Халық өнері әр заман өз елінің көркемдікке құштар көңілінен, өнерпазының шеберлігінен туып, дамып отырған. Көркемдіктің бір түрін сөз өнерінен табамыз. Сөз өнері – «Өнер алды – қызыл тіл» деген қазақта алдыңғы қатарлы өнер. Әдебиетте халықтық дәстүрлердің сақталу жолы – халық ауыз әдебиетінде. Бертінгі ғасырларда жазба әдебиетіміздің үлгілерінде. Қазақ әдебиетіндегі роман жанрының ХХ ғасырдағы жайы туралы «қазақ әдебиеттануындағы әңгімелердің де әріден бастала тын өзіндік тарихы бар. «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті беттерінде романның қоғамдық санағы әсері, тәрбиелік, танымдық мәні, өнер ішіндегі орны туралы пікірлер айтылады. Ағартушы, демократтық идеяларды таратудағы рөлі көрсетіледі. Роман теориясына қатысты байсалды пікір Ә. Бөкейханов еңбектерінде, А. Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышында» бар. Онда ең маңыздысы – романның қазақ әдебиетіндегі ерекшелігі де ескеріледі. Жиырмасыншы жылдар ішінде «Еңбекші қазақ», «Қызыл Қазақстан», «Мұғалім», «Жаңа әдебиет» т.б. газет-журналдар мен «Жыл құсы» альманағы бетіндегі әдеби-сын мақалаларда, «Әдебиет және сын мәселелері» тәрізді (Ғ. Тоғжанов) еңбектерде, әдеби тартыстарда романның тақырыптық-идеялық мазмұны, бас қаһарманы туралы талай пікірлер айтылады» (Bisengali, 2010: 4-5) дейді әдебиеттанушы ғалым З. Бисенғали. Сол қадамдардың жалғасы бүгінгі сөз өнеріндегі романдар екені даусыз. Романдардың әр заман қай бағытта бағалануы, сол уақыттағы үстем пікірлер төңірегінде болатындығын біздің тарихымыз, сөз өнері үлгілері біршама дәлелдейді. Қазақ романы жайынан зерттеу жұмыстары жүргізілуі ХХ ғасыр басынан екендігі белгілі. Қай кездің, қай заманның болмасын өз идеалы болғандай, сол уақыттың жазбаларын идеялық жағынан да зерттеуге тура келері анық. Мұны бірде жанама, бірде тікелей зерттеу нысанына алынып отырғанын қазақ әдебиеттануы дереккөздеріне сүйене отырып айтуға негіз бар. Қазақ әдебиетіндегі роман жанры туралы сын-пікірлер, зерттеу мақалалар мен еңбектер ХХ ғасыр басынан бері қарайғы уақытта әдебиеттану ғылымының аясында жарық көріп келеді. Атап айтқанда, Ә. Бөкейхановтың «Роман деген не?» (1914), «Роман бәйгесі» (1915), А. Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» (1926), Қ. Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы» (1967), Е. Исмайыловтың «Әдебиет теориясы мәселелері», Б. Шалабаевтың «Қазақ романының тууы мен қалыптасу тарихы», Р. Бердібаевтың «Қазақ тарихи романы», «Роман және заман», М. Хасеновтің «Ұнамды образ және типтендіру», Ш.Елеукеновтің «Казахский роман и современность», «От фольклора до романа-эпопеи», «Тәуелсіз елдің еркін тынысты прозасы» (2006), «Тарихи романның жаңа өрісі» (2009), «Тәуелсіздік көзімен: ХХІ ғасыр тарихи роман үрдістері», «Тәуелсіздік дәуір романы» (2014), М. Атымовтың «Идея және композиция» (1970), «Қазіргі қазақ романдарындағы сюжет пен композиция мәселесі» (1978), З. Ахметовтің «Поэтика эпопеи «Путь Абая» в свете истории ее создания» (1984), Т. Сыдықовтың «Қазақ тарихи романы» (1996), «Қазақ тарихи романының көркемдік тіні» (1998). Ж. Дәдебаевтың «Өмір шындығы және көркемдік шешім» (1991), «Жазушы еңбегі» (2001), З. Бисенғалидің «ХХ ғасыр басындағы қазақ романы» (1997), М.Хамзиннің «60–80-жылдардағы қазақ романы (стиль және типология мәселелері)» (1997), «Қазіргі қазақ романы» (2001). Т. Рахымжановтың «Романның көркемдік әлемі» (1997), Б. Майтановтың «Қазақ романы және психологиялық талдау» (1996), Г. Пірәлиеваның «Көркем прозадағы психологизмнің кейбір мәселелері» (2003), Ж. Жарылғаповтың «Қазақ прозасы: ағымдар мен әдістер» (2009), М. Әйтімовтың «Қазіргі қазақ романы: тарихи шындық және көркемдік шешім»(2008), Н. Ақыш «Заманауи тақырыптағы романдар» (2011), «Мемуарлық, өмірбаяндық романдағы тың ізденістер» (2009), А. Қалиева «Жаңа Қазақстандық романдар» (2014) еңбектерінде, мақалаларында, «Қазақ әдебиетінің тарихы» (10 томдық), «Қазақ романы: өткені мен бүгіні» (2009), «Тәуелсіздік идеясы және көркем мәдениет» (8-кітап, 2011), «Қазіргі әдебиеттегі жалпыадамдық құндылықтар» (2014) секілді ұжымдық монографиялар мен жинақтарда қазақ романының түрлі өзекті мәселелері қарастырылды. Қазақстан тәуелсіз ел болғалы жазылған шығармалардың негізгі идеясы – азаттық үшін жан берген бабалар ерлігін үлгі ету, бүгінгі тұрмыстағы ел салтына жат қылықтарға ұлттық салт арқылы тосқауыл қою, ұлттық сипатты сақтап қалу жолында дәстүрді дәріптеу бо лып отыр. Осы жайлардың қазақ қаламгерлері тарапынан шығарма өзегіне айналуы қазақ романындағы басты ізденістердің бірі.