Атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция материалдары


-ШЫ ЖЫЛДАРДАҒЫ САЯСАТТЫҢ ӘДЕБИЕТТІҢ ДАМУ БАҒЫТЫНА



Pdf көрінісі
бет44/204
Дата06.01.2022
өлшемі3,96 Mb.
#14830
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   ...   204
1920-ШЫ ЖЫЛДАРДАҒЫ САЯСАТТЫҢ ӘДЕБИЕТТІҢ ДАМУ БАҒЫТЫНА 
ТИГІЗГЕН ӘСЕРІ 
 
Аннотация:  қазақ  әдебиеттану  ғылымының  қалыптасып  дамуында  жиырмасыншы 
жылдардағы  әдеби  сынның  және  ондағы  айтыстардың  алатын  орны  алабөтен.  Мақалада 
жиырмасыншы  жылдардағы  әдеби  сынның  қалыптасуы  мен  даму  жолдарының,  бағыт-
бағдарларының  егжей-тегжейін,  сол  кезеңде  орын  алған  әдеби  айтыстардың,  сыншылдық  ой-
пікірлердің  қазақ  әдебиетінің  дамуына  қосқан  үлесінің  негізделуін  салыстыра  отырып  саралау 
көзделді. 1920 жылдардағы қазақ әдеби сынының өзіндік сипатына тән ізденісі мен іркілісін, дамуы 
мен  дағдарысын  саралау  барысында,  туындаған  әдеби  айтыстардың  ішкі  сырына  үңіле  отырып, 
нақтылы талдаулар жасауға талпыныс жасалды 
Тірек  сөздер:  әдеби  сын,  әдеби  айтыстар,  әдебиеттің  көркемдік-идеялық,  танымдық-
тағылымдық  және  ғылыми-эстетикалық  мәселелері,  әдебиеті  сынының  ізденістері  мен 
іркілістері 
 
1920 жылдары қазақ әдебиетінің негізгі жанрларымен бірге оның сыны да дами түсіп, 
жан-жақты  жаңа  саяси  жағдайға  байланысты  әдебиеттің  алдында  тұрған  міндеттерді 
айқындау ісінде белсенділік танытты. Әдеби, фольклорлық мұраға көзқарас, әдебиеттің жаңа 
заманда  алатын  орны,  оған  қойылатын  талаптар,  көркем  шығарманы  бағалау  өлшемдері 
хақында кеңінен пікіралысулар болып өтті. 
Қазақ  әдебиеттану  ғылымының  дамуында  жиырмасыншы  жылдардағы  әдеби 
айтыстардың  алатын  орны  ерекше.  Сыншылар  өз  кезеңінде  шыққан  жаңа  шығармаларға 
әдеби тұрғыдан баға беріп қана қоймай, оны дамытудың сол кездегі мәселелер тұрғысынан 
талқылап, бағыт сілтеуге талпыныс жасады. Жиырмасыншы жылдардағы әдеби сынның бай 
тәжірибесі  мен  нәтижелері,  әдеби  айтыстардың  іші  құпия  сырға  толы.  «1920  жылдары 
көптеген ұлт қайраткерлері шығармашылықпен айналысумен бірге баспасөз бетінде әдебиет, 
өнер  жайында  өз  пікірлерін  білдірді.  Сынға,  аудармаға  қатысып,  сын-айтыстарға  қатысқан 
бұл қаламгерлердің өзіндік жазғандары көп болмаса да, әдебиет ағымына тигізген әсері мол 
болды. Сондықтан олардың соңында қалған мұралары біртіндеп зерттеліп, әдебиет тарихына 
енуде» [1, 4], – дейді ғалым Т.Төлегенов. 
Төңкерістен  кейін  Қазақстанда  орын  алған  саяси-әлеуметтік  өзгерістер  қоғамның  әр 
саласындағы күрделі мәселелерді іс жүзінде шешуге келгенде қым-қиғаш пікірлер туғызды. 
Большевиктер  барлық  мәселеге  таптық  тұрғыдан  келіп,  пікір  қайшылықтарын  ушықтыра 


114 
 
түсті.  Оқыған  зиялы  қауым  таптық  принциптің  қоғамдық-экономикалық,  мәдени  өмірдің 
мәселелерін шешудің әмбебап құралы ретінде қолданылуына ашық қарсы шыға бастады. 
Қоғамның  бай,  кедей  болып  қақ  жарылуы,  большевиктердің  барлық  мәселені 
кедейлердің  көзқарасы  тұрғысынан  шешуді  ұсынуы  мәдениет,  әдебиет  саласында  көптеген 
қиындықтарды, түсінбеушіліктерді туғызды. Әсіресе, халықтың ғасырлар бойы жасап келген 
ауыз  әдебиетін,  әдеби  мұрасын  таптық  тұрғыдан  жоққа  шығарушылық,  сөйтіп,  халықты 
рухани көзіден айырушылық ақылға сыймайтын іс еді. Осыны түсінген көзі қарақты зиялы 
қауым өз пікірлерін көпшілік алдына ұсынды. 
Жиырмасыншы жылдардың бас кезінде қазақ әдебиеті жайлы «Еңбекші қазақ», «Қызыл 
Қазақстан», «Ақ жол», «Жаңа әдебиет», «Шолпан», «Сана», «Темірқазық», «Лениншіл жас» 
т.б  секілді  басылым  беттерінде  қызу  пікірталастар  болып  өтті.  Бұлардың  ішінде  «Еңбекші 
қазақ»,  «Қызыл  Қазақстан»  сияқты  ресми  басылымдар  негізінен  большевиктердің 
көзқарасын қорғады да қалғандары еркін пікір айтып жатты. 
Төңкеріс  жеңгеннен  кейін  соң  партияның  әдебиет  жайлы  бағыты  белгілі  бір  бағытта 
болды да сол кезде әдебиет жайлы айтылған пікірлердің барлығында дерлік белгілі бір ғана 
бағыттың  принципі  жатты  деуге  толық  болады.  Сол  кездегі  әдеби  сынның  жалпы  сипатын 
С.Мұқановтың  «Еңбекші  қазақ»  газетінің  1923  жылғы  1-інші  наурызында  шыққан  «Қара 
тақтаға  жазылып  қалмаңдар,  шешендер»,  «Ақ  жол»  газетінде  1925  жылы  4  наурызында 
шыққан  «Әдебиет  мәселесі», Ж.Аймауытовтың  «Лениншіл жас» газетінің 1925 жылғы № 5 
санында шыққан «Мағжанның ақындығы», 1926 жылы шыққан Ғ.Тоғжановтың «Мағжанның 
ақындығы,  Жүсіпбектің  сыны»,  1925  жылы  22  қазанда  «Еңбекші  қазақ  газетіндегі  шыққан 
«Көркем  әдебиет  туралы  марксшілдер  не  дейді?  Жүсіпбек  не  дейді?»  мақаласы, 
С.Сәдуақасовтың 1919 жылы «Трудовая Сибирь» журналының № 1 санында шыққан «Қазақ 
әдебиеті»,  1925  жылы  «Лениншіл  жас»  газетінің  1  санында  «Қазіргі  дәуір  –  іс  дәуірі», 
Н.Төреқұловтың  1925  жылы  «Темірқазықтың»,  №  2  санындағы  «Сәкеннің  «Асау 
тұлпарына», 1923 жылы шыққан «Темірқазықтың» № 3 санында «Сәкеннің «Тар жол тайғақ 
кешуіне»,  жазған  пікірлері,  Ә.Бәйділдиннің  «Көркем  әдебиет  туралы»  «Еңбекші  қазақ» 
газетінің  1925  жылғы  №  24,  25,  27  сандарындағы  мақаласы,  С.Қожановтың  1925  жылғы  2 
ақпандағы «Ақ жолдағы» «Жақындық па, жалақорлық па?», Д.Бабасұлының «Еңбекші қазақ» 
газетінің  1925  жылғы  21  мамырдағы  «Әдебиет  жайынан»,  С.Сейфуллиннің  «Қызыл 
Қазақстандағы» 1923 жылғы № 16 санындағы «Әдебиет және оның ағындары», М.Әуезовтің 
«Шолпандағы»  1922  жылы  №  2–3  санында  шыққан  «Қазақ  әдебиетінің  қазіргі  дәуірі», 
Ж.Сәрсембиннің  «Ақ  жолдағы»  1925  жылы  18  мамырда  шыққан  «Әдебиетте  ұлтшылдық 
қашан  қалады?»  секілді  түрлі  тақырыптарға,  түрлі  ыңғаймен  жазылған  мақалалардан  анық 
аңғаруға болады. Тіпті, жекелеген шығармаларға жазылған Д.Кәкітайұлының «Санада» 1924 
жылы № 2–3 санындағы «Қорғансыздар», С.Сәдуақасовтың «Еңбекші қазақта» 1926 жылы 8 
мамырда  шыққан  «М.Әуезовтің  «Бәйбіше-тоқал  трагедиясына  сын»,  І.Жансүгіровтің 
«Тілшіде»  1923  жылы  мамырда  шыққан  «Абай  кітабы»  сияқты  рецензияларының  өзінен-ақ 
концептуальды ойлардың өзегін көреміз. 
Көркем әдебиет  туралы пікіралысулар қызып жатқан кезде ҚазАПП ұйымы құрылып, 
оған қарсылар «Алқаның» төңірегіне топтаса бастаған 1925 жылы маусымның 18-күні РКП 
(б)  Орталық  Комитетінің  «Партияның  көркем  әдебиет  саласындағы  саясаты  туралы» 
арнаулы қаулысы шығып, онда әдебиет  саласында да мәдени революция жасау  ауқымында 
партия  ұстанған  бағытта  түбірлі  өзгерістер  жасауды  ұсынды.  Бұл  оқиға  жүріп  жатқан 
әдебиет  жайлы  пікірталасқа  май  құя  түсті  де  әдеби  сын  саяси  сипат  ала  бастады. 
Төңкерісшілер  көркем  әдебиеттен  таптық  принципті  қатал  түрде  талап  етті  де  ұлтжанды 
қаламгерлер бұл бағытқа барынша қарсы тұрды. 
Әдеби  айтыстар  негізінен  әдеби  мұраға  деген  көзқарастан  өрбіді  де  әдебиет  дегеніміз 
не, оның табиғаты, тап ақыны бар ма, ақын кім, ол кімдерден үлгі алуы керек, қазақта таптық 
әдебиет бар ма, бар болса, оның өкілдері кімдер, қазіргі әдебиет техникамен байланысты ма, 
қазақ әдебиетінде қанша бағыт бар, әдебиетіміз қай бағытта дамуы керек деген сияқты сан 
сауалдар  төңірегінде  қызу  таластарға  ұласты.  Әдеби  айтысқа  С.Мұқанов,  Ә.Бәйділдин, 


115 
 
Ғ.Тоғжанов, Қ.Кемеңгеров, Ж.Сәрсенбин, С.Сәдуақасов, М.Дәулетбаев, Е.Алдоңғаров, Екеу, 
С.Сейфуллин, Ы.Мұстамбаев, Ш.Тоқжігітов, т.б. белсене араласып, пікірлерін ашық білдірді. 
Осындай  пікірталастың  барысында  әдебиет  қоғаммен  бірге  дамып  отыра  ма  деген 
мәселеде  «Ақ  жол»  газетінде  Тікеннің  №  556,  №  558,  571  сандарында,  Пошанның  №  574,    
№  576  сандарында  «Әдебиет  ісіне  техниканың  керегі  жоқ,  қиыстырып,  кестелей  білсең, 
онсыз-ақ түрленеді, күшейеді». Ж.Аймауытов «Техника (әдіс өнері) мен әдебиет ол ұстасып 
жүре  бермейтін  шағы  да  болады.  Әдебиет  озып  кетуі  де  мүмкін.  Көш  бастауға  да  мүмкін. 
Қалып  қоюға  да  мүмкін»  деген  болатын.  Осы  пікір  кейбір  ресмилерге  ұнамай  қалды  да, 
«Еңбекші  қазақ»  газеті  артынша-ақ  «Тікеннің  мақаласы  туралы»  1925  жылы  30  мамырда 
ескертпе  басты.  ҚазАПП-тың  ұйымдастыру  бюросының  мүшесі  Ә.Байділдин  бұл  пікірдің 
дұрыс  емес  екендігін  дәлелдеп  «Еңбекші  қазақтың»  1925  жылғы  №  24,  25,  27  сандарында 
бірнеше  нөмірінде  сериялы  мақала  жазды.  Онда  «техникасыз-ақ  әдебиет  күшейеді»  деп 
жаңадан Америка ашқан. Техникасыз әдебиет күшеймейді. Әдебиет күшеюіне түпкі себепкер 
– техника» деп, қарсы шықты. Себебі «Әдебиет – салт-сананың бір түрі, салт-сананың түпкі 
сүйеніші – техника». 
Әбдірахман әдебиеттің қоғамдағы орны, міндеті жайлы: «Көркем әдебиеттің әлеуметтік 
өмірде  атқаратын  міндеті  зор.  Көркем  әдебиет  «тілге  жұмсақ,  жүрекке  жылы  тиіп» 
оқушылардың сезімі мен ойын тәрбиелейді. Көркем әдебиет адамдардың мектеп пен тұрмыс 
тәжірибесінен  алатын  білімін  бойға  сіңіріп,  қосымша  білім  береді»  [2]  –  деген.  Автордың 
таптық  позициясы  айқын:  «қазақты  хан  билеген,  батыр  бастаған,  би  басқарған  замандағы» 
«көркемдік,  әдемілік  жаулығын  бүркенген  зиянды  әдебиет  жұрнақтарынан»  [2] 
сақтандырады.  Кезінде  Ә.Бөкейхановқа  адьюдтант  болған  Ә.Бәйділдин  төңкерістен  кейін 
коммунист  партиясына  өтіп,  өлкелік  партия  комитеті  баспасөз  бөлімінің  меңгерушісі 
қызметін  атқарып  жүріп,  әдеби  сынға  белсене  араласуы  заңды.  Бұл  сыншының  қызмет 
бабына  байланысты  да  болу  керек,  пікірлерінде  көркем  әдебиетті  Маркс  –  Ленин  ілімі 
тұрғысынан түсіндіру жағы басым. 
Қазақта төңкерісшіл, байшыл ақын жазушылар бар ма деген пікіралысудың барысында 
оған  қатысушы  пролетариат  әдебиетін  жақтаушылар  және  оған  қарсылар  болып,  екіге 
бөлінді. 
Ресми орындар әдебиеттің таптығы принципін өмірге енгізу бағытындағы жұмыстарын 
өрістетіп  жатқан  тұста  Ташкентте  шығып  тұрған  «Ақ  жол»  газеті  әдебиет  жайлы  пікір 
алысуды  әдебиеттің  таптығы  мәселесіне  қарай  бұрып,  көптің  пікірін  білдірді.  «Ақ  жолда» 
жарияланған мақалалар негізінен қазақ әдебиетінде тап ақыны жоқ дегенге сайды. Жүсіпбек 
Аймауытов:  «Тап  ақыны  әзір  қазақта  жоқ.  Бірақ  болуға  мүмкін.  Қазақ  жазушылары, 
ақындары  төңкеріске  жолдан  қосылды.  Бір  қанаты  төңкеріс  рухымен  суарылса,  екінші 
қанаты  ұлтшылдықпен  суарылып  қалғаны.  «Әдебиетіміздің  ендігі  беті  төңкерісшілдік, 
бұқарашылдық  болу  керек.  Бұрын  оянған  ұлт  сезімін  тұншықтыру  емес,  тегістік,  теңдік 
жолына икемдеп, дұрыс жүйеге, қалыпқа түсіру болу керек» [3] 1925 жылғы 1 сәуірдегі «Ақ 
жол»  газетінде  жазған  болатын.  Байқап  қарасақ,  Ж.Аймауытов  жазушыларды  тапқа  бөлуді 
емес, бұқарашылдықты ұлтшылдықпен айыптау емес, теңдік жолын ұсынып отыр. 
1926  жылы  күзде С.Мұқановтың  «Көркем  әдебиет  туралы»  «Еңбекші  қазақ»  газетінің 
1926 жылы 14–15 қазанда мақаласы шығып, жүріп жатқан пікірталасқа жаңа қарқын әкелді. 
Сол жылдың сәуір айында өткен өлкелік партия комитетінің пленумында партияның бірінші 
хатшысы  Голощекин  жасаған  «Қазақстанға  Кіші  Октябрь  керек»  деген  авантюрлық 
ұсынысын қолдай отырып, жазылған мақала «Кіші Октябрь керек болса, кіші үгіт те, кішкене 
айғай  да  керек»  –  деп,  саяси  мақсатты  көздегені  көрініп  тұр.  Сәбит  осыған  дейін  әдебиет 
туралы болған пікірталасуларды «Бұл айтыс «сын» емес ұрыс сықылды еді. Бұл жанжалдың 
арты тиянақты бір мәселеге тірелген жоқ» [4], – дей келіп, «қазақта тап ақыны бар ма?» деген 
мәселеде  «коменес  ақындардың  бетін  айғыз-айғыз  қылдық,  тап  ақынын  жоқ  қылып 
шығардық,  ұлтшыл  ақындарға  жол  аштық  деп  ұлтшыл  сыншылар  жүрді;  «тап  ақыны  бар, 
ұлтшыл ақындарға кедергі салдық», – деп коменес сыншылдар жүрді» [4], – дей келіп, осы 
мәселенің маңыздылығын, сондықтан да тиянақты шешу керектігін алға тартқан. 


116 
 
Көркем  әдебиет  туралы  айтыс  туралы  үлкен  айтыс  қызу  басталып  та  кетті.  Бұған  сол 
кездегі белгілі әдебиетшілер, идеология саласында жүрген ұлтжанды азаматтар қатысты. Бір 
жылдан  аса  көп  уақытқа  созылған  айтыстың  бір  жағында  бірлі-жарым  болмаса  негізінен 
С.Мұқанов  болды  да  қалғандарының  дені  оның  пікірлеріне  қарсы  шықты.  Осы  айтыста 
Сәбит өз ойларын дәлелдеп, «Көркем әдебиет туралы», «Қошкеге жауап», «Көркем әдебиет 
туралы  қорытынды  пікірім»,  «Байдың  толғағы»,  «Әркім  өзінше  ойлайды»  деген  көлемді 
полемикалық мақалаларын жазды. Пікіралысуда С.Мұқанов полемикалық мақаланың шебері 
ретінде көрінді. 
Пікірталасуға Ә.Бәйділдин, Қ.Кемеңгеров, Е.Алдоңғаров, М.Дәулетбаев, Ж. Сәрсенбин, 
С.Сәдуақасов,  С.Мұстафаұлы,  Ж.Орманбайұлы,  Ж.Сыздықов,  Екеу,  Ы.Мұстамбаев, 
Ш.Тоқжігітовтер  қатысып,  келелі  ойлар  білдірді.  Бұл  айтыс  жиырмасыншы  жылдардағы 
әдеби-сыншыл ойлардың өрісін кеңейтіп, жаңа биіктерге шығарған елеулі оқиға болды. 
Әлқисса  жиырмасыншы  жылдардың  басында  қазақ  әдебиетінің  даму  бағыты  қандай 
болмақ, қазір қандай дәуірдеміз, кімдерден үйренеміз, пролитариат әдебиеті дегеніміз не, ол 
бар  ма  деген  тақырыптардың  төңірегінде  басталған  пікір  алысулар  қыза-қыза  келе  бой 
бермейтін  коммунист  жазушылар  мен  алаш  ордашылардың  ара  жігін  ашып,  кейінгілердің 
саяси  тұрғыдан  қуындалып,  әдебиттен  шеттелуіне  алып  келді.  Жекелеген  қаламгерлердің 
бір-бірімен  есеп  айырылысу  жолына  айналды.  Алғашқы  басталған  кездегі  шығармашылық 
сипаты  саяси  рең  алып,  идеологиялық  құрал  ретінде  «жікшілдік»  туралы  айтысқа  ұласты. 
Әдебиеттің  шығармашылық  мәселелері  қағыс  қалып,  қаламгерлерді  саяси  тексеруден 
өткізетін идеологиялық сүзгі рөлін атқарды. 
Сөйтіп  қатты  қарқын  алған  айтыс  отызыншы  жылдарға  жетіп,  бірде  саябыр,  бірде 
қатты Қазақстан жазушыларының тұңғыш Құрылтайына шейін жалғасты. 
Кеңес  үкіметі  орнап,  бұғанасы  беки  бастаған  соң  кеңестік  бағыттағы  жазушылардың 
басын  біріктіріп,  оларға  социалистік  бағыт-бағдарда  басшылық  жасап,  кеңестік  құрылысқа 
жұмылдырып отыратын ұйым қажет  болды. Пролетарлық  бағыттағы қаламгерлердің саяси-
шығармашылық ұйымын құру жөнінде баспасөз бетінде пікірлер жиі көріне бастады. 
Ж.Аймауытов «Бөле жарып келеміз, бәріміздің де көздегеніміз бір қазақтың қамы ғой, 
сондықтан бұқарашыл жазушылар ұйымын құрсақ қайтеді» – деді. 
С.Сәдуақасов  пен  Ғ.Тоғжанов  өлкелік  партия  комитетінде  болған  жиналыста  «Қазақ 
кеңес жазушылары одағын» құру жөн деді. 
С.Мұқанов  жасап,  кейін  қабылданып,  істе  басшылыққа  алынған  ҚазААП-тың 
платформасы  он  екі  тараушадан  тұрады.  Алғашқы  тарауларда  сол  кездегі  дәуірде 
сипаттамалар  бере  келіп,  билік пролетариат  қолына  көшкен  таптық қоғамда,  идеологиялық 
күрес заманында өмір  сүріп отырғаны айтылады. Бесінші тараушадан бастап идеологиялық 
жұмыстың  бір  сасласы  ретінде  әдебиет  саласындағы  саясатқа  тоқталған.  «Таптық  дәуірде 
басқа  жұмыстар  таптан  тысқары  болмауы  сықылды,  тап  тілегінен  тысқары  жайлайтұғын  
әдебиет те болмайды. Тапшыл әдебиет алдымен өз табынын мақсатымен жалпы адамзаттың 
бағытын  көздейді.  Соның  үшін  одақ  қазақтың  пролетарияты  мен  қара  шаруасының 
тәрбиелеуге  жарайтығұн  әдебиетті  ғана  өркендетуге  күш  жұмсайды.  Жұмыскер  мен  қара 
шаруаның жаңа тұрмысқа қарай беттеген беталысына жәрдемдес болмаған әдебиетті керексіз 
деп табады» – деп ұйымның алдында тұрған міндеттерді айқындап берген. 
Платформада  ҚазАПП  ұйымының  басты  міндетінің  бірі  «жұмыскер  қара  шаруа 
әдебиетті байлар әдебиетіне қарсы тұрады. Еңбекшілдік бағыттан теріс әдебиетпен күреседі. 
Соңғы  кезде  қазақтың  байшыл  жазушылары  өздерінің  пікірлерін  астарлап,  сөздерінің 
сыртын  көбірек  сырлап,  білгізбей  өткізуге  айналып  жүр»  [5,  195],  –  деп  алашордашыл 
әдебиетпен  күреске  аса  маңыз  берген  болды.  Сыншылардың  «байшыларды»  соғып  өтуі 
күнделікті  дағдыға  айналды.  Тұзсыз  тағамның  дәмі  кірмейтін  болса,  өткен  әдебиетті, 
солардың  құйыршықтары  ұлтшылдарды  сынамайынша  сынның  «сәні  кірмейтін»  болды. 
«Отырса  опақ,  тұрса  сопақ»  дегендей,  оларды  сынау  үшін  сынаққа  сылтаулар  табылып 
жатты.  Осындай  тырнақ  астынан  кір  іздеген  мақаланың  бірі  А.Михайловтың 
Ж.Аймауытовтың  «Психология  және  мамандықты  таңдау»  кітабына  жазған  «Бір  оқулық 


117 
 
туралы»  [6]  «Советская  степьте»  1928  жылы  28  ақпанда  жазған  рецензиясы  болды.  Автор 
кітапқа  пікір  айтудың  орнына  алдымен  кітаптың  сапасыз  басылғандығын,  соның  өзінің 
пролетарлық  идеологияға  жат  екендігін  айта  келіп,  содан  кейін  Ж.Аймауытовтың  өзіне 
тиіскен.  Ол  Жүсіпбекті  қанша  кітап  жазғанымен  де  оған  кітап  тасыған  мен  отын  тасыған 
бірдей, өйткені «есек барлық уақытта есек болып қала береді» [6] – деп, адамдық намысына 
тиіп,  қорлайды.  А.Михайлов  кітапты  талдап,  пікір  білдірудің  орнына,  оның  авторына 
тиіскен.  Мақаласын  «Аймауытовшылдық  сияқты  құбылыстарды  құрту  керек»  [6],  деген 
ұранды сөздермен аяқтаған. 
Алда  тұрған  міндеттер  дегенде,  қазіргі  әдебиетте  ұлтшылдардың,  жолбикелердің, 
солақай  пролетарлық  бағыттағы  қаламгерлерді  ұйымдастыру,  ұлтшыл-байшлдарға  қарсы 
күресі, үйрену мәселелеріне аса мән беріледі. Қазақтың белсенді мүшелерінің бірі С.Мұқанов 
сол  кездегі  сыншылардың  сынына  қанағаттанбай,  қалай  сын  жазу  керектігін  үйреткен. 
«Сынаудың  әліпбиін»  «Еңбекші  қазақта»  1928  жылы  20  ақпанда  жариялады.  «Қазақтан 
әзірге үлгі алатын күрделі сыншы шыққан жоқ. Жақсылы-жаманды кейбір мәселелерге тиіп-
қашып,  сын  жазып  жүрген  Бәділдәұлы  Әбдірахман»,  –  дей  келіп,  орыстың  Белинский, 
Плеханов, Воронский, Авербах, Луначарский, Троцкий, Фрище сияқты сыншыларынан үлгі 
алуға шақырады. 
Сәбит  Мұқанов  «Мен  мынадай  сын  үлгісін  көрсетер  едім»  деп,  шығарма  «жазылған 
кезде  қоғам  тұрмысы  қандай  еді»,  «ақын  сүйген  тап  қай  дәрежеде  тұрды»,  шығарма 
«сойылын  соғып  отырған  таптың  шындығына  жанаса  ма?»,  «саясаттың  қандай  әсері  тиген, 
түр  мен  пішін,  ақынның  өмірді  танып  түсінуі  қалай,  ақын  еліктесе,  еліктеуіне  себеп  не», 
«ақын  қалай  өскен»,  «тапшылық  мәселесі»,  жолбике  болса,  «неге  жолбике  болды»  деген 
сауалдарға жауап беруі керектігін көрсеткен. Мұндағы талаптардың көпшілігі идеологиялық 
тұрғыдан екендігі көрініп тұр. 
1929  жылдың  19  сәуірінде  «Советская  степь»  газетінде  О.Исаевтың,  І.Құрамысовтың, 
Ғ.Тоғжановтың,  С.Сафарбековтың,  О.Жандосовтың,  К.Жүсіпбековтың,  Ә.Бәділдиннің 
«Правда» газеті және Мәскеуде шыққан «Әдеби энциклопедияның» редакциясына жолдаған 
қарсылық  хаты  жарияланды.  Онда  энциклопедияның  бірінші  томына  енген  М.Әуезов  және 
А.Байтұрсынов  туралы  жазылған  мақалаларда  олардың  шығармашылықтарына  баға  беруде 
үлкен қателіктер жіберілгенін атап өтіп, онымен келіспейтіндіктерін ресми түрде білдірген. 
Алдымен  М.Әуезов  туралы  энциклопедияда  жазылған  «Әуезов  Семей  губерниясында 
Колчакка  қарсы  күресте  белсенді  түрде  қатысты»,  «Ол  –  шығармалары  нәзік  сезімдерді 
суреттей  білуімен,  тарихи  шынайылығымен  ерекшеленетін  қазақ  әдебиетінің  аса  көрнекті 
қазақ жазушысы», «қазақ әдебиетінде тұрмыс мәселесін алғаш рет көтерген суреткер» деген 
пікірлерге  келіспейді.  «Бұл  –  Әуезов  шығармашылығын  білмегендіктің  салдары»,  –  деп  өз 
түзетулерін ұсынады. 
1929  жылы  желтоқсан  айында  өткен  өлкелік  партия  комитетінің  пленумында  әдебиет 
майданындағы жағдай арнайы қаралды. Пленум «Қазақта пролетариат әдебиеті бар, бірақ ол 
жас.  Қазақтың  пролетарлық  әдебиетін  нығайту  және  дамыту,  оның  бүкіл  ұлттық  көркем 
әдебиетке жетекші рөльге ие болуы үшін қазақ және шығыс ұлттары коммунистері арасында 
қазіргі  дәуірде  пролетериат  көркем  әдебиетін  жасаудың  мүмкіндігіне  сенбеушілік, 
күдіктенушілік атаулыны үзілді-кесілді жою керек», – деген қаулы алды. 
Қорыта келгенде, жиырмасыншы жылдардың бас кезінде өкімет басында жүрген Нәзір 
Төреқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Сәкен Сейфуллин, Смағұл Сәдуақасов сияқты қайраткерлер 
әдеби  сынға  белсене  араласып  тұрды.  Сондай-ақ  түрлі  қызметтерді  жүрген  Қошке 
Кемеңгеров, Ыдырыс Мұстамбаев, Шәймерден Тоғжігітов секілді азаматтар әдеби процесте 
белсенділік  танытты.  Әдеби  сынның  ауыр  жүгін  Ғаббас  Тоғжанов,  Әбдірахман  Бәйділдин, 
Елжас  Бекенов,  Хамза  Жүсіпбеков,  Ерғали  Алдаоңғаров,  Аманғали  Сегізбаев,  Әбдірахман 
Айсарин,  Құлмырза  Өтепов,  Әлібек  Қоңыратбаев,  т.б.  көтерісті.  М.Әуезов,  Б.Майлин, 
І.Жансүгіров,  Б.Кенжебаев,  С.Мұқанов  т.б.  жазушылар  да  әдебиет  майданының  қақ 
ортасында жүрді. 


118 
 
Жиырмасыншы жылдары көркем әдебиетке қойылған талаптар өте ауыр болды. Жаңа 
мен  ескінің  көрінісін  қалай  жырлау  керектігі  басты  мәселе  болды.  Жиырмасыншы 
жылдардағы қазақ қалам қайраткерлеріне сын да, мін де көбейді. Осы жылдардың басында 
қазақ әдебиетінің даму бағыты қандай болмақ, қазір қандай дәуірдеміз, кімдерден үйренеміз, 
пролетариат  әдебиеті  дегеніміз  не,  ол  бар  ма  деген  тақырыптардың  төңірегінде  басталған 
пікіралысулар  қыза-қыза  келе  бой  бермейтін  коммунист  жазушылар  мен  алаш 
ордашылардың  ара  жігін  ашып,  кейінгілердің  саяси  тұрғыдан  қуғындалып,  әдебиеттен 
шеттетілуіне  алып  келді.  Жекелеген  қаламгерлердің  бір-бірімен  есеп  айырылысу  жолына 
айналып, алғашқы басталған кездегі шығармашылық сипаты саяси рең алып, идеологиялық 
құрал  ретінде  «жікшілдік»  туралы  айтысқа  ұласты.  Әдебиеттің  шығармашылық  мәселелері 
қағыс  қалып,  қаламгерлерді  саяси  тексеруден  өткізетін  идеологиялық  сүзгі  рөлін  атқарған 
жағдайлар да кездесті. 
 
Пайдаланылған әдебиеттер: 
1  Төлегенов Т.  ХХ  ғасыр  басындағы  қазақ  әдеби  сыны  және  Ыдырыс  Мұстамбаев:  филология  ғылым. 
канд.  ғылыми  дәрежесін  алу  үшін  дайындалған  дис.  автореф.:  10.01.02  –  қазақ  әдебиеті  /  Т.Қ.Төлегенов.  – 
Алматы: [б.ж.], 2007. – 23 б. 
2  Байділдин Ә. Тікеннің мақаласы туралы // «Еңбекші қазақ». – 30 мамыр, 1925. – №24; 25; 27. 
3  Аймауытов Ж. Тап ақыны әзір қазақта жоқ // «Еңбекші қазақ». – 4 cәуір, 1925. 
4  Мұқанов С. Көркем әдебиет туралы // «Еңбекші қазақ». – 14–15 қазан, 1926. 
5  Мұқанов С. Таңдамалы шығармалар. – Т.11. Өмір мектебі: роман / С.Мұқанов. – Алматы: «Жазушы», 
1977. – 475 б. 
6  Михайлов А. Бір оқулық туралы // «Советская степь». – 28 ақпан 
 
ӘОЖ: 809.43. 434. 2 (5Қ) 
ҚАЖЫБАЙ АЯН ТӨЛЕГЕНҰЛЫ 
 РАХМЕТ ЕРКЕАЙМ МҰСУЛМАНБЕКҚЫЗЫ 
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі 
Көкшетау, Қазақстан 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   ...   204




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет