Қазақ фольклорын зерттеу мәселелері: ХХ ғасырдың бірінші жартысы



бет6/55
Дата28.03.2022
өлшемі1,32 Mb.
#29004
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   55
Байланысты:
аза фольклорын зерттеу м селелері ХХ асырды бірінші жартысы

2 Оқу-ағарту мақсаттағы еңбектер
2.1 Мақалалар

ХХ ғасырдың бірінші жартысында фольклорды теориялық тұрғыдан зерттеу жұмысы Қазан төңкерісінен кейін қолға алына бастады. Бұл кезеңде фольклор мен әдебиеттің өзара байланысын, сондай-ақ қазақ фольклорының жекелеген жанрларын зерттеуге көңіл бөлу өсті. Кеңестік фольклористикада фольклор мен әдебиеттің өзара байланысына ерекше назар аударылды. Бұл мәселені зерттеу жұмыстарының негізі сонау 1920-шы жылдары қалана бастады. Бұл кездегі ғалымдар көзқарастарында қарама-қарсы екі пікір қалыптасты: бірі – әдебиетте фольклордың ізі жоқ дегенге табан тіресе, енді біреулері – керісінше, әдебиетте фольклордың элементтері кездеседі дегенді алға тартты.

Сонымен қатар фольклордың теориялық мәселелері де зерттеле бастады. Мәселен, қазақ фольклорының әр түрлі жанрларының

өзіндік жеке ерекшеліктерін ажырату, саралау, сараптау т.б. жұмыстарының негізі қаланды. Көбінесе ертегілер, батырлар жыры, тұрмыс-салт жырлары т.б. тәрізді фольклор жанрлары қарастырыла бастады.

Қазақ фольклортану ғылымы тек Кеңестік дәуірде ғана түбегейлі қалыптасты деуіміз Қазан төңкерісіне дейін қазақ фольклоры жайында жүргізілген кейбір зерттеу еңбектерін жоққа шығармайды. Мәселен, Ш. Уәлиханов, В. Радлов, Г. Потанин, П. Мелиоранский, Ә. Диваев т.б. тәрізді ғалымдар мен ағартушылардың жалпы қазақ фольклоры туралы, оның кейбір жанрлары жайында айтқандары бар. Әрине, мұнда пікірлер үлкен ғылыми зерттеу еңбектерінің міндеттерін атқармаса да, қазақ фольклортану ғылымының қалыптасуына үлкен әсер еткені күмәнсыз.

Мәселен, қазақ халық поэзиясын жинаумен зерттеуде Г. Потаниннің қосқан үлесін бағалағанда, ең алдымен, оның ертегі, эпосты зерттеуге қаншалықты мол еңбек сіңіргені көзге түседі. Г. Потаниннің жиған-тергендерінің арқасында фольклордың құрамы әлемнің жаратылысы, рудың шығуы туралы және қиял-ғажайып, тұрмыс-салт, мысқыл-сықақ ертегі, аңыздармен толықтырылды. Салыстырмалы әдістің кемшіліктеріне қарамастан Г. Потаниннің қазақ, ұйғыр, монғол және Сібір мен Алтайдағы түркі тілдес халықтардың поэзиясындағы өзара жақындықты анықтауы да аса бағалы [31].

Халық мұрасын қолма-қол жинау арқасында, әрі халықтың өмірі мен әдет-ғұрпын ұзақ жыл бақылаудың нәтижесінде Ә. Диваев өзінің зерттеу жұмыстарына негіз етіп халықтан алынған дәйекті материалға сүйенді. Қазақ халық поэзиясын зерттеуші ғалымдар мен замандастары: В. Радлов, Г. Потанин, И. Березин, А. Васильев, П. Мелиоранский сияқты Ә. Диваев те қазақ поэзиясының ерекшеліктері туралы көп ізденді. Қазақ халық поэзиясының шығармалары басқа да халықтардың фольклоры сияқты «халық көзқарасының сәулесі», оның рухани бейнесі мен ұлттық характері екендігін ол жақсы түсінді [32].

1920-шы жылдардың басында қазақ халқының ауыз әдебиеті жайында көтерілген мәселелер баспасөз беттерінде үлкенді-кішілі мақалалар, зерттеулер түрінде жариялана бастады. Мұнда қазақ фольклорын жинау, жариялау, зерттеу, бағалау мәселелері көтерілді. Мұның өзі халық ауыз әдебиетін зерттейтін қазақ фольклортану ғылымының қалыптасуына негіз салды. Сол тұста қазақ фольклоры туралы жазылған кішігірім мақалалардан басталған фольклортану ғылымы идеология майданында таптық күрес, фольклордың тарихи және оның қоғамдағы рөлі жайында көтерілген мәселелерге белсене араласты.

Сол кездегі Кеңес үкіметі қолдауына сүйеніп, үстемдік алған солақай пікірлер Қазан төңкерісіне дейін жарияланған фольклор үлгілеріне:

1) шығыстан келді;

2) ұлтшыл-буржуазиялық көзқараста деп сынға алды;

3) халыққа қатысы аз;

4) феодалдық қоғамға бас иеді деп;

5) діни-шығыстық шығармаларға ғана назар аударады;

6) ғылымға буржуазиялық талап негізінде ғана келді;

7) қарапайым халық мәдени бағалықтарды қалыптастыра алмайды;

8) байлар үстемдігі;

9) тап тартысы тұрғысындағы т.б. сыңайдағы сыңаржақ пікірлер үстемдік етіп, фольклордың біржақты ғана зерттелгені де белгілі. Соның салдарынан да фольклорды зерттеу халықтың ұлттық ерекшелігін түсіну үшін қажет деп, сөз жүзінде мойындалған болса да, іс жүзінде фольклорды жинау мәселесіне арнайы қомақты еңбектер жазылған жоқ.

Идеологиялық күрестің негізінде қалыптаса бастаған Кеңестік қазақ фольклористикасы 1920 жылдардың өзінде-ақ төмендегідей мәселелерге айрықша көңіл бөлді:

1) ескі мәдени мұраны игеру;

2) халық ауыз әдебиетінің тарихын зерттеу т.б.

Ескі әдеби мұраның иесі үстем тап емес, еңбекші халық екенін дәріптеген таптық мақсаттағы мақалалар дені сол кездегі «Еңбекші қазақ», «Лениншіл жас» т.б. сияқты газет-журнал беттерінде жарияланды. Мәселен, Сәбит Мұқанов «Қазақ әдебиеті әм Ыбырай» деген мақаласын «Қызыл Қазақстан» журналының 1924 жылғы № 7-– 9 сандарында жариялайды. Мұнда халық ауыз әдебиеті әрі бай, әрі әдемі әдебиет дей отырып, оны тудырушы үстем тап емес, еңбекші халық мүддесін жырлаған жыршы-ақындар екенін айтады. Осы ретте С. Мұқанов халық әдебиетінің ең көрнекті өкілдері деп Орынбай, Шөже, Арыстанбай, Шал, Біржан, Ақан, Ыбырай сияқты ақын, жыршы, әншілердің есімін атай отырып, олардың шығармаларын әрі жинау, әрі жарыққа шығару жайын сөз етеді. Сондай-ақ ғалым Бейсембай Кенжебаев та «Абай өлеңдерінің 1923 жылғы басылуы туралы» мақаласында (Еңбекші қазақ, 1925, № 359– 360) халық ауыз әдебиетінің негізгі мұрагері еңбекші қазақ екенін айтады. Демек ескі мәдени мұраны таптық мақсатта халық мүддесіне сәйкес бағалап, таптық тілекке сәйкес зерттеу, пайдалану туралы мәселелер 1920 жылдардың өзінде-ақ көтерілді. Ал, ескі мәдени мұраның бәрін «халықтық» деп жарияламай, тек олардың ішінен ең асылдарын, идеялық және көркемдік сапасы жоғарыларын тек еңбекші таптың мүддесіне сай келетіндерін ғана таңдап алу мәселесіне ерекше назар аударуы т.б. – бәрі сол тұстағы қазақ фольклортану ғылымында біржақтылық, асығыстық т.б. тәрізді кемшіліктерді тудырды. Қазақ фольклорын таптық тұрғыдан, еңбекші халықтың арман-мүддесі тұрғысынан зерттеп бағалау ісіне С. Сейфуллин [33] кейін 1920 жылдардағы С. Мұқанов, Б. Кенжебаев тәрізді біраз әдебиетші фольклористер назар аударды.

1920 жылдардағы қазақ фольклортану ғылымының көтерген екінші бір үлкен мәселесі қазақ халық ауыз әдебиеті тарихын зерттеу болатын. Бұл мәселеге ерекше көңіл бөлген М. Әуезов қазақ фольклоры туралы бірнеше зерттеу жазды: «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» (1922 ж.), «Қобыланды батыр» (1925 ж.), «Қазақ әдебиетінің тарихы» (1927 ж.) т.б. Бұл еңбектерде: қазақ әдебиетінің даму жолдары, қазақ жазба әдебиетінің XVIII-XIX ғасырда қалыптаса бастағаны, бұл әдебиеттің алдында халықтың ғасырлар бойы жасаған бай халық ауыз әдебиеті жатқаны, ол кейінгі жазба әдебиеттің бастамасы екендігі т.б. сөз болады. Сонымен қатар М.Әуезов қазақ жазба әдебиетінің кейбір өкілдерінің шығармашылығы халық әдебиетімен тығыз байланыста екендігін дәлелдейді. Қазақ ауыз әдебиетін іштей жанрларға жіктейді, әрбір жанрдың өзіндік ерекшеліктерін сөз етеді. Қазақтың эпостық жырларына арнайы тоқталып, олардың белгілі бір оқиғаларға, әлеуметтік жағдайларға байланысты туғандығын көрсетеді

Қазан төңкерісінен кейін Кеңестік оқу ағарту саласында кадрлардың жетіспеуі өз алдына, тіпті оқу орындарындағы оқулықтардың жұтаңдығы сол кездегі қазақ зиялыларын толғандырған басты мәселелердің бірі болғандығы анық. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін де белгілі ғалым М. Әуезовтың «Халық ауыз әдебиеті туралы» мақаласы 1924 жылы «Жас қайрат (Ташкент) журналының 4 санында (Б.19) жарияланған [34]. Бұл мақалада автор уақыт өткізбей халық ауыз әдебиеті үлгілерін тездетіп жинап алуға шақырады. Халық ауыз әдебиетін жинауға қолайы бар адамдар, оқыған шәкірттерді тарта отырып, автор оларға қазақ елі тұрмысының ерекшелігіне орай ескі мұраны жан-жақты жинастыру міндетін жүктейді. Ғалым Мұхтар Әуезов халық әдебиетіне өлең, жыр, ертек, мақал, жаңылтпаш, бесік жырлары, діндар өлеңдер, үлгілі әңгімелер, жын, шайтан, аруақтар туралы айтылған әр түрлі хикаялар, халық дәрігерлігі, олардың пері, сиқыршылар, албастылар һәм басқа да осылар сияқты сөздердің бірсыпырасын жатқызады. Демек фольклорды өзінше іштей жіктей отырып, және оның алғаш анықтамасын да береді: «...халық әдебиетінде жоғарғылардың кім айтып, кім шығарғандығы, анық емесі мәлім болмайды. Ескі білетіндерден кім ұғып жаттап айтса, сол ие болып, бірден-бірге тапсырылып жүре береді. Ондай белгілі иесі болмаған сөздер жалпы халыққа ортақ мүлік есебінде қалып отырады.

Сондықтан жоғары айтылған адамның құлқына, тіршілігіне пайдалы, жалпы халыққа ортақ сөздер халық әдебиеті деп аталады»,-дейді [34, 42 б.]. Міне, ғалымның бұл пікірлері мақаланың ағартушылық мақсатта жазылғанын көрсетеді.

Сәкен Сейфуллиннің 1929 жылы «Қазақ әдебиеті туралы хат» атты мақаласы [35] да, негізінен, оқу-ағарту мақсатында жазылған. Автор қазақтың халық әдебиетін жинаушылардың көбейе бастағанын сөз ете отырып, елдің жаңа тұрмыс дәуіріне аяқ басқанын, мектеп, медреселері көбейгенін жазады. Автор қазақтың мәдениет, әдебиет тарихын зерттеу мақсаты Қазақстанның халық ағарту орындарының алдында тұрған ең басты мәселесі болу керектігін айтады. Ол үшін С. Сейфуллин: «Халық тарихын, әдебиет тарихын тәртіптеп жазып шығаруға әдебиет тарихының деректері керек. Болған тиісті мағлұматтар, біраз ескі мағлұматтар, біраз тарихи әдебиет деректері қазір қазақ университеті қарамағында бар. Бұл ескі мағлұматтар дегеніміз, тарихи әдебиет дегеніміз мыналар: ескі сөздер, билер сөздері, ескі батырлар әңгіме-жырлары, қиссалар, ертектері, неше түрлі өлеңдер, әдет-ғұрып жырлары, мәселен: беташар, ау-жар, тойбастар, бесік жырлары, жоқтаулар, айтыстар, ескі әңгіме-жырлар, аңшылық әңгімелері, бақташылық әңгімелері, бақсы әңгіме-жырлары, тағы басқа осы тәрізді әңгіме-жырлар»,-деген тәрізді фольклор үлгілері оқулық жазу үшін қажетті мәтін көзі боларын ескертеді. Ал, бұл жиналған фольклор үлгілері, С. Сейфуллин пікірінше, өз кезегінде университетте қазақ әдебиеті тарихынан оқылатын дәрістерге енеді, соңынан жеке оқулық кітап болып басылады. Демек С. Сейфуллин қазақ фольклорының барлық жанрларын бір жерге жинап, бастырудағы мақсаты – ол мектеп, медресе, университеттер үшін қажетті оқулық жазу екендігін анықтадық. Ендеше бұл үгіт-насихат құралын атқарған мақала әсерінен барып, сол кезде жиналған фольклорлық үлгілердің оқу-ағарту сипатындағы зерттеу жұмыстарына негіз қалағаны сөзсіз. Мақала соңында халықтық шығармаларды қайда жіберу керектігін де көрсететін Сәкен Сейфуллиннің Алматыдағы мекен-жайы көрсетілген. Бұл еңбектер қазақ фольклорын кеңінен, ғылыми тұрғыдан баяндауға арналған алғашқы зерттеулер екені сөзсіз.

Ендеше, 1920 жылдары дүниеге келген Кеңестік қазақ фольклортану ғылымы аз уақыттың ішінде көп жұмыстар атқарды. Қазақ халық ауыз әдебиетін дұрыс пайдалану, ескі мұраны бағалау, қазақ фольклорының тууы мен даму тарихын зерттеу жайында аса маңызды мәселелер көтерді.

1930 жылдары қазақ фольклортанушы ғалымдары көтерген енді бір мәселе – қазақтың жазушылары шеберлікті қазақ фольклорынан үйрену қажеттігі айтылуы. Мәселен, С. Мұқанов «Қазақтың пролетариаттық әдебиеті туралы» (1931 ж.) еңбегінде [36] социалистік жаңа заманды, екпінді құрылыстар, адамдардың еңбегін шабыттана жырлау үшін қазақ ауыз әдебиетіндегі «жыр» өлшемін ұсынады. Демек сол кездің өзінде-ақ С. Мұқанов халықтық әдебиеттен жазба әдебиетінің алары әлі де мол екендігін дәлелдеуге тырысқан. Дәлел ретінде қазақ фольклорының «Қобыланды», «Алпамыс» сияқты жырларында батырдың жорық, шабыс, айқас, тартыс кезінде көз ілеспес ерлік қимылдары «жыр» арқылы берілгендігін көрсете отырып, Кеңестік өмірді, ерлік, екпінді қимылды түйдектете жырлауда өлеңнің «жыр» түрі өте мәнді екендігін дәлелдейді. Осы арқылы әдебиетте халық поэзиясындағы «жыр» түрін қолдануды ұсынады.

Халық ауыз әдебиетінен үйрену мәселесін, сондай-ақ С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, М. Әуезовтер т.б көтерген. Олар : халықтың тіл байлығын, сөз саптау мәнерін; фольклордағы сюжеттер, фольклорлық образдарды пайдалану т.б. мәселесіне назар аударды.

1930 жылдардағы қазақ фольклортану ғылымының тағы бір көңіл аударған мәселесі – Кеңестік дәуірдегі халық шығармашылығы болатын. Бұл мәселеге сол кезде Одақ көлемінде Кеңестік партия мен үкімет ерекше мән беріп, қамқорлық жасады. Халық арасынан шыққан өнер иелеріне барлық жерде ерекше жағдай жасалғаны тарихтан белгілі. Әдебиетшілер мен фольклортанушылар Кеңестік халық поэзиясының көрнекті өкілдері: Жамбыл, Нұрпейіс, Доскей, Шашубай сияқты ақындардың шығармасын зерттей бастады, әрі олардың шығармаларын оқу-ағарту мақсатында қолдануды көздеді.

Жалпы әлемдік фольклортануда әр халықтың фольклорын кімдер жинады дегенде, оның ұлттық ғалымдарын алға тарту үстем болса, Қазан төңкерісінен кейінгі Кеңестер елінде орналасқан партия жетекшілері мұның бастауында орыс ғалымдары тұрды деген біржақты пікірге бағыттап отырды. Кейбір ғалымдар фольклорды – халықтың көркем шығармалары деп те бағаласа, билеуші қайраткерлер ығымен жүрген енді біраз-ғалымдар Қазан төңкерісіне дейін шыққан фольклорлық еңбектерді маркстік-лениндік негізде қайта жазу керек деген ұйғарымды да күн тәртібіне қойды.

Қорыта келгенде, ХХ ғасырдағы Кеңес өкіметі тұсында жарияланған біраз мақалаларда, негізінен, фольклорды оқу-ағарту мақсатында мектеп, медресе, университетке қажетті оқулық, хрестоматия үшін пайдалану идеясын дұрыс көтерді. Ал, ескі мұраны бағалау тәрізді сипатта басылған мақалалар дені т.б. халық ауыз әдебиетін тарихын зерттейтін қазақ фольклортану ғылымының негізін қалауда игі әсер еткені күмән тудырмайды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   55




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет