Бекіту сұрақтары 1. Ы.Алтынсариннің Н.И.Ильминскийге жазған хаттары.
2. Ыбырайдың тіл тазалығы үшін күресі және тіл жөніндегі материалдары.
3. Ы. Алтынсариннің Н.И. Ильминскийге жазған хаттары.. Ыбырай Алтынсарин қазақ жазба әдебиетінің алғашқы нұсқасын салуы .
Әдебиеттер 1..Аханов К. Тіл білімінің негіздері.- Алматы: Санат, 1993.-496 б.
2.Айдаров Ғ. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі.- Алматы: Мектеп, 1986.-182 б.
3.Аманжолов А. Түркі филологиясы және жазу тарихы.-Алматы: Санат, 1996.-128 б.
4.Хасанова С.Ш. Көне түркі және араб-латын жазбалары. –Алматы: Респ.Баспа.каб.; 1994.-288 б.
5. Қазақ тiлiнiң орфографиялық сөздiгi. -Алматы, «Қазақстан», 1988. -400 б.
6. Оралбаева Н. Қазақ графикасы мен орфографиясының негіздері. Алматы, 1969. -201 б.
7. Қашқари М. Түбі бір түркі тілі. -Алматы, -«Ана тілі», 1993. - 243 б.
8. Қордабаев Т. Қазақ тіл білімінің қалыптасу, даму жолдары. –А: «Мектеп», 1987. -124 б.
9. Қайдар Ә. Қазақ тiлiнiң өзектi мәселелерi. -Алматы, «Ана тiлi», 1998. - 304 б.
10. Сыздықова Р. Емле және тыныс белгiлерi. -Алматы, «Рауан», 1996.
11. Қыдырниязова А. Орфография және тыныс белгілері. Алматы, 2008.
12. Күдеринова Қ. Бөлек және бірге таңбаланатын сөздердің орфограммасы. -Алматы, «Арыс», 2001. -240 б.
13. Уәлиев Н., Алдашева А. Қазақ орфографиясындағы қиындықтар. –А:«Балауса»,2000.-509 б
Тақырыбы-6. Қазақ тiлiнде жазу емлесiнiң қалыптасу тарихынан. Сағат саны 1
Тақырыптың негізгі сұрақтары/ жоспары: 1. Қазақ тiлiнiң тазалығы үшiн күрес. Сырттан алынған терминдердi дұрыс жазу мәселесi. 2. Араб алфавитiнiң қазақша сөз жазуға қолайсыз жақтары. Араб алфавитiн өзгерту жайы. 3. Қазақ жазбасына орыс графикасын қолдану. 4. А.Байтұрсынов реформаланған араб графикасына негiзделген қазақ жазуы туралы.
Дәріс тезисі 1. Қазақ тiлiнде жазу емлесiнiң даму тарихы ХIХ ғасырдың екiншi жартысынан басталады. Бұған сол кезеңде ұлттық жазба әдеби тiлiнiң қалыптасуы негiз болды деп айтуға болады. Қазақ тiлiнiң өзге де проблемалары тәрiздi, қазақша жазу мәселесi туралы мәселе алғаш рет қазақ баспа сөзiнде бой көрсете бастады. «Дала уалаяты» газетi осы мәселеде пiкiрталастар ұйымдастырып, қазақ оқығандарының назарына ұсынып отырды.
Баспасөз бетiндегi қазақ емлесiне қатысты пiкiрталастарды негiзiнен мынадай мәселелер айналасында жүйелеуге болады: қазақ тiлiнiң тазалығы үшiн күрес; сырттан алынған терминдердi дұрыс жазу мәселесi; араб алфавитiнiң қазақша сөз жазуға қолайсыз жақтары:
арабалфавитiн өзгерту жайы; қазақ жазбасына орыс графикасын қолдану; А.Байтұрсынов реформаланған араб графикасына негiзделген қазақ жазуы туралы.
1. Қазақ тiлiнiң тазалығы үшiн күрес, сырттан алынған терминдердi дұрыс жазу мәселесi.
Қазақ тiлiнiң татар – ноғай тiлдерiмен шұбарланып бара жатқанын, қазақтың ауызша тiлi – таза қазақ тiлiнде, ал жазу тiлi мүлде басқаша болып, халықтың сауаттанып, ғылым, бiлiм алуы үшiн үлкен қиындықтар келтiрiп отырғандығы жөнiнде қынжылыс бiлдiрген мақала авторлары алғаш А. Құрманбаев, Д. Сұлтанғазиндер болды. (А. Құрманбаев «Қазақ тiлi турасында ДУГ No27 1894 . Д.Сұлтанғазин «Қазақ тiлiнше жазу туралы ДУГ No31, 32, 1896). А. Құрманбаев қазақ тiлiнде кездеспейтiн ғылыми терминдердi басқа тiлден, соның iшiнде, орыс тiлiнен алудан қашпақ керектiгiн баса көрсетсе, Д. Сұлтанғазин шет тiлден енген сөздердi жазу емлесiне қатысты, екi топқа жiктеудi ұсынады: бiрiншiсi - қазақ тiлiне ертеректе енiп, қазақ тiлiнiң фонетикалық заңына бағынып, бастапқы тұлғасын өзгерткен сөздер осы өзгерген қалпында жазылу керек, екiншiсi - қазақ тiлiне кейiн, көбiнесе жазбалар арқылы енiп, әлi түпнұсқасы ұмытылмаған сөздер. Бұларды жазғанда, олардың сол тiлдегi жазылу дағдысын сақтау керек деген принциптi ұсынады.
2. Араб алфавитiнiң қазақша сөз жазуға қолайсыз жақтары: араб алфавитiн өзгерту жайы.
Түркі тілде солардың, ішінде қазақ тілінде де, көне замандардан бастап әр дәуірде қолданған жазу түрлері болған. Қазан төңкерісіне дейін түркі халықтарының біразы, солардың ішінде қазақтар да, араб жазуын қолданса, чуваштар сияқты бірді-екілері орыс графикасын қолданды, қалған көпшілігінде тіпті жазу деген болмады.
«Ұлттық кезеңге дейінгі және ұлттық кезеңдегі қазақ жазуының сипаты» – қазақ қоғамында қолданылған қадим, жадид, төте жазуларына жалпы сипаттама беріліп, олардың өзіндік ерекшеліктері көрсетіліп, түркілік, миссионерлік және ұлттық бағыт деп үшке бөлініп қарастырылды. Жазу тарихында қазақ тілінің әліпби жүйесі бірнеше тарихи кезеңдерді басынан өткізіп, ұлттық әліпби деңгейіне жеткен. Бірнеше ғасыр бойы қазақ халқы араб графикасына негізделген әліпби жүйесін пайдаланған. Араб графикасына негізделген қазақ әліпбиі (қадим, жәдид) көпшілік қауымның сөйлеу тілінен алшақ, жалпыхалықтық сипатта емес, элитарлық топтың ғана игілігі болған-ды. Сондықтан ұлттың мүддесін тереңінен ойлаған зиялы қауым өкілдері жаңа жүйедегі әліпбиге көшу, жазу жүйесін түбегейлі реформалау жөнінде пікір айтып, қоғамдық ойға қозғау салады. Мұндай елдік мәселе бұрынырақ өзге түркі елдерінде көтерілген болатын.
Түркілік бағыт. Ең алғаш графиканы реформалау жөнінде пікір айтқан әзербайжан жазушысы Мырза-Фет-Али Ахундовтың сол кезеңде мақалалары жарияланып, әліпби жобаларын жасаған болатын, сонымен қатар әліпби майданында ерекше еңбек еткен парсы әдебиеттанушысы Мырза Мелькем- Ханомның, парсы ханзадасы Мырза-Риза-Ханның, «Shardi Rus» (Русский Восток) газетінің редакторы Мемед-Ага-Шах- Тахтиннің, түрік оқымысты Гази-Мұхтар-Пашаның есімдерін ерекше атауға болады.
Жазу проблемасына байланысты туындаған түрлі қарама- қайшылықты көзқарастарды, түркі тілдес халықтар жазу жүйесіндегі кемшіліктерді байқаған орыс миссионерлері осы сәтті өз мүдделеріне пайдалану мақсатында жобаларын дайындап, тәжірибеге енгізуге тырысып бақты.
Миссионерлік бағыт. Миссионерлер «араб жазуы қолайсыз», «қазақ және басқа түркі тілдерінің дыбыстық жүйесін беруге икемсіз» деген желеумен орыс графикасына негізделген қазақ әліпбилерін жасап, оқулықтар шығара бастайды. Олар орыс жазуына көшуді насихаттауды орысша оқыған қазақ жастары арқылы жүргізуді көздеді. Түркі тілдес халықтардың кітаптары араб әрпімен жазылса, бұл келешекте орыс жазуының үстемдік алуына кедергі жасайды деген миссионерлік оймен алғаш қазақ әліпбиін орыс графикасына негіздеп, жоба да ұсынады. Мысалы, Н.И. Ильминскийдің қазақ тілінің дауысты дыбыстарына 8 әріп (а (ä), é (е); ы, і; о, ö; у, ÿ), ал дауыссыз дыбыстарына 19 әріп (п, б, м, w, т, д, н, ж, з, ш, с, р, л, j, ?, ѓ, њ) арнаған жобасы,1897 жылы В.В. Катаринскийдің 21 әріптен тұратын әліпби жобасы ( а (а), е, ы, и, о (о), у, б, г, д, ж, з, к, л, м, н, г, п, р, с, т, ш) және А.Е. Алекторовтың 38 әріптен тұратын әліпби жобасы ( а, с, ш, у, з, к, ы, т, р, е, л, и, о, н, м, п, і, й, б, д, ж, г, ə, ө, ұ, ң, ъ, ь, в, ф, ц, ч, щ, я, ю, э, е, ғ) жарияланған болатын. Дегенмен, мұндай жоба-ұсыныстарға бірқатар қазақ оқығандары қарсылығын байқатқан.
Ислам дінінің енуіне байланысты IX—X ғасырлардан бастап түркі халықтары арасына тараған араб жазуы жергілікті халықтар тілдерінің дыбыстық ерекшеліктеріне сәйкестендірілмей, арабтарда қалай қолданса, сол қалпында өзгеріссіз түркі тілдерінде де колданылды. Өйткені өз заманында қалыптасқан ұғым бойынша араб тілі канондық тіл деп есептеледі, сондықтан оны өзгертуге арабтарға тәуелді болған халықтардың хұқы болмады. Сол себептен консонаттық принципті араб жазуы түркі тілдерінің дыбыс жүйесіне сай келмеді. Бірақ соған қарамастан ол он шақты ғасыр бойы түркі халықтарының, солардың ішінде қазақ халқының да мәдени- рухани дамуына қызмет етіп келді.
Түркі халықтары графикасының XX ғасырдың бас кезінен бергі өзгерістерін үш кезеңге белуге болады:
- Араб графикасын түркі халықтары тілдерінің дыбыстық жүйесіне сәйкестендіріп қолдану кезеңі;
- Араб графикасынан латын графикасына негізделген жазуға көшу кезеңі;
- Латыннан кирилл жазуына көшу. Бұл кезеңдерде жүргізілген жұмыс түрлері түркі халықтарының көпшілігінде біртектес болды. Сондықтан оны Қазақстан топырағында істелген істер арқылы да байқатуға болады.
Араб алфавитiнiң қазақ сөздерiн жазуға қолайсыз екендiгiн алғаш сөз қылушылар (Р.Дүйсенбаев, Д.Сұлтанғазин, О.Әлжанов т.б) араб алфавитiнiң екi үлкен кемшiлiгiн көрсетедi: 1) Араб тiлiнде дауысты дыбыстар кемшiн болғандықтан, жазуда қазақ тiлiндегi дауыстыларды таңбалайтын әрiптiң жоқтығы; 2) араб графикасында тыныс белгiнiң болмайтындығы. Бұған қатысты қазақ жазуы үшiн араб алфавитi жарамсыз, оны толықтыру керек не басқа алфавит жасау керек, орыс графикасын пайдалану керек деген пiкiр айтылды. Тыныс белгiнiң жоқтығы туралы қынжылысқа «Дала уалаяты» газетi бiрден үн қосты. Газеттiң 1896 жылы 5 тамызда шыққан 31- санында, тыныс белгiлерiнiң жаңа жүйесi туралы хабарлама жарияланды. Сонымен қатар, реформаға түспеген араб жазуында түбірге қосымша қосылғанда, дыбыс үндестігі заңы сақталмай жазылды. Мысалы, «мүлкімізні, аулымызны, бізні» т.б. яғни жалғау және жұрнақтар ескі қазақ жазба тілінде бір ғана инвариант принципімен алынып, қазіргі кезде көптік мәнде жұмсалатын жалғаулардың («-дар, -тар») варианттары таңбаланбай, қазақ тілінің үндесім заңдылығы үнемі бұзылып отырды. Сөз ортасында, соңында «ы», «і» қысаң дауыстылардың орнына «ұ», «ү» таңбаланғанын көреміз: «орұсұңұзны, келтүр, өткүр, үчүн, қабұл, түрлү, жауұн» т.б. .
Араб жазуындағы осындай үйлесімсіздікті жоюға арналған алғашқы қадам «Дала уалаяты», «Айқап» беттерінде көтеріледі. Қазақ тілі туралы, әліппе, емле қағидаттары туралы жазушылар - сол кездегі қазақтың оқығандары, мұғалімдер араб әліпбиінің кемшілігі туралы, қазақ сөздерін жазуға толық үйлесімді еместігін, оның орнына ұлттық әліпби шығару керектігін маңызды мәселе ретінде көтеріп отырған. Қазақ тіліне жаны ашып, емлеге қатысты шыншыл пікірлер білдіріп отырған қазақ оқығандарының ішінде А. Байтұрсынұлының есімімен бірге Н.Төреқүлов, Қ. Кемеңгеров, Е. Байдилдин, Ә. Алдоңғаров сынды қазақ оқығандарын да атауға болады.
Араб әліпбиінен кейін қолданылған латын графикасына қазақ халқының мәдени дамуына көп үлес қосқанымен, орыс тілінен енген кірме сөздерді дұрыс таңбалай алмайды деген сын тағылды. Сонымен латын графикасы да қазақ тілінің жазбаша формасын таңбалауға ұзақ қызмет ете алмады. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап үлкен талқыдан өтіп демократиялық жолмен қабылданған латын графикасы eлге 11 жыл қызмет етті.
3. Қазақ жазбасына орыс графикасын қолдану. Қазақ жазбасына орыс графикасын қолдану мәселесiн бiрен – саран қазақ оқығандары мен негiзiнен орыс ғалымдары көтердi. Олар орыс графикасын қазақ жазбасына қолданудың екi түрлi жобасын ұсынды. Қазақ университетiнiң шығыстанушы ғалымдары В.В.Радловтың, Н.И.Ильминскийдiң тәжiрибелерiне сүйенiп, орыс алфавитiндегi әрiптерге қазақ дыбыстарын дәл бейнелейтiн қосымша таңбалар қосып пайдалануды ұсынса, Петербург университетiнiң шығыстану факультетi ғалымдары орыстан өзге халықтардың жазбасына орыс графикасын ешбiр өзгерiссiз қолдануды жақтайды. Бұл жөнiнде В.В.Григорьев, А.В.Васильевтердiң мақалалары жарияланды.
4.А.Байтұрсынов реформалаған араб графикасына негiзделген қазақ жазуы туралы мәселе баспасөз беттерінде кеңінен талқыланды.
Сұрақтар мен тапсырмалар. 1. А.Құрманбаев, Д.Сұлтанғазин, О.Әлжанов араб алфавитi туралы жазған мақалаларына қысқаша конспект жасаңыз. (Қазақ тiлi жөнiндегi революцияға дейiнгi зерттеулер. А., 1989). 2. Қазақ жазбасына орыс графикасын қолдану мәселесi туралы миссионер ғалымдарының ғылыми мақалаларымен танысыңыз.