деп жер бетiне атмосферадағы бұлттардан жауатын су тамшылары (жаңбыр) мен мұз кристалдарын (қар, бұршақ) айтады.
Метеорологияда жауын мөлшерiн миллиметр су қабатымен (мм) өлшейдi.
Ауданы 1 м2 беткейге жауған 1 мм су қабатының салмағы 1 кг-ға тең. Қатты күйдегi жауын-шашындар ерiтiлiп барып өлшенедi.
Жауын-шашынның екiншi маңызды сипаттамасы – оның қарқындылығы, яғни бiрлiк уақыт аралығында жауған жауын мөлшерi (мм/мин).
Жауын-шашын қарқындылығына байланысты әлсіз, орташа және күшті болып бөлiнедi.
Жауын-шашынның мынадай түрлерi ажыратылады:
Қатты жауын-шашын (қар, нөсерлі қар, қар жармасы, қар қиыршығы, мұз жармасы, мұзды жаңбыр, бұршақ, мұз инелері);
Сұйық жауын-шашын (жаңбыр, нөсерлі жаңбыр, сiркiреуiк);
Аралас жауын-шашын (дымқыл жабысқақ қар, нөсерлі жабысқақ қар).
Синоптикалық пайда болу жағдайына байланысты жауын-шашын массаiшi және фронттық болып екiге бөлiнедi:
Массаiшi жауын-шашыны бiртектi ауа массасы iшiнде пайда болады.
Тұрақты стратификациялы жылы ауа массасындағы қатпарлы (St) бұлттардан сiркiреуiк, қалың қатпарлы-будақ (Sc) бұлтынан кейде әлсіз ақ жауын жаууы мүмкiн.
Тұрақсыз стратификациялы салқын ауа массасы бұлттарынан (Cb) нөсер жауын жауады.
Фронттық жауын-шашын атмосфералық фронттардың өтуiмен байланысты болады. Жылы фронтқа ақ жауын, салқын фронтқа нөсер жауын сәйкес келедi. Бiрақ, бiрiншi негiздi салқын фронт өткенде жауын нөсерлеп бастап, ақ жауынға ұласады.
Физикалық құрылу жағдайына және жауу сипатына байланысты жауын-шашын сiркiреуiк, ақ жауын және нөсер болып бөлiнедi:
Сiркiреуiк жауын кiшi өлшемдi (0,05-0,5 мм) тамшылардан немесе қар қиыршығынан тұрады, қарқындылығы әлсіз болады. Олар қатпарлы (St) және кейде қатпарлы-будақ (Sc) бұлттарынан жауады;
Ақ жауынның қарқындылығы орташа, ұзақ уақыт үлкен территорияға жауады. Ақ жауын көбiне фронттық бұлттар жүйесiндегi қатпарлы-жаңбыр (Ns) және қыста биiк-қатпарлы (As), кейде қатпарлы-будақ (Sc) бұлттарынан жауады;
Нөсер жауынның қарқындылығы өте күштi (1 мм/мин-тан жоғары) болады және қысқа уақытта, кiшкентай территорияға жауады. Нөсер жауын будақ-жаңбыр (Cb) бұлтынан жауады. Жазда кейде бұршақ араласып жауады, күн күркiрейдi. Қыстың күнi iрi қар үлпегiнен тұратын қалың жауған қарды нөсерлi қар деп атайды.