Атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция материалдары


ТҰРСЫНХАН ӘБДІРАХМАНОВА ПОЭЗИЯСЫНЫҢ КӨРКЕМДІГІ



Pdf көрінісі
бет57/204
Дата06.01.2022
өлшемі3,96 Mb.
#14830
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   ...   204
Байланысты:
{CF395923-CB60-413E-9F69-F9338E1D4631}

ТҰРСЫНХАН ӘБДІРАХМАНОВА ПОЭЗИЯСЫНЫҢ КӨРКЕМДІГІ 
 
Аннотация: 
мақалада 
Тұрсынхан 
Әбдірахманова 
поэзиясының 
көркемдігі 
қарастырылады.  Тұрсынхан Әбдірахманованың поэзиясындағы көркемдік әдіс, әдеби ағым, 
сөз  саптаудағы  бейнелеуіш  құралдар,  көркемдік  құрылымдардың  қолданысы  сараланып, 
жеке қаламгерлік стилі айқындалады. Ақынның табиғат лирикасына арналған өлеңдеріндегі 
табиғатқа  адам  кейпін  беріп  суреттеуі  ақынның  өзіндік  ерекшелігін  байқатады.  Дала 
өмірін тың бейнелеумен берудегі шеберлігі  сипатталады. 
Тірек  сөздер:  табиғат  лирикасы,  қаламгер  стилі,  көркемдік  әдіс,  әдеби  ағым, 
бейнелеуіш құралдар, көркемдік құрылымдар, стиль, ұлттық өрнек, лирикалық қаһарман.  
 
Қазіргі  поэзиядағы  стиль  мәселесін  сөз  еткенде  Қ.Мәшһүр-Жүсіп  тұжырымдарына 
қосыла отырып, лирикалық қаһарман сипатына, суреткердің сөз қолдану ерекшелігіне назар 
аудару қажет.  «Қазақ ақындарының қаншалықты толысқан суреткер екенін айқындау үшін, 
стиль де, көркемдік әдіс те жалаң алынбай, үнемі бейнелілік тұрғысынан саралану қажеттігі 
де дау туғызбайды» – деп ой түйеді ғалым [1, 440]. 
Бейнелілік  стильмен  тікелей  байланысты.  Оны  стильдің  көрсеткіш  құралы  десе  де 
болады.  Өмірді  көркем  бейнелеу  үшін,  ең  алдымен,  ақынның  сол  өмірді  бейнелеу  үшін 
таңдаған  әдісінің  негізінде  айқындалады.  Қай  ақын  болмасын  әдіске  сөз  сомдау  үстінде 
төселеді. 
Кез келген ақынның стиль жағынан, бейнелеуіш құралдарды қолдануы жағынан өзара 
ұқсастық,  айырмашылықтарын  ажыратуда  шығармашылық  істе  пайдаланған  көркемдік 
әдістері  шешуші  рөл  атқарады.  Бұдан  ақындардың  идеялық-эстетикалық  ерекшеліктері 
айрықша танылады. Шынайы таланттардың жазу машығы өзгелерден оқшау, дара көрінеді. 
Қолға  алғаннан-ақ,  кімнің  жазғанын  қапысыз  аңғаруға  болады.  Мәселен,  Абай,  Мағжан, 
Мұқағали стилі десек, оны айтқызатын – айрықша айшықты, өзгелерден ерекше, дара бітімді 
қолтаңбалары.  
Бір  дәуірде  шығармашылықпен  айналысқан  қаламгерлер  тобына  тән  стиль  мен  жеке 
қаламгер стилі арасындағы ортақтастық көркемдік әдістен туындайтын әдеби ағымға тікелей 
байланысты.  


145 
 
Қай  ақынның  болмасын  стилінің  байлығы  –  көркемдік  ізденіс  нәтижесінің  жемісі. 
Ақынның суреткер ретінде марқайып, айрықша стиль танытуына, шеберлік шыңына жетуіне 
өзінен  бұрынғы  ақындар  мектебі,  өз  ортасы,  заманы  айрықша  әсер  етеді.  Сонымен  бірге  
жеке  ақынның  тұтастай  қазақ  лирикасының  биігін    межелеуде  көркемдік  әдіс,  әдеби  ағым, 
сөз  саптаудағы  бейнелеуіш  құралдар,  көркемдік  құрылымдар,  бір  сөзбен  айтқанда  стиль 
шешуші рөл атқарады. 
Талантты  ақын  Т.Әбдірахманова  халқына  деген  сүйіспеншілікті,  табиғат  пен  адам 
арасындағы  қарым-қатынасты,  махаббатты,  достық  пен  адамгершілікті  негізгі  нысанаға 
алып, қазақ поэзиясынның көкжиегін кеңейтіп, ерекше еркін тыныспен, пішіндік, мазмұндық 
ізденістер  нәтижесінде  туған  көптеген  жыр  жинақтарымен  әдеби  қауымның  ықыласына 
бөленді. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Ән» деген атпен 1956 жылы жарық көрсе, кейіннен «Әнге 
ән»  (1962),  «Танисыз  ба,  бұларды?»  (1963),  «Шырқау»  (1966),    «Көгершін  көңіл»  (1968), 
«Кілт»  (1972),  «Мерей»  (1981),  «Наз  көңіл»  (1984)  т.б.  өлеңдер  мен  поэмалар  жинағы 
басылды. 
«Мен тұрғыластар бүгінгі жастар секілді өлең жазуды махаббат тақырыбынан бастаған 
жоқпыз-ау  деймін.  Мұның  субъективтік  жақтарымен  қатар  объективтік  заңдылығы  да 
болады. Ол Отан тағдырымен байланысты.  
Ақын творчествосындағы үлкен бір арна және негізгі арна – қоғам өмірі, адам тағдыры, 
достық,  адамгершілік,  биік  парасат  туралы  ой  толғаған  лирика  деп  ойлаймын.  Тұтанып 
өшкен  шырпының  өміріндей  ғана  өмірі  бар  өлең  жазбай,  бірдің  болмаса  бірдің  көңілінде, 
көкейінде жүретін, біреу болмаса біреу ғибрат алатын немесе «адамдық борыш өтедім деме, 
сен  өзге  көңілде  бір  қуаныш  отын  жақпасаң»  дегендей,  бірдің  болмаса  бірдің  көңілінде 
әлдебір сәуленің, шуақтың тууына, қуаныш отының алауына себеп, әлденеден сақтандырып, 
әлдебір жақсы ниеттерге жетелерлік өлең жазу – әрбір ақын мұраты» [2]. 
Ақын өлеңдерінің тақырыптары сан алуан. Соның ішінде табиғат лирикасына арналған 
өлеңдерін қарастырсақ, «Көкше» өлеңінде: 
Көкше қандай! 
Көктем қандай! 
Май қандай! 
Айнакөлді айдан қиып қойғандай. 
Түкті кілем тоқып шебер өрнегін, 
Оқжетпестің етегіне жайғандай! 
Қия таста ақ қайың мен қарағай, 
Қалай қиып өтерсің бір қарамай. 
Маужыратып тау мен тасты талдырып, 
Шырқап тұрған бейне Біржан – Сарадай. 
Бұйра толқын Бурабайда Жұмбақтас, 
Сырға берік тымырсық қыз тіл қатпас. 
Ерке толқын мойынына оралып
Жалынса да шімірікпес, міз бақпас [3, 110]. 
Бұл өлеңнің тармақтарындағы әр детальда сурет нақтылығы ғана емес, сонымен бірге 
сол  шырайлылықтардың  бірінің  салтанатын  бірі  аялап,  құп  жарасуы  бар.  Мәселен,  түкті 
кілем шебер өрнегін тоқып Оқжетпестің етегіне жаюы қандай жарасымды?! Сонымен бірге 
ақ  қайың  мен  қарағайлардың  тау  мен  тасты  маужыратып  Біржан-Сарадай  шырқап  тұруы, 
сырға берік тымырсық қызға баланған Жұмбақтастың мойынына ерке толқындардың оралуы 
– бәрі біріндегі сәнділікті екіншісі өрістететін белгілер. 
Ақын  шынайы  суретті    түйсік  қабылдауымен  әрлендіріп,  әсерлендіріп,    жан  бітіре 
бейнелеген.   
«Түн тынысы» өлеңінде: 
Жазғы түн. 
  Жасыл құрақ көл жағасы. 
Көлде тұр келісті бір көңіл нашы. 


146 
 
Дірілдеп айдынында ай сәулесі, 
Жиектің жылтылдайды меруерт тасы. 
Қараймын қызыққаннан күміс көлге, 
Көл қадап алғандай көп күміс теңге. 
Тоғысқан ай нұрымен бу мұнарын 
Дерсің бір тоқып тұрған күміс перде. 
Маужырап, мүлгіп мақпал түн  ұйықтапты,  
Манаурап бар табиғат тұнып қапты [3, 112]. 
«Дірілдеп»  сөзі  арқылы  көлдегі  әсем  қозғалысты  аңғартады.  «Күміс  көл»  дегендегі 
«күміс»  сөзі  су  тазалығының  белгісі,    әрі  рең  әсемдігі  деуге  болады.    «Маужырап,  мүлгіп 
мақпал  түн  ұйықтапты,  Манаурап  бар  табиғат  тұнып  қапты»  дегендегі  маужырап,  мүлгіп, 
манаурап сөздері табиғатқа адам кейіпін беріп жандандырып тұр. 
Ақын назарына жиі  ілігетін табиғаттың көркем мезгілі  – көктем. Көктем тақырыбына 
қалам  тартқан  ақын  көп.  Әр  ақынның  өзіндік  жырлау  мәнері,  өзіндік  танымы  мен  талант 
қуатын  ескерсек,  Т.Әбдірахманова  өлеңдеріндегі  көктем  келбеті  көз  алдымызға  өзіндік 
сипатымен келеді. «Көктем»  өлеңіне тоқталайық: 
Тағы да көктем келді 
Жас мырза көктем көрікті, 
Бойжеткен дала 
Бойына гүлдер өріпті. 
Кербез Алатау 
Ақ сусар әсем бөрікті 
Сүйіншісіне сыпырып бастан беріпті [3, 114]. 
Жансыздарға  жан  бітіріп,  адам  әрекетін  беру  арқылы  көктем  мезгіліндегі 
құбылыстарды көз алдымызға әкеледі. Осыған дейін қазақ поэзиясында қысты адам кейпінде 
суреттеу өріс алған.  Т.Әбдірахманова көктемді  «жас мырза»  бейнесіне ендіріп, жанданған 
даланы  «бойына  гүл  өрген  бойжеткен  қызға»  балайды.  Кербез  Алатауға  да  адам  әрекетін 
беріп,  тау басындағы қарды  «ақ сусар бөрікке» ұқсатып, оның еруін  көктемнің  келгеніне  
қуанған    Алатаудың  сүйіншіге  бөркін  беруі  деп    қиыстырған.  Ақын  қиялы,  түйсігі,  сезімі 
өзінше  кестеленіп, әдеттегі оқиғадан өзгеше оқиға өрілген.  Көктем бейнесін адам кейпінде 
көрсете білу ақын шеберлігінің айнасы десе де болады. 
Махаббат тақырыбына арнаған  өлеңдері де баршылық: 
Мен сені ұнатып едім,  
Ең биік мұратым едің. 
Сол сырды мен білдіре алмай, 
Сен сезбей тұратын едің. 
Құрбымнан көз алмайтынсың, 
Мәніңді ұғатын едім. 
Онымен киноға кетіп, 
Сан кештер жылатып едің [4, 32].  
«Ең  биік  мұратым»  деуінен  жігіттің  қызға  көптің  бірі  ғана  емес  екендігі  байқалады.  
Сырды білдіре алмауынан қыз сабырлылығының айнасы, әрі ұлттық өрнек. Олай дейтініміз 
қазақ  қыздары  көбінде  өз  сезімін  алдымен  жария  етпейді.  «Құрбымнан  көз  алмайтынсың» 
деген  тармақтан  жігіттің    лирикалық  қаһарманға    деген  сезімі  жоқтығы  аңғарылады.  «Сан 
кештер жылатып едің» дегеннен қыз сезімінің шынайылығы көрінеді.  
Ақынның кеңес заманында саяси билікті еш бүкпесіз батыл сынаған өлеңдері де бар: 
Дүние-ай, ой жетпесті көз көреді
Кездейсоқ қара киік кез келеді. 
Жанында жақсы дос боп жүрген жандар 
Қас болып аяқ асты өзгереді. 
Қоғамға тәуелсіз боп өмір сүру 
Болмайды, болған да емес керек ұғу... 


147 
 
Бастықты қой, бастыққа жақындарға 
Жағынып та молайды қабақ құру... 
Тұрады қоғам бүгін осылардан 
Ертеңге ұрпақ үрдіс қосып алдан. 
Өрбиді хамелеондар молайып, 
Болады сонда қандай ғасыл арман. 
Жұртым-ау, не боп барады мына заман? 
Ар, ұят, адамшылық тұралаған 
Билеген зымиян, сұм, залымдармен 
Қоғам боп қалай ғана тұрады адам [4, 73]. 
Сөз сөйлесе, айтатыны –  
Әділет, ар, ынтымақ. 
Үзіледі, үздігеді, 
Жан жүйені жұлқылап. 
Ал осыны өз қолымен  
Өткерер сәт келгенде, 
Бұлғақтайды, сырғақтайды, 
Май қасықтай жылтырап. 
Сөзін сөйлеп, сілтейтұғын 
Шоқпар болсаң, қамқорың
Онсыз аяқ баспайды әсте, 
Жібермепті қалт оны... 
Өзі қалып қалтарыста, 
Аттандырып тобырын, 
Тізе бүгіп, бас имесең, 
Қаздырады қабірің [4, 37]. 
Ештеңеден  тайсалмай  қоғамдағы  келеңсіздіктерді  еш  бүкпесіз  ашық  айтуының  өзі 
ақынның  батылдығын, қайсарлығын көрсетеді. 
Т.Әбдірахманова  лирикасы  дегенде,  оның  шытырман  сезімді  ізерлеп  ашу,  әсемдік 
атаулыны,  әсіресе  табиғаттағы  зейнеттілікті  нақыштауға  шебер  ақын  екендігіне  көз 
жеткіздік.  Жұмбағы  мен  сыры  мол  дала  өмірін  соны  сурет,  тың  бейнелеумен  бере  білген 
ақын. 
 
Пайдаланылған әдебиеттер:   
1 Мәшһүр-Жүсіп Қ.П. Қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік. – Павлодар: ЭКО ҒӨФ, 2007. – 442 б. 
2 Әбдірахманқызы Т. Мені жетелеген өз табысым // Ана тілі. – 11 шілде, 2002. 
3 Әбдірахманова Т. Мерей. – Алматы: Жазушы, 1981. – 304 б. 
4 Әбдірахманова Т. Сыр бөлісемін. – Алматы: Жазушы, 1990. – 192 б. 
 
ӘОЖ  82-93=894.342 
МОЛДАБАЕВА ӘСИЯ 
КАЖИБАЕВА ГУЛЬДЕН КЕНЕСОВНА 
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті 
Көкшетау, Қазақстан 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   ...   204




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет