«Қазақ Әдебиеттану ғылымы: ДӘСТҮр және сабақтастық» атты



Pdf көрінісі
бет25/92
Дата23.10.2023
өлшемі2,56 Mb.
#120672
түріСабақ
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   92
 
 
 
 


76 
Ф. ОҢҒАРСЫНОВА «САЙРАҒАН ЖЕТІСУДЫҢ БҰЛБҰЛЫМЫН»
ПОЭМАСЫНДАҒЫ АҚЫН САРА БЕЙНЕСІ 
 
Рымбаева А 
«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 4 курс студенті- Ақтау қ., Қазақстан 
Ғылыми жетекші: Каримсакова Б.А.,- Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар 
және инжиниринг университеті,- «Қазақ филологиясы» кафедрасының 
қауымдастырылған профессоры м.а. - Ақтау қ., Қазақстан 
Қазақ әдебиеті тарихында өз бағасын алып, өзіндік айқын қолтаңбасымен 
ерекшеленетін Қазақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері, көрнекті ақын 
Ф.Оңғарсынова поэзиясы хақында әдебиетші-ғалымдарымыздың өздерінің ғылыми талдау-
тұжырымдары, бағам-байлаулары баршылық. Ақын лирикасын зерттеген З. Мүтиевтің 
сөзімен айтсақ, “Ф. Оңғарсынова поэзиясының табиғатын тану алыптардан бастау алады” 
[1,24]. 
Әдебиет атты әлемде әрбір суреткердің қызыға, қызықтыра жырлайтын өзіне етене 
жақын тақырыбы болатыны белгілі. Сол арқылы оның авторлық идеясы, дербес көзқарасы 
аңғарылып жатады. Ф. Оңғарсынованың шығармашылығындағы басты тақырыптардың 
бірі – әйел тағдыры, әйел жолы. Әйел тәкаппарлығының, әйел жанының азаттығын өз 
халқының өткен тарихынан іздестіру – Фариза поэзиясының өзгешеліктерінің бірі. 
“Оңғарсынова лирикасындағы өзгешелік сол – ондағы әйелдер образы типтік дәрежеге 
дейін көтерілген бейне саналады. ...Суреткердің қаламынан туған әйел тағдыры, оның өмір 
түйткілдерінен сыр тартқан сан қилы поэтикалық дүниелердің ауқымы да қомақты” [ 2,11].
“...Шынымды айтсам, мен жалпы әйел тағдырының жүгі көбірек, қиынырақ дер едім. 
Ал нағыз өнердің шытырман жасы, тіпті суреткерлік табиғаты әйелге бұйырса, ол екі есе 
қиын. Тағдыры өнермен байланысты әйелдер жайлы ойланатыным да осыдан болар. Қазақ 
әйелінің бойындағы адам таңғаларлық ғажайып қасиеттер кім-кімді де табындырады деп 
ойлаймын. Ал, заманның қаталдығына, қыз жолының жіңішкелігіне қарамастан, қазақ 
қызының қабілетін, өнерін халыққа таныта білген Сара, Майра, Диналарға гимн жазса да 
артық болмас еді” [2,189], – деген Фариза қазақтың біртуар талантты да қайраткер 
қыздарына арнап бірнеше поэмалар жазды. Соның бірі – атақты “Жетісудың бұлбұлы” – 
Сара Тастанбекқызының өмір тарихын, өнер жолын арқау еткен “Сайраған Жетісудың 
бұлбұлымын” поэмасы.
Поэмаға негіз болған бас кейіпкер – Сара Тастанбекқызы тарихта болған, 1878-1916 
жылдар аралығында өмір сүрген айтыскер ақын. Туған жері – Алматы облысының Қапал 
ауданы. Руы – Найман. Сара әкесінен ерте айырылады. Өзінің қысқа ғұмырында 
тауқыметтің талайын көріп, әлеуметтік теңсіздіктің тәлкегіне ұшыраған Сараның 
шығармашылық жолы тым ауыр да күрделі. Сараның өмір жолы, оның жеке өмірінің кейбір 
сәттері жөнінде “Сара Тастанбекқызының өмірбаяны мен творчествосы туралы деректер” 
деп аталатын жоғарғы оқу орындары студенттеріне арналған шағын зерттеу еңбекте
біршама мағлұматтар беріледі. ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақтың аяулы ақын қызы Сараны 
біреулер тарихи тұлға десе, екіншілері – Сара көркем бейне, жиынтық тұлға деседі. 
Дегенмен, Сараның өмірде нақты болғандығын дәлелдейтін жайт – оның өлеңдері. Осы 
тектес даулы сұрақтар “Біржан-Сара” айтысының айналасында да өрбіді. “Біржан - Сара” 
айтысының өмірде нақты болғандығы, я болмағандығы турасында қазақтың академик – 
жазушысы С. Мұқанов былай деп жазады: “Сараны Біржанның іздеп баруы анық. 
Біржанның Нұржан деген ағасының баласы Ахметжанды мен қартайған шағында көрдім. 
Ахметжан: “Мен Біржанға атқосшы болып барып ем, Сараны көрдім, айтысқандары рас”, – 
дейтін. Халық әдебиетін жинаушы, Біржан мен Сараның айтысын алғаш рет баспаға берген 
Жүсіпбек Шайқұлисламов бұл айтысты Сараның аузынан жазып алдым дейді” [3,29]. 
Ал біз сөз етіп отырған Ф. Оңғарсынова поэмасындағы Сара бейнесі мүлде бөлек 
көркемдік арнада ашылады. Ф. Оңғарсынованың поэзиясындағы қазақ әйелдерінің 


77 
суреттелуінің өзіндік ерекшелігі бар. Оның “әйелдері” әр дәуірдің, әр кезеңнің өкілдері 
болып келгенімен, олар іштей өзара бір-бірімен біртұтастық табады. Ол тұтастық –
олардың мінездерінен байқалады. 
Сараны өзінің өнердегі ұстазына айналдырған ақын “Бұралаң жол, бұрқасын 
өткелімен, Сендік тағдыр менің де тағдырымдай”, – дей келе өткелі көп өлең өлкесінде өз 
өмірі мен кейіпкерінің өміріндегі ұқсастықты аңғартады. Шынында да, поэмадағы Сара 
ойларынан, Сара сөздерінен лирикалық қаһарманның тұлғасын көру қиын емес. Яғни, 
ақындық “мен” Сара бейнесі арқылы көрініс табады. Осы орайда неміс философы Ф. 
Ницшенің: “Лириктің образдары ақынның өзінен басқа ешкім де емес, бұл тек оның әрқилы 
формада объективтенген тұрпаты” – деген пікірі ойға оралады. Сара қыздың тағдыры ақын 
үшін поэма арқауы ғана емес, лирикалық кейіпкер өмір сүрген қоғамды, ондағы адамдарды 
танытудың өзіндік тәсілі де.
Айтыссам ақ бұлақтай ақтарылам, 
Кешпеймін біреулердей жыр жылымын, – деп айбынды үн қатқан лирикалық
қаһарман жырға, сөз өнеріне қатаң талап қояды. 
Жыршы емес, елдің жүгін тарта алмаса, 
Таңдайға алмас сөзді арқандаса. 
Іштегі буырқанған жай тасқынын 
Жасқанып, ақтара аламай жалтаңдаса – дейді. “Айтпаса, сөздің атасы өледі”. Ақын 
болып тұрып халықтың жүрегіндегі сөзді жеткізе алмаса, жырыңа елдің мұңын 
ортақтастыра алмасаң, сенің ақынмын дегенің де құр бекершілік. Ақын “таңдайға алмас 
сөзді арқандатумен” осы айтпақ ойын көркемдеп, аз сөзге көп мағына дарыта түскен. 
Поэманың басында ақын Сараның жыр туралы найзағай жарқылындай өткір пікірлері 
айтылса, екінші, үшінші бөлімдерде Сара қыздың туған жер туралы толғаныстары сөз 
болады. “Жер жәннаты Жетісудың” сұлулығы Сара шабытына шоқ тастайды. “Жаңғыртып 
жоталарын, Шырқаймын құз басынан. Жаныма от аламын, Найзағай сырғасынан”, – деп 
туған жерін жырға қосқан ақын қыздың қиялы алыстарды шарлайды. 
Шынында да, ақынның лирикалық кейіпкер – әйелдерін үнемі бір кейіпте көру 
мүмкін емес. Және олар өз басының тыныштығын ғана ойлап, бір сарынды өмірді 
ұнататын, бейғам жандар емес. Қажет кезінде қолына қару да алатын, дауды шешер билік 
те айтатын өресі кең, өр мінез иелері. Осындай қасиеттердің кейбірін автор ақын Сараның 
бойына да дарыта көрсетеді. Сараның сол ауылдың белді бір байының жылқысын ұрлаған 
кедей жігітке байдың өзінен кешірім беруді сұрап, тұтқыннан босатуын өтінгені поэманың 
төртінші бөлімінде сөз болады.
Байеке, жаралғансыз нық тұғырдан
Ел билер ерлер ғана жұрттты ұғынған. 
Ұрлаған бір жылқыны мен төлейін 
Жігітті босатыңыз тұтқынынан [4, 10]. 
Поэмада автор кейіпкер сөзіне аса мән берген. Автордың ақын Сараның аузына 
салған осынау намысты, қайратты сөздері кез-келгенге жараса бермейтін, санаулы 
жандардың ғана еншісіне тән батыл ойдың жемісі. Кейіпкердің характерін ашу мақсатында 
топ алдындағы көпшілікке бағытталған сөздерін молынан пайдалану арқылы Сара образын 
айқындауға тырысады. Өз басының бостандығын қорғай алмаған Сара азаматтың ары 
тапталғанда жаны күйіп, араша тілейді. Бұл да ақын жырларына тән “Батылдық” мотивінің 
бір көрінісі. Қажет жерінде бұқпантайламай, бой көтеретін осы сипат ақынның барлық 
поэмаларына ортақ. Адамзат өмірінің мәңгілік еместігін, тіршіліктің тұтқасы сыйластықта 
екендігін айтқан асқақ үнді Сара ақын бостандықты жыр етеді: 
Ел бастап, ат мінгенмен кем күн бүгін, 
Жарытпас, сезе алмаған ел тірлігін. 
Бостандық – тұңғыш байлық бұл далада
Жігіттің қайтарыңыз еркіндігін [4, 10]. 


78 
“Біреу бай, біреу жалқы күн кешетін бұл заманда басты байлық-бостандық” деген 
ойды қуаттайды. “Бақ деген, байлық деген жанға қонақ, Шығады ажал бір күн алдан орап”, 
– деп, халық аузындағы “Дүние ойлап тұрсам шолақ екен, адамдар бір-біріне қонақ екен”, 
– деген өмірлік пәлсафаны жаңашылдықпен жалғастыра жырлайды. Поэманың келесі 
бөлімінде Сара қыз өмір жайлы, оның сан алуан құбылыстары: алауыздық пен татулық, 
махаббат пен жауыздықты жырға қосып, үлкен бір философиялық ой түйіндейді. Бұл бөлім 
тек құрылысы жағынан ғана емес, мазмұны тұрғысынан да халыққа ақыл-өсиет, нақыл 
түрінде айтылатын толғау жанрына жақын, жыраулар поэзиясымен үндесіп отырады. 
Қызы едім Тастанбектің, атым – Сара, 
Дарамын туа біткен ақыл – сана,
Еркінмін, нәзік жанмын, тәкаппармын – 
Осылай тәлім берген ақылшы ана, - 
деген үзіндіден аңғарылатын еркелігімен қатар ер мінезді Сара қыздың да еркіндігі 
ұзаққа бармайды. Өзі өмір сүріп отырған уақыттың басты трагедиясы – қалың малға ол да 
тап келеді. Өзінің ықтиярынсыз күйеуге бермек болған аға-жеңгелеріне деген Сара қыздың 
наразылығы поэманың алтыншы бөлімінде сөз болады. Тайғақ тағдырлы қазақ қызының 
басына қалың мал қамытының киілуімен, бәрін жазмышқа сүйей салып, ең бастысы малды 
ауыл болса болды деген сол кездегі қараңғылықты, надандықты ақын жыр-жебемен аяусыз 
жаншып отырады. Қазақ қызының басына уақыт салған салмақпен қоса “Байтал шауып 
бәйге алмас” деген шынжыр ұғымның аяқтан шалуы – міне осылардың барлығы Сара 
образы арқылы ашылады. 
“Не дейміз?” “Жазымыш қой!” Жыла, жаным! 
Жаны – жат, керең кеуде – бұл адамың. 
“Жақсы ауыл?” Ауыл жақсы қай кезде де, 
Қажетсіз ақ ордалы құдаларың! [4,14 ]. 
Ән мен жырдың думаны, Сара өз бақыты үшін күресе біледі.
“Таңдаймын қалауымды! Еркімді бер,
Табамын дала кезіп, құздарды аттап!” деп эпостық шығармалардағы аруларға тән 
ірілік көрсетеді [3, 160]. 
Сара ақынның бары да, бақыты да – өлеңдері. Үш жүзге даңқы жайылған ақын кәріге 
де жасқа да жырларымен жылылық таратты 
Келер жас ой тереңнен шашса жақұт 
Жоқ менде басқа тілек, басқа бақыт, - деп келер ұрпақтан жылымшы, жасық жыр 
емес, отты жыр күтеді. Ақын кейіпкері жастығына қарамай, парасатты терең ой айта біледі. 
Поэмадағы Сара қыз тек өнерімен ғана бағалы емес, оқырманына айналасында болып 
жатқан ірілі-ұсақ қоғамдық маңызды істерге араласа білетін ақыл иесі ретінде де танылады. 
“Сайраған Жетісудың бұлбұлымын” поэмасы тек қана ақын қыздардың өмірін өрнектеумен 
ғана емес, замана сипатын дәл бере білуімен де құнды.
Қазақтың ақын қызы, “Жетісудың бұлбұлы” – Сараға арнаған Фариза поэмасы 
тағдыры өнермен егіз қазақ қыздарының ғана өмір жолын арқау еткен жоқ, жалпы “тайғақ 
тағдырлы” қыз тағдырына арналды. Поэма сонысымен құнды. 
ӘДЕБИЕТТЕР 
1. Мүтитегі З. Ф.Оңғарсынованың лирикасы. Филология ғылымының кандидаты 
ғылыми атағын алу үшін дайындалған диссертация. Алматы.2000. 
2. Қабош Б.Қазіргі қазақ поэзиясының түрлік – бейнелілік ерекшеліктері. 
Кандидаттық диссертация. Алматы. 2006. 
3. Қазақ поэзиясының антологиясы. (ХХ ғасырдың бас кезі). – Алматы: Ғылым, 
1992. – 488б. 
5. Оңғарсынова Ф. Екі томдық шығармалар жинағы. 1- том. Алматы: Жазушы. 
1987. 


79 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   92




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет