Бұқара халыққа, зиялы қауымға салмақты ой тастаған автор, 
өнерге деген риясыз қамқорлығын барынша ашық айтады. 
«Ендігі жерде айтысты мемлекет қамқорлыққа алмаса, халқымыздың 
қанына сіңіп, сүйегіне біткен асыл өнер арзан шоуға, еріккеннің ермегіне 
айналып барады. Бүйте берсек, сан ғасырлар бойы қазақпен бірге жасасып
заманында халық театры орнына жүрген, қазақтың саяси ойының ордасы 
болған әрі халқымыздың рухани қазынасын байтып, тәрбие мектебіне айналған, 
таптырмайтын өнер сайысынан айырылып қалыуымыз мүмкін... » [216, 7 б.]. 
Аталмыш мақаланың өзектілігі мен құндылығының өзі проблеманың 
жалаң түрде айтылмай өнердің өрелі қасиеттерін жарқырата көрсете отырып, 
сол асыл қазынадан айырылып қалмаудың қаракеті оралымды ой, мағыналы 
меңзеулер арқылы көрініс табуымен өлшенеді. Проблеманы көтеру бар да, 
одан шығудың әрекет-шараларын орынды көрсетіп беру бар. Ғалым
М. Жолдасбековтың аталмыш мақаласының өзектілігі де өзінің осындай бағыт-
бағдар, іс-әрекетке шақырумен ерекшеленеді. Мәселен, айтыс өнерінің 
көркемдігі һәм төлтума ұлттық сипатының қожырауы туралы айтқан мына 
пікірі кез келген азаматқа, оның ішінде айтыс ақындарына үлкен ой салары хақ. 
“Айтыс көңіл көтеру құралына айналады дегенше, ол шын мәнінде өнер 


252 
болудан қалады. Себебі, көңіл көтеру адамның арзан тілегінен туады, арзан 
тілекті қанағаттандыру – азғындаудың басы. Сондықтан халық қазынасының 
сары алтындай таза болғаны жақсы. Ендеше айтыстың тазалығы мен оның 
тәрбиелік пәрменділігі үшін күресу ақындардың ғана емес, барша жұрттың 
міндеті” [216, 7 б.]. 
Осы зерттеудің авторы ретінде 1992 жылдың 25 қараша күнгі Қарағанды 
облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде жарияланған «Айтыс ардың байрағы» 
атты мақаладан үзінді келтіре кеткенді жөн санаймын. Өйткені, жоғарыда 
келтірілген ғалым М. Жолдасбековтің «көңіл көтеру адамның арзан тілегінен 
туады, арзан тілекті қанағаттандыру азғындаудың басы» – деген сөздің 
шындығына осы мақаланы оқи отырып көз жеткіземіз. 
«Қазіргі жанданған,
жаңарған айтыс өнерінің көгінде жұлдыз болып жарқырап көрінген арқалы, 
нағыз суырыпсалма, талантты ақындар жоқ емес, бар. Халық көңіліне көл-көсір 
қуаныш сыйлап, ел мұңы мен жер тағдырын тілге тиек етіп, әлеуметтік 
мәселелерді қозғап жүрген тарланбоз ақындарымызды әр кезде мақтанышпен 
айтамыз. Мәселен, шымкенттік Әселхан, оралдық Қатимолда, керекулік Серік, 
қарағандылық Аманжол сияқты ақындар кешегі өткен асылдардың алмас тұяғы 
емес пе? Айта берсек, мұндай талантты айтыскер ақындардың біразының 
есімдерін атауға болады. Бірақ әңгіме төркіні таланттар емес, сол тұлпарлардың 
шаужайына жармасып, өзін таланттыға балап жүрген танымсыздар жайында 
болып отыр.
Мәселен, өткен жылы Теміртау қаласында өткен қалалық ақындар 
айтысында төмендегідей қыз бен жігіт айтысының куәгері болғанымыз бар. 
Ұлтық киімге малынып сахнаға шыққан ақын қызды алғаш көрген адам бейне 
алқызыл алау гүлге балары сөзсіз еді. Бірақ біздің жүлделі орынға ие болып 
жүрген жігітіміз қызға бірден қарадүрсін ұрынды: 
Бұрмашы айналайын басыңды олай, 
Жанарым талды-ау саған қарай-қарай. 
Жаныма отырдың ғой, апатайым, 
Қып-қызыл пожарный бір машинадай.
Көрермен қауым «ақын» жігіттің бұл «тапқырлығынаә дуылдата қол 
соғып, күлкіге қарақ болды да қалды. «Қалжың» сөзбен халықтың ықыласын 
өзіме аударып алдым-ау дегендей «ақын жігіт», бұдан кейін тіпті еркінсіп 
кеткен ақын, қызды шамасы келгенше мұқатып-ақ бақты. Қарсыласынан 
осындай оспадар қылық, қарабайыр сөз естіген ақын қыздың жанарына мөлт 
етіп жас үйірілді. Небір сойқан сөздер жүрегін осқылай берген соң ақын қыз 
ақыры айтысты доғаруға мәжбүр болды. Айтыскер қыздың булығып, үнсіз 
қалғанын жеңілдіге жорыған біздің «ақын жігітіміз» одан сайын ақилана түсіп, 
айтысының соңғы түйінін тағы да «әдемі» қалжыңмен аяқтады: 
Сеземін ел алдында ұятты анық, 
Өзіңді кетер ме едім жыраққа алып? 
Дырылдап тоқтадың ғой әйтеуір бір, 
Бұзылған холодильник сияқтанып. 
Тағы да қошемет, тағы да күлкі. Халықты «риза» еткен «ақын» жігіт 
сахнадан алшаңдай басып түсіп бара жатты.


253 
Халқымыз ежелден қыз баланы сыйлап, қадірлеп өскен. Қыз елдің көркі 
дейміз. Ақындар бойжеткендерді аялап, шынарға, жауқазын гүлге, даланың 
ерке құралайына, ботаға балаған. Кешегі Біржан мен Сараның, Әсет пен 
Ырысжанның айтыстары қандай ғажап! Ал бүгін ше?.. Қазіргі айтыс ақындары 
ару, ақын қыздарын пожарный машинаға, бұзылған холодильникке теңеп 
жатса, біздің өскендігімізді көрсете ме, әлде өшкендігімізді таныта ма? Біздің 
өнеріміздің жасарған, жаңарған түрі осы ма?..» [217, 6 б.]. 
Баспасөзде көтерілген бұл мәселе 1992 жылдар үрдісіндегі айтыс 
өнеріндегі кейбір келеңсіздіктерді баяндап тұрғанымен «адамның арзан тілегін 
қанағаттандыратын» осы әрекеттер қазіргі айтыстарда да бой көрсетіп жатады. 
Осы мәселені жіті аңғарған өнер қамқоршысы М. Жолдасбеков айтыс 
ақындары бойынан төмендегідей ізгілік нышандарын іздейді: «Айтыс алқалы 
топтың алдында өтетіндіктен, тіке айтқанның тұрпайы, ашық айтқанның анайы 
болып шықпауы үшін ойдың шын ақындықпен астарланып, тұспалданып 
айтылғаны, әрі құлаққа жағымды, әдемі мақаммен, әсем сазбен сүйемелденгені 
жөн. Сонда ғана айтыс өзінің табиғатын, моральдық-эстетикалық мәнін, 
күрескерлік рухын сақтап қалады. Әйтпесе, жадағай жұтаң өлеңсымақ пен қара 
сөзді ұйқастырып айта беретін ақындар бел алып кетсе айтыс шын мәнінде өнер 
болудан, қазақ халқының рухани қажеттілігін өтеуден қалады» [216, 7 б.]. 
Ақындар айтысының көркемдік һәм мазмұндық деңгейі жөнінде баспасөз 
беттерінде көтеріліп жүрген осындай толғамды, ғылыми сипаты бар салиқалы 
ойлардың өнер үшін берер өнегелі бағыт-бағдары мол екендігі ақиқат. Түрлі 
басылымдарда жазылып, теле,- радиохабарларында айтылып жүрген пікірлерді 
топтастырып, жеке жинақ етіп шығару күн тәртібінде тұрған мәселе. Үлкен 
ғалымдарымыз бен өнер қайраткерлерінің, зиялы қауымның, қарапайым 
халықтың пікір-көзқарастары, ой-тұжырымдары тек қағаз бетінде қалып 
қоймай, оны қазіргі айтыс ақындарына әдіснамалық, танымдық тұрғыдан 
ұсынса, жоғарыда келтірілген көптеген кемшілік-сындардың алдын алуға 
болады. Сайып келгенде баспасөз бетінде көтерілген айтыс өнері жайындағы 
кез келген пікірдің негізгі мақсаты ұлттық руханиятымыздың өркендеуі, 
гүлденуі тұрғысында өрбиді. Мұның өзі сөз өнерінің асыл қазынасы, ақындар 
айтысына деген халық құрметі мен ықыласын танытатын құбылыс.
Баспасөз бетіндегі айтыс өнері жайлы пікірлердің бұқаралық сипат алуына 
мұрындық болған мақаланың бірі 2007 жылғы қараша айының 29-ыншы 
жұлдызында «Ана тілі» газетінде жарияланған журналист Салтанат Қажекеннің 
«Қазіргі айтыс. Деңгейі қай тұс?» атты ой бөлісу сипатындағы сараптамалық 
материалы болды. Мақала соңында келтірілген редакция ұжымының бір-жар 
сөзі де оқырман қауымды пікірталасқа шақырып, ақындар айтысы туралы 
әрқилы пікірлердің жариялануына жол ашып берді. Онда: «Қазіргі күні айтыс 
төңірегінде екіұдай пікір қалыптасып отыр. Табыс табуға, қолдан жеңімпаз 
жасауға, даңғазалыққа, арзан қылжаққа құрылған бүгінгі айтыс, көпшіліктің 
көңілінен шыға бермейді. Бұған қоса айтыс халқымыздың ұмыт болған хас 
өнері ретінде жаңғыртылып, өскелең буынға тәрбие беру құралына айналғанын 
қалайтындар да жетіп артылады. Сіз қалай ойлайсыз құрметті оқырман, зиялы 
қауым? Айтысқа қалай қарайсыз? Қазіргі деңгейі қай шамада? Пікірлеріңізді 


254 
күтеміз» [218, 14 б.], – деп жазылған. Аталмыш мақалада айтыс өнерінің қадір-
қасиетінің төмендеуін көрсететін бірнеше сындарлы себептер келтірілген. Атап 
айтқанда, халық ауыз әдебиетінің ерекше түрі – айтыс өнерінің келешегіне 
жырсүйер қауым айрықша алаңдайтынын тілге тиек ете отырып, қазіргі 
заманда әсіресе жаһанданудың алпауыт ауызы ашылып тұрған кезде жәудіреген 
жауһарларымызды шашыратып алып жүрген жоқпыз ба? – деп алаңдаушылық 
білдіреді. Сондай-ақ ұлттық өнер өрнегі болмашы ғана нәрседен тоқырап 
қалатындығын, шешендік сөз өнерін дағдарысқа түсіретін келеңсіздіктер 
қоғамда көп екендігін айтады. Осылай деп пікір білдірген автор айтыс құнының 
арзандауын мынадай ойлармен түйіндейді: «Нақтылап айтсақ, толғаныс пен 
тебіреніске толы ата сөзіне құлақ қоймаушылық, сөз қадірін түсінбеушілік және 
сөз тыңдау, сөзге тоқтау мәдениетінің жоқтығы – айтыс мәртебесінің өркен 
жаюына қашан да кедергісін тигізіп келеді»[218, 14 б.]. 
Баспасөз бетіндегі мақалалардың дені айтыс өнерінің құнсыздануын 
айтысушы ақындардың бойынан іздейді. Айтыстағы ой қайталау, арзан ұйқас, 
жеңіл күлкіге құрылған әсерсіз шумақтар, әрине, тікелей ақындардың білім 
дәрежесі мен ой-өрісіне, ізденістеріне қатысты болып келеді. Дегенмен де «Сөз 
түзелді тыңдаушы сен де түзел», – деген Абай қағидасына жүгіну дәл қазіргі 
уақытта көкейкесті мәселе болып тұрғандығын ұмытпауымыз қажет. 
Журналист Салтанат Қажекен ойларының құндылығы да айтыс қадірін 
көрермен-тыңдарман талғамымен қарастырғаны дер едік. Айтыстағы ойдың 
бәрі арзан, көтерген проблемасы жалған деп айтуға тағы болмайды. 
Өнертанушы ғалым М. Жолдасбеков саралап көрсеткен мына пікір бүгінгі 
айтыс ақындарының дара таланттарын дөп басып көрсеткен шынайы баға деп 
түсінеміз: «Бүгінгі айтыс жазба поэзияның қасиеттерін өз бойына сіңірді. 
Қазіргі айтыстың көркемдік сипаты туралы айтқанда Мэлстің кең құлашты 
эпикалық тынысын, Мұхамеджанның мағынасы зор, мазмұны терең 
поэтикасын, Аманжолдың кешегі сал-серілерге тән қазақтың салт-дәстүрінен 
қылдай ауытқымайтындығын, Бекарыстың қарсыласының осал жерін қапысыз 
аңғарар қырағылығы мен тапқырлығын, Айнұрдың уытты тапқыр сөздерін, 
Балғынбектің орайын келтіріп, жүйесін тауып айтар өткер әзілін, т.б 
ақындардың даралықтарын айтуға болады» [216, 7 б.]. 
Жаңарған айтыстың көшін бастап осынау тегеурінді толқынға аманаттаған 
Ә. Қалыбекова, Ә. Беркенова, Қ. Әбілов, Б. Әлімжанов, Қ. Бердіғалиев,
Е. Жақыпбеков, С. Құсанбаев сынды сөз өнерінің майталмандары да өз 
даралықтарымен халық қошеметіне бөленген ақындар. Ендеше, айтыс өнерінің 
бүгінгі хал ахуалын сөз еткенде кемшілікті екі жақтан (ақын–көрмен, 
тыңдарман) да іздеген дұрыс сияқты. Халықтың эстетикалық талғамының өсуі, 
өнердің рухани түлеуінің кепілі. Кейде халықтың салмақты ой, зерделі сөзден 
гөрі жеңіл ой, арзан қалжыңға қол соғып, қошемет қылып жататындығы 
кездеседі. Халық санасын осындай селкеуліктен арылтып, өрелі талғамға 
бұрудың бірден-бір жолы – өнердің рухын көтеру екендігі дәлелдеуді қажет 
етпейтін құбылыс. Өршіл рух салтанат құрған сәтте өнердегі өлермендіктің 
жолы кесіледі. Журналист Салтанат Қажекен аталмыш мақаласында осындай 
көкейкесті сауалдарға жауап іздей отырып, оқырманға үлкен ой тастайды: 


255 
«Таланттардың тұлпарына мінгесіп, айтыстың мән-мағынасын өзгертіп 
жіберетіндер кімдер екен? Тележобаның авторы, иесімін деп отырған 
көкелеріміз айтыс өнерінің арқасында жан қинамай мол қаржыға қалтасын 
толтырғаны өтірік пе? Айтыстың ыстық-суығына күймеген, қазақтың дархан 
даласының жусанын иіскеп көрмеген адамдар «әзір асқа дайын қасық» бола 
кетуден әлі де тайынар емес» [218, 14 б.].
Ақындар айтысы төңірегінде орын алып отырған осындай сан алуан 
кемшіліктер, тұтастай алғанда, өнердің өркендеуіне кері әсерін тигізіп 
отырғаны анық. Айтысты ұйымдастыру барысындағы олқылықтар мен нағыз 
айтыскерлерді танып білу, бағалау жағынан әлі де кемшін тұстар көп. Қолына 
домбыра ұстап ән салғанның бәрі айтыс ақыны болып шыға келген уақыттар да 
болды. Айтыс өнеріне қатысушы һәм оның зерттеушісі ретінде аңдағанымыз, 
әлі күнге дейін бірде-біріміздің сөз қағысу барысында Кемпірбай ақын айтқан:
«Келіп ем бұл жиынға өктемделіп, 
Жүруші ем қу соқырдан секемделіп. 
Бағасы жоқ соқырмен айтысам деп, 
Жығылдым төрт аяғым көктен келіп» [25, 80 б.], – деген 
мәрттікті мойындамауымызды қалай түсінеміз?! «Айтыс еріккенің ермегі емес» 
– деген орынды ескертуге құлақ асатын мезгіл жетті. Кейінгі оншақты жыл 
көлеміндегі мерзімді басылымдарда жарияланған өзекті ойлардың дені осы 
пікірге саяды. Айтыс өнері бір адамның немесе жекелеген ақындардың ғана 
толғанатын мәселесі емес. Айтыстың иесі – халық. Өнерді өшіретін де, 
өркендететін де халықтың талғам таразысы. Зерттеуші-ғалымдар, журналист-
қаламгерлер, қарапайым өнер жанашырларының жанайқайы белгілі бір 
тоқтамға, жүйелі іске мұрындық болуы қажет. Сонда ғана халқымыздың төл 
өнері – айтыстың бағы жанып, абыройы аспандары сөзсіз. Ғасырлар бойы 
халқымыздың рухани қуатына айналған сөз өнерінің өміршеңдік мұраттарын 
сақтап қалудың бірден-бір жолы да осы айтылған пікірлер негізінде жүзеге 
асады. Ғалым М. Жолдасбековтың «Қазаққа Алланың берген сыйы еді» атты 
мақаласына үн қосу негізінде, 2009 жылдың 23 қаңтар күнгі «Егемен 
Қазақстан» газетінің тұтас бетін алып шыққан Қайрат Жұмағалиевтің «Атасын 
ақиқаттың айтыс айтқан», Аманжол Әлтайдың «Сырлы сөзді саудаға 
салмайық», Елен Әлімжанның «Ақындық бұлағы – ауыл» атты мақалалар 
топтамасы жарияланды. Аталмыш үш мақалада айтыс өнерінің бүгінгі ахуалы 
жан-жақты сөз болады. Айтыс өнерінің бүгінгі өміріміздегі рухани қажеттілігін 
орынды көрсеткен Қ. Жұмағалиев: «Күнкөрістің қам-қарекетімен таңның 
атысы, күннің батысы арпалысып жүріп, кешке әзер әупіріммен жеткен 
қандасымыз бел шешіп, отбасының ортасында жайланып отырып теледидар 
көреді. Экранда – тек атыс-шабыс, адам қаны судай ағып жатқан 
жантүршігерлік көріністер. Одан мезі болып, бір кезек көңіл көтергісі келеді. 
Міне, айтыстың керегі нақ осы жерде. Міне, айтыскердің рухани, мәдени, 
қоғами рөлі нақ осы жерде көрінуі шарт. Көрермен қауымға қуат беріп, жігерін 
жануы керек, тәрбиеші де бола білуі, көңілін де көтеруі, ұлы дала перзенті 
екенін айрықша бағалап, оны қанаттандырып әрі биік талғамын өсіруі қажет». 
[219, 5 б.]. 


256 
Қайрат Жұмағалиевтің бұл пікірі зерттеу барысының өн бойында 
қозғалған барлық мәселелердің түйінін танытып тұр. Автор осы ойлары арқылы 
айтыстың әлеуметтік мәні мен рухани қажеттілігін, тағылымдық-тәрбиелік 
қырларын, патриоттық рухын, сондай-ақ халықтың эстетикалық ләззаты мен 
көңіл көтерер қуанышына дейін көрсетеді. Осы мақалада қазіргі айтысты 
ұйымдастыру барысында орын алып жүрген кейбір келеңсіздіктерді де орынды 
көрсетіп өтеді.
«Ең бір өкініштісі, – дейді автор, – тәуелсіз елімізде тәуелсіз өнер адамы 
болмай отыр. Бұл сөздің әсіресе, айтыскерлерге қатысы бар. Айтысты 
ұйымдастырып, қаржыландырып отырған ауыл-ауданның, не облыстың әкім-
қарасы сол жердің айтыскерінің аты озып келгенін қалайды. Ақыры солай 
болады да. Бұл әу бастан белгілі болғандықтан басқа жақтан барған 
айтыскерлер жалтақтап, сол өңірдің ыңғайына қарай ойысуға мәжбүр. Мұндай 
жағдайда айтыскердің тәуелсіздігі туралы қандай әңгіме болуы мүмкін?» [219, 
5 б.]. 
Ақындар айтысы жөнінде талдамалы мақалалардың дені «қазылар алқасы» 
проблемасын тілге тиек етіп жатады. Айтыскер өнерін бағалауда болып 
жататын жөнсіздіктер жайлы тәуелсіз Қазақстан тұсындағы ақындар айтысы 
туралы жазылған көптеген мақалаларда кездестіруге болады. Журналсит Ерлан 
Әбдірұлы «Айтыс: даңқ пен дақпырт» атты мақаласында айтыс өнерінің бастан 
кешіп отырған проблемаларын «Айтыс – чемпионат», «Шындық пен қазылар», 
«Ақындар», «Демеушілер», «Көрермен» деп бес тақырыпшаға бөліп, жан-
жақты 
таразылайды. 
Айтыс 
өнері 
жөніндегі 
көптеген 
түйткілді 
проблемалардың шынында да осы аталған мәселелер төңірегінде өрбитіні анық. 
Енді сол таңдамалы мақаланың қазылар туралы тарқатқан пікіріне тоқталсақ: 
«...Сосын бұл құзырлы кісілердің қатарында көбіне-көп филология 
ғылымдарының докторлары, танымал әдебиетшілер отырғанымен қазылар 
қатарын сөз мәйегін ажыратушылардан гөрі немқұрайлы тыңдаушылар 
толтыратын секілді. Өткен айтыстардың бірінде Cараның сөзін бөле берген 
қазының қылығынан соң «қазылар ақынды тыңдамайды» деп ой түймеске амал 
қайсы? Қазы атанған соң өзін құдіретті сезініп кететіндер де бар секілді» [220, 3 
б.]. 
Осы тараушаның басында айтыс өнеріне көлеңке түсірген кейбір 
келеңсіздіктер қатарында: «Халыққа танымал оншақты ақынның үнемі 
сахнадан түспеуі, көрермендерді жалықтырып жіберді деп көреткен 
болатынбыз.
Бұл мәселе де баспасөз беттерінде әлденеше рет көтерілді. Мәселен, 
жазушы Елен Әлімжанның «Егемен Қазақстан» (23.01.2009) газетінде 
жарияланған «Ақынның бұлағы – ауыл» атты мақаласында мынадай пікірлер 
келтіріледі:
«...Баяғыда С. Сартаков деген орыстың бір қаламгері «Кездесу сайын 
көрермен жазушыдан ақылды сөз күтеді. Ақылды сөз күнде қайдан табылады?» 
– деп еді. Сол айтқандай апта, ай сайын өтіп жатқан айтыста елді аузына 
қарататын өлеңді ақын қанша данышпан болса да қайдан шығара береді? Ол 
амал жоқ, Алматыда айтқанын Астанада, Оралда айтқанын Семейде қайталай 


257 
салады. Оның үстіне бұл он бес, жиырма ақын жиі айтыса берген соң бір-біріне 
айтатын әзіл-қалжыңның да мәнісі кетіп, мазмұны да сұйылады. ...Біреуді 
мақтаса болды, ақынды да, оның мақтаған адамын да керісінше жек көре 
қаламыз. Сөйтеміз де айтысты жамандаймыз. Сөз басқа болғанымен, ойы 
қайталана берген соң проблемадан да жалығамыз» [221, 5 б.]. 
Жазушы Елен Әлімжан келтірген бұл пікірлер айтыс өнеріне қатысты 
уақыт проблемаларын орынды көтеріп отыр. Кейінгі он-он бес жылдың 
көлемінде үнемі ел назарында жүрген ақындардың белгілі шоғырын қанша 
жерден талантты десек те, олардың шығармашылық тоқырауға ұшырауы 
табиғи заңдылық. Бұл жерде айтыстың абыройын асқақтатқан талантты 
айтыскерді суға да, отқа да салып, тауанын шағып алмау жағы ескертілген.
Қазіргі айтысқа айтылып жүрген сынның бірі ақындардың мақам-әуендері 
жайлы пікірлер. Үнемі бір әуенді, әнді тыңдай берген адамның қандай күй 
кешетінін ойша шамалауға болады. Бұл әрбірден соң көрермен-тыңдарманды 
рухани тұрғыдан ғана шаршатып қоймай, психологиясына да кері әсер етеді. 
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай осы мәселеге 
байланысты мынадай пікірлер келтіреді:
«...Бүгінгі айтыс ақындарының ізденуінің аздығы, айтысқа дайындықсыз 
келуі, мақам тапшылығы да ойландыратын мәселелер. Байқап отырсам, қазіргі 
айтысып жүрген ақындардың жетпіс пайызы менің мақамыммен айтысады 
екен. Олардан өз мақамымды қызғанып отырғаным жоқ. Айтыс ақынының 
табиғатына сай әр ақынның өз мақамы, өз бет бейнесі, ерекшелігі болғаны жөн 
емес пе? Мысалы, ілгерідегі Сүйінбай, Шөже, Жамбыл, Шашубай 
аталарымыздың бір-біріне ұқсамайтын өз мақамы, өз стильдері болған.
Біздің алдымыздағы Әселхан, Әсия, Қонысбай аға-апаларымыздың да 
өздерінің жеке мақамдары, болмысын көрсететін өз ерекшеліктері бар. 
«Инкубатордың балапаны» секілді бір-бірінен айыру қиын бір сарынмен 
айтысатын іні-қарындастарым ілгерідегі ақындардан үлгі алып, көп ізденгені 
абзал» [222, 5 б.]. 
Айтыс өнерінің қыр-сырын, табиғатын жақсы білетін ақын Аманжол 
Әлтай аталмыш мақаласында ұлт өнеріне қатысты біраз келелі ойлар айтады. 
Көгілдір экран арқылы көрсетіліп жүрген айтыстардың «құйрық-жалы күзеліп» 
негізгі мағынасынан айрылып, қысқарып шығатындығын, сондай-ақ айтыс 
өнерін мазақ қылғандай көптеген телеарналардың түн ортасы ауғанда 
көрсететіндігіне қынжылыс білдіреді. Сондай-ақ сайлауға түсетін депутаттың, 
абырой жинағысы келетін жекелеген біреулердің соңынан еріп, шапанын 
жалпылдатып әр ауылда айтыса беру де бүгінгі айтыс ақынына дұрыс атақ-
абырой әпермейтіндігін айтады.
Айтыс өнері жайлы мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған 
мақалалардың ішінде танымдылығы һәм көкейкестілігі жөнінде белгілі ақын – 
журналист Жүрсін Ерманмен болған сұхбаттар шоғырын екшеп айтуға болады. 
Айтыс туралы шынайы ақпарат пен өнердің ішкі болмысын, табиғатын тану 
тұрғысында бұл сұхбаттардың мәні зор. Оның басты себебі шығармашылық 
қызметінің отыз жылға жуық уақытын қазақтың төл өнері айтыстың 
қанаттанып, дамуына арнаған өнердің қамқоршысы һәм ұйымдастырушысы


258 
Ж. Ерманды ақындар айтысының «ыстығына күйіп, суығына тоңған» нағыз 
күрескері деп танитындығымыз. 1984 жылы айтыстың телевизиялық түрі 
дүниеге келген күннен бастап Ж. Ерман осы өнердің басы-қасынан табылып, 
ақындар айтысының жаңарып, жаңғыруына мол үлес қосты. Айтыс өнері 
жайлы Ж. Ерманмен болған өзекті сұхбаттар топтамасы ақынның «Екі тізгін, 
бір шылбыр» (Алматы. Атамұра. 2008 жыл) атты жинағында жарияланды. 
Кітапқа негізінен республикалық «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», «Алтын 
Орда», «Алматы ақшамы» сияқты газет беттеріндегі әңгіме–сұхбаттар 
енгізілген. Ж. Ерман мен газет тілшісі арасында сұрақ–жауап негізінде өрбіген 
әңгіме желісі айтыс өнерінің жиырма бес жылдық тарихынан мол мағұлмат-
ақпар беруімен ерекшеленеді. Сондықтан бұл сұхбаттар газет бетінде 
жарияланысымен жаппай бұқаралық сипат алып, халықтың ықылас қоя оқитын 
дүниесіне айналды. Олай болуы заңды да еді. Өйткені халық өзі қызыға 
тамашалайтын өнер түрінің ішкі құрылымын, шығармашылық құпия-сырларын 
білуге әр кез ынталы болатын. 
Мәселен, «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі, белгілі қаламгер Еркін 
Жаппасұлымен болған «Қазақ «Айтысқа» неге құмар?» атты сұхбатта Ж. Ерман 
айтыскер мен көрермен арасындағы мынадай жайттарға назар аудартады. 
«Тісіңнің суын сорып отырғанда, айып па таңдайыңды жібіткенім» деген 
тәрізді халықтың иірім-қайырымдарымен алды-артыңды орап, жүрегіңді 
дүңкілдетіп жіберетін марқұм ұлы айтыскер Көпбай Омаровтың тас бұлағына 
мейірі қанған көрермен, «мультфильмдегі қояндай муфтиің қойды-ау оянбай» 
деген тәрізді осы замандық ұғымдардан тосын теңеу табатын тамаша ақын 
Бекжан Әмірбаевқа қол соқпауы мүмкін. Демек, айтыскерлермен бірге 
көрермен де өсуі керек. Бұл бірер жылдың аясына сиятын процесс емес»... [122,
135 б.]. 
Баспасөз бетіндегі пікірлердің дені «айтыс көбейіп кетті», «жұрт айтыстан 
жалыға бастады» деген ойларға сайып жатады. Осы мәселе төңірегінде 
«Алматы ақшамы» газетінің тілшісі Махамбет Мәшкенов пен Жүрсін Ерман 
ойлары былайша өріледі: 
«- Қазір ауылда айтыссыз той, айтыссыз шара, облыста айтыссыз жиын 
өтпейтін болды. Айтыстың құнын арзандатып алдық па деген пікірлер де естіле 
бастады.
- Өз басым осы байбаламға мүлдем қарсымын. Айтыстың маңынан 
жүрмеген, исі мұрнына бармайтын біреулер баспасөз бетінде де білгішсініп
біткен іске сыншы болғысы келетіні байқалып жүр. Егер айтыс өнері әуелден 
дәстүрімізде бар, қанымызға сіңген, жанымызға жарасқан болса, ол неге 
күнделікті тұрмысымызға, салтымызға сіңіспеуі керек? Ауылда да, астанада да 
неге қатарынан өркендемеуі керек? Халық өзіне қажет жақсысын таңдап алмай 
ма? Ән көбейіп кетті деп ешкім арызданбайды, би көбейіп кетті деп ешкім 
бұрқылдамайды. Айтыс көбейіп кетті деп ашынуымызға жол болсын»... [122, 
124 б.]. 
Айтыс өнері төңірегіндегі сан алуан пікірлер мен түрлі сауалдар түйіні 
ақын Ж. Ерманмен болған сұхбаттар барысында толық ашылады. Мәселен, 
ақындар айтысын ұйымдастыру шаралары, телеайтыстың ерекшелігі, айтыстың 


259 
көркемдік деңгейі, жанрлық құрылымы, ақындардың шығармашылық 
қабілеттері, қазылар алқасы, айтыстың әлеуметтік деңгейі мен қоғамдық рөлі, 
айтыс және саясат, әрісі баспасөз бетіндегі түрлі пікірлерге дейін жан-жақты 
сараланып айтылған жауапқа, аталмыш сұхбаттарды оқу барысында толық көз 
жеткізуге болады. 
Айтыс өнерінің табиғатына мейлінше қанық, Тәуелсіз Қазақстан 
тұсындағы жүздеген айтыстардың куәсі болып, тікелей зерделеп отырған ақын-
журналист Ж. Ерман аталмыш өнердің әлеуметтік мәні мен қоғамдық маңызын 
үнемі алдыңғы орынға қояды: 
«Жасырсақ та, жасырмасақ та қоғамымызда демократия аз. Халықтық 
демократия айтыс арқылы ғана сақталып келеді. Ақын сынаған басшысына 
ешқандай ат-шапан айыппұл төлемейді. Айтыс арқылы қоғамдық пікір туады. 
Шын мәнінде, айтыс үкіметке де пайдалы. Себебі, халықтың ішінде, көкейінде 
тұнып жатқан қыжылды ақын сыртқа шығарып, жоғарғы жақты құлаққағыс 
етеді. Тіпті ол мәселе шешілмесе де халық ақынның шындықты айтқанына риза 
болады»[122, 160 б.]. 
Баспасөз бетінде айтыс өнерінің ақпараттық насихатшылдық сипатын 
танытатын ақын Ж. Ерманның осы мазмұндас пікірлерін зерттеу барысында 
бірнеше жерде келтірген болатынбыз. 
Ерте дәуірлерден халықтың ақпараттық-мағлұматтық дерек көзіне 
айналып, уақыт пен қоғамның бедерін айқындап, ұлт тарихының шежіресіне 
айналған айтыс өнері, ХХ ғасырдың соңына қарай заманауи технологиялық
жетістіктер нәтижесінде, өзінің бұқаралық пәрменділігін одан әрі күшейте 
түсті. Оған дәлел ширек ғасыр бойы ақын-журналист Ж. Ерманның 
ұйымдастыруымен үзбей көрсетіліп келе жатқан телевизиялық айтыстың ұлт 
журналистикасы функцияларын атқарып келе жатқандығы. Айтыс өнерінің 
халыққа, қоғамға, уақытқа қызмет ете беретіндігін өмірдің өзі дәлелдеді.
Баспасөз бетінде келтірілген айтысқа қатысты осындай мәселелердің 
бәріне ұсақ-түйек ретінде қарауға болмайды. Жазушы-журналистер, зерттеуші, 
ғалымдар көтерген әрбір проблема, айтылған сын, айтыс өнерінің бүгіні мен 
ертеңіне бағдар болмақ. Қазіргі айтысты тек ұлттық, республикалық деңгейдегі 
өнер түрі ретінде бағалаудың уақыты өтті. Қазақ айтысы Еуропа, Азия елдері 
сахнасында өнер көрсете бастады. Қазақтың айтыс өнерін зерттеуге ынта 
білдірген шетел ғалымдары да бой көтеруде. Айтыс тек Қазақстанда ғана 
өткізіліп жатқан жоқ. Қазір ақындар айтысы Моңғолия, Қытай, Өзбекстанда 
тұратын қандас бауырларымыздың қызыға тамашалайтын өнеріне айналды. Бұл 
елдерде де айтыс тұрақты өткізіліп келеді. Шетелдегі қазақ айтысы туралы 
болашақта іргелі зерттеулер жүргізілетіні ақиқат. «Алматы ақшамы» газетінің 
тілшісі Махамбет Мәшкеновпен болған сұхбатында ақын Жүрсін Ерман айтыс 
өнеріне деген шетелдік қандас бауырларымыздың ынта-ықыласы жайлы былай 
дейді:
«Моңғол ақындары келіп, айтысқа қатысқан кезең – айтыстың аясын 
кеңейткен, шеңберін өсірген кезең болды. Одан – Түркияда, Иранда, Ресейде, 
Өзбекстанда жүрген бауырларымыз айтыстың үстінде келіп табысқанда, көңілі 
босамаған қазақ болмаған шығар... Біздің телеайтысымыз түсірілген таспаларға 


260 
сұраныс көп. Бірер жылдың өзінде ғана Түркияға, Қытайға, Моңғолияға, ФРГ-
ға, Ресейге, Өзбекстанға айтыс түсірілген талай таспа жібердік» [122, 131 б.]. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет