Қазақ романы – тарихи даму барысында түрлі ізденістермен кемелдік жолына түскен әдебиеттің жанры. Халық өнерінің қайнарларынан нәр алған «ұлы әңгіме». Ел тәуелсіздігі жылдарында кеңес кезеңіндегі «бұғауынан босаған» еркін сөз үлгісі. Уақыттың қысымы мен «тыйым салынған тақырыптар» төңірегінде өнерге тән тынысымен жұрт тұрмысына дем берген қадірі бар. Тілімізде жарық көрген роман бастауы ХХ ғасыр басына тура келеді. Сол кезден қазақ романы жарысы ұйымдастырылып, бәйге тігіліп, роман теориясы жасалған. Қазақ әдебиеттануының қалыптасу, даму барысы да сол кезден.
Бүгінде қазақ әдебиетіндегі сүйекті жанрдың хал-күйі өзінің көркемдік ерекшеліктерімен, идеялық-мазмұндық ізденістерімен, сан тарау жолдардан өткен, ыстық пен суыққа төзген жаңа сапа, жаңа биікте, кең өрісте кең тынысты түрге айналғанын көруге болады.
Роман жайлы зерттеу еңбектерге сүйене отырып, сөз өнерінің бүгінгі мәселелерін қарай келе, әр қандай мәнді дүниелерге уақыт тұрғысынан қарау қажеттігі, қоғам қажеттілігі, заман талабы жөнінен ой түюге, түсінік беру ге қажеттілік табыларын байқау қиын болмас. Әсіресе, тарихымызда ХХ ғасырдың бас кезі саяси, әлеуметтік өзгерістерге, тұрмыс күйінің жаңа түріне көшуге тура келгендігінен, сондайақ, тап туралы түсінік орнап, белсенділердің шығуы, ел үшін күтпеген, шұғыл, әрі тосын жайт болғаны белгілі. Уақыт тынысын аңғарған оқыған азаматтардың, көзі ашық, көкірегі ояу тұлғалардың ұлт үшін, бостандық үшін күресі бүгінгі тарих беттері. Сол себеп, өнер мен ғылым ретінде сөз өнері мен кешегі тарихтың байланысын бөле жарып қарауға болмас. Тарихи уақыт пен жағдаяттардың бүгін тұрғысынан бағаланары, сарапталары анық.
Әр уақыттың өзіндік ұстанымдары, идеалдары, мақсаттары, құндылықтары алғы шеп те ойға оралары да бар. Сонда, жалпыадамдық құндылықтар негізін сақтай отырып, адамзат қоғамы өзінің қажетін сол кезең көзімен қарап, сол уақыт ойымен санасып, кейімен таласып, пікірлесіп табары, керегіне жаратары да түсінікті жайт.
Бүгін Қазақстан тәуелсіз ел. Тәуелсіз ел мұраты – өткеннен алған өнегесі, кейінгіге берер үлгісі бар жалғасты дәстүрдің ендігі уақыттағы, алдағы дәуірлердегі, ұрпақ алдындағы боры шы болған ел мен жерді, тіл мен ділді таза да, бұзылмаған қалыпта, тарихи қателіктерге ұрындырмай сақтау, аманатты қиянатсыз ертеңге жеткізу болса керек.
Ел өмірінің қажетті бөлшегі ретінде өнер салалары, соның ішінде сөз өнері де өзінің қалыпты даму барысында эстетикалық ойдың қалыптасып, адам баласының тынымсыз еңбегі негізінде жарыққа шыққан үлгі қабылдауға сеп қызметі аясында да, талғам таразысы ретінде де әсемдік әлемінің ерекшеліктері негізінде халыққа қызмет етері анық.
Талдау Роман жайындағы алғашқы мақалалардан бастап, күні бүгінге дейінгі зерттеу еңбектерді саралай келе, әдебиет жанрларының тақырыбы мен идеясына көңіл бөлудің маңызы басым екендігі көрінді. Қазақ әдебиетінің туындылары қай дәуір тұрғысынан алып қарағанда да уақыт сынына төзімді, заман ауанын тап басқан, тарихилығы, деректілігі мол. Ел мұраты, мақсұды жолында, дәуірмен үйлескен, идеялық ұстанымдары жағынан мол дерек беретін жазба мұра.
Әлихан Бөкейхановтың «Роман не нәрсе», «Роман бәйгесі» мақалаларынан көш түзеген қазақ романы жайындағы, қазақ әдебиеті төңірегіндегі әдеби-зерттеу, сын-талдау еңбектері әрбір шығарманың идеясына, автор көзқарасы мен қоғамдағы жағдаяттардың, «адамзаттың өмірін, дәуірін бұлжытпай көрсетуші баға жетпес айна» (Ә. Бөкейханов) екендігіне баса назар аударып келеді. Әдебиет тарихына көз сала отырып, бүгінгі өсу жолдары мен даму бағыттарына тоқталар болсақ та, уақыт идеалдарына жүгіне отырып, ғылыми таным жөнінен негіздеріміз анық.