yannon-fiction@yandex.kz
АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕК ПУБЛИЦИСТИКАСЫНЫҢ КӨРКЕМДІГІ
Аннотация: мақалада қоғамдық ойлау жүйесінің қуатты көзі мен көсем сөзіне айналған
публицистика жанрының тектік тамыры мен даму тарихы, жанрлық және көркемдік
ерекшеліктерінің қалыптасу жолдары мен көркемдік әдіс-тәсілдер жүйесі қазақ әдебиеті мен
журналистикасының дамуына сүбелі үлес қосқан жазушы, публицист, этнограф Ақселеу
Сейдімбектің көркем-публицистикалық мұрасы негізінде пайымдалады. А.Сейдімбектің публицистік
шеберлік қырларын ашу барысында публицистің очерктеріндегі өмір шындығын ашудағы батыл
көзқарастарының көрініс табуына назар аударылады. Жалпы автордың публицистік
шығармашылық даралығына байланысты жайттар қарастырылған
Тірек сөздер: публицистика, этнографиялық, проблемалық, публицистикалық, портретті,
оқиғалы очерк, журналистік шеберлік
Қазақ публицистикасының қисыны мен тәжірибесіне арналған еңбектердің көбі кеңестік
кезеңде туып, қалыптасқан. Профессорлар Т.Амандосов, М.Барманқұлов, Қ.Бекхожин, Б.Кенжебаев,
Ш.Елеукеновтер өз еңбектерінде публицистика туралы толымды пікір-тұжырымдарын айтқан. Қазақ
публицистикасының өкілдерін жеке зерттеу нысанына айналдыру үрдісі әсіресе соңғы жылдары
қолға алынып, бірнеше монографиялық зерттеулер шоғыры өмірге келді. А.Байтұрсынов,
Ә.Бөкейханов, С.Қожанов, Х.Досмұхамедов, Н.Төреқұлов, Б.Майлин, С.Ерубаев, М.Әуезов,
Ә.Әлімжанов, Ғ.Мүсірепов, К.Смайылов, С.Мәуленов, Ш.Мұртаза, Е.Букетов т.б. публицистердің
шығармашылығына қатысты ондаған ғылыми зерттеулер жазылды.
119
Ақселеу Сейдімбек шығармаларының басым көпшілігі публицистикалық жанрда жазылған.
Сондықтан алдымен публицистика жанрларының табиғатына тоқталсақ артық болмас. Сөз жоқ, кез
келген жанр туралы ұғымда белгілі дәрежеде шарттылық болады. Мұндай қасиеттен
публицистикалық жанрлар да шет емес. Олай болса, зерттеп отырған тақырыптың мән-мағынасын
саралап тануға дәс беретін табиғаты туралы ұғымды орнықтырып алу қажет.
Көркем әдебиеттің жанры ретінде публицистиканың жанрларының төл қасиеті, оның
дерекшілдігін (документальность, подлинность) атап өткен жөн. Олай болса, әлеуметтік өмір
көріністерін тәптіштеп таңбалаған Шумердің сына жазуларынан бастап, байырғы
түркілердің эпикалық сарынға толы тасқашау жазуларына дейін, ортағасырдағы
жылнамашыл жазбалардан бастап, бүгінгі жазбалардағы жаңалықтар тасқынына дейін,
баршасынан нақтылы бір әлеуметтік ортаның айғақ-дерегін табуға болады. Бұл тұрғыдан
келгенде публицистика жанрларының бастау тегін (генезис) тым-тым байырғы замандағы
жазба жәдігерліктермен сабақтастырып зерттеудің де қисыны бар. Әрине, бұл мәселе – өз
алдына бөлек арна тартатын ғылыми ізденіс саласы. Оның үстіне, публицистиканың бүгінгі
қалыптасқан болмысы, мағыналық қасиеті және категориялық сипаты өзінің жанрлық
табиғатына жауап беретін материалдар төңірегінде ғана ой өрбітуді қажет етеді. Ал,
публицистиканың бүгінгі қалыптасқан болмысы ХVІІІ ғасырдың алғашқы жартысындағы
қоғамдық қатынастардың алмасу кезеңімен тұспа-тұс келеді деп айтуға болады.
Уақыт пен әлеуметтік ортаның, адам мен қоғамның «жанды» шежіресі ретінде
публицистиканың рухани мәдениет аясындағы мән-маңызы айрықша зор. Бұл тұрғыдан
келгенде публицистика қоғамды шыңдайтын, талғамды жетілдіретін мәдени-рухани
ықпалды «құрал» деп қарап, оның эстетикалық және ағартушылық қасиеттеріне ғылыми
зердемен ден қойып отыру қажет.
Публицистика – ақиқат өмірдің суреті және оның негізгі арқауы – шындық.
Публицистикалық шығармада өмірлік фактілер мен құбылыстардың бәрі де бірдей талғаусыз
алынбайды, белгілі бір мақсатқа қызмет ететін айғақ-деректер ғана кәдеге жарайды. Қай
заман публицистикасы болсын өмір құбылыстары мен оқиғаларды сол дәуірдің әлеуметтік
көзқарасы тұрғысынан саралайды. Публицистика да сөз өнерінің үлкен бір саласы. Ол –
көркем әдебиетпен бірге туып, қалыптасып, өсіп-өркендеп келе жатқан шығармашылықтың
ерекше бір тармағы. Бұл тұрғыдан келгенде, біз зерттеу нысанына алған А.Сейдімбектің
шығармалары публицистика жанрларының ішіндегі көркем де мазмұндысы очерк жанры
болып келеді. Очерк дегеніміздің өзі – өмірде орын алған шынайы деректер мен
құбылыстарды дәл, нақты сипаттайтын, қысқа әрі жедел, көркем публицистикалық жанр.
Қазақ әдебиетінде бүгінгі талғам-талап өресіндегі очерктің жанр ретінде пайда болуы,
қалыптасуы ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастау алады.
Қазақ халқының этникалық түп-тамыры мен азаматтық тарихы қай дәуірден басталып
баяндалса, бұл халықтың әдебиеті мен тілі сол кезден бастау алуға тиіс деген
тұжырымдаманы ұстансақ, онда байырғы жазба мұраларды да ертедегі әдебиеттің қайнар
көзі ретінде қарастыруға әбден болады.
Публицистикалық очеркте материалға ерекше әлеуметтік, саяси тереңдік бере отырып,
публицистикалық бастама негізгі орын алады. Публицистикалық очерк өмірді көрсетуде
қарапайымдылыққа, келтірілген суреттің қоғамдық ойын мазмұндауға бейім, мұнда
образдық жүйе екінші орынға қойылады. Публицистикалық очеркке Т.Ыдырысов былай
анықтама береді: «Публицистикалық очерк – әлеуметтік-саяси құбылыстардан, өнеркәсіп
пен ауыл-шаруашылығының, мәдениеттің түйінді мәселелерінен келелі ой қозғау, пікір айту
үшін таптырмайтын форма. Очеркист оқушылармен сыр шертіседі, ой мен сезім арқылы өз
дәуірінің тынысын оқушыға жеткізуге тырысады» [1, 91], – дейді. Сонымен
публицистикалық очеркте ойлау, сараптау, толғау басты рөл атқарады. Өз пікірінің
шындыққа сай екендігіне оқырман көзін жеткізу үшін жазушы сұрақтар қоя отырып, оған
жауапты өзі қайтарып, болған оқиға дәйектерін суреттейді. Мұнда сюжет емес,
публицистикалық тапсырма ұйымдастырушы элемент болып саналады. Өмірдің әр қырын
120
автор көкейіндегі сұрақпен байланыстыра отырып, шығармадағы публицистика әрқашан
бірінші орында тұрады.
«Публицистикалық очеркте автор әлдеқайда кеңірек көсіле алады, оқушысының санасы
мен сезіміне бірдей әсер етуге тырысады, оқушымен тікелей әңгімелесіп, шүйіркелеседі, өзі
суреттеген картина турасында ойласуға шақырады» [2, 19], – дейді 1962 жылы № 3 санында
шыққан «Қазақ баспасөзі» бюллетені журналындағы мақалада.
Адамның қолымен жасалған өнердің ішіндегі ең өміршеңі әдебиет десек, әдебиет
жанрларының ішіндегі сан-салалы мол мүмкіншіліктерге ие, өмір болмысына артық бояу
жақпай, шындық шеңберінде нақты да дәл суреттейтін очерк жанры десек қателеспеспіз.
Қазақтың тарихын, әдебиеті мен мәдениеті, әдет-ғұрпы мен салт-санасын, тілі мен ділін
қарапайым халыққа таныту мен насихаттауда очерктің атқарар рөлі айрықша. Очеркке
қойылар талап – нысанасы дәл, мағлұматтары айқын, нақты өмірде болған оқиғалар
тізбегінен тұратын, сол оқиғалар белгілі дәрежеде дәлірек бейнеленетін, қатысушылары
өмірде болған адамдар. Сонымен қатар очерк жанры бейнелі түрде елестете баяндау және
бейнелі хабарлау функцияларын да атқарады. Очерктің өзге жанрлардан тағы бір ерекшелігі
– жиі өзгерістерге ұшырап, әр дәуірдің талабына сай бейімделіп отыратын қасиетке де ие.
Очеркте де бейнелеу, көркемдеу құралдары кеңінен пайдаланылады, белгілі бір идеяны
көркем де әсерлі етіп жеткізуде таптырмайтын құрал деуге болады. Очеркші туындысының
пәрменді, жақсы болуы үшін әлеуметтік, мәдени, саяси қырағы болуымен қоса сол кезең
ағымына сай тақырып таңдай білуі аз, жазылатын очерктің композициялық құрылымы,
сюжеті, тілдік, стильдік құралдары үйлескен жағдайда ғана шығарма шеберлік шыңына
көтеріледі. Академик М.Қаратаев очерк жанры туралы былай дейді: «Қазақ әдебиетімен
бастан бірге жасасқан көркем публицистика әр кез өзінің елгезек, ұшқыр, алғыр, өскелең
жанр екенін танытты. Мұның түп тамыры алыста, туысқан орыс әдебиетімен ұштасып,
жалғасып жатыр. Очерк пен публицистика қай кезде болмасын әдебиеттің алғы шептегі
барлаушысы, тыңнан жол салатын, жаңа тақырыптардың көзін ашатын жаңашыл жасағы,
жауынгер құралы. Әдетте жақсы, көркем очерктердің құятын үлкен арнасы – үлкен проза»
[3, 10]. Ал академик З.Қабдолов: «Шағын эпостың әңгімеге жақын тұрған бір түрі – очерк.
Бұл да қысқа көлемді шығарма. Мұнда да үлкен шындықтың кішкене бір бөлігі, өмірінің
аздаған эпизоды нәрлі тілмен әртүрлі суреттер арқылы шебер тартымды бейнеленуі тиіс» [4,
322], – дейді.
А.Сейдімбектің шығармашылығында елеулі орын алатын жанр очерк жанры.
Публицист очерктеріне жалпы қазақ очерктерінің пайда болу, қалыптасу жолымен
сабақтасып жатқан шығармашылық айғақ тұрғысында зер салуға болады.
Өмірмен ілісіп отыратын очерк жанры 1970-жылдары да дәуір туғызған жаңалықтарды,
жақсы адамдарды ел-жұртқа таныстыру мақсатында көп міндеттер атқарды. Сол кезеңдегі
қазақ очеркінің басты зер салған мақсаттарының бірі – алып істер мен елеулі оқиғаларды дер
кезінде өз оқырманына жеткізіп, жаңа қырынан көрсету болды. 1970-жылдары көптеген
қазақ жазушылары очерк жанрында қалам сілтеп, сол кезең адамдарының рухани жан
дүниесі, бүкіл болмыс-бітімі, ой-өресін осы очерктер арқылы танытуға талпыныс жасады.
Бұл бір жағынан сол очеркшілердің қоғамдық-әлеуметтік, әдеби-эстетикалық көзқарастарын
кеңінен танытса, екіншіден, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуге септігін тигізіп отырды.
А.Сейдімбектің 1970-жылдары жазған очерктері қазақ халқының өмірінде болып
жатқан сан қилы оқиғалар, заманның рухани көркі туралы болып келеді. Публицист ретінде
өз кезеңіндегі өмірдің өзекті мәселелеріне үн қосып қана қоймай, журналистиканың күрделі
жанрларының бірі – очерк жазуда да өзінің білімділігін, әдеби әзірлігін байқата алған талант
иесі.
Автордың журналистік шығармашылығындағы назар аударатын, рухани мұра ретінде
қабылдап, қызығып оқитын бір саласы – оның тарихи-әлеуметтік мәселелерге байланысты
жазған публицисткалық шығармалары дер едік. Автор публицистикалық очерктерінде алған
тақырыбын терең зерттеп, көрген, білген, көкейіне түйгендерін оқушысына ұсынып отырған.
121
Публицист ойынан туған әрбір очеркі өз заманының толғағын толғап, қазақ елінің көкейкесті
мәселелерін алға тартуға арналып отырған.
А.Сейдімбек очерктің барлық түріне қалам тартқан, соның ішінде этнографиялық,
проблемалық, портретті, оқиғалы очерктерінің шоқтығы биік және мәні терең шығармалар
деуге болады.
Жазушы очерктерін талдау барысында жазушы шеберлігінің негізгі үш қырына
тоқталуды жөн көрдік. Олар: деректерге тіл бітіру өнері кез келген публицисттік
шығарманың жүрегі – факті десек, фактілерді «сөйлетуге» келгенде суреткер ұтымды
тәсілдерді тыңнан тауып қолданады. Бұл тұжырымға дәлел ретінде оның – «Кеніш» кітабын
алсақ та жеткілікті. Бұл кітапта автор Қарағанды тарихы мен жетістіктерін айғақтайтын
нақтылы деректерді тізбектеп жеткізбестен, оны кейіпкерлердің аузына салуды жөн көреді.
Осы тұста жалпы шығармашылық қызметін публицистикадан бастаған А.Сейдімбектің
өзіне тән жазу мәнерінің бет-пердесі ашылады. Жазушының қашан да көлемді деректі әдеби
шығармаға барар жолда сол тақырып төңірегінде бірнеше көркем очерктер мен мақалалар
жазатындығы. Автордың публицистикалық жанрда жазған еңбектері алдымен баспасөз
бетінде жарияланып, кейіннен әртүрлі жинақ болып жарық көріп келген. 1979 жылы шыққан
«Кеніш» [5] кітабын кезінде оқырман қауым жылы қабылдаған екен. Оған баспасөз
беттерінде жарық көрген мақалалар дәлел. Жазушының бұл кітабындағы очерктерінің өзегі –
өмірлік қым-қиғаш оқиғаларды жедел таразылап, саралап, сыни көзбен ақиқат безбеніне
салып игеруге күш-қуат жұмсағаны айғақ. Бұл кітапта өсіп-өркендеген Қарағандының
тарихы мен жеткен жетістіктері, жарқын болашағы туралы кеңнен толғанады. Сол кезде
Қарағанды Кеңестер Одағы бойынша кен өндіруден үшінші орын алғаны, республикадағы ең
ірі өндіріс ошағы болып отырған орта екендігі нақты дәлелдер мен дәйектер арқылы
жеткізіледі. «Ғылым мен білім ордасы» деп аталатын бөлімде сол кездің өзінде Қарағанды
өңіріндегі студенттер мен оқушылардың саны үш жүз мыңнан асатыны, олар үшін терең
білім беретін жеті жоғары оқу орны мен жиырма төрт арнаулы орта білім беретін білім
ошақтары қызу жұмыс істеп жатқаны кеңінен әңгімеленеді. Қаладағы жоғары, орта білім
беру орындарында мыңға тарта ғалымдар еңбек етіп жатқанын нанымды суреттеледі.
Жазушы көркем очерктің негізгі нысанасы етіп өмір, өмірді алға апарушы
адамдар туралы жазады. Ол кезде жазылған көркем очерктерінің негізгі
тақырыбы – еңбек адамдарының қалыптасу процесі, өздерін өмірдің, дүниенің
иесі деп таныған идеясы әр саладағы адамдардың образын бейнеледі. Баспасөз
беттерінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сол кездегі идеологиялық жұмысты,
мәдениет мәселелері, ғылым, бесжылдық жоспарларының орындалу
жолындағы істері төл тақырыпқа айналды. Бұл кезеңде көркем очерк едәуір
адым жасап, дәстүр тұтуға тұрарлық көркемдік табыстарға қол жеткізді.
«Қарағанды саңлақтары» аталатын бөлімде Саймак, Тәттімбет, Дайрабай, Баубек,
Қыздарбек, Әбді, Әшімтай, Мәди сында күйші-орындаушылар Құлтума, Қақпан, Кенішбай,
Айна, Зейнеп, Шашубай, Исабек т.б. талай ақындар мен шешендердің өмірі мен
шығармашылығы туралы сыр шертіледі. Сонымен қоса, қазіргі Қарағандыда өнер көрсетіп
көпшілік көңілінен шығып жүрген әнші, күйші, композиторлар туралы да айтылады.
Осы бөлімде академик Әбілқас Сағынов туралы очерк «Ақ тілеудей ақша қар жауған
күн еді» деп аталып, ғалымның алғыр ойы мен адамгершілігі, ғалымдық, ғұламалық жолы
туралы терең сыр шертеді. Кеңес Одағының батыры Нүркен Әбдіровтің анасы Бағжан апай
туралы «Батырдың анасы» атты очеркте де ана туралы шынайы, жылы мағлұматтар беріп
қана қоймайды, қоғамда ана орны мен ролін кең түрде сөз етіледі.
Қазақ әдебиетінің басқа жанрлары сияқты кеңес дәуірінде, әсіресе, 1960–1980 жылдары
очерк жанры сан жағынан да, сапа жағынан да ілгері адым жасады. Очерктің жаңа түрлерін
өмірге әкелу, оның көркем түрінде өмірдің ақиқатын жинақтап, қорыту – осы кезеңдегі очерк
нұсқаларына тән сипат. Қазақ халқының білімге, ғылымға құлаш сермегенін, мәдениетке
кенелгенін жинақтап көрсететін көркем очерктер де осы кезең еншісіне тиеді. Бұл тұста
122
қазақтың дәстүрлі музыка өнері мен оның тұлғалары, дәстүрлері туралы шығармалары –
көпшілік түсінетін, жатық тілмен жазылған ғылыми-танымдық мәні бар еңбектер.
Жазушы Ақселеу Сейдімбектің «Серпер» атты кітабы 1982 жылы жарыққа шыққан.
Бұл кітабы туралы Е.Шәймерденов: «...жазушының жаңа кітабы – «Серпер» де сәтті дүние.
Ол автордың публицистік қырынан кең танытады. Ең алдымен, «очерктер және деректі
әңгімелер» деп айдар тағылған бұл кітапта тәжірибелі журналистің әр кезде жазғандары
жайлы жай ғана жинақтала салмаған. Олар тақырыбына қарай топталып, кітаптың үлкенді-
кішілі үш бөлімін құрайды» [6], – деп баға береді. Шындығында да бірінші бөлімде
республика тарихында орны бар Қарағанды өлкесі туралы, ондағы Қазақстан
Магниткасының жағдайы, Ертіс-Қарағанды каналының жайы мен Екібастұз энергетикалық
кешенінің құрылысы туралы, осы жасампаздық әрекеттердің адамдардың санасына қалай
әсер етіп жатқандығын кеңінен әңгімелейді. Екінші бөлімде есімдері елге танымал адамдар
туралы сыр шертеді. Бұл бөлімде көбінде еңбек адамдары туралы портреттік очерктерге
орын берілген. Үшінші бөлімде ғылым мен өнер адамдарының парасатты пайымдаулары мен
проблемалық пікірлері келтірілген. Жинақта негізінен оқиғалы, портреттік, проблемалық
очерктер баршылық. Соның ішіндегі «Сонар» оқиғалы очеркке жатады және кең тынысты
кеніштегі құрылыс атаулыға жастардың жиналуы, ондағы алғашқы шойын алу оқиғасы
қызықты баяндалады. Очерктің сюжеті жас жұмысшгының еңбек жолын бастауы мен
Қазақстан Магниткасының туған күнімен тарихқа енуі. Кітаптағы «Алғашқы адамдар» мен
«Қарлығаштар» тың төсіндегі өркенді өзгерістерге, қой шаруашылығында істейтін
жастардың алғашқы қадамдарына арналған. «Ат шаба ма, бап шаба ма?» деген проблемалық
очеркте қас жүйрікті тану мен оны білгірлікпен баптаудың қиындықтары, республикамызда
ат спортының кенжелеп қалуы туралы. Автор бұл проблемадан шығудың жолдарын
іздестіреді. Бүгінгі ат спортын ұлттық ойындармен байланыстыра қарауды, бұрынғы ата-
бабаларымыздың бай тәжірибесін пайдалана отырып, атбегі, бапкер ақсақалдардан үлгі-
өнеге ала отырып, тәжірибелерін қабылдау туралы нақты ұсыныстарын айтады.
Бұл жинақтағы портреттік очерктерге көп орын берілген. Соның ішінде түйеші
Қ.Ерболғанов («Ойсылқара»), Ш.Ынтықбаев («Өмір, мен саған ғашықпын»), дихан
В.А.Дитюк («Тың тарланы»), академик Ә.Сағынов («Ақша қар жауған күн») және күйші
Шәміл Әбілтаев туралы («Шәмілдің Шайтанкөлі») жазылған портреттік очерктерде бұл
кейіпкерлер бөлекше болмыс-бітіммен, өзіндік характерлерімен суреттелген.
А.Сейдімбек шығармашылығын бажайлай зерттеп үңілсек, қазақтың дәстүрлі әдебиеті,
музыкасы, бейнелеу өнері, қол өнері, сахна өнері, сәулет өнері, экологиялық мәдениеті,
моральдық-этикалық ахуалы туралы очерктерді өндірте жазып, әдебиет жанры саласына мол
үлес қосқандығын айту артық болмас.
Қорыта айтқанда, А.Сейдімбектің көркем очерктерінде көркемдік құралдардың рөлі
ерекше, өмірлік шындықты жан-жақты, терең ашып көрсетуде септігін тигізетін көркемдік
элементтерді орынды пайдаланған. А.Сейдімбек қаламынан туған көркем очерктер тарихтық
тұрғыдан да, таным тарапынан да маңызды және әдеби-мәдени мүлкіміздің ажарлана түсуіне
үлес қосқан деуге болады.
Қазақ көркем очерктерінің түрлері жаңарып, жаңғырған уақытта өмірге келген автор
шығармаларында бұрынғыдай тек автор атынан баяндау азайып, очерк оқиғасын баяндау
тәсіліне жаңа өзгерістер еніп, бірде бас кейіпкер, бірде күнделік, бірде хат түрінде жазатын
үлгілер де кездеседі.
А.Сейдімбек көркем очерктеріндегі образ жасау тәсілдері, көркемдік құралдар мен
суреттеу, бейнелеу құралдары өзгергені байыпталып, автордың тақырыптық жүйелері, сөздік
қоры, сөйлем құраудағы амал-тәсілдері, ой өрнектілігі, көркемдеу құралдарын қолданудағы
үйлесімдері, алдағы уақыттағы өсер, өркен жаяр дәстүрі де кеңінен қарастырылды.
Автор очерктеріндегі өмірді көркем нақышпен бейнелеуі, образдылық, портрет, сюжет,
композиция, пейзаж, диалог т.б. шығармашылық ізденістер жан-жақтылығымен
ерекшеленеді.
123
Жазушының көркем очерктеріндегі өмір шындығы, жазушы қиялынан туған, өмір
шындығынан қорытылып алынған типтік образдар мәселесі, очерктегі кейіпкердің ішкі жан-
дүниесі, көркем очерктегі жазушы немесе очеркшінің ізденістері, мұраты, ойы бір-бірімен
жалғасып жатқан тұтас тарап екені де ескерілді.
Автор негізінен көзімен көрген, зерттеген оқиғаларын, өмірдің нақты дәйек-айғақтарын
ала отырып, осы құбылыстарды, оқиғаларды шығармашылық елегінен өткізіп барып очерк
жазғанына көзіміз жетеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Ыдырысов Т. Шеберлік бастауы. – Алматы: «Мектеп», 1984. – 240 б.
2 «Қазақ баспасөзі» бюллетені. – № 3, 1968.
3 Қаратаев М. Таңдамалы шығармалар. – Алматы: «Жазушы», 1974. – 357 б.
4 Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: «Мектеп», 1976. – 219 б.
5 Сейдімбек А. Кеніш. – Алматы: «Жалын», 1979. – 240 б.
6 Шаймерденов Е. «Серпер» туралы сөз // Коммунизм нұры. – 10 маусым, 1983
ӘОЖ: 821.512.122
ҚАЖЫБАЙ АЯН ТӨЛЕГЕНҰЛЫ
ОРАЗҒАЛИ НАЗЕРКЕ ТӨКЕНҚЫЗЫ
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі
Көкшетау, Қазақстан
Достарыңызбен бөлісу: |