Атты республикалық ғылыми тәжірибелік конференция материалдары 13 желтоқсан 2017 жыл



Pdf көрінісі
бет2/7
Дата17.02.2023
өлшемі277,96 Kb.
#68967
1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
Аронов Қ.Ғ. Махамбет поэзиясының жыраулар жыр-толғауларымен үндестігі

Хан емессің қасқырсың, 
Қара албасты басқырсың, 
Алтын таққа жетсең де, 
Ажалы жеткен пақырсың! 
Еңсегей бойлы Ер Есім, 
Есігіңе келіп тұр, 
Алғалы тұр жаныңды, 
Шашқалы тұр қаныңды! [4, 56 б.]. 
Марғасқа жыраудың «Хан емессің қасқырсың, Қара албасты басқырсың» деген зілді 
де айбынды сөзі екі ғасырдан кейін Махамбеттің Жәңгір ханға айтқан атақты арнауында 
аздаған өзгеріспен қайталанады:
Хан емессің, қасқырсың, 
Хас албасты, басқырсың. 
Достарың келіп табалап, 
Дұшпаның сені басқа ұрсын. 
Хан емессің, ылаңсың, 
Қара шұбар жылансың. 
Хан емессің, аянсың, 
Айыр құйрық шаянсың [6, 92 б.]. 
Ақынның осы өлеңдегі және тағы да басқа жыр-толғауларындағы мұндай 
қайталауларды жыраулар поэзиясы мен Махамбет поэзиясы арасындағы жанрлық, тілді-
стильдік тәсіл байланысының, мұралық-жалғастық дамудың көріністері деп түсінгеніміз 
жөн. Бұл жөнінде Қ.Өмірәлиев: «Махамбет иінді жерінде өзінен бұрыңғы ақын-
жырауларды да қайталап отырған. Әрине, бұл жалаң қайталау емес еді. Тегінде дәстүрлі 
жалғастық, ауысу, мұралану дегендердің өзі осы «қайталанулардан» көрінбек. Қайталау 
деген ұғымға, біріншіден, поэзиядағы тәсіл, түр қайталануы, екіншіден, ой, пікір 
қайталануы, үшіншіден, сөйлемдер, жолдар қайталануы жатады» [5, 19 б.] – дейді.Өте 
орынды айтылған пікір. 
Осы тұста айтпай кете алмайтын бір жайт бар. Бұл жоғарыда келтірілген Махамбеттің 
«Жәңгір ханға айтқан сөзіне» қатысы. Соңғы кезде Жәңгір ханды жақтаушылар 
Махамбеттің бұл сөзін Жәңгір ханға емес, Баймағамбет сұлтанға айтқан десе, енді біреулері 
аталған сөз мүлдем Махамбеттікі емес деуден шімірікпей отыр. Мұны сыпайы айтқанда, 
екіжүзділік дейміз. Себебі Жәңгір ханға қатысты ел аузынан жеткен деректерде, мұрағат 
құжаттарында оны кезінде елге шапағаты тиген әділетті билеуші ретінде көрсетпейді. 
Керісінше, Жәңгір хан баю үшін өзі билік жүргізген аймақтың халқына көптеген салықтар 
салды, шұрайлы жерлерді тартып алып, жақтастарына үлестірді. Әбден тығырыққа 
тірелген, ашынған халық көтеріліске шыққанда, оларды патша әскерінің көмегімен аяусыз 
басып жаныштады, ойрандалған жұрттың дүние- мүлкін талан-таражға салды. Бұған дәлел-
дәйекті Махамбеттің «Соғыс» өлеңінен табамыз. Ақын осы өлеңінің соңында сол кездегі 
жағдайды тайға таңба басқандай сипаттаған.
...Орыс добын үш атты, 
Доптың үні шыққанда, 
Сонда батыр жөнелді. 
Жөнелмей батыр не қылсын 
Ерсары менен Қалдыбай 
Екі арыстан тең өлді. 
Жетім- жесір көп қалды, 
Хан әскері кенелді [6, 46 б.]. 
Махамбеттің арнау өлеңі тек «Жәңгір ханға айтқанымен» шектелмейді. Ақынның 
арнау өлеңдерінің қатарына «Баймағамбет сұлтанға айтқан сөзін», Исатайдың атынан 



шығарған «Әй, Махамбет жолдасым» туындысын, «Махамбеттің ордадан кетерде ханға 
айтқаны» және «Әй, Шонты би» өлеңдерін атауға болады. Ақынның соңғы екі өлеңі бізге 
толық жетпеген, бұл өлеңдердің мазмұны мен құрылымынан анық байқалып тұр. Соған 
қарамастан осы шағын өлеңдер біраз тарихи жағдайлардан мәліметтер беріп тұр. Мәселен, 
«Махамбеттің ордадан кетерде ханға айтқаны» өлеңіндегі: 
Он екі төбет, шұнақ хан, 
Шабатының ел екен, 
Күндейтінің мен екем. 
Хан ұлына қас болу, 
Қара ұлына бас болу – 
Мендей ерге жөн екен! [6, 118 б.] – деген жолдардан Махамбеттің Жәңгір хан мен 
оның он екі биімен ат құйрығын кесісіп, ордадан кетуін, біржолата халық жағына шығуын 
көре аламыз. 
Жыраулар поэзиясында портреттік өлеңдер бар. Мұндай өлеңдерді Қазтуған, 
Доспамбет, Шобан жыраулардың жыр-толғауларынан ұшыратамыз. Мәселен, Доспамбет 
жырау өзін былайша мадақтайды: 
Айнала бұлақ басы Тең,
Азаулының Стамбұлдан несі кем, 
Азаулының Аймадет Ер Доспамбет ағаның 
Хан ұлына несі жоқ, 
Би ұлынан несі кем! 
Тәңірінің өзі берген күнінде 
Хан ұлынан артық еді менің несібем! [4, 32 б.].
Махамбет шығармашылығының жырау поэзиясымен үндестігі осындай портреттік 
өлеңдерден анық байқалады. Махамбет поэзиясында портреттік өлеңдер баршылық. 
Мұндай өлеңдердің қатарына ақынның «Еңселігім екі елі», «Атадан туған ардақты ер», 
«Азамат ердің баласы», «Исатай деген ағам бар», «Еріскендей ер болса», «Тарланым», 
«Тайманның ұлы Исатай», «Біз ер едік», «Шамдансам, шалқамнан түсер асаумын», «Мен 
ақсұңқардан туған құмаймын», «Мен едім», «Белгілі туған ер едім», «Қылыштай қиғыр 
алмас ем» т.б. атауымызға болады. Осы аталған туындыларды басынан аяғына дейін 
портреттік өлеңдер деп айта алмаймыз. Өйткені бұлардың көпшілігінде портреттік өлеңге 
тән шумақтар ғана кездеседі. Ал тұтас портреттік өлеңдердің қатарына ақынның «Еңселігім 
екі елі», «Тарланым», «Қылыштай қиғыр алмас ем» т.б. туындыларын көрсете аламыз. 
Мысалы, Махамбет «Еңселігім екі елі» өлеңінде өз портретін сипаттаған: 
Еңселігім екі елі, 
Егіз қоян шекелі, 
Жараған теке мүшелі, 
Жауырыны жазық, мойны ұзын, 
Оқ тартарға қолы ұзын, 
Дұшпанына келгенде 
Тартынбай сөйлер асылмын... [6, 25 б.]. 
Махамбет осы өлеңі арқылы өзінің хас батырға тән сыртқы мүсінімен бірге ішкі
рухының биік екенін танытқан. Өлеңде қолданылған кейбір көркемдік тәсілдер Қазтуған 
жыраудың өзі туралы мадақ жырын елестетеді. Сол жырында Қазтуған өзін былайша 
сипаттайды: 
Бұдырайған екі шекелі, 
Мұздай үлкен көбелі 
Қары ұнымы сұлтандайын жүрісті, 
Адырнасы шайы жібек оққа кірісті, 
Айдаса қойдың көсемі 
Сөйлесе қызыл тілдің шешені...[4, 281 б.]. 



Қазтуғандағы «Бұдырайған екі шекелі» мен Махамбеттегі «Егіз қоян шекелі» деген 
қолданыстарда ұқсастық, жақындық болғанымен салыстырып отырған туындыларда адам 
портретін беру әртүрлі сипатта. Қазтуғанда жалпылық басым болса, Махамбет өлеңі 
нақтылықпен ерекшеленеді. Ақын өлеңінен өр рухты, ерен тұлғалы батырды көзімізге 
елестете аламыз. Сөзіміздің дәлелін ақынның жоғарыда ақынның жоғарыда аталған 
өлеңіндегі мына жолдардан табуға болады: 
Құла бір сұлу ат мінген, 
Құйрық, жалын шарт түйген, 
Құм сағыздай созылған, 
Дулығалы бас кескен, 
Ту түбунен ту алған, 
Жауды көріп қуанған, 
Мен Өтемістің баласы , 
Махамбет деген батырмын [6, 25 б.]. 
Жыраулардың толғауларында жиі қолданылатын тәсілдің бірі – аналогия. 
Толғауларда адам бойындағы қадір-қасиеттерді, кемшіліктерді көрсету үшін ең алдымен 
соған ұқсас өзге құбылыстар айтыла келіп, содан кейін негізгі ой түйіні жасалады. Мысалы, 
шешендік-дидактикалық, толғаулардың шебері, ойшыл тұлға Асан қайғы: 
Көлде жүрген қоңыр қаз 
Қыр қадірін не білсін! 
Қырда жүрген дуадақ
Су қадірін не білсін! 
Ауылдағы жамандар 
Ел қадірін не білсін! 
Көшіп – қонып көрмеген 
Жер қадірін не білсін! 
Көшсе, қона білмеген, 
Қонса, көше білмеген, 
Ақылыңа көнбеген, 
Жұрт қадірін не білсін! [4, 26 б.] – деп толғанады. Мұнда Асан қайғы «әр нәрсенің 
қадірін соған қатысы бар адам білер» деген ой түйінін айту үшін ең алдымен көлде жүрген 
қоңыр қаздың көл қадірін білмейтінін, қырда жүрген дуадақтың су қадірін білмейтінін 
көрсетеді. Осы толғауда әлденеше рет қайталанған «білсін» етістік-баяндауышы тек 
аналогиялық салыстыруға қызмет етіп тұрған жоқ, сонымен қатар ой түйіндерін жасауға 
қатыса отырып, толғауға тән қарқын мен ырғақ беріп тұр.
Жыраулар толғаулары мен Махамбет өлеңдерінің арасындағы үндестікті осы 
аналогиялық, параллельдік қолданыстардан анық көруімізге болады. Өйткені Махамбет 
поэзиясында да мұндай қолданыстар баршылық. Мәселен, ақынның «Азамат ердің баласы» 
деген шағын өлеңі тұтасымен аналогиялық салыстыруға құрылған: 
Арғымақтың баласы
Аз оттар да, көп жусар – 
Талаудан татқан дәні бар. 
Азамат ердің баласы 
Аз ұйықтар да, көп жортар –
Дұшпанға кеткен ары мен
Барымтаға түскен малы бар[6, 27 б.]. 
Ақынның осындай аналогиялар қолданған туындыларының қатарына «Арғымақ, сені 
сақтадым», «Арғымақтың баласы», «Жалған дүние», «Мұнар күн», «Тайманның ұлы 
Исатай», «Аймақ көл», «Күн қайда?», «Қаршыға деген бір құс бар», «Ұл туса», «Күн 
болған», «Жалғыздық», «Желден де желгір ақбөкен» т.б өлеңдерін көрсете аламыз.
Қорыта айтқанда, Махамбет поэзиясы нәр алған қайнар көздердің бірі жыраулардың 
жыр-толғаулары екені ешбір талас туғызбайтын ақиқат шындық. Жыраулар мен Махамбет 



поэзиясының арасында сабақтастықтың, үндестіктің болуы тарихи заңдылық деп санаймыз. 
Себебі, біріншіден, Махамбеттің дүниеге келіп, өскен ортасы кешегі жыраулық өнердің 
пайда болып, әбден кемеліне жетіп, гүлденген, дамыған өлкесі болды. Екіншіден, жыраулар 
сияқты Махамбеттің өмірі де жауларымен алысып, ат үстінде жауынгерлік жағдайда өтті. 
Сондықтан Махамбет поэзиясында жыраулық өнерге тән, жоғарыда біз тоқталғандай
ұқсастықтар, үндестіктер бар. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет