Мысалы, жыраудың «Уа, қарт Бөгембай!» деп басталатын толғауы Наймандарға көрсеткен Арғындар өктемдігіне қарсы дау ретінде айтылады. Даугерден сөзді əуелі Ақтамберді бастап: Уа, қарт Бөгембай!
Құяр жауын аспаннан
Қара бұлт торласа,
Пəлекет елде көбейер
Жігітті жігіт қорласа,
Ақбөкен келіп жығылар
Алдын қазып орласа,
Пенденің бағы ашылмас,
Маңдайы қалың сорласа,
Дұшпан қорлап не қылмақ
Бақыт басқа орнаса.
Қынаптан қылыш суырмай,
Қарысқан жау бүлк етпес,
Жуылмай қастың қанымен,
Намысқа тиген кір кетпес.
Шабыссаң, қане, шығып көр,
Жау емессің күш жетпес,
Дарабоздай қолбасы
Абыройын кірлетпес!
Ұрын келген күйеу қайда,
Жесір қайда тіл өтпес?
Жендетті көрсет көзіме,
Желіккен басты кім кеспес!
Еліңді жүндей түткізіп,
Қанды көбік жұтқызып,
Жайратамыз осы кеш!.. —деп тапжылмай тұрып алады.
Бөгембайға айтқан бұл сөздері тек арына шапқан қайсар батырдың тегеуірінді сөзін ғана танытып қоймайды. Соған қоса ел бастаған төре мен қол бастаған батырдың мақсаты өзара дауды қоздыру емес, ел тыныштығын сақтай білу, қорлық-зомбылық көргендерге қамқор болу, əділет жолымен адал қызмет ету деп біледі.
Арғын тайпасына жататын Қанжығалы руының атынан (Бөгембай батыр Қанжығалы руынан шыққан) атақты Үмбетей жырау буырқанып, тебірене тоқтау айтады. Екі жақ пəтуаласады.
Жоғарыда айтылғандарды жинақтай келе, шығаратын қорытындымыз :
Жауға шаптым ту байлап,
Шепті бұздым айғайлап,
Дұшпаннан көрген қорлықтан
Жалынды жүрек қан қайнап,
Ел-жұртты қорғайлап,
Өлімге жүрміз бас байлап, —деген жалынды жырымен халықты рухтандырған Ақтамберді Сарыұлы қазақ халқының тыныштығы үшін жанын таразыға салған айтулы тұлға. Ақтамберді жыраудың бейіті Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданына қарасты Құндызды ауылы жанындағы Жүрек Жота атты төбенің басында орналасқан.
Қорыта айтқанда, Ақтамберді — қаһармандық поэзиясы арқылы өзінің елін, жерін сүюдің үлгісін көрсеткен, оны ұрпағына мəңгілікке мұра еткен ұлы жырау.