Сұлушаш – негізгі кейіпкер. Жырдағы Сұлушаштың портреті:
Қарақат көз, қыр мұрын, ұзын кірпік, Тістері меруерттің тізген тасы. Бетінен нұры бөртіп, қаны тамған Толқыған сұлу айдай кесер басы. Мойыны иірілген аққу сынды, Тамағы торғындай боп тартты күнді. Қан-қызыл, жұқа ерін, оймақ ауыз, Қиылып құмырсқадай белі үзілді. Тілеуберді бай – Сұлушаштың әкесі.
Алтай – Сұлушаштың сүйген жігіті, кедей. Тілеуберді байдың жылқышысы. Алтайдың поэмадағы портреті:
Күн-күн санап толқыды туған айдай, Қап-қара көз, қыр мұрын, қасқа маңдай. Қаз мойынды, кең иық, кесек тұлға, Тіп-тік боп тауда өскен қарағайдай. Қайсар – Алтайдың досы. Сұлушаш пен Алтайдың қашып кетуіне көмектескен сенімді жолдасы.
Сейіл – Алтайға Сұлушаштан хабар әкелуші жігіт.
Тортөбел – Алтайдың мінген аты. Тортөбелдің поэмадағы сипаты:
Сарлатып қос Тортөбел жортты желіп, Тер шығып, бойларына кірді желік. Аузымен ауыздықты сүзе шайнап, Ойнады үстерінде аппақ көбік. Танаудан будақ-будақ дем шығарып, Желпілдеп желбезегі желеуленіп, Түйіліп, қамшылатып құлақтарын, Келатқандай қауіпті көзі көріп... «Сұлушаш» – бас бостандығы, өз бақыты үшін күрескен Алтай, Сұлушаш, Қайсардың қайғылы қазасымен аяқталған трагедиялық поэма.
С. Мұқанов – проза саласында қарқынды еңбек еткен жазушы. С. Мұқановтың «Ботагөз»,_«Теміртас»,_«Өмір_мектебі»,_«Аққан_жұлдыз»,_«Балуан_Шолақ»,_«Сырдария»'>«Мөлдір махаббат», «Ботагөз», «Теміртас», «Өмір мектебі», «Аққан жұлдыз», «Балуан Шолақ», «Сырдария» атты прозалық туындылары бар. Жазушының проза жанрындағы ізденісінің сәтті жемісі – «Ботагөз» романы алғаш рет 1938 жылы «Жұмбақ жалау» деген атпен шыққан Кейіннен жазушы өңдеп, толықтырып шығарманың негізгі кейіпкерінің есімімен «Ботагөз» деп атаған. Роман 1) «Тұңғиықта»; 2) «Таң атарда»; 3) «Күн күлімдегенде» деген үш бөлімнен тұрады. Сегіз тараудан тұратын «Тұңғиықта» бөлімінде қазақ ауылының патшалы Ресейге бағынышты халі, Романовтар әулетінің 300 жылдығын салтанатпен атап өту оқиғалары сөз болса, жеті тараудан құралған «Таң атарда» бөлімі патшаның 1916 жылғы қазақтан майданның қара жұмысына адам алу жөніндегі жарлығына байланысты халық көтерілісі баяндалған. Романның төрт тараудан тұратын «Күн күлімдегенде» деген үшінші бөлімі 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының 1917 жылғы орыс төңкерісіне ұласуы, азамат соғысы дәуірінің шындығы сияқты дәуірлік мәні бар оқиғалар көрсетілген. Романның кейіпкерлері:
Ботагөз – оқыған, өзіндік ой-өрісі қалыптасып, төңкерістік дәрежеге дейін жеткен жаңа тұрпатты қазақ қызы. Ботагөз бойындағы қасиеттер: адалдық, әділдік, махаббат, достыққа беріктік, сабырлылық, батылдық.