Телефон шырылдайды. Қашқын ұялы телефонды қалтасынан алып, құлағына тосады. Қашқын: Алло! Ия, мен! Тыңдап тұрмын! Не дейсің? Жоқ! Мен олардың қолдарына түспеймін. Көп сөйлеспе. Тыңдап тұруы мүмкін. Айттым ғой. Көз көрмеске кетемін. Сол жақтан саған ақша жіберіп тұрамын. Басқа біреулер арқылы. Ретін табамын. Оған қам жеме...
Уақыт өтсін! Заман да бұл қалпында тұра бермес. Түрмеде отырғанша еркіндікте жүре тұрайын.
Жылама!
Сен жақсы көретін ән есіңде шығар.
Жаяу Мұсаның әнін айтамын.
(пауза) ...Ия, ия!
Сол әнде айтылады ғой.
Ақ сиса, қызыл сиса, сиса, сиса,
Жүрмейді кімдер жаяу зорлық қылса.
Байлары орыс, қазақ қашқын дейді,
Көрер ем қашқындықты күнім туса.
Боларсың сен де мендей, маған күлсең,
Ханзада, жауыздардан зорлық көрсең.
Есіңнен күлмек түгіл айырыласың,
Айырылып ел-жұртыңнан, қаңғып жүрсең.
Аллаға шүкір, елдің ішіңдемін. Бұйырғаны болар. Тек Жаратқаннан жақсылық күтемін!
Телефонды қалтасына салады. Естідіңдер ме? Менің әйелім де қашқынның қызы. Қайынатам мен қайыненем кешегі аласапыранда мал-мүлкін тастап, Қытайға қашыпты. Шекараға дейін оларды қызыләскерлер қуып, оқсебермен атқан. Қынадай қырған. Менің болашақ жарым - ол кезде кішкентай қыз түйенің қомында жатып аман қалыпты. Көретін жарығы бар екен. Амал қанша, енді қашқынның әйелі деген атқа ілініп отыр.
Көргілерің келсе, көрсетейін. Менде суреті бар.
Телефонын алып, суретін көрсетеді. Сахнадағы бұрыштағы экраннан қасқырдың бейнесі көрінеді.Ол Айға қарап ұлиды. Қашқын: Өзіне көрінсін! Кет, пәлекет!
Келесі бұрыштағы экраннан полиция көлігінің дабылы естіледі. Қашқын: (Екі құлағын қос қолымен жабады) Мыналар да мазаны алды. Қасқырдан құтылсам да осылардан құтылу қиын болды.
Сахнаның ортасына прожектор жарығы түседі. Ақ сақалды қария көрінеді.