Әдебиеттер: Қашқари М. Түрік сөздігі. Аударған: А. Егеубаев. «Хант» баспасы. 1997 – 1998. 3 том.
Құрышжанов Ә. Ескі түркі жазба ескерткіштері. – Алматы, Қайнар, 2001.
Қашқари М. Дивани луғат-ит түрк, -Ташкент, Наука, 1967.
Қашқари М. Түбі бір түркі тілі. Алматы, 1993.
Құрышжанов Ә.Қ. М.Кашкари о кипчакском языке. //Советская Тюркология, 1972, № 1. 52-60 бет.
Кононов А.Н. М.Кашкарский и его “Дивани лұғат-ит турк”, // Советская Тюркология, 1972, № 1, с.3-17.
Орузбаева Б.О. Словарь М. Қашқари как источник для изучения лексики киргизского языка в историческом плане. //Советская Тюркология, 1972, № 1.
Кучкортаев И. Лексика “Дивани лугат‑ит турк” М. Кашкари и современный узбекский литературный язык, //СТ, 1972, №1.
Бейсенова М.С. М.Кашкаридың “Диуани луғат‑ит түрк” атты сөздігіндегі төрт түлік мал атаулары. АКД, Алматы, 1997.
Тапсырмалар: М. Қашқаридың есім сөздер туралы ғылыми ойлары;
М. Қашқаридың етістіктің түрлеріне және грамматикалық тұлғалануына қатысты ойлары;
М. Қашқаридың етістіктің қимыл есіміне қатысты ғылыми пікірлері;
М. Қашқари еңбегіндегі кісі есімдері;
М. Қашқари еңбегіндегі географиялық атауларға ғылыми талдау;
М. Қашқари еңбегіндегі тайпа атауларына ғылыми талдау;
М. Қашқари еңбегіндегі мақалдардың когнитивтік маңыздылығы;
М. Қашқари еңбегіндегі тамақ атауларының когнитивтік маңызы;
М. Қашқари еңбегіндегі төрт түлік мал атауларының сипаты.
ХХ ғасырдағы Қазақ тіл БІЛІМінің дамуындағы тарихи кезең іздері
Қазақ тіл білімінің ғылым ретінде қалыптасып, дами бастағанына бір ғасыр.
Ғасыр ішінде қазақ тіл ғылымына еңбек сіңірген ғұлама ғалымдардың тізімі мол болмаса да, жүргізілген ғылыми зерттеулер мен жазылған еңбектер ұланғайыр. Қазақ тілші-ғалымдары тіл білімінің барлық салалары бойынша зерттеу жазып, теориялық терең ғылыми еңбектер туғызған. А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, Х. Досмұханбетов, Қ. Кемеңгеров, С. Аманжолов, Н.Т. Сауранбаев, І. Кеңесбаев, М. Балақаев, М. Томанов т.б. жүргізген зерттеулер бен көтерілген ғылыми мәселелер қазақ тіл білімінің теориялық негізін қалап, жеке салалар бойынша дамуының басты қадамы болды.
Тілдің әр салалары бойынша жазылған қазақ ғалымдарының еңбектері түркітануда да басты ғылыми-теориялық тұғыр болды. Қазақ тіл білімінің ғылыми-теориялық деңгейінің биіктігі бүгінгі таңда тек қазақ тіл білімінің ғана дамуын емес, жалпы түркологиялық зерттеудің де сипатын анықтайды деуге негіз бар.
Ең алдымен, тіл білімі ‑ теориялық пән. Оның методологиясы мен әдіс‑тәсілдері дұрыс әрі нақты, жүйелі орнықпаса, талдау принциптері дамытылмаса, ондағы термин жүйесі мен олардың мағыналық құрылымы айқындалып, грамматикалық тұлғалардың мағыналық ерекшелігі нақтыланбаса, сөйлеудегі жұмсау үрдісінде де кемшілік кетері анық. Бұл әлемдік ғылымда қалыптасқан қағидат.
ХХ ғасырда дамыған құрылымдық тіл білімінің артықшылығы мен кемшілігін айқындау – ғылымның бүгіні мен болашағын саралау үшін қажеттілік туғызады. Табаны мен іргетасын А. Байтұрсынұлы қалаған қазақ тіл білімінің теориялық тұғырын жүйелеу, қайта бүтіндеп, шегендеп, ұлттық тілдің теориялық қағидасын толықтыра түсу керектігі анық.
ХХ ғасырдың аты замана тарихында қалай болып жазыларын кім білсін. Әйтеуір, қазақ тарихында өзінің қиын-қыстау, тар жол, тайғақ кешуімен, репрессия мен қуғындаудан көз ашпаған қазақ зиялыларының көкірегін қан жылатқан қасіреттерімен жазылары анық. Ғасыр басында суырылып шыққан қазақ зиялылары – А. Байтұрсынұлы, Ә. Бөкейханов, Н. Төреқұлов, Х. Досмұханбетов, Қ. Жұбанұлы, Қ. Кемеңгерұлы, Е. Омаровтардың т.б. жазған-айтқан ғылыми, ғылыми-публицистикалық көсемсөздері қазақ ғылымы мен білімінің іргетасын қалады. Сол кезеңдегі қазақ тілші ғалымдарының салдарлы білімділігінен тайсалды ма екен, кім білсін, қазақ тілін зерттеп, пікір айтуға орыс тілді ғалымдар аяқ баспапты. Қазақтың кең маңдайлы азаматтары заманның сор маңдайына сыя алмай, өмірден баз кешіп кете барғанда, олардың орнын толтыратын жаңа буын өкілдері жалтақтай басып ғылымға келе бастап еді. Одан кейінгі кеңестік сұрқия саясат ол ғалымдардың қадамдарына аштырмағаны да қазір тарих. Беделді басылымдарда беделді ғалымдардың сынына қатты ұшыраған С. Аманжолов, Н.Т. Сауранбаев айтарын айтып кете алды дей алармыз ба?
Осы топтың соңын ала келген ғалымдар легі жоғарыда тілге тиек еткен жылымық жылдарына сәйкес келгендей. Бұл ғылымда өздерінің терең салиқалы ойлары мен терең теориялық тұжырымдамаларын қалдырған ғалымдар І. Кеңесбаев, М. Балақаев, К. Аханов, А. Ысқақов, Ы. Маманов, М. Томанов, Қ. Есенов, С. Исаев, Ғ. Айдаров, Ә. Аблақов, Ә. Құрышжанов, Р.С. Әмір, Е. Ағманов, Е. Жанпейісов, Р. Сыздық, Н. Оралбаева, Ә. Болғанбаев, Б. Әбілқасымов, Х. Мұхамбет-Кәрім, Ғ. Қалиев, Ә. Қайдар, Ш. Сарыбаев, К. Хусаинов, Ө. Айтбаев т.б. дер едік. Біздіңше, қазақ тіл білімінің теориялық өрісі мен өресінің кеңеюіне мол үлес қосып, оның түркітанудағы орнын анықтаған да осы ғалымдар.
Қазақ халқының ел болып танылып, әлемдік өркениетте өзін таныта алуы мен әлемдік мәдениетте өзінің жетістіктерін үлгі етер бір тұсы – мемлекеттік тілі, әдеби тілі. Тіл – адамның жаны, рухы дегенге илансақ, қазақ жаны мен рухы осы қазақ тілінде жатқаны өзінен-өзі түсінікті. Демек, тілші ғалымдардың көтерер жүгі де, орны да, атқарар ролі де ерекше болады.
Қазақ тілін халық жанының, рухының бейнесіндей көріп, оның терең тылсымына бойлай отырып, көне бастауларын, тарихи даму жолын анықтауға өмірін арнаған қазақ ғалымдары бұл. Қазақ тіл білімінің кешегі корифей ғалымдарының қаламынан шыққан зерделі зерттеулердің негізгі ғылыми бағыты – құрылымдық бағыт екенінде дау болмаса керек. Бұл ғалымдардың ғылыми таңдауынан бұрын, уақыт таңдауы, таңдатуы десек орынды болмақ. Ресей империясы кеңістігіндегі өзге де елдерде дамыған тіл білімі сияқты, қазақ тіл білімі де негізінен, орыс тіл білімінің үлгісімен дамып, құрылымдық бағытта ғылыми зерттеулер жазып, дамытқаны, ғылыми білімнің деңгейінің өлшемі де жақын болғаны анық. Құрылымдық грамматика негізінде қыруар жұмыс жазылды, талданды, бағаланды.
ХХ ғасырдағы қазақ тіл білімінің даму жолын былайша жүйелеуге болады:
ХХ ғасыр басындағы репрессияға дейінгі алаш зиялылары қалыптастырған қазақ тілі ғылымы;
40-60 жылдардағы жаңа жазу, жаңа саясат үлгісінде формальды бағытта жазылған қазақ тіл білімі;
60-80 жылдардағы қазақ тіл білімінің диахрониялық-синхрониялық бағыты;
Қазіргі қазақ тіл білімі: лингвомәдени бағыт.
Үстіміздегі ХХІ ғасырдағы қазақ тіл білімінің даму жолы мен бағыт‑бағдарын айқындау үшін, өткенге көз жіберіп, оның бары мен нарын бағалау парыз да, алдағы уақыттағы ғылыми бағытты жүйелей барлау қажет.