Атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары 26 қазан 2019 ж



Pdf көрінісі
бет55/92
Дата22.05.2023
өлшемі1,94 Mb.
#96037
1   ...   51   52   53   54   55   56   57   58   ...   92
Байланысты:
A Кекилбаев (1)

Пайдаланылған əдебиеттер:
1. Əл-Фараби əлеуметтік этикалық трактаттар. – Алматы: Ғылым, 1975. – 58 
б.
2. Қазақ журналистикасы. 3-томдық. Қазақ баспасөзі. Т. 1. – Алматы: Тай-
мас, 2008. –15 б.
3. Ана тілі. – 2018. – № 45 (1459). – 1-7 қараша.
Б.С. Сарбасов,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті,
қазақ əдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының 
кандидаты, доцент
Г. Төлеуова,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 
1-курс магистранты
(Қазақстан)
«ОҒЫЗ-НАМЕ» ЭПОСЫНДАҒЫ АҒАШ КУЛЬТІ
Қазақ аңыз-ертегілеріндегі мықан ағашының (бəйтеректің) нысаналық 
белгісі – заман, мəңгілік өмір. Қазақ үшін о дүние мен бұ дүниенің шекаралық 
белгісі – шоқ терек. Ер Төстік те, Керқұла атты Кендебай да, Тазша бала да 
бəйтеректің түбіне келіп, осы өмірге оралады. Олар біз жайлаған кеңістіктен 
өзге кеңістікте өмір сүріп келген. «Күн астындағы Күнікей қыздағы» алтын 
ағаш та сондай құдіретке ие, мықан ағашы (бəйтерек) – мəңгілік уақыттың 
символы.
«Ер Төстік» те, «Керқұла атты Кендебай» да, «Күн астындағы Күнікей 
қыз» да Түркі қағанаты мен оғыз-қыпшақ дəуірінен бұрын шыққан ертегілер. 
Мүмкін, оқиға құрылымы жағынан өзгеріске ұшырап, бір желі қосылып, бір 
желі алынып тасталған болар, бірақ, ежелгі дəуірдің нысанасына айналған 
бəйтерек аңыздың түп қазығы болып қалған. Бұл нысана «Қозы-Көрпеш Баян 
сұлуда» – бестерек, «Қыз Жібекте» – жалғыз қурай. Қу ағаш (Төлегеннің 
панасыздығын меңзеу), «Абай жолында» шынар, алып бəйтерек ретінде 
көрініс тапты.
Мықан ағашы (бəйтерек) – түркі тілдес ұлттардың түп атасының бейнесі. 
Қыпшақты тілге тиек етер болсақ, қазақ шежіресі бойынша қыпшақтар қазақ 
орта жүзінің алты үлкен тайпасының бірі. 
«Оғыз-намеде» Ұлық Орда бек Етіл суынан өту үшін ағаш кесіп, сал жасай-
ды. Ол жайында «Оғыз-намеде» Оғыз қаған əскеріндегі өзі бек, өзі ер Ұлық 
Орда бек деген белгілі жауынгер болған делінген. Ол Оғыз əскері Етіл суынан 
өте алмай қысылған кезде, тапқырлық жасап, қалың қолды Етіл суынан сол 
салмен өткізеді. Үлкен қызмет етеді. Оғыз қаған: «Ай, ай сен мұнда бек бол» 


203
[1, 91 б.] – дейтін эпостың айтуынша Қыпшақ Ұлық Орда бекті Оғыз қаған Етіл 
өңіріне бек етіп тағайындайды. Яғни, Қыпшақ Ұлық Орда бек Етіл өңірінің 
əкімі, иесі... Алайда ол Оғыз маңына топтасқан көп ұлыстың бірі ретінде 
суреттеледі. «Əрине, мұнда мотив өте көне болып, оның географиялық ортасы 
жаңа болуы мүмкін. Бұл қыпшақтардың VIII–XI ғасырларда осы өңірде болуы 
жағдайына байланысты қайта жаңғыруы да мүмкін» – дейтін ғалымдардың 
пікірі оғыздар тарихының түрлі кезеңдерінің бір кейіпкер маңына топталу 
процесін меңзейді. 
Ал Əбілғазы шежіресіндегі деректер бойынша жорықта ағаш қабырша-
ғында дүниеге келді делінетін «Қыпшақ» атты бала Оғыз қағанның өкіл 
баласы ретінде соның қолында тəрбиеленіп, кейін сенімді батыры, əйгілі 
қолбасшысына айналады. Дон, Еділ бойындағы халық Оғызға қарсы толқып 
наразылық білдіргенде, хан соларды күшпен басуға көп əскермен Қыпшақты 
жібереді. Қыпшақ бек наразылықты басқан соң, осы жерде ұзақ жылдар 
бойы билік құрып, кейін 4000 жылдай тəуелсіз өмір сүрген Дешті Қыпшақ 
мемлекетінің негізін салады. Сол қалың Қыпшақ елі осы баладан тараған 
ұрпақ еді дейді Əбілғазы шежіресі [2]. 
Мықан ағашы, алып бəйтерек – ата-бабамыз Алып Ер Тұңға. Оның атасы 
Қыпшақ, тегі түрік Ишбақай, Ишбақайдың арғы атасы – Тарғытай. Тарғытай 
да бəйтеректің саясында, найзағайлы дауылда дүниеге келген. Ұлы Герадот 
дегдар «Адам ата-Хауа ана» дəуіріне апарады. Ал Адам ата мен Хауа ана 
бейіштегі жақсылық пен жамандықтың парқын танытатын киелі ағаштың 
жемісін жеген соң біз жаралдық-мыс емес пе.
Мықан ағашы (бəйтерек) – аңыздарда дүниенің кеңдігінің символы. Ол 
табиғат пен өмірдің жалғасқан айнымалы шексіздігін меңзейді. Фольклорта-
нушы ғалым С. Қасқабасов «... Бəйтеректің басына ұя салған самұрық (не алып 
құс) кейіпкерді аспан əлеміне алып ұшады, иə болмаса жер бетіне шығарады. 
Зəулім бəйтерек бейнесі – қазақ жағдайына сəйкес космостық ағаштың өзгерген 
түрі. Мұны қазақтардың айдалада өсіп тұрған жалғыз ағашты қадір тұту салты-
нан да көруге болады» дегенді айтады. Бұл ойымызды Шоқан Уалихановтың 
мына пікірі қуаттай түседі: «Жапанда өсіп тұратын жалғыз ағаш немесе бұта 
қадірленіп, адамдар оның басына түнейді. Қасынан өтіп бара жатып, адамдар 
ағаштың бұтақтарына шүберек байлайды. Ыдыс тастайды. Тіпті, құрбандық 
шалады. Я болмаса аттың жалын түйіп тастайды», «орман тəңірінің киесі ата-
ды» деп жалғыз ағашты кестірмейтін, жас талды сындырмайтын əдетіміз күні 
бүгінге дейін жалғасып келе жатуы да сол кездегі түсінік-түйсіктерден қалған 
болса керек» [3, 45 б.].
Пайғамбарымыздың атасы Абдулмутталиб былай деген: «Бір жолы ұйықтап 
жатып түсімнен шошып ояндым. Дереу бір көріпкелге барып, жорытайын деп 
ойладым. Оған барғанымда ол бетіме қарап «Ей, Құрайыш басшысы! Саған не 
болды? Жүзіңнен əлдебір беймазалық көрініп тұр. Əлде бір нəрсе болып қалды 
ма? – деді. «Иə, бір түс көрдім, бұл туралы ешкімге тіс жарған жоқпын» деп 


204
оған айтып бердім: Бүгін түсімде өте үлкен бір ағаш көрдім. Бір ұшы аспанға 
жетіп тұр, бұтақтары шығыс пен бастысқа таралған. Ол ағаштан сондай бір 
нұр шашырайды, күн оның қасында жай нəрсе болып қалды. Бірде көрініп, 
бірде жоқ болады. Адамдар соған бет бұрған еді. Барған сайын нұры арта түсті. 
Құрайыш тайпасынің кейбір адамдары сол ағаштың бұтақтарына жабысуда, 
кейбіреулері ол ағашты кесуге ұмтылуда еді. Бір жас адам ол ағашты кескісі 
келгендерге тосқауыл болады. Ол адамның жүзі əсем, бүкіл денесінен де хош 
иіс тарап тұр еді. Ондай адамды мен өмірімде көрген емеспін. Мен де əлгі 
ағаштың бір бұтағынан ұстағым келді, бірақ қолым жетпеді», – дедім. Түсімді 
айтып, болғаннан кейін оның өңі бозарып, «ол саған бұйырмайды», – деді, мен 
«кімге бұйырады?» дегенімде «Сол ағаштың бұтағынан ұстағандарға», – деді. 
Сосын «Сенің тегіңнен бір пайғамбар келеді, барлық жаққа үстемдік жүргізеді, 
адамдар соның дініне кіреді», -деді. Сосын қасымдағы Əбу Тəліпке қарап, «Бұл 
оның көкесі болып қалар», - деді. Əбу Тəліп бұл оқиғаны пайғамбарымызға 
пайғамбарлығы білдірілген кезде айтқан жəне «Міне, сол үлкен ағаш – Əбул 
Қасым Əл-Əмин Мұхамед алейһиссалам» деген [4, 30-31 бб.].
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «Құрманың жапырағы жерге түспейді. 
Мүміннің де жасаған дұғалары жерге түспейді» (яғни, қабыл болмастан кері 
қайтарылмайды)» деген екен. Құрма пальмасы – Иса пайғамбарды босанған 
кезде Мəриям анамызға пана болғандығы Құранда айтылады. Құранның аят-
тары ең бірінші құрма ағашының жапырақтарына жазылған. Мəдинадағы 
алғашқы мешіт, құрма діндері мен кірпіштен соғылған. Құрма талшықтары 
Алла Елшісінің төсеніші болған.
Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) жасы ұлғайған шағында бір құрма талының 
діңін құтпа оқитын орын ретінде тұрақты пайдаланады. Ол құрма ағашы 
Пайғамбарымызға тірек ретінде қызмет ететін-ді. Кейін, Алла Елшісіне 
құтпа оқитын арнайы мінбер орнатылғанда, ол сол жаңа орынға ауыса-
ды. Пайғамбармыз өзінің əдеттегі орны болған құрма діңінен басқа орынға 
жайғасып, құлшылықтан алдында құтпа оқи бастағанда, Алла Елшісінен ажы-
рап қалған құрма ағашы сəби балаша (баланың жылағанына ұқсас дыбыспен) 
жылаған екен. Əрі ол құрма діңінен шыққан дыбыс, Пайғамбар (с.ғ.с) төменге 
түсіп, қолын оның үстіне қойғанынша тоқтамаған көрінеді [4, 201 б.].
Ислам əлемінде жəннаттық жеміс саналатын құрманың орны ерекше. 
Құран аяттарында құрма пальмасы бірнеше рет аталған. Əрі он бес жере 
құрманың Алла Тағала тарапынан адамзатқа берілген сый екендігі айтылады. 
Алла елшісі құрманы адам үшін ең жақсы тағам деп санаған. Сондай-ақ жүрек 
ауруларының емі ретінде құрманы пайдалануды өсиет еткен.
Халық арасында тараған тағы бір аңызда осы құрма аманат ретінде жүреді. 
Бұл Арыстан баб əулиенің Қожа Ахмет Яссауиге Алла Елшісінің аманаты 
тапсырғаны туралы əпсанада айтылады.
Ағаш – адамның күнкөріс қарекеті мен рухани өмірде ерекше орын алатын 
табиғат нысаны. Анимистік дүниетанымға байланысты туындаған наным-


205
сенімдер бойынша ағаштарда жаны бар «тіршілік иесі». Əлемнің көптеген 
халықтары Ағашты қастерлеп, табынған.
Саян-Алтайдағы түрік халықтары Ағашқа құрбандық шалып, сан түрлі жо-
ра-жосындар атқарды. Олардың ағашты ерекше қастерлеуі орманды өлкенің 
тұрғындары болғандығымен байланысты болса керек. Мысалы, иркит руы 
өздерінің «əкесі ырғай, анасы қайың» деп санайды. Ал қазақта қыпшақ руының 
арғы тегі ағашпен байланысты айтылғаны белгілі.
Оғыз қағанның жарын Тəңіріден тілеуі, оның бірінің ағаш қуысында 
отырған сұлулығы керемет қыз болуын сипаттайтын тұстары да түрлі 
фольклорлық наным-түсініктер тоғысқан. Осындағы ағаштың қуысындағы 
сұлу қыз көзінің көктен де көгірек, шашының теңіз толқынындай (ол да көк) 
болуы – тəңірлік нанымның көріністері. Себебі, Жаратушы Көк Тəңірінің 
мекені көкте болғандықтан, ең əдемі де қасиетті түс – Көк, жəне ол Тəңірінің 
нышаны болып дүниеге келу мотивінің негізінде ежелгі адамдардың ағашты 
тотем тұтқан наным-сенімінің ізі бар.
Қазақ фольклорындағы ағаш культі жайында С.А. Қасқабасов: «Ертегі лерде 
үш əлемді, яғни бүкіл космосты, сөз еткенде үлкен зəулім ағаш суреттеледі. Бұл 
ағаш көп жағдайда мифтік үш əлемді вертикальді түрде жалғастырып тұрады. 
Ғылымда оны «əлемдік ағаш» (мировое дерево) немесе «космостық ағаш» (кос-
мическое дерево) деп екіге бөледі. Осы космостық ағаш бейнесі көне мифтер-
мен бірге шамандық нанымға да кіріккен. Жалпы, əлемдік ағаш туралы мифтік 
ұғым қазақтың ертегілері мен шамандық нанымында да кездеседі. Рас, онда 
жоғарыда айтқан көне мифтердегідей емес, реликт түрінде кездеседі. Мəселен, 
кейбір қазақ ертегілерінде зəулім бəйтерек суреттеледі. Ол кейіпкердің өмір 
жолында өте маңызды рөл атқарады. Бəйтерек түбінде айдаһарды өлтірген 
кейіпкер аспан əлеміне көтерілуге немесе жер астынан шығуға мүмкіндік ала-
ды: бəйтеректің басына ұя салған Самұрық (не алып қарақұс) кейіпкерді аспан 
əлеміне алып ұшады, я болмаса жер бетіне шығарады. Міне, мұндағы зəулім 
бəйтерек бейнесі – қазақ жағдайына сəйкес космостық ағаштың өзгерген түр» 
– дейді [3,86-87]. 
Ежелгі заманның ұлы бақсылары: «Менің тұрағым – Көк Тəңірі, Күн мен Ай, 
анам ағаш, жел мен су» [5,601] – деген екен. Сондай-ақ ғалым космостың ағаш 
бейнесінің шамандық нанымда жақсы сақталғандығы, қазақ бақсыларының 
қолына ұстаған асатаяғының (асай-мұсей) осы космостық ағаштың өзгерген 
элементі деген ойлар ұсынады. Жалпы ағаш тотеміне қатысты ғалымдардың 
түрлі тұжырымдары бір арнаға тоғысады.
Шамандық сенімдегі, болашақ бақсының құтын аспан əлемінің рухтары – 
құстар алып кетеді де, қасиетті ағаштың басындағы ұяға апарып тəрбиелейді. 
Мұндай Əулие ағашты сахалар Ыйық мас деп атаған. Бақсы неғұрлым 
күшті болса оның құты ағаштың жоғарғы жағында, əлсіздеу болса төменгі 
бұтақтарындағы ұяда тəрбиеленетін болғанғандығы туралы Ш. Ыбыраев 
пікірлер түйіндеген [5, 601 б.]. Осындай тəрбие кезінде бақсының құты аққу 
құсқа айналдырылған. Кейін бақсының өзіне қайтарылып берілген.


206
Кумандардың сенімі бойынша өлген құдайдың қызынан туған Құрылтайдан 
тарайтын бақсылар тумай тұрғанда оның «бəйтерегі» басқа бір мифтік елде 
өсе бастайды» екен [6, 103 б.]. Əлемдік ағаш, аспан, жер жəне жер асты əлемін 
байланыстырушы, сондай-ақ екі дүние арасында дəнекер жалғастырушы 
қызметін атқаруы И. Кастанье жазып алған бір бақсылық сарында сақталған: 
Он бесімде жабысты,
Жиырмада табысты.
Көнбес ескі көндерде,
Қу ағашқа түнерде [7, 45 б.]. 
«Мұндағы «он бесінде жабысып, жиырмасында табысқан дерт» 
бақсылықтың қонуы екені даусыз, ал «қу ағашқа түнеу» де сол Сібір шаман-
дарының түсінігіндегі ана-құстың бақсы құтын ағаштағы ұяға түнетуі болса 
керек» – деп көрсетеді Ш. Ыбыраев [5, 601 б.]. 
Сондай-ақ «Қорқыт ата кітабындағы» Ораздың ағашқа сиынып, онымен 
тілдесуі осы байырғы тотемдік түсініктердің сілемдері (екінші жыр). Жалғыз 
көзді дəуді өлтіретін Бисат өзі туралы:
Атам атын сұрар болсаң, қаба ағаш,
Анам атын сұрар болсаң, күркіреген арыстан, – 
деуі Оразды гəуірлер қол-аяғын байлап, дар түбіне əкелгенде оның дар 
ағашына қарап:
«Атың ағаш десең, шамданба ағаш! О, Мекке мен Мəдиненің есігі болған 
ағаш! Құдаймен тілдескенде, Мұсаның асасы болған ағаш! Ерлердің ері 
Əлидің дүлділіне ер болған ағаш! Зұлпықарға сап болған ағаш! Хасан мен 
Хұсайынға бесік болған ағаш! Ерге де, əйелге де қатер болған ағаш! Мені 
саған асар болса, құлап түс ағаш! [8, 56 б.] деп сөйлеуі Ағаш культімен байла-
нысты көне ұғымдар.Ол қасиетті адамның не бақсының атасы (анасы) ретінде 
ағаштың аталатындығы тағы да сол құттың мекені болумен ұштасып жатыр. 
Көне түркілік ұғымда ағашты ана санау, адам жанының ағашқа барып панала-
уы сияқты ұғымдар орын алғандығын зерттеушілер жазған.
Оғыздың болашақ жарын ағаш қуысында кездестіріп ғашық болуында осы 
көне түсініктердің ізі жатыр. Сондай-ақ эпоста белгілі бір этникалық атаудың 
берілуінде де осы ұғымның ықпалы бар. Мəселен: «Оғыз-наме» кітаби эпо-
сында Етіл (Еділ) өзенінен əрі өтіп, Үрім (Рим) қағанмен соғысқан Оғызға, 
Ұлық Орда деген шебер кісі ағаштан сал жасап, дүние-мүлкімен аман-есен 
бері өткізеді. Ұлық Орданың бұл ісіне сүйсінген Оғыз қаған: «Сен осы жерге 
бек бол, «Қыпшақ» бол, – дейді. Əбілғазының «Түріктер шежіресінде» ағаш 
қуысында туған балаға Оғыз қаған «Қыпшақ» деп ат қояды. Себебі, «қыпшақ» 
– ағашта туған деген мағынаны білдіреді екен. 


207
Көне замандарда төл топырағымызда жасалып, сақталып келе жатқан 
мұралар да аз емес. Адам танымының алғашқы кезеңдеріндегі айнала табиғатты 
тұтас жан деп ұғыну, адам мен табиғаттың бір-біріне оң жəне теріс əсерлері 
туралы түсініктер бұрынғы ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігіне тірек бо-
лып, бүгінгі заман ой-танымында, əдеби көркемдік əдістерінде сақталған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   51   52   53   54   55   56   57   58   ...   92




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет