Аударматанушы



Дата17.10.2023
өлшемі24,74 Kb.
#116940
Байланысты:
thesis72943


АУДАРМАТАНУШЫ М.Әуезов
Аударма біздің ана тіліміздің сөздік қорын байытады, дүниетану өрісімізді ұлғайтады. Аударма туынды – көркем әдебиеттің егіз туған сыңары, бұлар қатар екі ел сөз өнерінің рухани қазынасына айналады.
Аударма мәселелері, соның ішінде көркем аударманың проблематикасы тамырын сонау тереңге жайып жатыр. Оның бастауы ежелгі Римнен басталады. Сол дәуірде аударманың түпнұсқаға адалдығы туралы аса маңызды мәселе төңірегінде Цицерон “аудару кезінде, сөзді санамау керек, керісінше сөзді салмақтау керек” деген екен .
Ұлттық әдебиет өз өмірімен тіршілік етеді. Әрине, ол сол халықтың күллі тарихымен, оның барлық даму жағдайларымен шартты түрде байланыста және басқа халықтар әдебиетімен қарым-қатынаста болады, осы қарым-қатынас ішінде аударманың орны айрықша.
М.Әуезов аударма теориясына байланысты пікірлер айтумен қатар, шетел және орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аудауда өлшеусіз үлес қосқан қаламгерлеріміздің бірі. Ол көркем аударма түпнұсқаның мазмұнымен қатар, бүкіл стилін де дәл беру деген ұстанымды жақтады. Оның аударманың теориясы мен тәжірибесіне байланысты жазылған «Ревизордың аудармасы туралы», «Евгений Онегиннің қазақшасы туралы», «Евгений Онегин на казахском языке», «Қазақ сахнасындағы аударма пьесалар» т.б. мақалалары сол кездегі мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған.
1957 жылы Қазақтың Мемлекеттік көркем әдебиет баспасы «Көркем аударманың кейбір мәселелері» деген жинақ шығарды. Жинақ талантты аудармашы Мұхтар Әуезовтің «Көркем аударманың кейбір теориялық мәселелері» деген мақаласымен ашылады. Автор мақаласында : «Аударма саласындағы көптеген міндеттер нақтылы түрде, түпнұсқаның түрлі қасиеттерін толық беру үшін аудармашы қолданған құрал-тәсілдерді зерттеумен анықталады, ол қасиеттерге: интонация, ырғақ, образдылық/ синонимдердің, идиомалардың, мақал-мәтелдердің, афоризмдердің түрліше астарларымен бірге/ секілді элементтер жатады және бұған ұлттық форманың әрқилы өзгешеліктері, тарихи сипаттары да келіп қосылады»,- деп өз ойын білдіреді.
М.Әуезов Н.В.Гогольдің «Ревизорын», И.С.Тургеневтің «Дворян ұясы» секілді классикалық шығармаларын қазақ тіліне көркем тілмен аударғаны белгілі. Ол ешқашанда аудармада «түпнұсқадағы сөйлемнің көшірмесін беру керек» деп талап қоймайды, қайта керісінше Әуезов «тек дәл аудару ғана үлкен жазушының тіл, стиль, сөйлем ерекшеліктерін бере алатынын» ашып айтады. Дәл осы пікірді біз аударма тәжірибесінде кеңінен қолданып келеміз.
М.Әуезовпен аудармашылық жұмыста тығыз қарым-қатынаста болған А.Пантилев пен З.Кедринаның мына бір естелігіне назар аударайық: «... Мен үшін ең тамашасы-қазақ өлеңдерін орыс тіліне аудару ісіне, соның ішінде автордың /Жансүгіровтің/ өзі тікелей қатысуымен және Мұхтар Омарханұлының басшылығымен аударуға қатысуым болып еді. Біз онда Ілиястың «Дала» поэмасын аудардық. Поэманы үшеулеп отырып аударатынбыз. Мұхтар Омарханұлы, Жансүгіров және мен үшеуміз бірігіп әуелі жолма-жол аударма жасап алдық. Осындай әр отырыста біз бір тарауды аударып тастайтынбыз. Сол кезде менің қолымнан өткен әрбір тарауды дауыстап оқып, талқылайтынбыз, түзетулер енгізетінбіз, содан соң ғана дайын болды деп есептейтінбіз. Осы жұмыс үстінде мен Мұхтардың қазақтың мәдениетіне шын берілген ғажап көзқарасын көрген едім. Әуезов өз мойнында көп те көрнекті жұмыс тұрғанына қарамастан талай тынымсыз уақытын, алуан қырлы еңбегін осы аудармаға жұмсады», - дейді [1,56].
Белгілі сыншы М.Қаратаев М.Әуезовтің аудармашылық рөлін жоғары бағалай келіп, мынандай қорытынды жасайды : «Без большой и многолетней переводческой деятельности Ауэзов, вероятно, не стал бы тем, чем он стал для советской литературы» [2,6].
1963 жылы Мәскеу қаласында жарық көрген «Мастерство перевода» атты кітаптың М.Әуезовке арналғандығы аудармашылық шеберлігінің куәсі іспеттес.
Нағыз шығармашылық дегеніміз көркем аудармада да түпнұсқаның тілдік, стильдік ерекшеліктерін түгел ескере отырып, оның көркемдік қасиеттерін толыққанды жеткізу, әрі қазақша түсінікті да жатық етіп шығару. Осы екеуі шебер ұштасқанда ғана аударма көркем болатыны белгілі. Ал М.Әуезовтің барлық жасаған аудармалары осы айтылған талапқа сай келетінін аударматанушылардың жіті зерттеулерінің қорытындысы бойынша айта аламыз.
М.Әуезов қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларының орыс тілінде жарық көруіне де мол еңбек сіңірді. Белгілі орыс ақыны В. Рождественский: «Абай Құнанбаевтың мен аударған шағын жинағы Алматыда 1936 жылы басылып шықты. Оның жарық көруіне себепші болған Мұхтар Әуезов. Бұл соның идеясы болатын. Және оның толық жүзеге асуына ол өзі барынша атсалысты. Оның достығы аудармашы еңбегінің межелі жерден шығуы екі талай еді», деп ұлы Мұхтар Әуезовтің аудармашы ретіндегі қызметінің бір қырын көрсетеді.
ХХ ғасырдың Гомері атанған Жамбыл Жабаевтың шығармаларының орыс тіліне аударылуына да себепші болған Мұхаң еді. М.Әуезов аудармада Жамбылдың «өзі өзгеріп» жаңғырып, «жаңарып» кетпеуін, оның образдылық жүйесі, ұлттық өрнек бояуы, өлең құру ерекшелігі қаз қалпында сақталуын қатты қадағалаған. Ол: «Жамбыл сегіз қырлы, бір сырлы суреткер. Оның толып жатқан ертегі, эпиграмма, памфлет, мақал-мәтел, нақыл сөздері бар. Міне, солардың бәрін мұқият жинақтап, солардың бәрін аудару қажет. Тек сонда ғана Жамбылдың нағыз жезтаңдай жыршы, халықтық сөз зергері ретіндегі алып тұрған тұлғасын анықтауға болады» – деген тамаша пікір айтқан. Яғни, аудармашыларға ақыл-кеңес беріп отырған.
Аударматанушылар жиі айтатын: «Көркем аудармаға қойылатын ең басты шарт – шығарманың көркемдік идеялық күші мен эстетикалық ләззатын жеткізу. Ол ең алдымен, көркем болсын, әсерлі де тартымды оқылсын»,- дегенді де айтқан Мұхтар Әуезов еді.
Кеңес жазушыларының Бүкілодақтық ІІ съезінде Павел Антокольский, Максим Рыльскиймен бірігіп Мұхтар Әуезов көркем аударма туралы баяндама жасайды. Баяндамадан үзінді келтірейік: «Дарование переводчика сродны способности артистического, сценического перевоплощения. Это особая отзывчивость на творчество другого человека, особое умение творческий воплотить в себе чужую манеру, пережить и передать ее в своих переводах. При наличи такого уменья и такой способности переводчик является полноценным творцом и художником слова». Керемет пікір, аудармашылардың естен шығармайтын пікірі деп есептейміз.
Аудармашының дарындылығы бейнелеп отырған өмір көріністері мен құбылыстарына авторша қарап, авторша толғанып, қаламды авторша сілтеумен өлшенеді.
1918 жылдан бастап қазақ елі М.Әуезовтің аударма туындыларымен таныса бастағаны белгілі. Осы жылы Л.Н.Толстойдың «Будда» деген әңгімесін аударады. басылады. Аударманың көркемдік сапасы, әсіресе сол дәуірдің тұрғысынан қарағанда, біршама жоғары. Оның орындалу шеберлігі жағынан бұған дейінгі аударма еңбектердің алдыңғы қатарына да қоюға әбден болады. Аудармашы түпнұсқаның баяндау жүйесін бұзбай, бөлшектемей, әрбір ойды, іс-әрекетті қазақтың әдеби әрі көркем сөздермен жатық етіп беруінде. Аудармашы еркін тәсілді қолданған. Еркін дегенде, жөні жоқ ауытқушылық кездеспейді.
Аудармашы ұстаған принциптері туралы 1936 жылы жазған «Мәңгі жасайтын Шота Руставели» деген мақаласында біраз ойлар бар. Грузин халқының талантты ақыны Шотаның «Жолбарыс терісін жамылған батыр» деген атақты поэмасын аударуға қазақтың ірі ақындары кіріскендігін мәлімдейді, соған байланысты аударма жайында біраз ойларын ортаға салады. Поэманы қазақша аудармастан бұрын, басқа тілдердегі аудармаларымен танысуға шақырады. Автор әрбір аудармаға жан-жақты әзірлікпен, ғалымдық мағлұматпен, сол тақырып жайында терең білімі мен кірісуді талап етеді. Ол аударма да түпнұсқаның көркемдік, стильдік ерекшеліктерін, ой тереңдігін жеткізуді бірінші кезекке қояды. Ш.Руставелидің өз жанынан мақал шығарғыштығын, аз сөзге көп мағына сыйғызып, терең метафора үлгісімен салыстыра сипаттайтын кестесі мол ақын екенін ескертеді. М.Әуезов: «... сол ерекшеліктер мен асылдандыра аса ұқыпты боп отырса, міндеттің зоры да, қадірлісі де осында. Біздің ақындар мәдениеттердің бір-бірімен жақындасу жолында қабысып табысуына жәрдем етеді. Тарихтың маңызы зор, мәдениеті міндетті ада қылады», – деп түйеді. Бұл да аудармашы қызметінің тарихи маңызын көре білгендік деп саналады.
М.Әуезов 1954 жылы «Правда» газетіндегі бір мақаласында былай дейді: «Аударма мәдениеті үздіксіз өсіп келеді. Сонымен бірге, қазіргі бір аудармалардың өзінің де маңызын елемей, оны «мәртебелі ғылымның» назар аударуына арзымайтын нәрсе деп кемсітуге болмайды. Ондай пікірден қауіпті қорытынды шығып кетуі мүмкін. Ең алдымен, тұтас алғанда, түпнұсқаның бар қасиеттерін беруге болмайды деу, сөйтіп әдебиет жайындағы ғылым үшін көркем аударманың маңызын жоққа шығару-түпнұсқаның тілін екінші тілде бейнелеуде келмейтін әлдеқандай бір құпия жазу деп бағалағандық болар еді». Қазіргі аударма теориясын зерттеушілердің бірсыпырасы М.Әуезовтің осы пікіріне жүгінеді. Өйткені, көркем аударма мәдени жаңа және тарихылық жағынан да, саяси-идеялық жағынан да жалпы мемлекеттік маңызы бар іске айналып отыр. М.Әуезов ешқашанда да аудармада «түпнұсқадағы сөйлемнің көшірмесін беру керек» деген талап қойған емес. Егер ол аудармада түпнұсқаның стилін толық талап еткен болса, бұдан оның «көшірмесін беру керек» деген талап қойған емес. Егер ол аудармада түпнұсқаның стилін толық талап еткен болса, бұдан оның «көшірмесін жасалсын» деген ұғым тумайды. Қайта ол аударманы шығармашылық өнер деп қараған адам. Түпнұсқаның үн-ырғағын, барлық ерекшелігін жеткізу – аударманың негізгі талабы, мақсаты. М.Әуезов тек дәл аудару ғана үлкен жазушының тіл, стиль, сөйлем ерекшеліктеріне бере алатын болады» деп ашып айтты. Ал дәл аудару – көшірме жасау емес. Әңгіме көркемдік тұрғыдағы дәлдікте болып отыр. Оған үлкен шығармашылық шеберлікпен ғана жетеді.
Ал 1952 жылы И.С.Тургеневтің «Дворян ұясы» атты романды аударуына байланысты жазған мақаласында М.Әуезов: «Мен шамам келгенше ең алдымен романды дәл аударуға тырыстым» деген болатын. Бұл турасында, сыншы, академик М.Қаратаевтың кезінде: «аудармашы түпнұсқаға сөзбе-сөз ұқсатамын деп, кітаптың оқушыға түсініктілігін ауырлатып алған. Тургенев прозасының нәзік психологиялық суреттерін толық жеткізе алмаған» деп айтқан пікіріне аудармашы Ә.Сатыбалдиев те қосылады. Бұл сын-пікір аудармашының тірі кезінде айтылған болатын. Дегенмен бұл аударма ғылыми тұрғыда зерттеуді талап етеді. Өйткені, мұнда аударма өнерінде не бір тамаша үлгілер көрсетіп, еркіндік пен дәлдікті шебер ұштастыра білген классик жазушының мақсатты жасаған бетбұрысы еді. Сондықтан бұл еңбек дәл аударудың жолындағы қиыншылықтарды көрсететін туынды.
Л.Соболев : «Ол орысша өте шешен де әдемі сөйлейтін. Маған өзінің туып өскен даласы туралы айтқанда соншалықты дәл әрі әсем орыс сөздерін тауып қолданатын, соған қарағанда, өзінің ана тілін қандай тамаша біледі деп еріксіз ойланатынсың!»,- деп ұлы аудармашы туралы жоғары пікір айтқан[1,17].
М.Әуезовтің көркем аударма теориясына байланысты айтылған келелі пікірі қашанда маңызды.
М.Әуезов Гогольдің «Ревизор» пьесасын қазақ тіліне аударды. Аударма қазіргі кезге дейін өз құнын кеміткен емес. Аударманың негізгі түрлерін /сөзбе-сөз, еркін, балама/ шеберлікпен ұштастыра білген. У.Шекспирдің «Отелло», «Асауға тұсау» драмаларын қазақ тіліне аударды. Аталған шығармалар М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының репертуарынан өзіндік орын алған.
Қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын қазақ тілінен орыс тіліне аудару кезінде орыс аудармашыларының көбі М.Әуезовпен пікірлесіп, ақыл-кеңес сұрайтын. Мысалы, орыс жазушысы әрі аудармашы Алексей Пантилев, әдебиет зерттеушісі Сергей Даронян оның аудармашылық қызметтегі көмегіне байланысты естеліктерін жариялады.
1972 жылы «Жазушы» баспасынан орыс тілінде шыққан «Мухтар Ауэзов в воспоминаниях современников» дейтін жинағы ғалымның көркем аудармадағы қызметіне байланысты талай қызықты естеліктерді топтастырған еңбек деп саналады.
М.Әуезовтің аударматануға байланысты айтылған мынандай пікірлері бар:

  • «Қызыл тілге, шешендікке салынбаңдар, ол аударманы түпнұсқасынан алыстатып әкетеді. Оригиналдан лағып кетуге болмайды, ондай шығындап кеткен аудармалар тіпті соны жазған автордың шығармасы деудің өзі қиын болады».

  • ... благодаря переводу произведений великой русской классической литературы, я переводчик-писатель, сам стремлюсь научиться мастерству этого прекрасного образца. Точная передача предложения – основа точного воспроизведения стиля писателя, зная его можно полностью понять своеобразия и особенности этого писателя...

  • «Аудармада автордың өзіндік ерекшеліктерін жеткізу үшін сөйлемді бөлшектемей, тұтас аудару керек. Тұтас аударумен қатар автордың стилін неғұрлым айқынырақ көрсету үшін, сол сөйлемнің ерекшеліктерін, тыныс белгілеріне дейін, сол күйінде, бұлжытпай дәл беру керек.

  • «Біздің әдебиетімізді қай салада болмасын байытып, өсіруге көмекші боп келе жатқан істің бірі аударма екені мәлім. Біз поэзиялық және драматургиялық үлгілердің талайын орыс тілінен қазақшалап аударып жүрміз. Бірақ әлі күнге «Көркем аударма қалай істелсе ойдағыдай шығады» деген әрі ғылымдық, әрі творчестволық жауапты сұрақтарға нақтылы шешу сөз айтылмай келеді. Әрбір аудармашылық әрекетіміз табыстармен, кемшіліктермен ескеріліп, тексерілмей жүр. Неғұрлым аудармашылық еңбектеріміз көбейе түссе, соғұрлым аудармалық тәжірибеге қорытынды, тиянақты жетекшілік пікірлер айту қажет бола түседі».

  • «Тарихтық жаңа дәуірдің мақтаныш табысы ретінде тағы да еске алатын бір жайымыз бар. Революциядан бұрын өзге халықтың тіліне қазақ әдебиетінің шығармасы аударылмаған екен».

  • «Асылы, жолма-жол аударма дегеннің өзі түпнұсқа мен оны өзге тілге аударушы-әдебиетші арасында жүрген, тілінің мүкісі бар адам сияқты нәрсе ғой, ол өткен заман тілмаштарына ғана керек болар. Жолма-жол аударма ең жақсы дегенде сөздің тура сұлбасын, бергі жағынан ғана түсінікті мағынасын жеткізе алар. Ал көркем проза мәтіні дегеніміз де поэтикалық мәтін сияқты ғой, оның да көп-көп қосарлы, қосалқы қасиеттері – мән-мәнерлері, нюанстары, обертондары бар».

  • «Ешбір жағдайда да түпнұсқаны ұстай қатып, соның ағымымен қалай болса солай жүре бермеңіздер. Өйтсеңіздер шығармашылық аударма емес, жолма-жол аударманың біраз жақсартылған түрі ғана болып шығады. Қажет жердің қандайда да болса да, сөйлемді сығымдап құруды ойлай отырыңыздар. Мұның аса қажеттілігі сонда – қандай жолма-жол аударма болса да (тіпті нағыз аударманың өзінде де) сөйлем түпнұсқадан ұзынырақ болатынын байқап жүрміз. Сондықтан сөйлемді неғұрлым ықшамдай мәнерлеп, орыс тілінің нақ осы тектес сұлулығын пайдалана отырып аударыңыздар.

«Көркем аударманың кейбір мәселелері» дейтін мақаласындағы: «Аударма саласындағы көптеген міндеттер нақтылы түрде, түпнұсқаның түрлі қасиеттерін толық беру үшін аудармашы қолданған құрал тәсілдерді зерттеумен анықталады, ол қасиеттерге: интонация, ырғақ, образдылық /синонимдердің, идиомалардың, мақал-мәтелдердің, афоризмдердің түрліше астарларымен бірге/ секілді элементтер жатады және бұған ұлттық форманы әр қилы өзгешеліктері, тарихи сипаттары да келіп қосылады», -деген ойы көркем аударманың тәжірибесі мен теориясына өлшеусіз еңбек сіңірген жазушы, ғалым М.Әуезовтің аударматанушы ретінде жасаған ғылыми қорытындысы еді.


Пайдаланған әдебиеттер тізімі:



  1. «Біздің Мұхтар», Алматы: Жазушы, 1976-431 б.

  2. «Мастерство перевода», М., 1963.

  3. Қаратаев М.Көркем әдебиет туралы ойлар. - Алматы : Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиетбаспасы, 1958. - 442 б

  4. М.Әуезов. Толық шығармалар жинағы. 20 томдық. Алматы : Жазушы. 1979.


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет