Қайратың болса, қажырың жетсе, қамырығың бір халқыңмен болсаңшы... Базаралының
қазіргі Дәркембайдан алған қуат сөзі оған қанат бітіргендей. Қайратты ер енді қалжың
тәрізді бір ой тастап сөйледі: – Ақылың ақыл-ақ! Бірақ маған тағы бір ой келеді» [7, 56].
Абай айналасындағы адамдардың бойында ақыл, қайраттың кем болғанын айтып,
заманды бұзып отырған осы қасиеттің жоқтығы екенін байқайды. Адамдарды аздыратын
қылықтарды «улы сия, ащы тілмен» ақын жырлайды. «Бойда қайрат, ойда сөз, Болмаған соң
айтпа сөз», – Абай қайрат пен ақылдың тапшылығын баса айтқан болса, М.Әуезов бұл
мәселені «Абай жолы» эпопеясында реалистік тәсілмен көркемдеп суреттейді. «Абай жолы»
эпопеясындағы тоңмойын, томырық Әзімбайға ыза болған Абай былай дейді: «...Онымен
жағаласқан жан құрысын... қанша жыл жақсылық жолыңа түсіп, қажыған қайрат етіп ең?
Бәле деп, жуандық деп, мал деп көз аштың. ...Атаның ұлы болма, адамның ұлы бол дейді
Жақсылық, Аяныш, Әділет, адал жүрек керек дейді Жақсылық! Естіп көріп пе ең, сен
мұндайды!» [7, 59].
Жазушы Абай айтқан жақсылық, аяныш, әділет, адал жүрек деген қасиеттерден
Әзімбайдың жұрдай екенін аса жиіркенішпен айтады. Адамдық қасиеттерден ада болып өсіп
келе жатқан Әзімбайдың азуы шыққан қатал, асау, зорлықшыл кейпін жазушы
шынайылықпен бедерлейді. Абайдың осы сияқты айналасындағы адамдардың жиренішті
қылықтарына ыза болып, оларға адамдық қасиеттер жайлы айтқан толғаулы уағыздары мен
ақынның терең ойларын М.Әуезов эпопеяда жиі келтіреді. Шұбар жайындағы Абайдың ойын
жазушы былай береді: «Мыналар болса, зорлығы мен көптігін, күші мен кәрін қолымен де
батырып жібере алады. Абай жағынан азар болса, көретін жазасы «ар, ұят, адамгершілік»
деген жөнде. Шұбардың өзіне жол еткен мінезі бойынша, ол «ар, ұят» дегендер кеңшілікте,
112
тыныштықта, келіп кетері жоқ мәжілісте ғана және Абай қасында ғана сөйленетін ермек
қана» [7, 98].
Абайдың Шұбарға беретін тағлымы ар, ұят, адамгершілік жөнінде екенін жазушы
түсіндіреді. Шығармадағы бұл үзінді Абайдың мына өлең жолына үндес келеді: «Жаман тату
қазады өзіңе ор, Оған сенсең, бір күні боларсың қор. Ары бар, ұяты бар бар үлкенге сен, Өзі
зордың болады ығы да зор» [3, 89].
Абай адамгершілік, адалдық мінездерді жастарға үлгі етіп, ар мен ұят мәселесін
қозғайды. Абайдың жастарға үлгі етіп, толық адам болудың талап-тілектеріне лайық болып
келетін адамның өмірдегі көрінісі өзінің сүйікті ұлы Әбдірахман бейнесі еді. Абайдың толық
адамға қойған талабы – қайрат, ақыл, жүрек үшеуінің бірлігі Әбдірахманның бойынан
табылады. Әбдірахман бейнесі гуманист ақынның өмір бойы аңсаған адамгершілік
мұраттары хақындағы ойларының негізі, адамзат баласына ортақ асқақ үміті еді. Яғни, оны
жүрегі жылы, бойы құрыш, туысы жаннан бөлек жан етіп суреттегенде, ақынның ең бірінші
тілге тиек етері – өзі жұртқа бұрын да көп насихаттаған ғылымға берілгендігі. «Тұл бойың
ұят-ар едің». Міне, осы бір ғана өлең тармағынан жас жігіттің бүкіл адамгершілік бітімі
түгел жеткізіліп тұр. Одан арғы әр нәрсені ойлап істейтін байсалдылығы, нар мінезді
тәуекелшілдігі, талапшылдығы. Әбдірахманның қысқа ғұмырында ол – жұртқа үлгі
боларлық үлкен істер тындырғаны, өзінің басына біткен тәрбиелі мінез-құлқы өмірбаянымен
байланыстырып жырланады. «Абай Әбдірахманға арналған жоқтау өлеңдерінің көбінде адам
болам десеңіз деген шартқа қойылатын басты талаптың бар белгісін бойына ұялатқан қазақ
қауымындағы жаңа буынның бейнесін суреттеуге бой ұрған. Сондықтан да: «Жаңа жылдың
басшысы – ол, Мен ескінің арты едім», – деп, Әбдірахманды толық адам болуға асық, соны
қасиет атаулыны бойына дарытқан жаңа ұрпақтың өнегелі бейнесі ретінде тұлғалайды» [8,
17]. Міне, Әбіштің осы адамдық биік қасиеттерін, оның іс-әрекеттерін М.Әуезов «Абай
жолы» роман-эпопеясында кең тұрғыдан ашады. Эпопеяда өзінің жастығына қарамастан, ол
үлкен ойдың, кең талғамның адамы ретінде көрінеді. Жазушы Әбішті ел қамын жейтін,
жауыздыққа қарсы алысатын адам етіп суреттеген. Бұл ретте роман кейіпкері Әбіш пен оның
прототипінің, сол сияқты Абай өлеңдерінде бейнеленген Әбіштің арасындағы ұқсастық,
жақындық мол екенін атап айту керек. Абайдың сүйікті ұлы Әбдірахманға арнап шығарған
өлеңдері «Абай жолы» эпопеясында мол қамтылған. Бұл өлеңдері арқылы жазушы қайрат,
ақыл, жүректің бірлігі бойынан табылған, Абай аңсаған толық адам болудың талабынан
шыққан Әбдірахман бейнесін эпопеяда қазақ даласында ешкімге ұқсамайтын жаңа тұрпатты
ерекше ғазиз жан ретінде бейнелейді.
Қорыта келгенде айтарымыз, Абай поэзиясында негізінен сөз болатын адамгершілік
мәселесі мен талап қоятын адамдық қасиеттері «Абай жолы» роман-эпопеясында жалғасын
табады. Абайдың аңсаған, армандаған толық адамын М.Әуезов оқырманға көркем образдар
арқылы шебер тілмен жеткізеді. Абай поэзиясының алтын арқауы – толық адам жайлы
ойшылдың танымын М.Әуезов дамыта отырып, оған өз көзқарасы тұрғысынан гуманистік
мәселелерді өзек еткен прозалық туындыларында кеңінен толғайды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Мырзахметов М. Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары. – Алматы: «Ғылым», 1982. – 296 б.
2 Әліпханов М. Абай – адамгершілікті жүйелі жырлаған ақын / Абай және қазіргі заман. – Алматы:
«Ғылым», 1994. – ББ. 258–275.
3 Абай Құнанбаев. Шығ. бір томдық толық жинағы. – Алматы: «Қазмемкөркемәдеббас», 1961. – 692 б.
4 Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Жазушы», 1985. – 20 т. – 496 б.
5 Мырзахметұлы М. Абай және Әуезов: рухани сабақтастық / Қазақтың бас ақыны: халықаралық
ғылыми-теориялық конф. матер. Құраст. С.Қорабай. – Алматы: «Дәуір», 2004. – 120 б.
6 Әуезов М. Абай жолы: Роман-эпопея. – Алматы: «Жазушы», 1989. – I-т. – 608 б.
7 Әуезов М. Абай жолы: Роман-эпопея. – Алматы: «Жазушы», 1989. – 2 т. – 616 б.
8 Мырзахметов М. Абайдың адамгершілік мұраттары. – Алматы: «Рауан», 1993. – 279 б.
113
ӘОЖ: 821.512.122
ҚАЖЫБАЙ АЯН ТӨЛЕГЕНҰЛЫ
МУРСАЛИМ АЯГҮЛ БАЛАПАНҚЫЗЫ
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі
Көкшетау, Қазақстан
yannon-fiction@yandex.kz
Достарыңызбен бөлісу: |