Қашқын еңкейіп стол үстінде жатқан газетті алады. Оны парақтап, жүре сөйлейді.
Арада тағы жылдар өтті. Енді сау басым саудаға түсті. Шақшадай басым шарадай болды.Біреулер ұры деп көрсетіпті. Ақтығымды дәлелдей алмадым.Жалған айтқан куәлар да табыла кетті. Бес-алты жылды арқалап кете бардым. Темір тордың ар жағында талай теперішті көрдім. Одан аман-есен шықсам да қалада ешкім жұмысқа алмады. Амал жоқ, алыстағы ауылға барып, сиыр бақтым. Сол ауылдан жанымды түсінетін адамды да таптым. Отбасын құрдым, жар сүйдім, балалы болдым.
Бірақ, жұт жеті ағайынды деген рас екен. Бір жылы малға топалаң келді. Аусыл деген аурудан барлық мал қырылды. Тағы да зытуға тура келді.Енді әйелімді, бала-шағамды ертіп қалаға қаштым. Мұнда да жөнді жұмыс табылмады. Аула тазалаушы болдым. Әйелім көп қабатты тұрғын үйлердің кіреберістерін жуып, ақша табатын болды. Сонымен қашуым тоқталды деп ойлаған едім. Тоқтамаған екен. Аулада шылымшылар, маскүнемдер, апиыншылар, қарақшылар көбейді. Сөзіңді жүре тыңдайды. Ұнатпаса, боқтап, тіпті сабап та кетеді. Олардың беті-жүзін танып алғанмын. Керістен пайда жоқ, тек көре қалсам, ат шаптырым жерге айналып қашатын болдым.
Сүйтсем, қашып жүрген жалғыз мен емес екенмін. «Дат» деген газетті сатып алып едім. Бір ақынның «Қашқындар» деген өлеңі жарық көрген екен. Бас алмай оқып шықтым. Ғажап. Тура менің ойымды жазыпты. Сіздер де тыңдап көріңіздерші.
Бұрын қыздар кетуші еді жат елге,
Бүгін ұлдар қашып жатыр шет елге.
«Қашатын қыз қашады ғой сасқаннан»
Деген сөздер айтылмаған бекерге.
Туыстары жарамаған сүйеуге,
Банкир қашқын, әкім қашқын бұл елде.
Өмірінің тең жартысын өткізген
Келіншектен қашып кетті күйеу де.
Жүріп жатыр бітпейтін дау, ерегес,
«Күні олардың, - дейді көп жұрт,- күн емес».
Бірақ, олар аш-жалаңаш жүрген жоқ,
Қашқындардың қанжығасы құр емес.
Күре жолда талай тағдыр тоғысқан
Қашқандар бар зілзаладан, соғыстан.
Бақтың құсын басқа өлкеден іздеп жүр
Байпатшалар бастарынан «бағы ұшқан».
Оңып жүрген жоқ та шығар ол онша,
Жараспай ма жауласқандар қол алса.
«Адасқанның айыбы жоқ» дейміз бе,
Күшік күйеу қайынжұртқа оралса.
Білу қиын, сеніп отыр ел кімге?
Жаутаңдайды көзін сүзіп әркімге.
«Қайтқан малдың қайыры бар» дейміз бе,
Қашқан қатын қайтып келсе төркінге.
Мезгіл осы түрлі дерттер асқынған,
Бәлкім, көңіл пернелерін бастым дәл.
Тілеу тілер дос-жарандар бар шығар,
Аман-есен жүріңдерші, қашқындар!
Жақсы жыр емес пе? Маған қатты ұнады.
Сахнаның төрінде бір бұрышта кітап сөрелері. Кітаптар сықасып тұр. Ішінен мұқабасындағы жазулар ірі әріптермен жазылған Абайдың «Өлеңдер», Мұхтар Әуезовтың «Шығармалар», Ғабит Мүсіреповтың «Қазақ солдаты», Михаил Лермонтовтың «Поэмы», Достоевскийдің «Қылмыс пен зауал», Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», Мұрат Аджидің «Қыпшақтар», Айдын Кәлімханның «Қашқын» деп аталған кітаптары мен мұндалап көзге түседі. Қашқын кітап сөрелерінің жанына барады. Бір-екеуін ұстап, мұқабасын сипайды.
Достарыңызбен бөлісу: |